• ҰЛАН
  • 25 Қараша, 2025

Музыкант балалар  «Ұланға» қонаққа келгенде...

Өткен дүйсенбіде «Ұлан» газетінің редакциясына Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық мектептің оқушылары келді. Бірі скрипкасын бауырына қысып, бірі виолончелін сүйретіп келе жатып-ақ саусақтарымен пернені сипалап қояды. Балалар ұстазы Айымжан Ғылмановамен скрипкада ойнап, виолончель тартты. Газет-журнал оқытып, редакция тіршілі-гін көрсетіп, балалықтан даналыққа жетелеп жүрген Аймырза Жаманқұлов ағайы мен Айымжан Ғылмановадай апайы бар балалар қандай бақытты, ә?! Балалар жай келмей өнерін тарту етіп әкеліпті. «Ұлан» газетімен бір ғимаратта отыратын «Қазақ газеттеріне» қарасты басқа басылымдардағы әріптестер «кішкентай музыканттар келіпті» дегенді ести сала, әр бұрыштан оларды тамашалауға ұмтылды. Скрипканың нәзік үні мен виолончельдің қою сазы мәжіліс залын кәдімгі шағын концерт залына айналдырды.
Өнерін тамашалап болған соң, балаларды әңгімеге тартуға да мүмкіндік туды. Әуені сазды балалардың сөзі де тәтті екен. Сұрақ қойсаң ұялып, жымиып отырады. Сосын қайтадан үлкендерше жауап беруге тырысады.
Оқушылардың ішінде ұяңдығымен көзге түскен Асылхан болды. Скрипкасын қандай жауапкершілікпен ұстайтынын көрсеңіз ғой. Асылхан Тілектесов Жұбанов атындағы музыкалық мектепте оқу үшін Ақтөбеден келген. 2-сыныпта оқитын ол үлкен қаланың қарқыны мен музыкалық мектептің тәртібіне әбден үйренген. Асылханның алыстағы Ақтөбеден арнайы осы мектепке көшіп келуі біз үшін үлкен ерлік сияқты көрінді. Үйіңнен жырақта оқу қиын емес пе деген сұраққа жымиып қана қойды. Шамасы, оның түсінігінде бұл қиындық емес, әдемі өмірге жетелейтін әуезді жол болса керек. Вивальдидің пьесаларын ерекше жақсы көремін дейді Асылхан. Ал өскенде кімге ұқсағысы келетінін сұрағанда, Асылхан бірден жауап бермеді. «Барлық скрипкашылар ұнайды» деді ақырын ғана. Бала көңілдің кеңдігі, әуеннің бәрін жақсы көретін жүректің тазалығы ғой.
Фатих Әлиев қазір 3-сыныпта оқиды. Аспабы виолончель. Бір қарасаң, сол үлкен аспапты өзі таңдағандай көрінер еді, бірақ оны бұл жолға анасы бағыттапты. Алғашында ағаштан жасалған, жылқы қылы тағылған аспаптың ысқышы айтқанға көнбеген көрінеді. Кішкентай балаға үлкен аспаптың тәртібі оңай ма? Бірақ еңбектенген Фатих қазір үш шығарманы еркін орындай алады. «Контраданс», «Красный сарафан», «Соната». Осылардың ішінде оның сүйіктісі Бетховеннің «Контраданс» екен. Фатих фортепианода да ойнайды. 
Виоленчель тартатын Фатихтің сыныптасы Әзиз Әкрамхан да бар. Әзизге аспапты үйрену оңай болған сияқты. Аспабың ауырлық қылмай ма десек, жеңіл деді. Мүмкін аспап жеңіл болғандықтан емес, Әзиз үшін музыка ешқашан жүк болмайтындықтан аспаптың салмағы білінбейтін шығар. Әзизге аспабының дауысы ұнайды екен. Ол жұрт алдына шығып виолончель тартқанда ерекше қуанады екен. Кез келген музыкант боламын деген баланың ең алғашқы марапаты да сол ғой, тыңдаушылардың ықыласы. Өскенде кімге ұқсағың келеді дегенде, Әзиз «бай болғым келеді» деді. Бұл сөзді ол кәдімгідей сенімді айтты. Әзизге бай болуына тілектес екенімізді айттық.
Айбар Әділұлы 7-сыныпта оқиды. Айбар қысқа әуендерді ғана емес, ұзын және күрделі шығармаларды да нотадан қарап-ақ орындауға дайын. Қазірдің өзінде Айбар Түркия, Өзбекстан, Румыния сахналарында өнер көрсетіп үлгерген.
Анасы Жазгүл Ахметқалидың айтуынша, музыкадағы жетістік тек баланың дарынына ғана емес, ата-ананың қолдауына байланысты. Музыкалық мектеп ұстаздарының «Бізге талантты бала емес, талантты ата-ана керек» деген сөзі әлі есінде. Сол себепті Айбарға сабақтан бөлек күніне бірнеше сағат дайындалуға мүмкіндік беру отбасының басты приоритеті. «Кез келген қазақ баласы өз күшін дұрыс бағыттаса, жетістікке жете алады», – дейді музыканттың анасы.
Айбардың арманы – жеке концертін беру, өзі сүйіп тыңдайтын түрлі жанрдағы әр уақыттың хит әндерін виолончельге бейімдеп, өзіндік стильде орындау. 
Балалардың өнерін тамашалап, әңгімесіне қанық болған соң, музыка олардың күнделікті өміріне әуез ғана емес, тәртіп орнатқанын байқадық. Өнер жолы оңай емес. Сол жолда осы балалардың әрқайсы өз соқпағын адаспай тапса екен дейміз! Өнерің өрге жүзсін, балалар! 

Жазира БЕКБОЛАТ
 

1079 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор