• ҰЛАН
  • 23 Қыркүйек, 2025

Бекзат Саттархан өлең де жазған екен...

Қазақтың атын шығарып, мерейін асқақтатқан тұлғалар – қазақ елі үшін мәңгі мақтаныш. Бекзат Саттархан – қазақ елінің мәңгілік мақтаныштарының бірі де бірегейі. Бекзат Саттархан – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Небәрі 20 жасында Олимпиада шыңын бағындырып, тарихты жаңартты. Бекзатты бүгінгі күні қаһарман десек те артық етпес. Қаһарман демекші, қазіргі қазақ баласына Бекзаттай қаһарман керегі рас. Ұлтымыздан шыққан қаһармандарды жас өскін біліп өссе дұрыс. Жақында Астана қаласында талантты жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбайдың жас оқырманға арналған «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» кітабының таныстырылымы батырдың атымен аталған спорт кешенінде өтті. Іс-шараға қазақ әдебиетінің белгілі қаламгерлері, мәжіліс депутаттары мен қазақ журналистикасының өкілдері, мәдениет пен спорт мамандары қатысты. Бекзаттай тұлғаны дүниеге әкелген батыр ана – Сырлыкүл Шойбекова мен Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділ қадірлі қонақ болды.
Таныстырылымдағы ең әсерлі сәт – кітаптың жазылуына мұрын-дық болған «Белес» құрылыс компаниясының басшысы Махат Төрәлінің «Батырдың анасына құрмет – батырға құрмет» деген ниетпен Сырлыкүл апаға баспана кілтін табыстауы болды.
«Мен бұл кітапқа жан бергім келді, сезім бергім келді», – деп автордың өзі айтқандай, кітап Бекзат туралы жазылған басқа кітаптардан өзгеше. «Бұған дейін Бекзат туралы 3-4 кітап жазылған. Өкінішке қарай, кітаптардың басым бөлігі публицистикалық, деректі прозаға жақын. Бекзат туралы жазған кітабым көркем әдебиет жанрында», – дейді Бейбіт Сарыбай. Шынымен-ақ, Бекзат туралы жазылған мақала, шығарма, кітап болсын боксшының ринг алдындағы дайындығы мен спортқа қосқан үлесі төңірегінде ғана. «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» кітабы аты айтып тұрғандай, батыр Бекзаттың шаршы алаңнан тыс өмірі туралы сыр шертеді. Бекзаттың дүние есігін ашқан сәтінен бастап, балалық шағын, ержетіп, қазақ еліне жеңіс әкелген кезеңіне дейін суреттелген. Таныстырылым барысында Бекзаттың ақын болға-нын естігенде ерекше таңғалдық. Кітапты оқып отырып, Бекзаттың шынымен де ақындық қасиеті болғанын білдік. Батыр Бекзат туралы қызықты ақпарат кітапты оқыған сайын ашыла береді. Қызығы сонда.
Бейбіт Сарыбай бұл шығар-маны жазу үшін басты кейіпкерін ұзақ зерттепті. Туған жеріне барып, Сырлыкүл апаның үйінде қонып,Бекзаттың аға-жеңгелерімен, жақын достарымен, әр кезеңде бірге жүрген таныстарымен, ең алғашқы жаттықтырушысымен сұқбаттасыпты. Сол кезде ғана автор өзінің іздеп жүрген қаһарманы Бекзат екенін түсінеді. Бекзаттың тек Олимпиада чемпионы ретінде ғана емес, адами тұрғыдан да биік тұлға болғанына көзі жетеді.
«Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасы қазақтан чемпион шықпай тұр-ған кезде жазылған. Бейбіт Сарыбайдың бұл кітабы да қазақ балалары арасынан чемпион шығуына себепкер болады», – деді  белгілі қаламгер Қанат Әбілқайыр. Қанат ағаның сөзінің жаны бар. кітапты оқыған әр қазақ баласының кеудесінде үміт шырағы маздап, Бекзат ағасына деген үлкен махаббат пайда болары анық. Тіпті кітапты оқыған оқырман Бекзаттай чемпион атануы да ғажап емес. Шығарманың маңызы туралы спорт журналисі, іс-шараның қонағы Нұрсұлтан Құрманның пікірін білген едік.
– Қазіргі кезде әлеуметтік желі қолдану белсенді жүріп жатыр. Мысалы, теледидар көретіндердің саны азайды. Тіпті болашақта әлеуметтік желінің де уақыты өтеді. Кітап қана мәңгі құнды дүние болып қала бермек, ешқашан өшпейтін, жоғалмайтын асыл қазына. Осы орайда, Бейбіт Сарыбай ағамыздың Бекзат батырдың өмірбаянын, шаршы алаңнан тыс өмірін әдеби түрде жеткізуі жастарға қызық болуға тиіс деп ойлаймын. Комикс шығаруға болады, мәлімет те, мұрағат та жинауға болады, бірақ соны көркем дүние ретінде жеткізу өскелең ұрпақтың көңі-лінен шығатынына сенімдімін. Кітаптың да өз уақыты келеді. Қазір тек кітапсүйерлер ғана кітап оқуы мүмкін. Алайда алдағы уақытта спортқа қызығатын балалардың да осы кітапты сүйіп оқитынына сенімдімін. Бұл кітаптың маңыздылығы сонда.
«Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов өмірден озғанымен, олар халқымен бірге жасап келе жатыр. Сол жұлдыздардың қатарына Бекзат келіп орнықты. Қазақ халқы барда Бекзаттың аты өлмейді. Аспанда жарық, мұңлы жұлдыз бар. Ол жұлдызды басқа жұлдызбен шатастырмайсың. Ол – Бекзат жұлдызы», – деп батырды еске алды Бейбіт Сарыбай. Автордың бұл сөзінде айрықша мән-мағына бар. Бекзат Саттарханов – қазақтың бағына туған асыл ұл. 20 жылдық ғұмырында жасындай жарқ еткен жарық жұлдыз. Бекзат – күллі қазақ баласының идеалы. Сол үшін де батыр туралы кітапты оқуға кеңес береміз.  

Жұлдыз ЕРБОЛ,
10-сынып оқушысы
Айзере МҰРАТҚАЛИЕВА,
11-сынып оқушысы
Астана қаласы 

 

 

2858 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор