• ҰЛАН
  • 25 Қараша, 2025

Бір мектепте 17 жұп егіз оқиды

Мұндай сыңары бар оқушылар Түркістан облысы, Арыс қаласын-дағы Ә.Жангелдин атындағы №32 орта мектепте білім алып жүр. Аймақ тұрғындары бұл білім ошағын тіпті «егіздер мектебі» деп атап кеткен. Себебі биылғы оқу жылында мұнда 17 жұп, яғни  34 егіз оқиды. Бір қызығы, мектепте 1 және 2 сыныпта ғана егіздер жоқ, ал қалған сыныптың бәрінде бар. Бірі бір-бірінен аумайтын ұқсастығымен таңғал-дырса, енді бірінің мінезі мен сыртқы бейнесі мүлде ұқсамайды. Тіпті жалпы оқушылар арасында Інжу есімді үш қыз, Раяна есімді екі қыз бар. Ендеше, бұл ерекше оқушылардың тағы қандай қызық қыры бар? Егіздердің өмірі мен өзара байланысы туралы білу үшін олармен жақынырақ танысып көрейік. 
 

Егіздер бір жынысты ғана болып тумайды. Адам генетикасы таңғажайып. Кейде әржынысты, яғни ұл-қыз болып туылатындар да болады. Ғылымда оның «дизигот» егіздер деп атайды. Әлемде мұндай егіздер сирек кездеседі, ал осы мектепте олардың бесеуі оқиды. Ең үлкендері Оңдасын Асылбеков пен оның сыңары Нұрсипат Асылбекова. Екеуі биыл мектеп бітіреді. Мұғалімдерінің айтуын-ша, олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Мінездері, түрі, қызығушылықтары, таңдаған мамандығы әртүрлі. Бірақ екеуі бір ананың құрсағынан туған. 
– Оңдасын қараторы, бойы ұзын, ірілеу. Ол спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Бокстан жасөспірімдер арасын-дағы аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері. Түркия мен Румынияда өткен турнирлерде де жеңіске жеткен. Ал сыңары Нұрсипат аққұба келген. Ол дүниежүзі тарихы мен құқық пәндеріне қызығады, – деді мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жатенова.  
Нұрсипат өзінің сыңары Оңдасын кез келген уақытта қорғаны екенін мақтанышпен айтты.  
– Мінезіміз әртүрлі болса да, бір-бірімізге тірекпіз. Біріміздің көшбасшылық қырымыз басым болса, екіншіміз сабырлығымызбен теңестіреміз. Бұл топпен жұмыс істегенде көп көмектеседі. Болашақта бір қалада оқығымыз келеді, бірақ әртүрлі мамандық таңдаймыз, – дейді Нұрсипат.  
Екінші «дизигот» жұп Азамат Өсербек пен Шапағат Өсербек. Олар да 11-сынып оқушысы. Үшінші жұп 10-сынып оқушылары Саят Қалдыбек пен Сымбат Қалдыбек. Төртінші егіз 5-сынып оқушылары Раяна Рахматулла мен Хансұлтан Рахматулла. Бесінші жұп Салман Тайш пен Сара Тайш. Осы бес жұп ерекше «дизигот» егіздер саналады. Ендігі кезекте қалғанын түген-дейік. Соңғы егіздер, яғни Тайштар туралы кейінірек толық айтамыз.
Мектепте бір-біріне қатты ұқсайтын жұп та бар. Мысалы, 5-сынып оқушылары Абдулазиз Бәкірдінбек пен Абдулхафиз Бәкірдінбек. Олардың бірі фут-болға қызықса, бірі күреске қатысады. 
– Үйінде атасы беттеріндегі тыртыққа қарап қана ажыра-тады екен. Азиздікі доғалдау, Хафиздікі жіңішке. Мұғалімдер кейде шатастырып алады. Екеуі де бірдей киінеді, – дейді Эльмира Жатенова.
Егіздермен таныса бастағанда, ең алдымен олардың аты-жөніне назар аударасың. Сол сәтте мені ерекше қызықтырғаны – екі егіз жұптың тегінің бірдей болуы. Олар 3-сынып оқушылары Ақнұр Тайш пен сыңары Бибінұр Тайш және 7-сыныптағы Салман Тайш пен Сара Тайш. Бір үйдің балалары дерсің, алайда қос егіз бір әулеттен тараған ағайынды екі адамның немерелері екен. Бір атадан тараған екі ағайынның ұл-қыздарының қатарынан егіз болып тууы ілеуде бір кездесетін жағдай. Салманның айтуынша, егіз болудың қызық тұстары да бар. Үйде бірдеңе бүлініп қалса, екеуі бір-бірінен көріп, жағдайды жеңіл қабылдай салады екен. 
Бұл егіздер тегінің бірдей-лігімен ерекшеленсе, енді бір жұптар аттарының ұқсастығымен назар аударады. Мәселен, мек-тепте бірдей екі жұп – Інжу-Маржан есімді егіздер бар екен. Оның бірі 5-сынып оқушылары Інжу Жалил мен Маржан Жалил, ал екіншісі 8-сыныпта білім алатын Інжу Құлтас пен Маржан Құлтас.
Сонымен қатар 17 жұп егіз-дің арасында тағы бір Інжу есімді қыз бар, бірақ оның сыңарының аты өзгеше. Бұл 9-сынып оқушылары Інжу Аязбек пен Іңкәр Аязбек. Осылайша мектепте аты бірдей үш Інжу білім алып жүр. 7-сынып оқушылары Әлия Мұстафа мен Ғалия Мұстафа бір-біріне ұқсағанымен, мінездерімен ерекшеленетін егіздер. Екеуі де қазақ тілі мен әдебиетін ерекше жақсы көреді. Болашақта гумани-тарлық ғылым саласын таңдауды армандайтын қыздар сабырымен де, қарапайым болмысымен де көзге түседі.
– Ғалияның не айтқысы келіп тұрғанын да, қандай көңіл-күйде екенін де алдын ала сеземін. Өзім қырсықтау болсам, ол ұстамды. Егіз болудың ең жақсы жері – өзіңді ешқашан жалғыз сезінбейсің. Қасыңда әрдайым сырыңды бөлісетін, қолдайтын адам бар, – дейді Әлия.
Егіздердің арасында аттас оқушылар тағы бар. Мәселен, мектепте Раяна есімді екі жұп кездеседі. Оның бірі жоғарыда аталған, ұл-қыз сыңарлы 5-сынып оқушылары Раяна Рахматулла мен Хансұлтан Рахматулла. Ал екінші жұп Раяна Мұстафа мен оның әпкесі Даяна Мұстафа. Әлия мен Ғалия сияқты, бұл Раяна мен Даяналардың да тегі ұқсас болғандықтан, бастапқыда бір әулеттен деп ойлауға негіз бар. Алайда олар туыс болмай шықты.
Келесі егіздер 7-сынып оқушылары Аслан Ерғали мен Жасұлан Ерғали. Сөздеріне қарағанда, Жасұлан шешім қабылдар алдында көп ойланады, ал Аслан ұқыпты әрі тез шешім шығарады. Екеуі де әзілқой. Сондықтан достарының арасында көңілді мінезімен ерекшеленеді. Мұғалімдері де оларды жиі шатастырып алады екен.
– Мектеп формасын да, шаш үлгісін де көбіне бірге таңдаймыз. Бірдей киінгенді де ұнатамыз. Бірақ стильге келгенде мен қара түсті жақсы көрсем, Жасұлан ақ түсті киім киеді. Дегенмен екеуміздің де армандарымыз ұқсас. Болашақ-та бір мамандықты таңдап, тіс дәрігері болғымыз келеді, – деді Аслан. 
Егіздер қатарын 4-сынып оқушылары Бақдәулет Жүсіпәлі мен Нұрдәулет Жүсіпәлі, 5-сыныптағы Жанәлі Оразбек пен Нұрәлі Оразбек, 7-сынып оқушылары Оразәлі Абдуманап пен Базарәлі Абдуманап, сондай-ақ 8-сыныптағы Нұрахмет Орынбасар мен Сейдахмет Орынбасар толықты-рады. Осылайша, мектептегі 17 жұп егізді түгендеп шықтық.
Мектеп педагогтарының айтуынша, егіздердің бірге оқуы оқу ордасына бірқатар оң әсер береді.
– Жыл сайын мектептегі егіздер қатары артып келеді. Олар сырт келбеті жағынан ұқсас көрінгенімен, әрқайсының қабілеті мен темпераменті бір-бірінен өзгеше. Бұл мұғалімдерге оқушылардың жеке ерекшелікте-рін ескеріп, сараланған оқыту тәсілін нақты мысалдар арқылы қолдануға мүмкіндік береді, – дейді ұстаздар.  
Егіздердің әрқайсы мінезі, қызығушылығы және арманы-мен дараланғанымен, оларды ортақ сезім – бауырмалдық пен бір-біріне деген шексіз қолдау біріктіреді. Болашақта әртүрлі салаларда еңбек етіп, елімізге пайда әкелуді армандайды. Сол армандарға жету үшін білім алуға мән беріп, барын салады. 

Олжас ПАВЛИК 

1410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор