- ҰЛАН
- 06 Қаңтар, 2026
Бибісара – үш дүркін әлем чемпионы
2026 жылға аяқ басар тұста қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол блиц шахматынан үшінші мәрте әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы ресми түрде хабарлады.
Әлем чемпионаты 26–30 желтоқсан аралығында Қатар астанасы Дохада өтті. Әйелдер арасындағы тартысқа 42 мемлекеттен келген 140 үздік шахматшы қатысып, жеңіс жолында бақ сынады. Бибісара Асаубаева швейцариялық жүйе бойынша өткен турнирде 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда қытайлық Чжу Цзиньэрді үш партияда да жеңіп, финалға шыққан. Ақтық кезеңде Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесіп, алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталды. Ал төртінші партияда Бибісара қарсыласынан басым түсті.
Осылайша 21 жастағы қазақ қызы Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Чемпионмен хабарласып, аз-кем әңгімелесудің де сәті түсті.
– Мен шексіз бақыттымын! – деп бастады Бибісара. – Үшінші рет әлем чемпионы атануды мақсат еткен едім әрі 2026 жылғы әлем чемпионатына үміткерлер турни-ріне жолдама алуды көздедім. Дәл жаңа жылда тілеген барлық арман-тілегім орындалғандай болды. Егер нақты чемпионат туралы айтсам, жарыс өте ұзақ әрі ауыр өтті. Барлығы он бес тур. Оған қоса, үздік төрттікке енсең де, тағы да жартылай финал мен финалдық матчтарды ойнауың керек. Бұл – орасан зор жүктеме. Төзімділік, өзіңе деген сенім және ең бастысы тұрақтылық қажет. Бұл жолы жолым болды. Жанымда әрдайым қолдау көрсеткен отбасым болды.
Олар үнемі байланыста болып, бәрі жақсы болатынын айтып отырды. Кейбір партияларда жеңіліп, уайымдаған кездерімде анам: «Сен міндетті түрде үміткерлер турниріне өтесің және әлем чемпионатында жеңесің» деп демеу беретін. Соның нәтижесінде өзімді дұрыс баптай алдым, жартылай финал мен финалда лайықты өнер көрсеттім. Ақырында финалда бірде-бір партияда жеңілмей, жеңіске жеттім.
Бибісараның жеңісінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейіпкеріміз күніне жарысқа арнайы дайындық болмаса шахматқа шамамен үш-төрт сағатын арнайды екен. Ал турнир кезде оқу-жаттығу жиындарында сегіз-тоғыз сағаттан, он күннен екі аптаға дейін айналысады. Бибісара 4 жасында шахмат ойынының алғашқы ережелерін игерді. Ал жеті жасынан осы спорт түрінен түрлі жарысқа бара бастады. Жетектеп апарған да анасы екен. Дәл сол жылы жеті жасында Бибісара шахмат тарихындағы Fide Master атағының ең жас иегері атанған еді.
– Жоғары нәтижелерге жету-дегі ең басты фактор, меніңше, ең алдымен команда және қасыңда болып, сені қолдайтын адамдар. Олар сен жеңілген сәтте де, шаршағанда да немесе ойыңдағыдай бәрі болмаған кезде де саған сенім арта білуі керек. Менің жағдайымда бұл, әрине, отбасым, әсіресе анам. Ол маған «сен міндетті түрде әлем чемпионы боласың, бәрі сенің қолыңнан келеді!» деп үнемі жігер беріп отырды. Сол үшін мен оған ризамын.
Сондай-ақ табыстың маңызды тіректерінің бірі – еңбекқорлық. Шахматтағы жүктеме өте үлкен, әрі ол тек ақыл-ойға ғана емес, көбіне психологиялық тұрғыдан да ауыр. Сен он күн бойы үлкен қысыммен турнир ойнайсың, одан кейін екі-үш күн демаласың да, қайтадан оқу-жаттығу жиынына аттанасың. Онда тағы да он-он бес күн бойы күніне жеті-сегіз, тіпті тоғыз сағатқа дейін дайын-даласың. Сондықтан команда мен еңбекқорлық мен атап өтетін ең басты, шешуші факторлар деп ойлаймын, – деді шахматшы қыз.
Бибісара өмірде және спортта табысқа ұмтылып жүрген замандастарына кеңес берді. Айтуынша, ең алдымен, ешқашан берілмеу керек. Сонымен қатар өзіңе сын көзбен қарай білу маңызды. Бірақ ол өз-өзіңді жеп қоюға, шамадан тыс кінәлауға ұласпауы керек.
– Өз мүмкіндігіңді дұрыс, сал-қынқандылықпен бағалай білу, неге қол жеткізгің келетінін және соған жету үшін қандай күш салу керегін нақты түсіну қажет. Алайда, сонымен бірге өз еңбегіңді жоққа шығармай, өзіңе артық, қажетсіз қысым түсірмеу өте маңызды. Өйткені спортта міндетті түрде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Қандай жағдай болсын еңбектенуді жалғастыруың керек. Өз-өзіңе сену де аса маңызды рөл атқарады. Ал егер қасыңда сені қолдайтын адамдар болса, ол тіпті керемет жағдай деп есептеймін, – деп атап өтті Бибісара.
15 қаңтарда чемпион кезекті турниріне аттанбақ. Қазір соған дайындалып жатыр.
– Ең басты мақсатым – наурыз айының соңында Кипрде өтетін үміткерлер турниріне жақсы дайындалу. Бұл турнирде сегіз қатысушы екі айналым бойынша ойнайды. Бір қызығы, қатысушылар небәрі үш елден Қытай, Ресей және Үндістаннан келеді. Ал Қазақстаннан жалғыз мен боламын. Үндістаннан үш спортшы, Қытайдан екі, Ресейден екі спортшы қатысады. Ол жерде ең үздік нәтижені көрсетіп, үміткерлер турнирінде жеңіске жетуді қалаймын. Яғни әлем чемпионы атағы үшін матчқа үміткер атанып, қытайлық әлем чемпионы, гроссмейстер Цзюй Вэньцзюньге қарсы шешуші матчта ойнау – менің басты мақсатым! – деді ол.
Олжас ПАВЛИК
638 рет
көрсетілді0
пікір