• ҰЛАН
  • 05 Тамыз, 2025

Экономикалық олимпиадада алтын алды

Халықаралық экономика олимпиадасында алтын медаль иелену – тек есеп шығару емес. Бұл – жаһандық трендтерді түсіну, қаржы саясатын сараптау, бизнес-логиканы меңгеру және командалық ойлауды ұштастыра білу. Осындай қабілеттерімен көзге түскен оқушы – Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан. Биыл Бакуде өткен беделді International Economics Olympiad (IEO) жарысында Батырхан алтын медаль жеңіп алды. олимпиадада 50-ден астам елден келген үздік оқушылар экономика, қаржылық сауат және бизнес-кейстер бойынша білімін сынады.

Халықаралық экономика олимпиадасының ауқымы мен тереңдігі көпшілік елестет-кеннен әлдеқайда кең. Бұл жарыстың басты ерекшелігін Батырхан былай түсіндірді:

«Олимпиаданың ерекшелігі – қажетті білімнің кең ауқымды-лығы. Бізде қарапайым мектеп бағдарламасында кездесе бер-мейтін экономикалық теория мен бизнес-кейс жасау сияқты пәндер қамтылды».
Байқау үш негізгі кезеңнен тұрған: экономика, қаржы және бизнес-кейс.

«Экономика бөлімінде тест пен ашық сұрақтар болды. Бұған дайындалу үшін ондаған, тіпті жүздеген тақырыпты терең білу керек еді. Қаржы бөлімі де тест форматында өтті. Көптеген кітапты оқып, ішіндегі материалдарды жақсы меңгеру талап етілді», – дейді ол.

Бизнес-кейс бөлімі ерекше есте қалған. Бұл тапсырма – тек білімді емес, тәжірибені де талап ететін кезең. топтық кезең болғандықтан, уақыт пен бірліктің маңызы зор. 

«Бизнес-кейс бөлімінде тәжірибе мен дұрыс көзқарас-сыз жетістікке жету қиын. Бізге белгіленген тақырып бойынша зерттеу жүргізіп, нақты шешім ұсынуымыз керек болды. Тапсырманы орындауға небәрі 24 сағат беріледі. Осы уақыт ішінде бүкіл талдау жұмысын бітіріп, шешім дайын-дап үлгеру керек болды», – дейді Батырхан.

Бұл бөлімде қатысушылар мемлекеттік деңгейдегі мәселені талдап, шынайы ұсыныс дайындауы керек. Мұндай тапсырмалар жыл сайын өзгеріп отырады. Себебі әр олимпиада сол жылы жарыс өтетін елдің өзекті экономикалық тақырыбына негізделеді. Батырхан бұл жолы логистика саласына терең үңілуге тура келгенін айтты. 

«Бизнес-кейс талдау барысында біз Қытай мен Еуропа арасындағы Орташа дәлізді, әсіресе Каспий теңізі арқылы тасымалдау бағытын зерттедік. Қазақстан мен Әзірбайжанның сауда саясатын қарастырып, Ақтау мен Баку арасында көпір салу мүмкіндігін бағаладық. Баламалы шешімдер де ұсындық», – дейді досымыз.

Бәсекелес ретінде де, тұлға ретінде де танылған командалар – Батырхан үшін тек қарсылас емес, ынталандырушы орта. Олимпиададағы халықаралық атмосфера сонысымен құнды. 

«Топтардың ішінде Малайзиядан келген қатысушылар ерекше есте қалды. Олар өте ашық-жарқын, көпшіл екен. Малайзиялықтардан екі баланы өткен жылдан бері танимын. Бірақ Канада командасы ерекше әсер қалдырды. Олар төрт алтын медаль жеңіп алып, бизнес-кейс бойынша да бірінші орынды иеленді», – дейді біздің батыр.

Батырхан осы олимпиададан кейін айналамыздағы құбылыстарды мүлде басқа қырынан көре бастаған.

«Экономикаға және жалпы өмірге көзқарасым өзгерді. Жаңа заңдылық-тарды байқай бастадым. Ұлттық банк пен үкімет тарапынан жасалатын іс-әрекеттерді бақылауды әдетке айналдырып келемін. Бұрын пайыздық мөлшерлеменің өзгерісі туралы естігенде оның қалай және неге әсер ететінін түсінбейтінмін. Қазір монетарлық және фискалдық саясатты, олардың теориядан айырмашылығын және нақты қандай процестерді реттейтінін байқаймын. Мысалы, қазір маған 5000 теңгеден екі сағат бос уақы-тым қымбат»», – дейді ол.

Экономиканың ішкі құрылымы көп. Бірақ Батырхан үшін ең қызығы – микроэкономика. Күнделікті ұсақ-түйек көрінетін таңдау – ол үшін экономикалық шешім. Ол енді дүкендегі бағаға жай тұтынушы көзімен емес, талдау жасайтын адам ретінде қарайды.

«Микроэкономиканы түсіну-дің арқасында логикалық қателіктерді тануға, біржақ-тылықтан арылуға, ұтымды ойлауға үйренуге болады. Мысалы, дүкендегі бағаның өзгеруін байқағанда, «600 теңгелік шоколадты алу керек пе, әлде ақшаны үнемдеу дұрыс па?» деген сұрақ қойып, саналы шешім қабылдайсың», – деп түсіндірді жас экономист.

Алтын медаль жеңіп алу – жүйелі дайындықтың, тәртіптің және қызығушылықтың нәтижесі.

«Мен көбіне жеке дайындал-дым. Экономика мен қаржы бойынша ондаған кітапты оқып, конспект жасадым. Күн сайын кем дегенде 3-4 сағат дайындалуға тырыстым. Негізгі қосымша ресурстарды бізге ұлттық құраманың жаттықтырушысы Руслан аға берді. Оған ерекше алғыс айтамын», – деді Батырхан дайындығы туралы. 

Жеңімпаздың сөзінше, мұндай олимпиада таңдаулыларға ғана арналмаған. Бұл  – еңбек пен ниетке негізделген ашық алаң дейді ол.

«Экономикалық олимпиадаға қатысу үшін «ерекше артықшылықтың» қажеті жоқ. Ағылшын тілін жақсы меңгеру қосымша артықшылық береді. Тиісті дайындық пен ықылас болса, кез келген мектептен келген оқушы жеңе алады».

Батырханнан жастар арасындағы қаржылық сауат деңгейі қандай деп сұрадық. Оның пікірінше, жасөспірімдер ең алдымен күнделікті ақша жоспарлау-ды меңгеруге тиіс.

«Қаржылық сауат деңгейі әлі де төмен деп ойлаймын. Қаржы нарықтары мен инвестициялардан хабардар жасөспірімдер бар, бірақ олар өте аз. Көпшілік бюджет құра алмайды, шығынды дұрыс жоспарламайды және ақшаны пайдасыз нәрселерге жұмсайды. Ата-аналар балаларды отбасылық қаржыны жоспарлауға қатыстыруы керек деп ойлаймын. Бұл оларға ақшаның құндылығын түсінуге және шығынды ұтымды басқаруға көмектеседі», – дейді Батырхан.

Жетістік пен тәртіп қатар жүрген жерде уақыт – ең құнды ресурс. Батырхан оны да есеппен жұмсайтын секілді. Себебі, алтын медаль иеленген жасөспірімнің күн тәртібі де өзгеше.

«Жүзуге барамын, велосипед тебе-мін, отбасыммен уақыт өткізуге тырысамын, бірақ оқуға көбірек уақыт кетеді. Олимпиада мен дайындықтарға уақыт бөліп, биылғы жазда тек бір апта үйде болдым», – дейді Батырхан.

Батырхан жеңісін тек жеке еңбектің нәтижесі деп емес, ұжымдық күштің жемісі деп есептейді.

«Мұғалімдерге, мектеп әкімшілігіне, кураторға, ұлттық құраманың жаттықтырушысына және «Дарын» РҒПО-ға жеке алғысымды білдіргім келеді. Оларсыз мен мұндай биіктерге жете алмас едім», – дейді ол шынайы ризашылықпен.
 

 

1285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор