- ҰЛАН
- 02 Желтоқсан, 2025
ОТАН ДЕГЕН – МЕНМІН!
Мектепте аптаның алғашқы күнін әнұранмен бастаймыз. Ол әуен жүрегімізден шыға ма немесе біз, оқушылар, оны тек әуен ретінде қабылдаймыз ба деп ойлап үлгергенімше:
– Әлихан, сабақта кім жоқ? – деген ұстазымның сұрағы ойым-ды бөлді.
– Иә, қазір айтамын, – дедім мен сасқалақтап. Сыныбымның көшбасшысы екенімді тіпті ұмы-тып кетіппін. Артқы партада отырған – Азамат, алдымдағы – Аружан, қасымда – Інжу. Бәрі түгел сияқты.
Сол сәтте ұстазымыз тақтаға «Туған жерім менің, Қазақста-ным!» деген жаңа тақырып жазды.
Сыныптағы шу бәсеңдеп, барлығы тұқшиып, дәптерлеріне үңіле бастады. Артқы партада отырған Азаматтың дәптеріне көзім түсті. Ол сыныптағы ең салақ бала. Оның жазуы ирек-ирек, әріптері бір-біріне жабысып жүреді. Дәптері шимай-шатпақ. Бірақ жазуының ішінде «Қазақстаным» деген сөз ерекше әдемі жазылыпты. Азаматтың жазуына мүлде ұқсамайды. Сондай көркем жазылыпты.
Ішімнен «Неге дәл осы сөзді әдемі жаздың?» деп сұрағым келген, бірақ сабақты бұзбауға тырысқандықтан үндемедім.
Астананың күн райы күнде құбылып тұрады. Бүгінгі боран тым ерекше. Гуілі құлақ тұнды-рады. Дыбысынан-ақ денең тітіркенеді. Сынып іші де лезде сал-қындап кетті. Жел терезенің әйнегін сілкілеп, мазаны қашыруда.
Сыныптастарым дәптерлеріне бір нәрсені асығыс жазып жатыр. Ал менің көңілім далаға алаңдай берді. Ішімде арпалыс, дауыл болып жатқандай.
– Балалар, туған жер дегенді сендер қалай түсінесіңдер? – деп Айгүл апайымыз тақырыпты ашу үшін бізге сұрақ қойды. Аружан қолын көтеріп:
– Менің туған жерім – Жетісу. Ол жақта биік таулар, мөлдір бұлақ көп. Сондықтан мен үшін туған жерім табиғаттың алақаны секілді, – деді.
– Ал мен үшін туған жер деген – отбасым. «Отан отбасы-нан басталады» дейді ғой дана халқымыз, – деп Інжу сөзді жалғастырды.
Ал менің ойыма түк келмеді. Үндемей қалу да болмас.
– Мен, – дедім орнымнан баяу тұрып. – Мен үшін туған жер деген – өзім.
Сыныптағы оқушылар ду күлді. Кейбіреулер тіпті күлкісін ұзақ уақыт тыя алмай қалды. Сол кезде соғылған қоңырау мені құтқарып қалды. Іштей қоңырауға қатты риза болдым.
– Үй жұмысына «Туған жерім менің, Қазақстаным» деген тақырыпқа эссе жазып келің-дер, – деді ұстазымыз асыға.
Мектептен үйге қайтып бара жатқанымда боранның астында қалдым. Таңертең ауа райына қарамай шығыппын. Түк көрінбейді. Көше шамдарының жарығы әлсіз. Телефонымның қуаты өшіп қалыпты. Ата-анама хабарласа алмай келемін. Айналам ақ түтек.
Жақын маңнан шағын үйшікті байқап, ішіне кіріп паналадым. Іші тастай суық, бірақ желден ықтасын екен. Әлдебір мекеме күзетшісінің отыратын жері секілді. Бұрышта ескі орындық, ал орындықтың үстінде шаң басқан радио тұр. Жұмыс істемейтіндей көрінді. Бірақ қызығушылықпен бұрауын айналдырып көрдім.
Бірнеше рет дыр-дыр ете қалды да… бір таныс әуен естілді.
«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы...»
Кенет денем дір ете қалды. Кәдімгі әр дүйсенбі сайын айтатын әнұранымыз. Бірақ дәл осындай күйде, жалғыз, меңіреу үйшіктің ішінен таныс әнұранның естілуі ғажап күйге бөледі. Денем жылынып кеткендей болды. Сергіп қалдым. Бұл ата-анамның дауысындай болып естілді. Әуен мені қорқудан, адасудан, тоңудан құтқарып тұрғандай.
«Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін...»
Жұмекен Нәжімеденов атаның сөзі, Шәмші Қалдаяқов атаның әуені дәл осы бір қиын сәтте менің нағыз тірегіме айналды. Өз үйімде отырғандай сезіндім. Бойымдағы қорқыныш ада болды.
Шамалы уақыт өткен соң мені Азамат іздеп тапты. Екеуміз бір үйде тұратынбыз, бір жолмен баратынбыз, бірақ ешқашан сөйлеспейтінбіз. Бұл жолы Азамат менің үйге келмегенімді көріп, боранды күнде қайда кетті деп іздеп шығыпты.
– Ауа-райы қолайсыз кезде жалғыз жүрме, – деді Азамат жанашыр дауыспен.
Мен онымен келіскенімді білдіріп үндемедім.
Кенет оның бүгінгі сабақта «Қазақстаным» деген сөзді әдемілеп жазғаны есіме түсе кетті.
– «Қазақстаным» деген сөзді неге сонша әдемілеп жаздың?
– Түсінбедім, қашан жаздым?
– Бүгінгі сабақта. Әдемілеп, әр әрпін ерекше бір жақсы көріп отырып жаздың.
– Өзім байқамаппын. Үйге барып, жазғанымды көрейін.
– Әлде көзіме солай көрінген шығар, – дедім мен ұяла.
Азамат иығын көтеріп қойды.
Мен үйге келгенде анам ошаққа от жағып, әкем шәй ішіп отыр екен. Атам мен әжем теледидар алдында отыр. Онда жаңалықтар жүріп жатты. Ауа райы қызметі ертең Астанада боран басылып, күн шығатынын хабарлады. Дәл сол сәтте диктор басқа жаңалыққа ауысты:
«Бүгін еліміздің әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл. Ол жиырмадан сәл асқанда-ақ сөздің құдіретін ұғып, халықтың намысы мен арманын бірнеше шумаққа сыйғыза білген талантты ақын...» деген жүргізушінің сөзін естіген әжем терең күрсінді де, маған қарап өзі білетін деректі айтты.
Ұлы ақынның асыл жары Нәсіп Мұстахованың: «Жасы жиырмадан енді ғана асқан жігіттің «Менің Қазақстанымдай» әнге мәтін жазуы үлкен ерлік еді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Шәмші мен Жұмекен консерваторияда бірге оқып, сырлас, достас болып жүрді. Бұл – теріскейдің астықты өлкелері мен батыстың мұнайлы аудандарын Ресейге, түстіктің біраз жерін Өзбекстанға беру керек деген хрущевтік аласапыран кезең еді. Жер мен елдің мағынасы бір ғой, елдің жүрек етін кесіп, өкпеге ауа жетпей жатқан тұс болатын. Елдің бәрі іштей тынып жүрген кез. Бұрынғылар ел шетіне тиген жауға қылышпен қарсы шықса, Жұмекен сөз өнерімен жерін қорғағысы келген. Бабалар жеріне өзгенің аяқ басқанына аруақтар шамырқанып, ақын-дарына маза бермеген шығар» дегенін оқығанмын, – деді әжем.
– Әнді рухпен жазған деген қалай? – деп сұрадым мен таңдана.
– Себебі ол әннің сөзіне құдірет қондырды. Ел оның сөзіне сенді. Сен де сол сөзге сендің.
Әкем үндеместен басқа бөлмеге кіріп кетті. Анам үстел үстін жинап жүріп тағы бір сыр айтты:
– Жұмекен Нәжімеденов қайтыс болған соң, жұбайы Нәсіп Мұстахова айтыпты деген
мынандай әңгіме бар. «Жұмекен керемет күйші еді ғой. Рома-ненко деген шеберге жасатқан қызыл күрең домбырасын өзі дүниеден өткен соң қабына салып, оны кілттеп шифонердің ішіне тығып қойдым. Ешкімге ұстатқым келмеді. Соны Жұмекен анда-санда «дың» еткізіп шертіп кететін секілді. Жұмекен, басқа ешкім емес. Екі ішектің бірін бостау, бірін қатты бұрап солақай тартатыны да ерекше. Мен оның домбыра тартысын топ адамның ішінен танимын. Солай домбыра өз-өзінен анда-санда «дың», «дың» ете берген соң Құран оқытып, ұлы Мағжанға ұстатқанда ғана домбыра тынышталыпты».
Мен төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болдым. Бұл жай аңыз емес. Бұл – шындыққа айналған рух.
– Демек, ақын да, сөз де, саз да тірі, – дедім мен жай ғана.
Келесі күні сабақта сынып жетекшіміз бізден боран кезінде не істегенімізді сұрады:
– Әкем нан сататын дүкенде істейді. Ол боран күні де дүкенде болып, елге қызмет етті. Халық қандай жағдайда да нансыз қалмауы керек қой, –
деді Айзере.
– Анам – мейірбике. Боранға қарамастан, ауруха-наға барып, науқастарды қарап шықты. Мен оны уайымдап, есікке қарап отырдым, – деді Нұрикамал.
– Мен жай ғана үйде болдым. Әлиханның «Қазақ-станым» деген сөзді ерекше көркем етіп жаздың деген сөзі мені қуантты. Бірақ сол сәтте өзі ме белгісіз бір әсерден жүрегім дір еткенін білемін...
Мен бәрін тыңдап отырдым. Әркімнің тағдыры, отбасы, әрекеті – әртүрлі. Бірақ бір нәрсе бәрімізді біріктірді. Елімізге деген махаббат, елімізге пайда тигізуге деген ынта. Бір ән бір елдің мәртебесін көтерді.
Біз әртүрліміз. Біріміздің ата-анамыз – дәрігер, біріміз-дікі – дүкенші, құтқарушы, ұстаз. Біріміз қалада, біріміз ауылда тұрамыз. Біріміз күй тыңдаймыз, біріміз рэп тыңдаймыз. Бірақ біз бір сәтте, бір уақытта, бір әнұран тыңдаймыз.
Біз – бір халықпыз. Біздің үніміз бір. Біздің жүрегіміз бір.
Отан деген – менмін. Менің алғашқы демім, менің алғашқы қадамдарым бәрі осы жерде басталған. Туған жерім менің, Қазақстаным!
Кәусар ШАЛҚАР,
Қ.Сәтбаев атындағы Binom school мектебінің
10 «А» сынып оқушысы
Астана қаласы
1229 рет
көрсетілді0
пікір