• ҰЛАН
  • 11 Қараша, 2025

Мерейлі отбасы қандай болу керек?

Бекдайыр әулеті ұлттық қолөнердің қыр-сырын 40 жылдан астам уақыттан бері меңгеріп, қазақтың мәдени мұрасын дәріптеп келе жатқан өнерлі отбасы. Жақында бұл өнегелі шаңырақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Алматы облысы бойынша жеңімпазы атанып, еліміздің үздік 20 отбасына енді. Марапаттау сәтінде ерекше сән-салтанаты мен сәнді үлгіде бой көрсеткен әулет жұрт назарын өзіне аударды. Оның ішінде біздің де. Шеберлік пен салтты ұштастырған мұндай отбасылар, әрине, жастарға үлгі. Үйренеріміз көп. Сондық-тан әулет отағасы Қоңыр Егенұлымен тілдесіп, өмір жолы, ұрпақ сабақтастығы мен мерейлі отбасының қандай болу қажеттігін сұрадым.
 

Сөз басында отбасы мүшелеріне тоқталайық. Отағасы Қоңыр Бекдайыр зергерлік өнердің хас шебері. Ол інжу-маржан, рубин және өзге де асыл тастармен безендірілген күміс әшекейлерді жасайды. Ағаш пен былғарыдан жасалатын бұйымдар (ат әбзелдері, ер-тоқым мен түрлі аксессуарлар) сапасы мен көркемдігі арқылы үлкен сұранысқа ие. 
Қоңыр аға Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылында дүниеге келген. Қария 66 жаста. 
– Атам Бекдайыр ат әбзелдерін жасаумен айналысқан, ал әкем ауыл мектебінде еңбек пәнінен сабақ берді. Үйде шағын шеберхана  болды. Сол жерде әкеммен бірге жұмыс істеп жүріп, қолөнерге  қызығушылығым оянды. Кейін әкім менің суретке бейімділігімді бай-қап, Алматыдағы суретшілер учи-лищесіне түсірді, – деді Қоңыр аға. 
Училищені тәмамдаған соң, ол Алматыдағы кәдесый бұйымдары фабрикасында суретші болып еңбек жолын бастайды. Кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына жолдамамен оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін фабрикаға бас суретші ретінде оралады. 
1985 жылы жұбайы Анаргүлмен отау құрады. Кеңес Одағы тараған соң фабрика жабылып, ерлі-зайыптылар жеке кәсіпке бет бұрады. Осылайша отбасының өнерлі жолы да, кәсіпкерлік бастамасы да қатар өрбіді. 
– Қаншама жыл оқу мен қажырлы еңбектің арқасында үй жағдайында өнерімізді бұйымға айналдыруға машықтандық. Жұбайым сол кездегі «1 май» бірлестігінде жұмыс істейтін. Халықта саудадан басқа жұмыс қалмады. Ол кезде алыс жақын шет елдерден туристер келе бастаған кез болатын. Қазіргідей қазақы кәдесыйлар болмайтын. Біз отбасымызбен бірігіп ұлттық кәдесыйлар, қазақ үй, қобдиша, түйе мүсіні, тақиялар және басқа да бұйымдар жасап саттық. Ол уақытта үкіметтен өндірісті қолдау деген түсінік болған жоқ. Біз өз күшімізбен алға қарай жүруге тырыстық, – дейді шебер.
Кейін аға жұбайы екеуі Таусамалы ауылынан жер алып, үй салды. Үш ұл мен бір қыздың барлығы да шығармашылық жолды таңдаған. Оларды жоғары оқу орнына түсіруге тырысты. Төртеуі де Алматы суретшілер колледжін бітіріп шықты. Үлкен ұлдары Айдос пен Бақытжан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері. Ғалымжан Астанадағы «Шабыт» өнер университетін тәмамдаған. Кенжесі Еркежан Сымбат сән академиясының түлегі.    
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген екен. Қазіргі кезде отбасының тұңғышы Айдостың Қаскелең қаласында мүсін жасайтын жеке ордасы бар. Екінші ұлы Бақытжан керамика, тері бұйымдар, ат әбзелдері, тағы басқа қол өнерін жасаумен айналысады. Үшінші ұлы Ғалымжанның да өнер әлемінде орны бар. Ол керамика, сурет салу мамандығымен айналысады. Ғалым-жанның жұбайы Нәзира да саздан құмыралар, сазсырнай жасап шығарумен айналысады. Кенже қыздары Еркежан тоқымашы, бантик, сәндік қолданбалы өнерімен айналысады. Оның жұмыстарында өзіндік қолтаңба мен ерекше стиль айқын байқалады. Қолөнерге терең бойлаған балалар ата-аналарының ісін лайықты жалғастырып қана қоймай, олардың шабыт көзі мен сенімді тірегіне айналған.    
Шаңырақ Қазақстан бойынша және шетелдік көрмелерге қатысып тұрады. Аға Еуразиялық дизайнерлер одағы мен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 2022 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» орденімен марапатталған.
– Біз зергерлік өнерді жанымыздай жақсы көреміз. Отбасымызбен қазақтың дәстүрлі қолөнерін әлемге шығаруға және дамытуға үлес қосып келеміз. Біздің ең басты мақ-сатымыз – қазақ қолөнер саласын дамыту, ата-бабамыздан қалған мұраны сақтап, дамытып, келешек ұрпаққа үйрету, – деді Қоңыр аға.  
Отбасының ұйытқысы бола біл-ген, Қоңыр ағаның жұбайы Анаргүл Нарботанова апайымыз – этнодизайнер.
Байқауда жарқырап шыққан шапандарын апаймыз өз қолымен сәндеп, киізден басып жасаған.  
Анаргүл апайымыз дәстүрлі бас киімдер мен ұлттық киімдерді (сәукеле, тымақ, шапан, тұскиіз секілді қабырғаға ілінетін кілем-шелер) тігумен айналысады. Ол жүннен бұйым дайындау мен ұлттық киім тігу өнерін жетік меңгерген. Алматы облысы Қарасай ауданы, қазіргі Бекболат ауылында дүниеге келген. Отбасында тоғыз бала тәрбиеленген.  Жасы 64-те. 
– Маған жастайымнан тігін машинасын алып беріп тігіншілікке баулыды. Мектеп бітіргенімнен кейін тігіншілік колледжіне түстім, бітіргеннен кейін Алматыдағы «1 май» бірлестігіне жұмысқа тұрдым. Жұмысты жақсы атқарып цех басшылығына дейін көтерілдім. Одан әрмен тағдырым Қоңыр екеуімізді бір арнаға тоғыстырды. Менің мақсатым қолөнерді, оның ішінде ұлттық этнокиімдерді қазіргі заманға сай жетілдіріп әлемге таныту, – деді Анаргүл апай.   
Қазір апай Дизайнерлер одағы-ның мүшесі. Заманға сай этно стильде көйлек басып шығарады. Сән коллекциясын көрсетеді. Шеберлігін шыңдау үшін көрмелер мен семинарларға тұрақты қатысып отырады. 
Қоңыр ағамен әңгіме барысында қазақ қолөнерінің тағдыры жайлы да сөз өрбіттік. Айтуынша, отандық қолөнер көрші отырған халықтардан сәл қалыс қалуда. Оған себеп – өндірістің жоқтығы. Қария қарапайым Өзбекстанды мысалға алды. 
– Өзбек ағайындарда қолөнер-шілерге өздерінше жеке статус берген. Үй десе үй, шеберхана десе шеберхана салып береді. Базарларына барсаңыздар, кәдесыйға лық толы. Себебі ол жақта өндіріс көп. Біздің халықты жаппай өндіріске баруға үйтере алмай қойды. Салатынымыз тек кафе мен ресторан. Бұйымдарды біз сияқты азын-аулық отбасылар жасар. Бірақ оны қолдан жасаймыз. Сәйкесінше уақыт пен күш көп кетеді. Ал ондай өнімнің бағасы да қымбатырақ. Қарапайым халық үшін бұл қолжетімсіз. Сондықтан да өндіріс орындарын, зауыттар ашу қажет, – деді Қоңыр аға. 
Бекдайыр әулеті талай жас отбасыға үлгі. Мерейлі отбасының үздік үлгісін көрсетіп жүрген жандарға «мерейлі отбасы қандай болу керек?» деген сұрақты қоймай кету мүмкін емес еді. Қазіргі жастарға өнеге өсиетін сұрап көрдім. 
– Қазір қиыншылық заман, түсінемін. Алдымен отбасының беріктігі мен тыныштығын сақтап қалу үшін шыдамдылық қажет. Бұл мерейлі отбасының басты ұстанымы дер едім. Жастарымыз кейде шыдамсыздық танытып, қызуқандылыққа беріліп кетеді. Әрине, отбасыда ұрыс, жанжалдар болып тұрады. Бірақ шаңарықты шайқалтпай, ұстап тұру үшін ана мен әкенің мықтылығы мен даналығы қажет. Екі жақ бір-біріне қолдау көрсетуі маңызды. Күресе білу керек. Қазақ жас отбасыға «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын!» деп бекер айтпайды. Бұл – терең мағыналы өсиет, – деді әулеттің отағасы.  
Шығармашылық шеберлер үшін тақырып таңдауда шектеу жоқ. Түркі әлемінің тарихынан шабыт алатын Бекдайырлар туындылары көркемдігімен ғана емес, технологиялық күрделілігімен де ерекшеленеді. Көпбалалы бұл отбасы отбасылық дәстүрге беріктік, ұлттық мәдениетке сүйіспен-шілік пен қолөнерге адалдық табыстың кілті екенін дәлелдеп отыр. Шаңырақ ұлттың рухани байлығын ұрпаққа жеткізіп, өнер-дің шырағын маздатып жүрген шын мәніндегі «мерейлі отбасы». 

Олжас ПАВЛИК 

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор