• ҰЛАН
  • 23 Қыркүйек, 2025

ӘЛЕМ АЛДЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БОКСЫ

Ағалы-інілі боксшылардың ұлттық құрамаға қабылданып, жеңімпаздар тұғырында бірінен кейін бірі тұруы – тарих. Ливерпульде (Англия) 2023 жылы құрылған World Boxing ұйы-мының алғаш ұйымдастыруымен (осыған дейін AIBA, кейіннен атауын өзгертіп IBA өткізіп келген) бокстан Әлем чемпионаты аяқталды. Қорытынды есеп бойынша, Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен (10 жүлде) көш бастады. Он күнге созылған чемпионаттың жөні бөлек. 


АЛТЫН АЛҒАН АҒАЙЫНДЫЛАР

Бүгінгі қазақ боксында жүрген Айбек пен Нұрбек Оралбай, Махмұд пен Төрехан Сабырхан, Саматәлі мен Санатәлі Төлтай, Данияр мен Нұрлан Сапарбай сынды ағайындылардың әр қадамы ел назарында. Дзюдодағы ағалы-қарындас жапон спортшылары Хифуми және Уте Абе бір күнде Олимпиаданың алтынын алып, бір күнде Әлем чемпионатында топжарғанда іштей қызғанып та қалғанбыз. Ал Мерси өзенінің жағасындағы әйгілі қалада өткен бокстан Әлем чемпионатында ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан қатар жеңіске жеткенде әлемдік басылымдар жарыса жазып, таңғала айтып жатты. Біздің бойды мақтаныш сезімі кернеді.
Бұла күші бойында қайнап тұрған Төрехан Сабырханның әр кездесуін әлемдік мамандар талқылап, ерекшеліктеріне тоқталып жатты. Жекпе-жек барысында төрешілер бұра тартып, есеп жағынан жеңіліп жатса қарсыласына айбат шеге өршелене соққылап, сол мезетте мықтылығын көрсететін қайсарлығына тәнті. Өзіне бек сенімді. Тәтөш (танитындар еркелетіп солай атайды) 70 келіде сынға түсіп, 1/16 финалда алжирлік Юсуф Яичені (3:1), 1/8 финалда нидерланд Финн Босты (4:1), ширек финалда Еуропа ойындарының жүлдегері (2023 жылы 71 келіде қола алған) франциялық Макан Траорені (5:0) жеңіп, жартылай финалда англиялық Одель Камараны (4:1) соққының астына алып, финалда әлем чемпионы (2021 жылы Белграда алтын алды) жапониялық Севон Оказавадан айласын асырды. Осылайша ұлттық құрамадағы алғашқы жарысында 19 жастағы Төрехан Сабырхан әлем чемпионы болды. Бұл ел боксының тарихындағы әлем чемпионы атанған ең жас боксшы. Оның алдында Жәнібек Әлімханұлы (2013 жылы) мен Санжар Тәшкенбай (2023 жылы) 20 жасында бұл шыңды бағындырған еді. Төрехан осыған дейін жасөспірім мен жастар арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңген әзірге жалғыз боксшы. Ол 2024 жылы Париж Олим-пиадасының іріктеуіне қатысып көргісі келген, алайда ереже бойынша жасы келмегендіктен тыс қалды. 
Жеңісінен кейін тілшілерге берген сұқба-тында Төрехан: «Тарих кабинетінен басталған боксты соңына дейін апарамыз», –­ деді. Ең алғаш бокс үйірмесіне қабылданғанда ауылдағы спорт залдың жоқтығынан ағайынды Сабырхандар бұрынғы тарих кабинетінде жаттығуды бастаған. Ал сол жерден бастау алған жүйелі жұмыс бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Финалдық жекпе-жектің алдында бокстан ұлттық құрама капитаны болған, әлем чемпионы (2023 жыл, Ташкент) Асланбек Шымбергеновтің ақыл-кеңес беріп жатқан видеосы әлеуметтік желіде кең тарап кетті. Онда ағасы інісіне бұрыштан бұрышқа тығып, оның ойлануына мүмкіндік берместен жанына жақын ұстау керегін ескертеді. Ал Тәтөш шешуші кездесуде дәл солай істеді, даңқты қарсыласы білгенінен жаңылды. 
Төреханнан бұрын тұғырға Махмұд көтерілген. Өз жеңісінен бұрын, кейін шығатын інісін ойлағаннан жүзінен сол сәтте қуаныштың белгісі білінбей, қатты алаңдағанын байқауға болады. Жеңісінен кейін алдынан шыққан журналиске «інімді қатты уайымдап тұрмын» деп бірауыз сөзбен жауап қайырғанын ел көрді. Махмұд бұл әлем чемпионатында өз қолтаңбасын қалыптастырған, азулы боксшыға айналғанын анық көрсетті. Әлем чемпионатында бірінші болып мексикалық Брайан Ортисті (5:0) жеңіп, одан кейін косоволық Башким Баджокуды техникалық нокаутқа түсіріп, ширек финалда жапон Руи Ямагучиді (5:0), жартылай финалда қытайлық Лю Чуангты (5:0) айқын ұтып, финалда Еуропа чемпионатының жүлдегері испаниялық Рафаэль Лосаноға (5:0) еш мүм-кіндік бермеді.  
Ілияс Омарбековтің Англияда жеңіске жеткен ағайынды шәкірттерінің есімі бокс тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Жеке бапкері финалға екеуінің шыққан сәтінде көз жасына ерік беріп, шаршы алаңның сыртында күтіп алған сәті жүректі елжіретеді. Тәтөш өз кумирі Флойд Мейвезер сияқты жеңіліссіз чемпион болуды қалайды. Әзірге әуесқой бокста тек бір жеңілісі ғана бар. Былтыр Бакуде өткен Аббас Агаларовты еске алуға арналған турнирдің финалына дейін барлық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, шешуші сәтте әзербайжандағы ықпалды азаматтардың араласуымен ұйымдастырушылардың, төрешілер-дің көңілі бұрып, есепті еселеп қарсыласына ұстатып жатқаннан кейін, үшінші раунд басталмай кездесуден бас тартып, әзербайжан Аббасугулу Шадлинскийге жол берген. Маятастан (Түркістан облысындағы ауыл) шыққан ағайындылар бокс әлемінде Виталий мен Виладимир Кличко, Леон мен Майкл Спинкс,  Джермалл мен Джермелл Чарло сияқты өз жолын қалыптас-тыратындықтарына сенім мол. 
Одан бөлек бір күнде Әлем чемпионы болмаса да Нұрбектен (2023 жыл, Ташкент) кейін биыл сәті түсіп ағасы Айбек Оралбайдың жеңіске жеткені ел аузында. Ол аса ауыр салмақта (+90 келі) жұдырық-тасып, түркиялық Мюхаит Ілиясты (5:0), хорват Лука Пратлячичті (5:0) жарыс жолынан шығарып, жартылай финалда әйгілі Олимпиаданың екі дүркін чемпионы кубалық Хулио Сесар Ла Круспен «кескілескен» кездесуде жеңіске жетіп (3:2), финалда өзбек Жаһангір Зәкіровті (3.2) ұтты. Ескере кететін жағдай, айбек аса ауыр салмақта Әлем чемпионы болған еліміздегі тұңғыш боксшы. Осылайша бокстан әлем чемпионы болған ағайындылар тізімі көбейді. 

Он сегіз жылдан кейінгі жеңіс

Осыған дейін әлем чемпионатын екі рет жеңген жалғыз Серік Сәпиев (2005, Маньян; 2007, Чикаго) еді. Ливерпульдегі жарыстан кейін қатары көбейіп, екінші мәрте әлемнің алтынын алғандар шықты. Бұған дейін Данияр Елеусіновтің (2013 жылы Алматыда алтын, 2015 жылы Дохада күміс), Галиб Жафаров (2001 жылы Белфаста күміс, 2003 жылы Бангкокта алтын), Болат Жұмаділов (1995 жылы Берлинде күміс, 1997 жылы Будапеште қола, 1999 жылы Хьюстонда алтын) екінші рет әлем чемпионы болуға бір қадам шақ қалған. Еске сала кетейік, IBA 2023 жылы Өзбекстанда ұйымдастырған әлем чемпионатында жеңіл салмақтағы (50 келі) Санжар Тәшкенбай финалда грузин Сахил Алахвердовиді жеңіп, әлем чемпионы болған. Енді міне, екінші Әлем чемпионатында топ жарды. Ливерпульдегі чемпионатта әуелі иорданиялық Хутайфа Эшишті (3:2), үнді Джадумани Сингхті (4:0), жартылай финалда өткен әлем чемпиона-тында қола алған кубалық Алехандро Клароны (4:1) жеңіп, финалда моңғол Алдархишигиин Баттулганы (5:0) ұтты. Бұл Сәпиевтен кейін он сегіз жыл күткен жеңіс еді. Екінші рет әлем  чемпионы атанған еліміздегі екінші боксшы. Бұл жетістікті қайталаған үшінші боксшы – Махмұд Сабырхан. Ол да 2023 жылы Ташкентте топжарғандар қатарында болса, бүгінде қарсыластарынан басым түсті. Қыздарымыз да жарады. Сербияның Ниш қаласында жыл басында өткен IBA әлем чемпионатында жеңіске жеткен Алуа Балқыбекова (51 келі) мен Аида Әбікеева (65 келі) осы жолы да алтыннан алқа тақты. Одан бөлек Наталья Богданова (70 келі) чемпион атанды. Ал  қыздар арасында үш дүркін әлем чемпионы (2014, Чеджу; 2016, Астана; 2025, Ниш) Назым Қызайбай (48 келі) финалда үнді қызы Минакши Худадан (1:4) жеңіліп, күміс алды. Жалпы, еліміз 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль (10 медаль) алып, жарысты І орынмен аяқтады. Одан кейін 6 алтын, 2 күміс, 3 қола (11 медаль) алған Өзбекстан екінші орын, 2 алтын, 1 күміс, 1 қола (жалпы 4 медаль) Үндістан үшінші орынды түйіндеді. Боксшылардың жеңісінен кейін іле-шала ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтай келе: «Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын!» деген жазба қалдырды. Елге келгеннен кейін арнайы қабылдап, әрқайсына сый-сияпат көрсетті. 

Есеп берген Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп:

– Спортшыларымызға қолдау ерекше. Федерация тарапынан спортшыларға керекті дәрі-дәрмекпен, пайдалы тамақпен қамту шаралары мемлекеттік органдармен бірлесе ұйымдастырылып жатыр. Ұлттық құрама мамандарының қатарына Геннадий Головкиннің физикалық тұрғыда жаттықтырушылары ағайынды Камочаларды Америкадан шақырттық. Диетолог-фармоколог Александр Фоканы және кубалық екі жаттық-тырушыны алдырттық.  Ал әлем чемпионатында жүлдеге іліккен спортшы-ларға мемлекет тарапынан сыйақы қарастырылған. Федерация тарапынан І орынға 100 мың доллар, ІІ орынға 50 мың доллар, ІІІ орынға 30 мың доллар беріледі. Бас бапкерлерге қосымша 100 мың доллар қарастырыл-ған, – деді. Президент жеке қабылдауында федерация басшысына Олимпиадаға дайын-дықты бүгіннен бастау қажеттігін, боксты дамыту шараларын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. 
Бүгінгі жеңіс ертеңгі үлкен жеңістің бастауы болсын!                                    

Серік ҚАНТАЙ
Суреттер ашық 
дереккөзден алынды

2827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор