- Әлемді өзгерткен балалар
- 08 Шілде, 2025
Батырхан мен Жәңгірдің жеңісі
Солтүстік Македония астанасы Скопье қаласында өткен жасөспі-рімдерге арналған Балқан математикалық олимпиадасы (JBMO) қазақстандық жас дарындардың жарқын жеңісімен аяқталды. Бұл – еліміздің осы жарыс тарихындағы ең үздік көрсеткіші. Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 24 елдің арасынан 2-орынға ие болды.
Алтын медаль иегерлері қатарында Алматы қаласындағы республи-калық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары – 9-сыныпты енді ғана аяқтаған Батырхан Бейғанов пен 8-сынып оқушысы Жәңгір Болат бар. Олимпиададан кейін екі жеңімпазбен тілдесіп, дайындық барысы мен әсерін, болашақ жоспарын сұрадық.
Батырхан мен Жәңгір – білім мен табандылықтың арқасында халықаралық деңгейде топ жарған жасөспірім. Жеңіс жолы оңай болмаған.
– РФММ мектебінде 9-сыныпты аяқтадым. JBMO олимпиадасында бірінші орын алып, алтын медаль иелендім. Бұл менің халықаралық олим-пиадаға алғаш қатысуым. Жолдама алғанымды естігенде қатты қуандым. Өзімді дәлелдейтін сәт келді деп ойладым, – дейді Батырхан.
Ал Жәңгір бұл жаңалықты сабырмен қабылдаған. Бірақ ол үшін бұл жарыс тек сынақ емес, білімін одан әрі шыңдауға жол ашқан мүмкіндікке айналған.
– Мен 14 жастамын. Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 8-сыныбында оқимын. Олим-пиадаға баратынымды есті-генде эмоциям аса күшті болмады. Бірақ бұл маңызды сайыс екенін білдім. Бұл – өз күшімді сынап көрудің, жаңа нәрсе үйренудің және әлемдік деңгейдегі жарыстың қандай болатынын көрудің бір жолы болды, – дейді ол.
Жас математиктердің айтуынша, олимпиадаға дайындық тынымсыз еңбекті, шыдамдылықты және өз бетімен ізденуді талап етеді. Батырхан дайындық барысында ұстазда-рының үлкен қолдауын сезінген.
– Мені ұстаздарым Бақыт Мамышев пен Андрей Меньщиков дайындады. Біз өткен жылдардағы JBMO тап-сырмаларын талдап, есептер шештік. Бұл тек есеп шығару ғана емес, логикалық ойлау мен стратегия құру дағдыларын дамыту болды, – дейді ол.
Ал Жәңгір дайындықтың басым бөлігін өз бетінше жүргізгенін айтады:
– Түрлі есеп шештім, соның ішінде ShortList тізіміндегі – әртүрлі елдерден ұсынылған қызықты тапсырмалар да бар. Дайындық барысында мұғалімдерім мен достарым да көп көмектесті. Әсіресе күрделі есептерді ұжыммен талдаудың пайдасы зор болды.
Олимпиада алғаш рет ұйым-дастырылып отырған жоқ. Алайда биылғы жарыс ерекше есте қалған. Жас дарындар шетелге алғаш рет барып, басқа елдің мәдениетімен және табиғатымен танысты.
– Иә, бұл менің Солтүстік Македонияға алғаш рет баруым. Олимпиада өткен Скопье қаласының көрікті жерлерін аралау мені қатты шабыттандырды. Ұйымдастырушылар бізді өте жылы қарсы алды. Әр нәрседен жоғары деңгейдегі жауапкершілік пен ықыласты байқадық, – дейді Батырхан.
Ал Жәңгірге, әсіресе, Охрид қаласы ерекше әсер қалдырған:
– Біз Охридтің ескі қалашы-ғына бардық. Бұл – ежелгі шіркеулер мен тар көшелер, әдемі көл жағасы орналасқан тарихи мекен. Табиғаты да, атмосферасы да ерекше ұнады. Осындай ортада білім сайысына қатысу мен үшін зор мотивация болды.
Олимпиадалық тапсырмалар жасөспірімдер деңгейіне сай болғанымен, жеңіске жету үшін әр есепті ұқыппен талдау, жүйелі шешім қажет.
– Есептер өте қиын болды. Бірақ, таңғаларлығы, мен ең жеңіл есептердің бірін шеше алмадым, ал қалғанын шештім. Барлығы үш есептен артық тапсырманы орындадым. Жеңіске жетуде олардың әрқай-сының маңызы зор болды, – дейді Батырхан.
Ал Жәңгір есінде ерекше қалған есеп туралы былай дейді:
– Соңғы комбинаторика есебі есімде жақсы сақталды. Оған көп уақыт жұмсадым, бірақ нәтижесінде оны сәтті шештім. Бұл – нағыз логикалық шыңдалу болды.
Олимпиада – жеке сайыс болғанымен, команданың рөлі орасан зор.
– Команда ретінде біз бір-бірімізді қолдадық. Бұл осындай жарыста аса маңызды. Жеңістің жартысы сенімді орта мен рухани қолдауға байланысты. Біздің командамыз үздік нәтиже көрсетті, бұл мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Батырхан.
– Біз жарыс кезінде бір-бірімізге тілекші болдық, уайымдадық, қуандық. Командалық ахуал – жеңістің маңызды кілті. Өзімді жалғыз сезінбедім, бұл мен үшін өте бағалы тәжірибе, – дейді Жәңгір.
Бүгінгі жеңіс – ертеңгі үлкен мүмкіндіктердің бастауы. Екі жас математиктің де болашаққа жоспары айқын.
– JBMO – менің халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірибем. Енді IMO (Халықаралық мате-матикалық олимпиада) мен BMO (Балқан математикалық олимпиадасына) қатысқым келеді. Ол үшін әлі де көп еңбек ету керек. Болашақта ІТ саласында бағдарламашы болғым келеді, – дейді Батырхан.
– Мен Жәутіков олимпиа-дасы, BMO, IMO секілді жарыс-тарға қатысуды жоспарлап отырмын. Әзірге нақты маман-дық таңдамасам да, математи-
каны оқуға қызығамын. Ғылым мен технология саласы мені қызықтырады, – дейді Жәңгір.
Жас дарындардың жеңісі – тек олардың емес, бүкіл елдің жеңісі. Бұл – сапалы білім мен еңбектің, ұстаздардың қажырлы еңбегі мен отандық математикалық мектептің әлеуетінің дәлелі. Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебі 2024-2025 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиада-сының қорытынды кезеңінің толық нәтижесін көрсету мақсатында жасалған еліміздің ең үздік 100 олимпиадалық мектебінің рейтингісінде бірінші орынды иеленді. Білім ордасының қоржынында биыл 42 медаль бар: оның тоғызы алтын, күміс – 16, қола – 17.
Батырхан мен Жәңгір сынды жастар Қазақстанның зияткер-лік болашағының сенімді өкілі екені сөзсіз.
JBMO – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді халықаралық олимпиада. Қатысушы елдердің қатарында Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия және басқа да мемлекеттер бар. Қазақстан бұл додаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және дәстүрлі түрде үздіктер қатарында. Өткен жылы Түркияда өткен олимпиадада команда 6 медаль жеңіп алған болатын.
Бұл екеуінен өзге Алматы қаласындағы NurOrda халық-аралық мектебінің оқушылары Әнуар Ағыбаев, Александр Олейников, Ақтөбе облыстық Білім-инновация лицей-интернатының оқушысы Нұртай Мәлік, Қарағанды облыстық Білім-инновация лицей-интернатының оқушысы Мирас Кеңесбек жеңімпаздар қатарынан көрінді. Құраманың жетекшілері Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің матема-тика пәні мұғалімі Сергей Полянских және «Дарын» республикалық ғылыми-прак-тикалық орталығының әдіскері Перизат Сауытбекова балаларға қолдау көрсетті.
Олжас ПАВЛИК
2238 рет
көрсетілді0
пікір