- ҰЛАН
- 25 Қараша, 2025
Геймер болу – болашақ па, әуестік пе?
«Геймер» дегенді естігенде көпшілік әлі де бос уақытын ойынмен өткізетін жасөспірімді елестетеді. Алайда қазіргі шындық бұдан әлдеқайда ауқымды. Компьютерлік және мобильді ойындар – жай ғана ермек емес, технология мен креативтің тоғысқан тұсы, цифрлық мәдениеттің жаңа дәуірі. Бұл индустрия қазірдің өзінде жүздеген миллиард долларлық нарыққа айналып, жастардың мансап таңдауына әсер етіп отыр. Қазақстан жастары да бұл өзгерістен тыс емес.
Көптеген жасөспірім үшін ойын – достармен байланыс, шығармашылық, кейде тіпті өзін табудың жолы. Бұл салада шын мәнінде жетістікке жетіп жүрген жастар бар. Әлемдік аренада кәсіби геймерлер миллиондаған доллар табыс тауып, медиа жұлдызға айналып отыр. Бұл құбылысқа тек сырттай қарап бағалау аздық етеді.
Сондықтан, бұл саланың шын мәніндегі мазмұны мен мүмкіндіктеріне терең үңіліп көрейік.
Киберспорт (e-sports) – кәсіби деңгейде ұйымдастырылатын жарыстар, турнирлер және онлайн ойындар негізінде құрылған спорт түрі. Қазір бұл салада нақты құры-лым қалыптасқан: құрамалар, бапкерлер, менеджерлер, анали-тиктер және жанкүйерлер бар. Турнирлер миллиондаған адамға тікелей эфирде көрсетіледі, ал финалдық ойындарды кейде Олимпиададан кем қарамай көреді.
2024 жылғы статистика бойын-ша, әлемдік ойын индустриясының құны 250 миллиард доллар шама-сында. Бұл – кино мен музыканы қосқандағы табыстан да жоғары көрсеткіш. Мұндай қарқынды өсу – цифрлық ғасырдағы сұраныстың тікелей көрінісі. Қазақстанда бұл сала ресми түрде спорт ретінде 2018 жылы мойындалды. Qazaq Cybersport Federation құрылғаннан бері елімізде ұлттық чемпионаттар, жастар арасындағы жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Геймиң тек ойын емес, ол – нақты кәсіби орта. Бұл салада тек ойыншылар емес, техникалық мамандар, сценаристер, ойын дизайнерлері, бағдарламалаушылар, тестерлер, маркетологтар мен контент жасаушылар жұмыс істейді. Әсіресе стримерлердің (ойынды тікелей эфирде ойнайтындар) танымалдығы артқан. Олар YouTube, Twitch секілді платформаларда миллиондаған көрермен жинап, жарнама, демеушілер мен жазылым арқылы табыс табады.
Жасөспірімнің көбі бұл салаға қызығады. Бірақ ойын мен өмір арасындағы тепе-теңдікті ұстану – басты шарт. Себебі, бұл индустрияда табысты болу үшін тек «ойнай білу» жеткіліксіз. Киберспортқа ену үшін арнайы жаттығу, тактика, стратегия, аналитика, тіпті психологиялық дайындық қажет.
Ойынның көбі – командалық. Бұл – достық қарым-қатынасты дамытуға, сенім мен бірлесе әрекет етуге жол ашады. Ойын барысында зейін, шешім қабылдау жылдамдығы, логикалық ойлау мен креатив артады. Қазір көптеген ойын ағылшын тілінде. Бұл – ойын-шының сөздік қорын кеңейтіп, тілдік қабілетін жетілдіреді. Соны-мен қатар, ойыншы техникалық тұрғыдан сауатты болып өседі. Себебі құрылғыны, бағдарлама мен қосымшаларды меңгеруге мәжбүр болады.
Алайда кез келген салада пайдамен қатар қауіп те бар. Біріншіден, ойынға тәуелділік – психологиялық мәселе. Уақытты басқаруда қиындық туындауы, сабақты, ұйқыны, физикалық белсенділікті елемей кету – жиі кездесетін проблема. Екіншіден, кейбір ойындарда агрессия мен зорлық-зомбылық насихатталады. Сондықтан жасөспірім тек не ойнайтынын ғана емес, не үшін ойнайтынын да түсінуі қажет.
Геймиң арқылы табыс табу мүмкін болғанымен, бұл жолда бәсеке өте жоғары. Миллиондаған адам осы салада жетістікке жетуді армандайды, бірақ тек аз бөлігі ғана табысқа қол жеткізеді. Сол себепті, ойынға қызығушылықты мансапқа айналдырғысы келетін жастар ең алдымен білім мен дағдыны қатар дамытуға тиіс. Жақсы геймер болу үшін сен психолог та, стратег те, продюсер де, технарь да бола білуің керек.
Осы тұста израильдік тарихшы әрі футуролог Юваль Ной Хараридің пікірі орынды. Ол өзінің «21 Lessons for the 21st Century» атты кітабында: «Болашақта балаларды нақты кәсіпке емес, өзгерістерге бейімделуге үйрету керек. Себебі бүгінгі кәсіп – ертең пайдасыз болып қалуы мүмкін» дейді. Харари цифрлық орта мен жасанды интеллект дамыған сайын, адамдарға шығармашылық, сыни ойлау және эмоциялық интеллект ауадай қажет болатынын баса айтады.
Геймиң индустриясы дәл осы үш бағытты қамтиды. Ойын жасау – шығармашылық. Ойын ойнау – стратегия мен реакция. Ал стримиң – аудиториямен байланыс, эмоция, харизма. Сондықтан ойынға қызығушылық –жаман нәрсе емес. Мәселе – оны қалай қолдануда. Қазір әлем бойынша мектептер мен университеттерде ойын арқылы үйрету, геймификация әдісі кеңі-нен қолданылады. Бұл тәсіл оқу процесін қызықты және тиімді етеді.
Қазақстанда да бұл үрдіс байқа-лады. Кейбір жоғары оқу орындары ойын әзірлеу, гейм-дизайн, анима-ция және геймификация бойынша жаңа мамандықтар мен курстар ашып жатыр. Мысалы, Astana IT University, Халықаралық IT университеті және басқа да оқу орында-ры осы бағытта арнайы білім бағдарламаларын ұсынды. Бұл болашақта жастарға жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлік мүмкіндіктер ашады.
Жасөспірімдер үшін маңызды-сы – ойын мен өмір арасындағы шекараны бұзбау. Ойын – демалу мен даму құралы болуға тиіс, ал өмірлік міндеттер мен денсаулық – бірінші орында қалуы қажет. Көпте-ген кәсіби ойыншы бір күнде 8–10 сағат ойнайды, бірақ оларда нақты кесте, ұйқы режимі, физикалық жаттығу, дұрыс тамақтану мен психологиялық дайындық бар. Бұл кәсіби спорттың талабы.
Қарапайым геймер үшін де бұл ережелер маңызды. Егер ойын сенің күн тәртібіңе, денсаулығыңа, оқу үлгеріміңе кері әсер етіп жатса, демек оны қайта қарау қажет. Ата-анамен ашық сөйлесу, шекара орнату, ойын уақыты мен мазмұнын бірге анықтау – ең дұрыс қадам. Геймиңді хобби ретінде баста, уақыт өте келе ол мансапқа айналса – құба-құп.
Қорыта айтқанда, геймер болу – болашақ мамандық па, әлде әуестік пе – бұл әркімнің өз таңдауы. Бастысы, геймиң арқылы өмірлік дағдыларды дамытып, оны зиян емес, тиімді құралға айналдыру. Себебі XXI ғасырда ең мықты адам – бейімделе алатын адам. қандай болатының экранның алдында емес, шешімдеріңе байланысты екенін айта салайын.
Нұрлыхан Жұмахан
1091 рет
көрсетілді0
пікір