• ҰЛАН
  • 05 Тамыз, 2025

«SMART ОҚУЛЫҚ» МОДЕЛІ: МҰҒАЛІМГЕ ТІРЕК, БАЛАҒА СЕРІК

Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздегі жетекші баспалардың бірі Arman-PV ұжымының дайындық барысы мен көзқарасы туралы баспаның бас директоры Дидара Алинамен әңгімелестік. Ол оқу құралының болашағы, баспа ісіндегі жасанды интеллектті пайдалану, ұстаздарды авторлыққа тарту және SMART оқулықтар моделі туралы айтып берді.

– Жаңа оқу жылы қарсаңында қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Биыл біз білім беру саласына ерекше маңызды біртұтас модель ұсынып отырмыз: SMART оқулықтар жүйесі – Arman-PV + Ekitap.kz + AI. Бұл жай ғана жаңа оқулық емес, тұрақты білім берудің экожүйесі. Яғни, баспа оқулықтары, цифрлық платформа және жасанды интеллект өзара байланысып, мұғалімге де, оқушыға да тиімді шешім ұсынады. Бұл модель арқылы тек оқулық жазып қоймай, функционалдық сауаттылықты дамытуға, педагог рөлін күшейтуге және білім беру сапасын теңестіруге үлес қоса аламыз.
– Сонда SMART жүйесінің негізгі артықшылықтары қандай? Бұл не үшін маңызды?
– Ең алдымен, бұл модель заман талабына сай. Қазір оқушыға мәтін аздық етеді. Біз әзірлеген ekitap.kz платформасында оқулықпен бірге бейнема-териал, тыңдау, тест, жоспарлау, тіпті виртуалды зертханалар да бар. Ал жасанды интеллект авторларға тапсырмалар әзірлеуге, мазмұнын жазуға көмектеседі. Ең маңыздысы, мұның бәрі Қазақстанның білім стандартына, тілдік ерекшелігіне, ұлттық мазмұнға сай әзірленген. Бұл – отандық өнім, отандық мұғалім үшін жасалған құрал.
– Қазіргі уақытта қандай оқулықтар әзірленіп жатыр?
– Қазір 7-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті», «Физика», бастауыш сыныптарға арналған «Русский язык» пен «Цифрлық сауаттылық» оқулықтары, сондай-ақ жоғары сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» бағытындағы мазмұн дайындап жатырмыз. Бұл оқулықтарда академиялық білім ғана емес, өмірмен байланыс, функционалдық ойлау, құндылықтар бойынша бағдар беріледі. 
– Жаңа оқулықтарда қамтылатын құндылықтар туралы айтып беріңізші.
– Біз оқулыққа тек ақпарат көзі емес, тәрбиелік мәні бар мәдени мәтін ретінде қараймыз. «Адал азамат» идеясы аясында барлық оқулыққа адалдық, әділеттілік, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты құнды-лықтар жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» оқулығында Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары арқылы оқушы бойына ерлікпен отансүйгіштікті дарытуға болады. «Цифрлық сауаттылық» пәнінде интернет этикасы, киберқауіпсіздік, шынайы және жалған ақпаратты ажырату туралы тақырыптар қамтылған.
– Жаңа технологияларды қолдану оқулық сапасын қалай арттырады?
– Оқулық әзірлегенде жасан-ды интеллектті кәсіби құрал ретінде қолданамыз. Ол мәтінді құрылымдау, тапсырма деңгейін талдау, мазмұн мен мақсатты сәйкестендіру сияқты жұмыстар үшін керек. Авторға нақты көмек, редакторға нақты сарап, ал оқушыға түсінікті нәтиже береді. Бұл – шығармашылықты алмастыру емес, оны жүйелеу. ЖИ барлық мақұлданған оқулықтар мен нормативтік құжаттар базасында жұмыс істейді.
– Ал авторлар бұл құрал-дармен жұмыс істеуге дайын ба?
– Авторларға арнап арнайы трениңдер өткіземіз. Биыл  20-дан астам авторымыз жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолданып үйренді. Олар тапсырма генерациялау, оқу мақсаттарын сәйкестендіру, мазмұнның логикалық құрылымын жетілдіру сияқты жұмыстарды нақты мысалдармен үйренді. Бұл авторлық жұмыстың сапасын да, жылдамдығын да арттырды.
– Ұстаздарды авторлыққа тарту қаншалықты маңызды?
– Бұл – біздің басты стратегиялық бағытымыздың бірі. Себебі оқушыны, сабақты, мектеп өмірін жақсы білетін адам – мұғалім. Біз оларды авторлыққа шақырып, шығармашылық шеберханалар, ашық конкурстар өткіземіз.
– Оқулық қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Оқулық – баламен сөйлесеалатын, өмірмен үндесе алатын,мұғалімге сенімді серік болатын құрал. Ол инклюзивті, бейімделген, визуалға бай және пәнаралық байланысы бар болуы керек. Ақпарат беру аздық етеді, енді оқулық ойлату, құндылық қалыптастыру және шешім қабылдауға үйрету міндетін атқаруы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

 Жазира Бекболат 
 

1305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор