- ҰЛАН
- 11 Қараша, 2025
Теңге туралы біле жүр
32 жыл бұрын 15 қараша таңғы 8-де Қазақстанның ұлттық валютасы теңге қолданысқа енгізілді. 1993 жылы 12 қарашада сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев теңгені Қазақстан-ның ұлттық валютасы ретінде енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Тарихи құжатта былай делін-ген: Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 15 қара-шада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ Қазақстан Республикасының ұлттық валюта-сы – теңге айналысқа енгізілсін. 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ теңге Қазақстан Республи-касындағы бірден-бір заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасында қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады. Теңгені Қазақ-стан Республикасының аумағында меншік нысандарына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар төлемдердің барлық түрінде, сондай-ақ ешқандай шектеусіз салымдар мен шоттарға қосу үшін банктер қабылдауға міндетті.
Теңгенің ең алғашқы сериясы 1, 3, 5, 10, 20 және 50 теңгелік банкноттар 1993 жылы Ұлыбританияда, әйгілі Harrison & Sons баспаханасында басылып шыққан. Бұл компания көптеген елдің банкноттарын басып шығаратын тәжірибелі полиграфиялық кәсіпорын еді. Банкноттардың дизайнын қазақ суретшілері Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов және Нұрлан Нұрлыбеков әзірлеген. Олар қазір сендер желідегі архив фото, видеолардан көріп жүрген Сүйінбай, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр хан мен Абылай ханның суреті бар банкноттардың дизайнын жасады. Басылып біткен банкноттар құпия түрде, арнайы ұшақпен Ұлыбританиядан Алматыға жеткізілді. Ақшаны тасымалдау процесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауымен өтті.
Ал айналымдағы және естелік монеталар Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы «Kazakhstan Mint» кәсіпорнында шығарылады. Бұл зауыт 1992 жылы Ұлттық банктің қарама-ғында құрылды. Бұл өндіріс орнында алдымен металл балқытылып, одан арнайы пластиналар дайындалады, кейін сол пластина-лардан монеталар соғылады, соңында әрбір өнім сапа бақы-лауынан өтеді.
Теңгенің банкноттары үш рет үздік болған
Қазақстан теңгесі тарихында үш рет қатарынан «Жылдың ең үздік банкноты» атанды. Бұл марапатты жыл сайын Халық-аралық банкнот қауымдастығы (IBNS) табыстайды. Мұнда басты назар валютаның тұрақтылығына емес, оның көркемдік құны мен қорғаныш элементтерінің жаңа-шылдығына аударылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сарапшылар банкноттардың түс үйлесімін, дизайн ерекшелігін және жасырын белгілерін мұқият
бағалайды. Сондай-ақ, байқауға қатысатын қағаз ақша айналымға кемінде бір жыл бұрын шығарылған болуы керек.
2011 жылы Қазақстан Ұлттық банкінің шығарған 10 000 теңгелік банкноты IBNS ұйымы тарапынан «Жыл банкноты» (Banknote of the Year) атағын иеленді. Бұл банкнот-та Бейбітшілік пен келісім сарайы, Бәйтерек монументі, ұшып бара жатқан көгершіндер бейнеленген. Сарапшылар купюрадағы заманауи қорғаныс элементтері мен ұлттық мәдениет көріністерінің үйлесімін ерекше бағалаған.
Келесі 2012 жылы да теңге үздіктер қатарынан табылды. Бұл Тәуелсіздік монументі мен Қазақстан картасы бар 5000 теңгелік банкнот еді. IBNS ақпаратына қарағанда, ақшадағы ұлттық рәміздердің шебер қолданылуы мен түстердің үйлесімі жоғары бағаланған.
2013 жылғы дизайнда «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» және түркі өркениетінің элементтері салын-ған 1 000 теңгелік банкнот үздік атанды. Бұл жолы ақша қауіпсіздік деңгейі, көп қабатты қорғаныс жіптері мен микротексті үшін ерекше бағаланды. IBNS марапатының тарихында бір елдің банкноттары қатарынан үш мәрте жеңіске жетуі – бір-ақ рет болған жайт (Канада банкноттары екі рет қатарына үздік атанған).
Жалған банкнотты қалай ажыратамыз?
2023 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес, әр банкнотта оның сериялық нөмірі, дизайны бекітіл-ген жыл, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасының қолы және қолдан ақша жасау үшін жауаптылық туралы жазба міндетті түрде көрсетіледі. Сондай-ақ қажет болған жағдайда қосымша қорғаныс белгілері де енгізіледі. Ал монеталарда олардың соғылған жылы белгіле-нетін болды. Ұлттық банк түсіндір-
гендей, бұл өзгерістер айналымдағы банкноттардың түпнұсқалы-ғына деген сенімді арттыру мақса-тында енгізілді.
