• Өнер-өнеге
  • 08 Шілде, 2025

АУЫЛДАН ЕУРОПАҒА ДЕЙІН...

Біз газет беттеріне әрдайым еңбегі мен білімі арқылы жетістікке жеткен жастар туралы жазамыз. Себебі қазақ жастарын мақтан тұтамыз. Болашақ ұрпақ та сондай болғанын қалаймыз. Кезекті кейіпкеріміз де Қазақстандағы балет өнеріне үлесін қосып жүрген талантты жас. 
Мейрамбек Назарғожаев – Дания корольдік театрының балет әртісі. 300 жылға жуық тарихы бар театрмен мәңгілік келісімшартқа отырған алғашқы қазақ. Мейрамбекті білмейтін адам «ата-анасының жолын қуған шығар» деп ойлауы әбден мүмкін. Бірақ ол ауылдың топырағына аунап, өз күшімен биікке көтерілген қарапайым адам. Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылында 1996 жылы 7 наурызда дүниеге келген. Ата-анасы өнерден алыс адамдар. Әкесі көлік жүргізушісі, анасы фармацевт. Әсте қазақ баласы үшін балет өнері жат екені шындық. Мейрамбек те Қараойда доп теуіп, боксқа барып, күресіп жүрген бала еді. Алайда 2006 жылы өмірінің жаңа парағы ашылып, болашағына жақсы әсер ететін жағдайға тап болыпты. Фарида есімді апайы Мейрамбектің әкесіне: «Мына бала өте белсенді. Біздің училищеге келіп көрсе қалай болады?» деп ұсыныс тастапты. Апайы ол кезде А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі еді. Сөйтіп балетке мүлде қатысы жоқ 10 жастағы бала училищеден бір-ақ шығады. Емтихандардан әрең өткен екен. Сол кезде денесі икемді деп айту қиынға соққан. Ал оның училищеге қабылдануына қарапайым мектепте алған бағалары әсер еткен. Математиканы да үздік оқыған Мейрамбекті мектеп әкімшілігі «басы істеп тұрған бала екен, кез келген салада 97% – еңбек, 3% – талант әсер етеді» деп мүмкіндік берген. 

ШЕТЕЛ БАҒЫНДЫРҒАН
Оқушы кезінде балетке бейімделіп қана қоймай, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, оқу орнын қызыл дипломмен бітірген. Жатақханада Олжас және Дәурен деген достарымен бірге бір нанды бөліп жеп, 8 жыл бойы бірге тұрған. Кейін бұл достық үлкен жобалар жасауға, Қазақстандағы балеттің дамуына алып келеді...
Училищеде оқып жүрген кезінде-ақ ол шексіз қиялымен алдына биік мақсаттар қойған. Қатарластары елдегі театрларға барып бағын сынаса, Мейрамбек бірден шетелге кеткен. Шетелде қаламын деген ойдан гөрі өзім тәжірибе жинап, отандастарыма соны көрсетемін деген ойы басымырақ болыпты. Сөйтіп 2014 жылы 18 жастағы Мейрамбек Мәскеуге аттанады. Russian state ballet театрында өнер көрсеткен. Бұл – Ресейдегі алдыңғы қатарлы театрдың бірі. Ол Кремльде, Үлкен театрда, Қытай, Еуропа мемлекеттерінің театрларында өнер көрсеткен.
Мейрамбек бір жыл Ресейде, екі жыл Германияда еңбек етіп, Данияға жол тартқан. 


ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ
Кейіпкеріміздің бойынан ерекше батылдықты байқадық. Себебі Данияға барып, 300 жылдық тарихы бар Дания корольдік театрында өнер көрсетуге өтініш тастайды. Бұл жер туралы канадалық әріптесінен естіп-біліп жүрген екен. 
Бар батылдығын жинап, өтінішін жіберген кезде шақыру келмейтін шығар деп ойлапты. Не дегенмен, бақ та, бап та шабатын сәт қой. Сол сәтте Мейрамбектің жұлдызы жанып, әлемдегі ең көне театрдан туған күнінде шақыру алған. Бірақ шақыру театрға жұмысқа тұрдың дегенді білдірмейді. Екі күн бойы деңгейін, өнерін көрсетеді. Ондай жерлерде бәсекенің қандай болатыны айтпаса да түсінікті шығар. «Театрды көріп кеттім, мықты балет әртістерімен араластым, оларға өнерімді көр-сеттім» деген ризашылықпен елге оралады. Бишіде «Олар мені алатын шығар, бұл менің орным» деген сияқты алдын ала болжау мүлде болмапты. Бірақ 2-3 аптадан кейін ауыл баласы үш ұйықтаса түсіне кірмейтін сәтті басынан кешкен. Кейіпкеріміз «Сіз Дания корольдік театрына қабылдандыңыз» деген хат алған. «Театрға қабылдан-басам да ештеңе етпейді» деп кеткен Мейрамбек өз көзіне өзі сенбей, хабарламаны бәріне көрсетіп шығыпты. Сол сәттен бері 8 жыл өтіп кетіпті. 
Қажырлы еңбегінің арқасын-да биші осы театрмен мәңгілік келісімшартқа отырған. Еуро-палық театрларда өмірлік солист (lifelong soloist) деген ұғым бар. Келісімшарт бойынша Мейрамбек бұл театрда өмір бойы жұмыс істеп, негізгі труппаның құрамында өнер көрсете алады. Бұл шетел азаматы тұрмақ, еуропалықтар үшін де өте сирек кездесетін жайт. Ал сол келісімшартқа қол жеткізген кейіпкеріміз жетістігін тек өз пайдасына емес, қазақ жастарының дамуына да пайдаланып жүр.

