- ҰЛАН
- 29 Қазан, 2025
БАЛАҢ ҮЗДІК ОҚЫП, ЖАРЫСТА ЖЕҢІМПАЗ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ…
Психоанализ бағытындағы психолог Айжан Қажымова баланы тазалыққа 2 жастан бастап үйрету керегін айтады. Өйткені, сол кезден бастап бала ата-анасын бақылап, қайталайды. Әр істі ойын, қызық ретінде қабылдайды. Жәй айтып түсіндіру емес, бірге жасау, үлгі болу, көрсету өте маңызды екен. Психологтың бала тәрбиесіне қатысты кеңесін қағазға түсірген едік.
Тазалыққа қалай қызықтырамыз?
Ойын негізінде: «Қане, ойыншықтар, жарысайық! Кім бірінші жиналады? Сабынмен қол жусаң, микробтар сенен қашып кетеді. Тісімізді жуайық – ол бізге риза болсын!».
Кішігірім мақтау арқылы: «Өте таза бала екенсің! Үйге келген қонақтар сені көрсе, риза болып, мақтайды».
Көмек сұрау ретінде: «Анаңа көмекте-сесің бе? Үстел үстін сүртіп берші, ботам. Төсегіңді жинап жүрсең, нағыз қолғанат боласың». Осындай жылы сөзбен қолдау арқылы үйретеміз. 6 жаста мектепке барады, тәртіп пен жауапкершілік артады. Таңертең өз бетінше жуынып, тарану керек. Төсегін жинап, киімін кию, таңғы аста ішкен ыдыстарын орнына қою секілді әрекеттерді істеуі керек. Сонда өзінен кішілерге де үлгі болады. 12-13 жаста үйрету емес, әдет қалып-тастыру кезеңі. Нақты міндет беру керек: «Аптасына 2 рет бөлмеңді сүртесің. Күн сайын тіс жуып, шашыңды тарайсың».
Қатаң бұйрықпен емес, түсіндіру керек: «Адам сырт келбетімен емес, тазалығымен де бағалы. Таза киім – сенің абыройың. Сен ер бала, қыз бала болған соң, өзіңе күтім жасауды үйренуің керек».
Қарапайым түсіндіру тәсілдері: «Төсе-гіңді жинамасаң, бөлме ретсіз болады. Бұл – күні бойы ісіңе әсер етеді».
«Тісіңді жумасаң – аузың иістенеді, достарыңмен сөйлесуге ұяласың. Киімің кір болса – адамдар сенің қандай екеніңді білмей, салақ екен деп қабылдайды. Тазалық – өзіңе деген құрмет. Өзіне құрметі бар адамды бәрі құрметтейді» деп нақты мысалдармен тазалыққа үйретіңіз.
Сабағын жақсы оқуға, спортта бірінші болуға қалай мотивация береміз?
Мотивация – мақтау мен қолдаудан туады. Жаза емес, мақсат қою арқылы шабыт беріңіз. Баламен бірге мақсат жазып қойыңыз. Әр кішкентай жетістігіне қуаныңыз: «Керемет! Мына есепті өзің шығардың ба?».
Бәсекені емес, өсуді мақсат қылыңыз. «Сенің логикаң өте жақсы. Тек сәл көбірек жаттықсаң – бәрі өздігінен болады» деп қайрап қойыңыз.
Қызығушылықты мәжбүрлеп емес, байқату арқылы тудырамыз. Баланың логи-касында: «Мұны өзім таңдадым, бұл маған қызық» деген ой қалыптасуы керек.
Ұсыныс беріңіз, бірақ таңдау өзінде болсын: «Шахмат деген өте ақылды адамдар ойнайтын ойын, ойнап көреміз бе? Бишінің сахнада қалай өнер көрсеткенін көргің келе ме? Күні бойы телефон көргеннен гөрі, кішкене денемізді қимылдатып, спортпен айналыссақ ше?».
Үлгі болыңыз немесе үлгілі адамды көрсетіңіз. Балалар көбіне ата-анасының, аға-апасының, ұстазының артынан ереді. Егер үйде біреу шахмат ойнай алса, бала да қызығады. Спортпен шұғылданып жүр-ген отбасы мүшесін үлгі етіңіз. «Көрдің бе, ағасы үнемі таңертең жүгіреді. Сол үшін денесі де шымыр, өзі сергек». «Әкең мектепте шахматтан бірінші орын алған, ал сен одан да мықты бола аласың».
Шынайы мақсат қоюға үйретіңіз. «Жұлдыз боласың!» деген емес, «Өз дәрежеңнен сәл биікке шық» деген ұстаным дұрыс. Кішкентай жетістікке қуану жігер береді. «Бүгін тек 5 минут сурет салып көрейік. Ұнаса, жалғастырамыз, ұнамаса, қала береді». «Сенің допты лақтырғаның өте керемет. Мүмкін, баскетболды байқап көрерміз?». «Шахматта логикаң жақсы. Бір ғана жүрісте екі қадам ойлай аласың, жарайсың, балам!» деп қызығушылықты ойынмен ұштастырыңыз.
Бала үшін кез келген нәрсе қызық әрі көңілді болуы керек. Жай ғана «үйрен» деп емес, қызықтыру, ойландыру әрі тіке-лей қатысты заттармен қызықтырыңыз. Баланың қолына нақты құрал беріңіз: Қылқалам, бояу – өнерге, шахмат фигура-лары – логикаға, доп, арнайы форма – үлкен спортқа. «Мынау сенің өз бояуларың. Тек суретші адамдарда ғана осындай болады». «Мына шахмат фигураларын қарап көрші, әрқайсының өз рөлі бар. Қандай қызық, иә?». «Сен өз формаңды киіп шықсаң, кәдімгі әлем чемпионындай көрінесің!».
Ал қызығушылығы байқалса, бірден қимылдаңыз: «Курсқа апарамын», «Жаттығуға жаздырамын» деп іске кірісу керек. Мотивациялық фильм, мультфильм, видеоны бірге көріңіз. Жас жұлдыз, чемпионның өмірі – үлкен шабыттың көзі. Қызығушы-лықты сынмен емес, сеніммен өсіріңіз. «Сенен не шығады?» деген сөз жас талант-ты өшіріп тастайды. Оның орнына: «Әлі біл-мейсің, бірақ үйренуге болады», «Қателес-сең, үйренесің» деңіз.
Бала өзі байқап, өзі қалап үйренсе, бұл өмірлік қызығушылыққа айналады. Ата-ана тек бағыт көрсетеді, сенім береді, шабыттандырады.
Үлкенді үлгі қылып, кішіні оған сеніп тапсыру арқылы бауырларды бір-біріне қамқор болуға үйретеміз. «Қарындасыңа сен жауаптысың» деген сөзді жиі айты-ңыз. Екеуіне ортақ тапсырма беріңіз: «Қарындасыңды мектептен алып кел, мектепте сыртынан қарап қой, ағасы бар екенін сыныптастары білсін» деген сияқты бауырға деген сүйіспеншілік арқылы айтыңыз. Оларды бірге мақтаңыз: «Міне, қараңдар, ағаларыңа қалай сенуге болады», «Аға – қамқоршы, сенімен мақтансын, саған сенсін» деп жылылықпен қамтамасыз ете отырып, абыройын да асқақтата түсіңіз.
Сабақ оқығысы келмейтін баламен қалай жұмыс істеген дұрыс?
Жазалау – мотивацияны төмендетеді. Яғни, оның тіптен оқымауына себепші бола-ды. оның орнына түсіну және бағыттау дұрыс. «Қай пән қиын? Неден бастайық?» деп нақты сұраңыз. Қосымша мұғаліммен жұмыс істеуді ұсыныңыз, бірге отырып жоспар құрыңыз, «бар болғаны күнде 20 минут бірге оқиық» деген сияқты.
Кейінгі кездері 13-14 жастағы қыздар-дың қатты боянатынын көріп жүрміз.
Бұның дұрыс еместігін, уақытты кітап оқуға арнау керегін қалай айтамыз? Бұл жас аралықтағы қыздардың өзін-өзі танып, сырт келбетіне мән беретін кезеңі. Бояну «мені байқасын, көрсін, мені әдемі деп айтсын» деген ішкі тілектің белгісі.
Тыйым салмаңыз, қызығушылығын түсіні-ңіз: «Саған не ұнайды? Ерін бояу ма, шаш бояу ма?». Шындықты жұмсақ, мейіріммен айтып түсіндіріңіз: «Сенің терің онсыз да өте таза. Қазір бояна берсең, терің ерте қартаяды немесе терің бояуға үйреніп кетеді. Есейгенде, яғни уақыты келгенде боянып жүресің, әзірше табиғи сұлулығың сені мінсіз етеді. Оның үстіне біраз уақы-тыңды алады. Оның орнына, сүйікті ісіңмен айналыссаң қалай болар екен?» деп ой салыңыз. «Кітап оқу, білім алу, жаның сүйетін шынайы іс – сені шын сұлу етеді». Міне, осы идеяны қосымша мақтау етіп айтып отырыңыз.
Ұл өсіріп отырсаңыз...
Өтпелі кезеңде ұлдарды көп жағдай мазалайды. Әсіресе, темекі, есірткі сынды зиянды заттан қорғау керек. Бұл кезеңде бала ересек көрінгісі келеді, бірақ ішінде қорқыныш өте көп болады. Жаңа нәрсе байқап көруге тырысады. «Біреу саған темекі ұсынса, не деп жауап бересің, балам?» деп ашық сөйлесіңіз. Тәжірибеңіз арқылы «Мен де көргенмін, бірақ не болды,
білесің бе?» деп басыңыздан өткен оқиғаны айтып, күлкі мен эмоция қосып жылы сөйлесу керек. «Күшті болу – темекі шегу емес» деген ой салыңыз.
