• ҰЛАН
  • 11 Қараша, 2025

Жас тілшіліктен ұстаздыққа дейін...

Бір кезде ауылдың ескі пошта жәшігіне салынған ақ конверттің ішінде балғын жүректің үлкен арманы жатқан еді. Сол хат республикалық «Ұлан» газетінің редакциясына жеткен сәттен бастап, жас қалам иесінің тағдыры өзгеше өрілді. Ол кезде Ләйла Айсақызының аты газет бетінде жарық көріп, «жас тілші» деген мәртебелі атаққа ие болған шағы еді.
Содан бері жылдар жылжып, уақыт өрісін кеңейтті. Кеше ғана оқушы болып, арман жетегінде хат жазған қыз қазір көп шәкірттің жүрегіне білім мен ізгіліктің сәулесін сеуіп жүрген ұстазға айналды. Бірақ сол қалам, сол сөзге деген құрмет – әлі де жүрегінде.
Біз Ләйла апаймен 90-жылдардағы «Ұлан» газетінің қызықты күндері, жас тілшілік пен шығармашылықтың бүгінгі өміріндегі мәні туралы әңгімелескен едік…

 

Ләйла апай, сіз республикалық басылымның «жас тілшісі» болдыңыз. «Ұланның» тілшісі болу сіз үшін нені білдіреді?
– «Ұлан» – біздің уақыттағы ең беделді, оқырманы көп газеттің бірі болды. Оған хат жолдайтындардың да қатары көп. Сол көптің ішінен «жас тілші» атағын алу қуаныш әрі мақтаныш еді. 
Сол кездегі «Ұланның» атмосферасы қандай?
– Ол уақытта редакция туралы білмейтінбіз. Біз түкпірдегі ауылда аптасына екі рет келетін «Ұлан» газетін асыға күтіп жүрген оқырман едік. «Жас тілші-лерге» қызығып, әртүрлі тақырыптағы мақалаларды оқитынбыз. Редакцияны әрбір оқушыдан келген хатты қарайтыны, оқитыны, соның бәріне жауап
беретіні бізге көрініп тұрады.Сондықтан, ол жақтағы атмо-сфера – ерекше жауапкершілік әрі әр баланың еңбегін баға-лайтын орта деп білемін. 
– «Жас тілші» болу өмірі-ңізге қалай әсер етті?
– Мен №60 Сазды орта мек-тепте оқыдым. Мектебімде екі жүздей ғана бала бар. Барлық баланың құнары да, асыға күтетіні де осы – «Ұлан» газеті. Біздің ой жиегіміз осы газет арқылы кеңіді десем, артық айтқаным емес. Тіпті, осы республикалық басылым арқылы біз бір-бірімізбен пікір таласатынбыз. Менің «Қала баласынан қай жеріміз кем?» деген мақалам үлкен пікірталас тудырып, қиялы ұшқыр уақытта замандастарымнан түрлі пікір келді. Сондықтан, «жас тілші» болу ізденімпаздыққа үйретіп, көкжиегімізді кеңейтті.
– Сол кезеңдегі  ең есте қал-ған мақала, оқиғаңыз бар ма?
– 1991–1994 жылдары жоғары сынып оқитын уақытымда «жас тілші» атандым. Тәуелсіздігімізді алған кезіміз ғой. Желтоқсан оқиғасы туралы барлық газет-журнал кең жазатын уақыт. Дәл осы «Ұлан» газетінде Коммунар Табейдің еңбектері де жарық көріп жатты. Біз тәуелсіздік, Тұрар Рысқұловтар туралы баспа беттерінен танып, білдік. Соның әсері болған шығар, бәлкім, есімде қалған ең жақсы әрі сол кездегі ізденісіме қазір таңданып отырып оқитын мақаламның бірі – «Желтоқсан күндері ұмытылмайды» еді. Ал, қызығы: сол кездегі «Ұланның» бізге берген мотивациясының бірі – жазғанмақаламызға азын-аулақ болса болса да қаламақы беру еді.
Мен әлі күнге дейін қаламақымның талонын сақтап қойғанмын. Сол кезде 49 сом алған екенмін. Бұл алғашқы табысымыз сияқ-танып, есте қалған жылы естелік болды.
– Кешегі жас тілшілер мен бүгінгі жастардың жазу стилін-де айырмашылық бар ма?
– Қазір көбіне барлығы әлеуметтік желіге бағытталады, ой еркін айтылады. Ал, біздің сол кездегі ғаламторымыз да, сұрайтынымыз да кітап еді. Мейлінше әдеби сөздермен: бейнелеу, теңеу қоса отырып жазатынбыз. «Қыс келбеті», «Қыс кезіндегі күнделік» сынды мақалаларымда да қыс бейнесін сипаттау үшін кітаптың бай тілін қолданыппын. Кітап, газет-журнал досымыз болды. 
– Осы тәжірибе ұстаздық жолыңызда пайдасын тигізді ме?
– «Ұлан» ұстаздық жолда ізденімпаздыққа, өз ойымызды еркін айтуға, жаңашылдыққа үйретті. Қатемен жұмыс істеп, мақаланы сан мәрте жазу арқылы ізденуді үйреніп, жазуды меңгердік. Сол уақыттағы редактор Сұлтан Қалиұлынан алған хатым ізденуге деген құштарлығымды арттырды. Ізденімпаздық – ұстаздық жолымызға ең керекті дүние. Сонымен қатар, бізді тыңдауға да, тыңдата білуге де үйретті. Баламен әңгімелескенде, оны өзіңе қарай ұйыта білу қасиетін де газеттен меңгердік.
 – «Ұлан» газеті жүрегіңіз-ден қандай орын алды?
– Біздің уақытта газеттерді бүгінгідей тез алу мүмкін болмады. Газеттің жаңа санын «мақалам қашан шығады екен?» деп күтіп жүретінбіз. Мақалам шыққан газет қолыма тиген сәтте алдымен әкеме көрсете-тінмін. Әкем әрбір мақаламды қуанып, кейде көзіне жас алып отырып оқитын. Әкешім бізді мақтан тұтқан сайын біз де одан шабыттанамыз. Сондай керемет әсер қалдырып, әрі қарай жазуымызға себеп болатын. «Ұлан»   – жүректе ең ыстық сезім және әдемі естеліктерді қалдырды.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Ләйла апайдыңәңгімесін тыңдап отырып, Ұланның» жай ғана газет емес, тұтас дәуірдің айнасы болғанын түсінесің. «Ұлан» – жас тілшінің арманы мен еңбегін бағалаған тұғыр. Сол газет арқылы басталған Ләйла Айсақызының шығармашылық жолы бүгінгі шәкірттерінің жүрегінде жаңғырып тұр. Басылымдар сөздің күші мен шынайы ойдың ұясына айналып, оқырманға жаңа көкжиектер ашсын. 

Гүлбақыт ІЗДІБАЙ,
№220 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Арал қаласы

 

 

365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор