- ҰЛАН
- 25 Қараша, 2025
Сендер күткен күн...
Сәлем, достар! Біз биыл да жылдағы дәстүрмен жыл бойы поштаға үздіксіз хат жіберген белсенділерді анықтап, жас тілші куәлігін табыстаймыз. Бұл авторлар хат жазып қана қоймай, әлеуметтік желіде де түрлі контент жасап, редакция көзіне түсті. Ендеше, алға суырылып шыққан оқушылар кім екенін білейік.
Бұл тізімді №174 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Мейірлі Қайсарқызы бастайды. Бір қызығы, Мейірлі былтыр да белсенділердің қатарында еді. Бірақ жас тілші куәлігіне үлгермеді. Ал биыл бар ынта-жігерін газетке арнап, апта сайын мазмұн-ды хаттар жіберді. Әсіресе, оның «Түркістанда тропиктік жылыжай бар», «Қазақ жастарының NASA-ға дейінгі жолы», «Сәукетаев кейіпкерін неге жынды қылды?» деген мақалаларын әрбір оқырман қызыға оқығанына сенімдіміз. Мейірлінің атына заты сай қыз екенін байқадық. 2024 жылы Мейірлінің мектептегі ағасы, досы Әбдірахман Қайрат ең белсенді автор еді. Бұл эстафетаны Мейірлі-ге жолдаған екен. Айналасына мән беріп, кез келген дүниеден тақырып таба кететін бұл қызымыз «жас тілші» деген атаққа әбден лайық. Осы қалпыңнан таймай, еңбектене берсең, сенен мықты журналист шығатынына күмәніміз жоқ!
Біздің авторлар белсенді ғана емес, білімді екені де сөзсіз. Мұның бір дәлелі – Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Талшын Дүйсехан. Талшынмен алғаш жас тілшілер форумында кездестік. Тасада отыр еді. Өзін таныстырып жатып, «мен IELTS-тан 8.0 ұпай жинадым» деген кезде бәріміз таңғалдық. Оның табандылығына, білімге деген құштарлығына тәнтіміз. «Экология ғылымнан бұрын жүректен баста-лады», «Кішкентай қыз орман өсіріп жүр», «Томирис – біздің мектептің мақтанышы» деген мақалаларын атап өтпеске болмас. Талшын кітапты да сүйіп оқиды. Әр оқыған кітабы туралы қорытынды ойын жазатын қыз өзі де комикс-кітап шығарғанын білетін шығарсыңдар? Мектеп кезінен шығармашылыққа құштар қызымыз студент атанған кезде де биік жетістіктерге жетеді деп үміттенеміз. Ал қазір оны анасының жолын қуып, жас тілші атануымен құттықтаймыз!
«Басында «Ұлан» газеті туралы білгенде сәл қобалжығаным рас. «Майталман журналист болғым келеді» деген көзімдегі отты сөндірмеген «Ұланыма» ризамын!». Бұл сөздердің авторы №13 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Аружан Мәуліт. Егер «әлеуметтік желідегі ең белсенді автор» деген марапат берілсе, Аружан ешкімге 1-орынды бермес еді. Себебі қолы босай қалса, редакцияға келіп архив ақтаратын аруымыз бізді әртүрлі видеоларымен қуантып келеді. Нағыз «зумер» деп Аружанды айтсақ болады. Ағасы Нұрдәулетпен бірге «Ұлан» туралы қазақша дорама да түсірді. Камера, монтажбен достасып алған ол болашақта интернет журналистиканы дөңгелетіп-ақ әкетеді. «Ұлттық қолөнерді жаң-ғыртып жүрген жас шебер», «Туған күн ананың да мерекесі» деген хаттарынан жазудағы қолтаңбасын байқадық. Сондықтан Аружанды да жас тілшілер қатарына қабылдаймыз.