Дания Корольдік театры – XVIII ғасырда негізі қаланған Данияның алғашқы ұлттық театры. Әлемдегі ең көне әрі беделді өнер мекемелерінің бірі. Ол Дания астанасы Копенгаген қаласында орналасқан және балеттен бөлек опера, драма бағыттары бойынша жоғары деңгейдегі қойылымдарымен танымал. Қазірге дейін бүкіл әлемде сахналанатын «Сильфида», «Этюд», «Наполи» атты балеттер осы театрда дүниеге келген.

КӨШПЕЛІ ХАЛЫҚТЫҢ ЖОБАСЫ
Сөйтіп Орталық Азияға маусымның соңғы күндерінде Дания корольдік театры алғаш келген. Жалпы, бұған дейін біздің аймаққа мұндай тарихы терең театр келмеген деседі. Бірақ бұл тек жалғыз Мейрамбектің бастамасы бол-маған. Мектепте бірге оқыған Олжас және Дәурен есімді достарымен бірге «Nomad Ballet Project» жобасын жаса-ған. Атауының өзінде үлкен мағына бар. Көшпелі халықтың арасында балет өнерін дамыту-ды қолға алған бұл үшеудің алғашқы жобасы да осы концерт болып отыр. Мейрамбек отандастарына тек өнер көрсетіп қана қоймай, білім беруді де қолға алған. Өзі өнер көрсететін труппамен қоса, балеттегі бур-нонвиль стилін егжей-тегжейлі білетін Динна Бьернді де ерте келген. Мейрамбектің кәсіби балет әртісі атануына 8 жыл білім алған училищесі үлкен әсер еткені анық. Оқу орнының, ұстаздарының жақсылығы мен білімін ұмытпай, концерт басталмас бұрын сол училище шәкірттеріне мастер класс өткізген. Жасөспірімдерге бір пайдам тисе екен деген ниетте бәрін тегін ұйымдастырған. Бәлкім, бұл Мейрамбектің бойындағы жомарттық, мәрттік қасиет болар... Бір білетініміз, бұл бастама әрі қарай да жалғасады. 
концерт Nomad Ballet Project-тің алғашқы жобасы. Сондықтан қорқыныш пен уайымның қатар жүргені анық.
«Ең батыл адамдар ғана қала-ғанына жетеді» деп ойларын іске асырды. Отандасымыз көрерменге тек әдемі кеш сыйлап қана қоймай, елдегі туризмнің, сонымен қатар тілдің де дамуына үлесін қосты деп айтуға негіз бар. Өзімен бірге келген әріптестерін Алматы маңындағы Қайыңды мен Көлсай өзендеріне, Шарын шатқалына апарыпты. Шетелдіктер мұндай әсем табиғатқа тамсанғанын бірден айтты. Бұған дейін де Мейрамбек Инстаграмдағы парақшасына асқақ Алатаудың бейнесін салған кезде «бұл қай жер?» деп қызығыпты. Сол көріністі көргендеріне, атқа мінгендеріне шетелдіктер мәз-мейрам болып отыр. 


ЕҢБЕК – БӘРІН ЖЕҢБЕК
Мейрамбек концертте өзі жалғыз өнер көрсетті. Бишінің кәсіби деңгейде дайындалғаны сахнаға шыққан сәттен-ақ білінді. Балет әртісі өнері арқылы нені айтқысы келгенін нақты білмейміз, бірақ біздің көзімізге жұмысы, жағдайы бар адамның өзін таба алмай жүрген бейнесі көрінді. Ал соңғы жағында үні шықпаса да, айқайлап жатқан, бірдеңе айтқысы келетін адамды байқадық. Қазіргі қоғамның кей адамдары тек сыртқы сұлулық үшін нәтижесіз еңбек ететінін киген костюмі арқылы меңзеген болар. 
Мейрамбек мұндай адамның нағыз қарама-қарсы түрі деп нақты айтуға болады. Жүрегі «елім, жерім» деп соғып тұрған адамның шетелде мәңгі қалмайтыны анық. Болашағын тек өз елімен байланыстыратын біздің өнерлі жігітіміз елдегі
балет өнерін одан әрі дамыта-мын деген жалынмен жүр. Бұл оның қолынан келетін іс екеніне нық сенімдіміз және сәттілік тілейміз. 
Мейрамбек ағаларың сияқты болғыларың келсе, тек еңбектеніңдер, достар! 

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор