- ҰЛАН
- 30 Қыркүйек, 2025
СЕРІКТІҢ РӨЛІНЕ 1700 БАЛА ТАЛАСТЫ
Романы күні бойы күттім. Сабақтан шығып, домбыраға кетті, сосын түсірілімге...
Оны көп бала таниды. Жиырмашақты киноға түскен. «Менің әкем – тигр», «Арман қала», «Шахматшы қыз», «Қайтадан» және жақында көрерменге жол тартатын «Жабайы» фильмі. Рамазан Махаббатұлы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы №6 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы.
– Ең алдымен мені сұқбатқа шақырғаныңызға рақмет! Қатты қуанып отырмын. Махаббатқа, мейірімге толы отбасында өсіп келемін. Егер қайтадан өмір сүретін болсам, осы отбасыны таңдар едім. Кинода еркелеп жүретін баланың дәл өзімін. Сабаққа да, киноға да үлгеремін. Бұрын сүйікті пәнім қазақ тілі мен әдебиеті болса, енді физика қосылды, – дейді күлімдеп.
– Киноға келуіме ағам себепкер болды. Хабар арнасы-ның тапсырысымен Азамат Жәкібаевтың өмірбаянына арналған «Кісен ашқан» деректі фильмін түсіретін болды. Түсіру тобы рөлді табиғи, шынайы алып шығатын адамдарды іздеді. Сол уақытта ағам Ш.Смағұлов атындағы физика-математика мектебінде оқитын. Кастиңге осы мектептің оқушыларын шақырады. Ағамның келбеті, жүріс-тұрысы ұнап, рөлге бекі-тілді. Осылай мен де ағамның ізінен еріп, киноға түсуді бастадым. Ағам бала кезінен спортқа бейім болды. Каратэмен айналысатын. Грек-рим күресінен облыстық деңгейде чемпион. Кейін анам спортқа емес, физика-математика мектебіне жіберді. Мектепті жақсы оқып, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мемлекеттік грантты жеңіп алды. Бірақ оқуға түспес бұрын Отан алдындағы әскери борышын өтеуді жөн көрді. Әскерде жүріп «ең мықты, жылдам снайперші» деген атақ алды. Ағам ҚБТУ-да IT мамандығын оқып жатыр.
– Үйде өнерге кім жақын?
– Нағашы әжем Дариғаның жасы 87-де. Суырыпсалма ақын-дығы бар. Әжемнің өлеңдері Алтын қорда сақтаулы. Он бір құрсақ көтерген. Содан болар, ақындық қасиетін екінші орынға қойған. Қолы алтын: ши тоқып, сырмақ жасайтын. Алты қанатты ақ орданы бір өзі жайнатып қоятын пысық болған.
Бөлемнің де ән айтатын өнері бар. «Асыл мұра», «Айжан» атты көркем фильмге түсіп жүр.
Ата-анам көп жұмыс істейді. Мені өсірген әпкем Түркияда оқып жатыр. Әпкем сабақтан келгесін мені анамның жұмысына апаратын. 2 жасымда дирижердің іс-қимылын қайталап тұрған видеом бар. Анам – өнер адамы. Есік гуманитарлық-экономика-лық колледжінде музыка бөлімінің меңгерушісі. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының «Жібек жолы» этно-фольклорлық ансамблінде қыл қобыз шертеді. Бес баланың анасы. Әжем секілді ақындығы бар. Әкем мүлде басқа салада жұмыс істейді.
– Анаңды шетелге қыдыр-тады екенсің...
– Ата-ананы қуантудан асқан бақыт жоқ дер едім. Кинодағы эпизод, жарнамадан түскен ақшаны жинап, Дубайға, Түркияға апардым. Анам менің жетістігімді көрген сайын жылап қалады. Ең құнды сезім ата-анаңды риза қылу. Дубайға барғанда көп ойландым. Асқар тауы, сылдырлап аққан суы жоқ. Бірақ адамдары қандай бақытты! Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен кең-байтақ жерімізді қорғап қалды. Бізге көп оқып, білім алу керек. Осы ой көпке дейін кетпей қойды.
– «Хит» боп жатқан «Қайта-дан» фильміне қалай келдің?
– Негізі менің орныма басқа баланы бекіткен екен. Бірақ рөлді алып шығатынына аса сенімді болмапты. Бірде Шонжыдағы ыстық суда шомылып жүргенмін. Анама хабарласып, кастиң тапсыр-масын айтады. Кинода қораның тезегін «фук-фук деп тазалау керек» деп айтамын. Осы көрі-ністі тез-тез түсіріп жібердім. Көп ұзамай «рөлге бекітті» деген хабар келді. Қатты қуандым. «Дамбы жарылайын деп жатыр. Сенбілік болады» деген көріністі түсірдім. Ауылдың су басқан кезін суретшілер 2-3 ай бұрын дайындады. Судың суықтығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен судың бетіне қалқып шығып, салқын суда жатамын. Бекен Нарбай ағам түсірілім біте сала көрпеге орап, жылу қосылған көлікке отырғызып, ыстық шәй берді. Содан кейін ауырмадым. Барлығы «мені ауырып қала ма» деп уайымдап еді. «Қайтадан» өзіме ұнады. «Былай ойнауым керек еді» деп сараптама жасай алмаймын. Өз рөліме көңілім толды. Отбасы болып көкке шығып, кәуәп жейміз. Маған осы көрініс қатты ұнады.
– «Жабайы» қандай фильм?
– «Жабайы» қазақша «Хатико» десек болады. Бұл тек фильм емес, достық пен сенім, үміт пен батылдықтың күші туралы хикая. Кастиң өте қызық өтті. Менің рөліме 1700 бала таласты. Киноға тағы балалар керек болды. Оларды бірге таңдап, екі апта жүрдім. Режиссер Дамир ағай әрбір баланы май шаммен қарады (күліп). Жануарлардың кастиңі тіпті қызық болады. Негізі басқа итті таңдаған екен. Бірақ кастиңнен мүлдем басқа ит өтті. Фильм Қазыбек деген қарапайым бала туралы. Ата-анасы-ның оған қарауға уақыты жоқ, жақын досы да жоқ. Өмірінде «Жабайы» деп ат қойған ит пайда болған соң ғана досы көбейіп, өзі де шынайы достықтың бағасын түсінеді. Итімен бірге жүріп талай қиындықты жеңеді.
Серік – Қазыбектің жан досы әрі мінезі тұйықтау. Досы үшін бәріне дайын болады. Емхананың алдына келіп, түсіруді бастағанда жаңбыр құйып кетті. Амал жоқ жұмысты тоқтатып, ертеңіне бастадық. Актриса Лидия Каденова апамның рөлінде ойнайды. Актер Жоламан Әміров көрші атам болса, оның ұлының рөлінде – Жандос Айбасов. Киноның бас продюсері – Азамат Сатыбалды. Әйгілі әртістермен бірге киноға түсу деген бақыт. «Мә, Рамазан, қарашы, сені адамдар көшеде танып жатыр» деп өзіммен іштей сөйлесемін. Сосын: «Саған бұдан да көп жұмыс істеу керек» деп қамшылаймын.
– Бос уақытың бола ма?
– Биыл жаздан бастап вокал-дан Гүлнәр Мұсабекова деген ұстаздан сабақ алып жүрмін. Т.Жаманқұловтың актерлік мектебіне барамын. Берік Төкенов, Ринат Уәли дейтін ұстаздарым бар. Бос уақытым осылай өтеді. «Балапан» арнасында «Перзент парызы» әнін жанды дауыста орындадым. «Сұлтан Бейбарыс» мульт-фильмінде Азатты дыбыстадым. «Наурыз көріністерінде» басты рөлдегі Бека деген баланы ойнадым. «Жас қанат» республикалық балалар өнер байқа-уында жүргізуші болдым. Актерлік шеберлік курстарына енді барып жүрмін. Барлық рөлді анамның берген тәрбиесімен орындадым.
– Сәттілік тілеймін!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
2750 рет
көрсетілді0
пікір