Жыл сайын Абай ұлттық мектебінің оқушылары рухани әулетке қосылуға ниеттеніп, хат жазады. Биыл бұл мектептің 9-сынып оқушысы Қарақат Нұрланқызы мен 11-сынып оқушысы Дәрия Ғаниқызы ерекше көзге түсті. Аруларымыз аз жазса да, саз жазатын авторлардың қатарында. Қарақат бір хатында «Ұлан» мен «Ділмар» – мен үшін жай газет пен үйірме емес, арманға қанат бітірген қос ұстаз, рухани серігім» деп жазған еді. Екі ортадан алған білім мен тәжірибені болашақта да қолдана аласың деп сенеміз, Қарақат. Бізге хат жіберуді тоқтатпа. Ал Дәрия былтырдан бері бізбен байланысып жүр. «Ділмарлық» құрбысы Гүлшаттың жазғандары шабыттандырды ма екен, биыл да барынша белсенді болуға тырысты. Жалпы, «Ділмар» үйірмесінің оқушылары жазған хаттарда ерекше қолтаңба бар. Олар адал достық пен патриоттықты, кітапқа деген қызығушылықты насихаттайтын жастардың қатарында. «Кітап оқитын бала», «Достықтың бейнесі», «Ауылдағы шытырман оқиға» атты мақалалары осы сөзімізге дәлел. Бұл тұрғыда ұстаздың да рөлі ерекше екенін ескеру керек. Біз Дәрия мен Қарақатқа «жас тілші» куәлігін табыстай отыра, осы ізгі істерді басқа да «абайлық» оқушыларға дәріптей алады деп сенеміз!
Былтыр белсенді болған, бірақ куәлікке материал саны жетпей қалған автордың бірі №58 мектептің оқушысы Шакира Ниязбаева. Сол кезде Шакираға «алған бетіңнен таймасаң, келесі жылы куәлік алуға мүмкіндігің бар» деген едік. Шакираны осы сөздер жігерлендіріп жіберді ме екен, биыл хат жіберуін тоқтатпады. Шакираның хаттарынан әлемге мейіріммен қарайтынын аңғаруға болады. «Кейде ойланбастан сөйлейміз. Шын мәнісінде өзге адамдардың өмірінде не болып жатқанынан хабарымыз жоқ. Жақсы сөз – жанға шипа. Сөз сүйек-тен өтетінін де ұмытпайық» дейді Шакира қыз. Ал «Бүгінгі әдет – ертеңгі болмысың» мақала-сында замандастарына дұрыс әдет қалыптастырып, жақсы өмір сүру өз қолымызда екенін жазған еді. Сол әдеттер өз бойынан табылып, қызымыз жас тілшілер қатарына қосылды.
Байқасаңдар, жоғарыда атал-ған қыздар Алматы қаласының тұрғындары. Бірақ өзге аймақтың оқушылары да қалыс қалмады. Соның бірі – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Жалғызқұдық ауылының 10-сынып оқушысы Жұлдыз Ербол. Жұлдыз да сәл ертерек жаза бастағанда куәлікті тезірек алар еді. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар демекші, бұл мақсатқа биыл жетті. Жұлдыз нағыз қоғам белсендісі. Оны өзі барған іс-шаралар туралы жазған материалдарынан байқадық. Мысалы, «Астанада есірткіге қарсы флешмоб өтті», «Астанада GCIP-Kazakhstan 2025 өтті» деген жазбалары осыған дәлел бола алады. Аруымыз мектебіне газетіміз туралы айтып, басқа оқушыларды да осы ортаға тартып жүретініне дән ризамыз. Пысық қызымыз осы бетінен таймаса, біраз шыңды бағындыра алады. Бастысы, ішіңдегі отты сөндіріп алма!
Ал аралдық Гүлбақыт Іздібай көктемде сонау Қызылордадан форумға келгені әлі есімізде. №220 мектептің 11-сыныбында оқитын ол шешімі табылмаған мәселелерді жақсы көтереді. Әсіресе, әлемді уайымдатқан Арал мәселесі Гүлбақыттың арқасында біздің газет бетінде де жазылып жүр. «Аңыздан анимацияға айналған алтын адам», «Зергер қыз», «Біздің «Томиристер» жігіттерден озды» деген хаттарын оқып, замандастары туралы жиі жазып тұратынын байқауға болады. Сонымен қатар, «Тосынсый» деген мақаласында қызық сторителлиң жаза алатын қабілетін көрдік. Бұл жолдан таймаса, одан нағыз әмбебап журналист шығады. Видео- контентті де сапалы жасайтын аруымызды «Ұланның» жас тілшісі атануымен құттықтаймыз!
Мінекей, топтан оза шыққан аруларымыздың есімі белгілі болды. Бірақ материал саны жетпесе де, белсенділік танытып жүрген авторларды қалыс қалдырмаймыз. Мейірлі мен Әбдірахманның құрбысы, №174 мектеп-гимназия оқушысы Забира Якуб қызықты дүниелер жаза алды. Оның «Қаржылық сауатты 15 жастан бастау керек пе?» «Атам мәңгілік жүрегімде» деген жазбаларын атап өтуге болады. Забираға мұңайма дейміз. Себебі келесі жылы көбірек жазсаң, жас тілшілер қатарына міндетті түрде қосыласың. Комикс салуды ұнататын астаналық Кәусар Шалқар есімді авторымыз да келесі жылы көбірек материал жібереді деп сенеміз. ЖИ-мен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген ол әлеуметтік желімізге де контент жасап жүр. Сол бір «әттеген-айлар» болмағанда... Сенің қолыңнан келеді, Кәусаржан! Өнерің өрге жүзсін дейміз. Ал келесі жылы Абай мектебінің 10-сынып оқушылары Рабиға Тұрар, Нұрайым Жасұлан-қызы мен 9-сынып оқушысы Арайлым Серікқалиқызы Қарақат пен Дәрияның жолын жалғауы бек мүмкін. Тек хат жіберуді ұмытпаңдар, қыздар. Алматы қаласы, №149 мектептің 8-сынып оқушысы Айбарыс Бекмырза атасының жолын қуып, біздің қатарға қосылатын уақытты күтеміз. Сенің қолыңнан келеді, Айбарыс! Айзере Мұрат-қали, Ясмин Бейбітқызы, Құрбыжан Жеңіс, Аяулым Бейбітқызы, Жанерке Нұржанқызы, Альфина Асан-жанова, Айым Сағадатова, Жанерке Ахмет, Иманғали Әлібек, Айзере Тұрахмет, Айша Әуесбай, Аяжан Ғарифолла, Айзере Мұрат, Мәдина Қожанова есімді авторларымыз қазір 11-сыныпта оқиды. «Ұланға» куәлік үшін емес, өздерің үшін жазатындарыңды ұмытпасаңдар. сапалы мақалаларыңмен кез кел-ген университетке сенімді кіре аласыңдар. Абай атамыз айтқандай, өздеріңе деген сенімділік пен білім, қажырлы еңбек қана биік шыңға жетуге көмектеседі. «Ұланның» рухани әулетінде сендер де бар екендеріңді ұмытпағайсыңдар!
Осы оқушыларды демеп, газетімізді оқушыларға насихаттап жүрген бірқатар мектеп пен ұстазға алғыс білдіргіміз келеді. Абай ұлттық мектебі «Ділмар» үйірмесінің жетекшісі Жарқын Сәленұлы, №174 мектеп-гимназия-ның мұғалімі Жеткеншек Меңдіға-лиев, Қ.Жазықов атындағы мек-тептің бастауыш сынып мұғалімі Злиха Санаққызы, №58 мектептің мұғалімі Самал Бопырбаева есімді ұстаздардың еңбегі зор. Оқушыларыңыз бұдан да биік белестерді бағындырып, сенімдеріңізді ақтауға тілектеспіз. Сондай-ақ, Балқаш қаласындағы №15 мектеп-лицейдің «Жас өркен» медиа сыныбының тілшілері, «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары, Шымкент қалалық №2 оқушылар сарайы «Журналистика» үйірмесінің шәкірттері де газетпен байланысын үзбейді деп сенеміз. Сендердей авторы мен жас тілшісі бар «Ұлан» газеті әлі мың жасайтынына күмәніміз жоқ. Байланысымыз үзілмей, достығымыз нығая берсін. «Ұланға» жазылыңдар, өзгелерге де сүйікті газеттерің туралы айтуды ұмытпаңдар!
Ділназ БЕЙБІТҚЫЗЫ
1475 рет
көрсетілді0
пікір