Жалған ақша демекші, 2025 жылдың алғашқы жартыжылды-ғында Қазақстан аумағында 96 жалған ақша белгісі – 93 банкнот анықталды. Ең көп қол-дан жасалған (85 дана) – 5000 теңгелік банкноттар. Сонымен қатар, 2000 теңгелік – 5 дана, ал 10 000 теңгелік – 3 дана жалған банкнот тәркіленген. Сондай-ақ жалпы сомасы 465 150 теңге болған монеталар жалған ақша ретінде алғаш рет тіркелді.
Жалған банкноттарда су бел-гісі, патч элементінің көлемі, голографиялық әсерлер, сондай-ақ қорғаныс өрнектері жоқ. Бұл – жалған ақшаның басты белгілері. Ұлттық банк мамандары азаматтарға банкноттарды көзбен және жанасу арқылы тексеруге кеңес береді. Банк терминалы мұндай банкнотты қабылдамайды. Қауіпсіздік элементтері туралы толық ақпаратпен Ұлттық банктің ресми сайтында танысуға болады.
Теңге неге құнсызданады?
Теңгенің құны мұнай баға-сына, әлемдік экономикалық жағдайларға және ел ішіндегі реформаларға тәуелді. 1994 жылы бір доллар 10 теңгеден 50 теңгеге дейін көтерілді. 1999 жылы елде алғаш рет девальвация (ұлттық валютаның шетел валютасына шаққандағы құнының төмендеуі) болып, доллар бағасы 80 теңгеден 120 теңгеге өсті. Бұл мұнай бағасының түсуі мен Ресейдегі дағдарысқа байланысты еді. Сол кезде Қазақстан билігі теңгенің бағамын еркін өзгермелі ету туралы шешім қабылдады, яғни енді оның бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай анықталатын болды. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде теңге тағы әлсіреп, 2009 жылы доллар бағасы 150 теңгеге жетті.
Ал 2014 жылы 11 ақпанда теңге тағы құнсызданып, 154 теңгеден 185 теңгеге дейін түсті. Бұл күн төл теңгенің тарихында «Қара сейсенбі» деген атпен қалды. 2015 жылы Ұлттық банк инфляцияны (қымбатшылық) бақылау мен еркін айырбас бағамына көшу саясатын енгізді, бірақ көп ұзамай теңге тағы құнсызданып, 366 теңгеге дейін төмендеді.
2020 жылы пандемия бастал-ғанда мұнай бағасы қайта түсіп, доллар 400 теңгеге жетті, ал 2021 жылы 420 теңге болды. Осылайша теңгенің тарихы ел экономикасындағы өзгерістер мен әлемдік оқиғалардың тікелей әсеріне тәуелді. Кейінгі жылдары теңге бағамы мұнай нарығының құбылуы, геосаяси шиеленістер және ішкі инфляциялық қысым сияқты факторларға тәуелді болды. Ал қазір доллардың теңгеге шаққандағы бағамы – 528 теңге.
«Ақша жетпей жатса, неге оны көп етіп басып тастамайды?»
Себебі, бұл соншалықты оңай емес екен. Неге? Қазір түсіндіреміз. Қазақстанның Ұлттық банкі ақша айналымын қатаң есептеулер арқылы басқарады. Жыл соңына қарай бас банктің мамандары келер жылы қанша ақша қажет бола-тынын есептей бастайды. Бұл кезде экономикадағы төлем-дер, инфляция деңгейі, ескі банкноттардың айналымнан шығуы, жаңа номиналдарға сұраныс сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Ақша жай қағаз емес, тірі организм секілді: ол шығарылады, айналымда жүреді, тозады, сосын қайтадан жаңасына ауыс-тырылады. Мысалы, 1000 немесе 2000 теңгелік купюралар жиі қолданылады, ал 20 000 теңгелік ақша сирек айналымда болады. Сондықтан оны көп басып шығарудың қажеті жоқ.
Ұлттық банк есептеу кезінде мына формуланы қолданады: резервтегі ақша мен келесі жылға жоспарланған шығарылым қосылып, ескі, жарамсыз ақша-ның көлемі шегеріледі. Ал нәти-жені екіге көбейтеді. Себебі елде күтпеген жағдайлар болса, мысалы, табиғи апат немесе экономикалық дағдарыста, қосымша қор болуы қажет. Егер банкнотты шектен тыс көп басып шығарса, онда айналымдағы ақша көбейіп, баға өседі, яғни инфляция (қымбатшылық) күшейеді. Сондықтан Ұлттық банк басылатын ақшаны нақты экономикалық жағдайға сай етіп жоспарлайды, ал артық ақшаны басып шығару елге пайда емес, зиян тигізуі мүмкін.
Жазира БЕКБОЛАТ
575 рет
көрсетілді0
пікір