- ҰЛАН
- 02 Желтоқсан, 2025
«Туған жерім менің, Қазақстаным» деген жалғыз ақын
Достар, сендер еліміздің алғашқы әнұранының мәтінін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов екенін білесіңдер ғой. Биыл халқымыздың рухын асқақтатқан осы өлеңнің авторы, ұлт сөзінің ұстыны болған ақын Жұмекеннің туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Астана қаласындағы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республи-калық мемлекеттік мекемесі мен «Ұлан» газеті бірлесе ұйымдастырған «Менің елім – жыр елі» атты кеш өтті. Бұл шара биыл 95 жылдығын атап өтіп отырған «Ұлан» газетінің де мерейтойымен үндесіп, мазмұнын тереңдете түсті. Кеш барысында Жұмекен Нәжімеденовтің таңдаулы туындыларынан жинақталған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.
Кештің құрметті қонақтары-ның бірі ақын Ақұштап Бақтыгереевамен іс-шара басталмай тұрып сөйлесудің сәті түсті. Ол Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толған мерейлі сәтке қатысу, оның шығармалар жинағының тұсауын кесу мәр-тебе екенін жеткізді.
Ақұштап Бақтыгереева Жұмекеннің тек гимннің авторы ғана емес, әрбір өлеңінде ұлтқа деген махаббаты мен жас ұрпақ-қа арнаған сезімін сақтап кеткенін атап өтті: «Жұмекенді жас кезімнен, студент кезімнен білемін. Биыл туғанына тоқ-сан жыл болған Жұмекен, Тұманбай, Қадыр ағалардың баспалдағымен жүрдік. Олармен өмірде де аралас болдым, үшеуіне де ақын қарындас болдым. Менің түсінгенім, елуге келмей дүниеден өткенмен, «Менің Қазақстаным» сияқты өлеңді жазған ақынды халық тірі деп қабылдайды екен. Ол бүгін өзі аңсаған егемендікте әнұранымыздың сөзін жазған автор ретінде әр қазақтың жүрегіне қайтып оралды», – деді ақын.
Кеш қонақтары Ақұштап апа Бақтыгерееваны жақсы көреді екен. Кемінде бір өлеңін оқығанбыз ғой дейді олар. Ақын апаларын көріп, онымен суретке түскендер аз емес. Мүмкіндікті пайдаланып біз де Ақұштап Бақтыгереевамен жеке, шағын сұқбат жазып алдық. Әңгімені газетіміздің алдағы санының бірінен оқи аласыздар.
Іс-шарада біздер бұрын біле бермеген біршама әңгіме айтылды. Соның бірі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Өтеген Оралбаевтың естелігі. Ол «Мен Жұмекен ағамыз туралы айтқанда ең алдымен домбыраны еске аламын. Өйткені ол кісі домбыраның тілін, үнін, мінезін, жанын терең түсінетін ерекше адам еді. Бірде Маңғыстаудан арнайы сәлем бере келген ақын Темірхан Медетбекпен болған оқиғаны айтайын…», – деп әңгімесін тарқата түсті:
Темірхан Медетбек Жұмекен Нәжімеденовтің үйіне барғанда Жұмекен домбыра алып ұзақтау күй тартады. Күй біткен соң:
– «Темірхан, сен ақынсың ғой, осы күйден не түсіндің?» – деп сұрайды.
Темірхан:
– «Жұмаға, кешіріңіз… мен ештеңе түсінбедім» – деп шынын айтады.
Сонда Жұмекен:
– «Сенің түсінбегеніңді көзің-нен көрдім. Бірақ шындықты айтқаның ақындығың. Егер домбыраны түсінбесең, онда өмір бойы домбыра туралы өлең жазба», деп кеңес берген екен.
Өтеген Оралбаев сондай-ақ ақынға 2010 жылы Мемлекеттік сыйлық беру туралы жарлық қабылданған сәтті еске алды: «Сол уақытта мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың кеңесшісі едім. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке мемлекеттік сыйлық берілуі керек деп ұсыныс айтқанымда, қатқыл түрде қайтыс болған адамдарға сыйлық берілмейді деді».
Оралбаев сол жылы 24 наурызда екі беттік хат жазып, мемлекеттік гимн авторларына өзге мемлекет-терде жоғары сыйлықтар берілетінін мысалға келтіргенін айтты. Бірақ ол хат та қабылданбапты. 28 наурызда үш бет хат жазып қайта кіреді. Онда мемлекеттік сыйлықтың тізімінде үшінші автор ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бар екенін, оған сыйлықтың қажет еместігін ашық жазып көрсеткенін жеткізді.
«Осы үш беттік жазба хатпен елбасыға кіріңіз, егер елбасы сізге қатты сөз айтса, мен жұмыстан кетуге дайынмын дедім. Кішкене ойланып алды да, «ладно» деді.
Сөйтіп көк папкамен жоғарыға көтеріліп кетті. Бір кезде лифті-мен кеткен адам, баспалдақпен түсіп келе жатыр. «Войди» деді маған. Ішке кірген соң Нұрсұлтан Әбішұлы қолдағанын айтты. Ол кезде қайтыс болған адамға Мемлекеттік сыйлық берілмейді деген ереже бар еді. Дегенмен біз бұл ережені қайта қарап, «мемлекет басшысы қажет болған жағдайда Мемлекеттік сыйлықты өз тарапынан бере алады» деген сөйлемді қосып, жаңа жарлық шығардық. Содан үшінші, ақтық кезең өтті. 49 комиссия мүшесінің 17-сі Жұмекен Нәжімеденовке, 13-і Шәмші Қалдаяқовқа қарсы дауыс берді. Дегенмен көпшілігі қолдап, 2010 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке Мемлекеттік сыйлық берілді», – деп еске алды ол.
Сол күннің ертесінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Есіл өзеніне тірелетін ең үлкен көшеге Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің есімдерін беріпті.
Ал Қасымхан Бегман өзінің студенттік кезін еске алып, Жұмекеннің оған қалай қамқор-лық жасағанын айтты: «Мен политехникалық институт студенті едім. Сол кезде Жұмекен Нәжімеденов менімен қоса жеті жас ақынның тұңғыш кітабының жарық көруіне тікелей әсер еткен, ағалық қамқорлық жасаған адам.
Біз оны әлі күнге дейін мақтаныш-пен және жауапкершілікпен айта-мыз. Жұмекен ағамыз өте жұмбақ адам деп ойлайтынмын. Ағамыз ерте кетті, бірақ артына керемет аңызға айналатын мұра қалдырды. Қазір әдеби ортада Жұмекен ағамыздың өлеңі оқылмайтын жер жоқ», – деді Қасымхан Бегман.
Ақын ғана емес, күйші де еді
Кештің құрметті қонағы, ақын-ның қызы Саида Жұмекенқызы жиналғандарды әкесі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығымен бірге ұйымдастырылып жатқан «Ұлан» газетінің 95 жылдығымен де құттықтады. Ол «ұландықтарға», газеттің жас тілшілері мен оқырман-дарына «жазарың таусылмасын» деп жылы тілегін білдірді.
Саида Жұмекенқызы биылғы мерейтой аясында көптеген іс-шара өткенін, әкесінің ақындығы, жазушылығы, аудармашылығы сөз болғанын атап өтті. Ал бұл кештің Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайда өтуінің өзі ерекше символдық мәнге ие екенін айтты. Себебі Жұмекеннің ақындығы мен жазушылығынан басқа, тағы бір қыры – күйшілігі болған.
«Әкем 4-5 жасынан бастап ауылдағы атасынан домбыра тартуды үйренген. Домбыраны жай шертіп қана қоймай, аспаптың табиғатын түсініп ойнайтын. Кейін екі жыл консерваторияда оқыды. 1967 жылы «Күй кітабын» шығарды. Бұл жинаққа Тәттімбет, Құрманғазы, Дина сияқты күйшілердің күйлерін түсірген. Меніңше, қазақ әдебиетінде мұндай күй кітабы жоқ. Әкемнің орындауында 7-8 күй отбасылық архивімізде сақталған», – деді ол.
Кешке Саида әкесінің өзі күй тартқан домбырасын арнайы ала келді. Оның айтуынша, домбыраны 1970 жылдары Ромоненко деген шебер жасаған. Ол бұл туралы «Анам Нәсіп әкем қайтқаннан кейін домбыраны ешкімге тарт-қызбады. Кейін Әзидолла Еспаевтың қолымен домбыра
Мағжанға (Жұмекен Нәжімеденовтің ұлы) табысталды. Содан бері Мағжан да, оның балалары да осы домбыраны тар-тады» – деді.
Айтулы сәтке куә болған көпшілікке күйші Әбді-рақым атамыз Жұмекен Нәжімеде-новтің домбы-расымен күй тартып берді. Әдеби кеште жас ақындар Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Белгілі жұмекентанушы Алмас Ахметбек те «балаларға жаттауға оңай өлең осы» деп ақынның бірнеше өлеңін оқып бергенін айтпай кете алмаймыз. Іс-шараның бұл бөлімін Алмас аға Ахметбектің мына сөзімен қортындылағымыз келеді: «Жұмекен заманына, Абай айтқандай, «күйлемеген» ақын. Олай дейтінім, 1400 өлең жазғанда Совет одағы туралы бір өлең жазбаған. Уақытты жырламаған ақын. Жұмекен көңілі қаламаған адамды мақтамаған, заманына иленбеген, жақсыға табынбаған, жаманға жалынбаған. Ол бүкіл Қазақстанды құшағына сыйдырған. Жұмекен «Туған жерім менің, Қазақстаным» деп жырлаған жалғыз ақын».
1268 рет
көрсетілді0
пікір