Тағы бір өзекті мәселе – әкесіз өскен ұлдың тағдыры. Көп жағдай ананың психологиялық сауаттылығына байланысты. Кейде өмір біз ойлағандай болмайды. Біреудің өмірлік жолдасы ерте кетеді, біреуі ажырасып, ұлын жалғыз жеткізеді. Бірақ бір нәрсе анық – ұл бала әкесіз қалса да, ол толыққанды өмір сүріп, нағыз ер болып өсе алады. Тек ананың жүрегін-дегі жылу мен саналы психологиялық көзқарас керек.
Әкесі жоқ отбасында ұл өсіріп отырған аналарға арналған кеңес:
«Әкесінің орнын бас» демеңіз. Ұлыңыз әлі бала. Ол әке емес, ұл болуға құқылы. «Сен маған тірек бол» деген сөз оны ерте есейтеді. Оның сезімін мойындаңыз: «сағындың ба? Қиын ба?» деп сұрау – түсінудің ең қарапайым түрі.
Әке туралы айту – ауыр емес, керісінше, өте пайдалы, әрі терапия. Әке туралы жылы естелік айтып отырыңыз. Егер тірі болса, баланың кездесуіне мүмкіндік беріңіз. Арнайы жоспар құрып, уақыт арнаңыз. Әке туралы жаман сөз айтпаңыз. Балада әкесінің жақсы бейнесі сақталса, ол өзін де жақсы көреді.Шектен тыс қамқорлық әлсіздік тудырады. «Баламды аяймын» деп бәрін өзіңіз шешіп жүрсеңіз, ол өспейді. Ұсақ нәрселерді өз бетімен жасауға үйретіңіз. Бұл оның ерлігін оятады. Ерлер әлемін көрсету керек. Атасы, ағасы, дене шынықтыру мұғалімі – бәрі ер адамның үлгісі. Бала еркектің мінезін, сөйлеуін, жауапкершілігін айналасындағы атасы, бауырыңыз, мектеп мұға-лімдері арқылы таниды. Әйел болып қала біліңіз. Ана «ердің де, әйелдің де рөлін атқара-мын» деп өзін жоғалтып алады. Ал ұл бала үшін ана – нәзіктік пен жылылықтың символы. Сіздің бол-мысыңыз оның болашақта әйелге қалай қарайтынын қалып-тастырады. Үйленіп, өз алдына отау құрып, үйдің тірегі ретінде, өз бала-шаға-сының әкесі ретінде жауапты болуына себепші болады.
Махаббат – бәрінен күшті. Бала әкесіз өскеніне емес, өзін жақсы көрмегеніне ашуланады, күйзеледі. Ұлыңызды жақсы көріңіз, еркелетіңіз, арнайы уақыт бөліп сөйлесіңіз, сеніңіз, мақтаныңыз. Сонда ол өмірден ешқашан қорықпайтын, жүрегі мықты ер болып өседі.
Үнемі даму үстінде болып, психологиялық сауаттылығыңыз-ды арттырыңыз. Ішкиім ережесін үйретіп, әйел мен ердің арасында-ғы қарым-қатынас туралы айтып, өзгеден емес, сізден естуін қамтамасыз етіңіз. Тұла бойын өзінен басқа өзге ешкім ұстамауы керегін айту керек. Ұлыңызбен дос ретінде сөйлесіп, оның кез келген жағдайда анасынан көмек сұрай алатынын білдіріңіз. Бала мен ана үшін өмірдегі ең қауіпсіз шешім осы. Ғылым мен білім дамыған заманда, ұлыңыз тұлға ретінде өскенін қаласаңыз, тұрақты терапияға барып, әкесіз өсуінің себеп-салдарын іздеп, өзіңізбен тұрақты жұмыс істеңіз. сол кезде уайымыңыз азайып, жүректің шаншығаны азаяды.
Әкесіз өскен бала – ешкімнен кем емес. Анасының махаббаты мен психологиялық мәдениеті оның ең үлкен қорғаны.
Қазір 12-13 жастағы ұл балалар бауырларын, ұстазын боқтап жататын жайт кездесіп жатады. Боқтық сөзді қоғамнан, достары-нан, әлеуметтік желіден естіп, оны норма деп қабылдаған. Бала боқтаса, айқайлап, ұрып емес, мәдениетті түрде тоқтату керек.
Бір рет боқтаса, қатты таңырқап қарап тұрыңыз. «Мұны қай-дан үйрендің?» деп сұраңыз. «Мына сөзді естіп тұрған өзіңнің қарындасың болса ше?» деп ой салу тәсілімен тоқтатыңыз. Кез келген ғайбат сөзге ереже қойыңыз: «Айтсаң, күні бойы телефон ұстамайсың немесе бір ай үй жинайсың, ыдыс жуасың» деген секілді. «Адам боқтап сөйлесе, өз құнын түсіреді. Басқалар сөзіңнен таниды және өте мәдениетсіз адам санайды» деп, ешкім ондай адаммен дос болғысы келмейтінін түсіндіріңіз.
Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА
568 рет
көрсетілді0
пікір