- ҰЛАН
- 01 Шілде, 2025
TikTok қарап отырумен болашақ құрылмайды

Жаз – көлеңкеде жатып демалатын уақыт қана емес. Бұл – өзіңді дамытуға, жаңа қабілеттерді меңгеруге, болашағыңа бағыт беруге арналған кезең. Жасөспірімдер мен студенттер үшін жазғы демалыс кезінде маркетиң мен СММ-ді үйрену – өмірлік маңызды инвестиция дер едік. Неліктен? Себебі қазіргі әлемде кімде кім өзін немесе өнімін көрсете алса, сол ғана өзгеден оқ бойы озық тұрады. Әлеуметтік желідегі қарапайым парақша сенің брендіңе айнала алады. Біз бұл мақалада СММ және маркетиң бойынша барынша түсінікті тілде ақпарат беруге тырысамыз.
Маркетиң деген не? Неге оны білу керек?
Маркетиң – бір қарағанда тек сату деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ ол одан әлдеқайда кең түсінік. Бұл – нарықты зерттеу, тұтынушыны түсіну, ұсынатын дүниеңді дұрыс формада жеткізу. Америкалық маркетолог Филип Котлер маркетиңді «тұтынушы қажеттілігін табу және оны қана-
ғаттандыру өнері» дейді. Қазақы тұрғыдан қарасақ, бұл – «халық-тың сұранысын түсініп, соған қарай ұсыныс жасау» дегенге саяды. Ал бүгінгі жастар – осы үдеріске ең бейім, ең икемді буын.
СММ дегеніміз не және ол несімен пайдалы?
СММ (Social Media Marketing – Әлеуметтік медиа маркетиңі) – әлеуметтік желілер арқылы бел-гілі бір брендті, өнімді немесе қызметті таныту, жарнамалау және аудиториямен байланыс орнату.
Instagram, TikTok, Telegram, YouTube платформалары арқылы бренд қалыптастырып, табыс табатын жастар көбейді. Бірақ олардың ішінде қазақ тілінде, қазақы құндылықтарды түсініп, сол аудиториямен сөйлесе алатындар өте аз. Бұл – үлкен мүмкіндік.
Қазақ менталитеті мен СММ
Қазақ халқы үшін шынайылық, сенім мен сөзге тоқтау аса маңыз-ды. Сондықтан маркетиңдегі шетелдік «қулықпен сату» модел-дері біздің ортада жүре бермейді. Мысалы, сіз «соңғы 3 дана қалды» деп жар салып, бірақ өнім жетіп артылса, бұл сенімсіздік туды-рады. Есесіне «Қолөнер – нағыз қазақтың болмысы. Әр бұйым – махаббатпен жасалған» деп жазсаңыз, жүрекке жақынырақ болмақ. Сондықтан шетелдік принциптерді қазақы құндылыққа сай қолдану керек. Осы тұста атақты копирайтер Джозеф Шугарманның «Сатылым – сенім орнатудан басталады» деген қағидасын ескерсек, қазақша СММ-нің басты құралы – шынайылық пен мазмұн.
Практикалық мысалдар
Ақтөбедегі 11-сынып оқушысы Нұрсәуле TikTok-та өзінің апасы-ның қамыр жайып жатқан сәттерін видеоға түсіріп, «бала кездің дәмі» деген тақырыппен жариялайды. Бір аптаның ішінде 70 мың қаралым жинап, көршілер мен туыстар тапсырыс бере бастайды. Міне, СММ нәтижесі.
Шымкенттегі колледж студенті Ердәулет жергілікті шаштараздың парақшасын жүргізіп, арнайы акцияларды таргет жарнамамен таратты. 2 аптада клиент саны 30%-ға артты. Бұл – маркетиңнің дұрыс қолданылғанының белгісі.
Қандай дағдылар үйренесіз?
Контент жасау: фото, видео, мәтін арқылы ойды жеткізуді;
Копирайтиң: сенімді сөздер-мен қызықтыру (мысалы, «Соңғы мүмкіндігіңіз!»);
Аналитика: пост неге өтпеді? Қай аудитория көбірек қызықты?
Бренд құру: атыңды, логоти-піңді, түс палитраңды анықтау;
Жоспарлау: контент-күнтізбе арқылы тұрақты жариялау;
Таргет жарнама: ақша салып жарнама беруді үйрену.
Қай платформада қайсысын істеуге болады?
Instagram – көрнекілік пен тұрақты аудитория үшін;
TikTok – вирусқа айналып, танымал болу үшін;
Telegram – қауымдастық пен сенімділік орнату үшін;
YouTube – терең мазмұн мен табыс үшін.
Кәсіби терминдерді қазақша қалай түсінеміз?
Target audience (мақсатты аудитория): өнімің кімге арнал-ған?
Call-to-action (әрекетке шақыру): «Қазір тапсырыс бер!», «Жазылып қой!»;
Engagement (аудитория белсенділігі): комментарий мен реакция саны;
Organic reach (табиғи қамту): жарнамасыз шыққан қаралым.
Қазақ баласы қалай ерекшелене алады?
Таза, шынайы контентпен;
Қазақы юмор, дәстүрмен;
Мазмұнды, көркем әдеби жазбамен;
Қазақ тіліндегі дұрыс терминдер қолдану арқылы.
Егер сен әлеуметтік желіде 15–22 жас аралығындағы белсенді жас болсаң, осы жазда тек демалмай, дамуға уақыт бөл. СММ мен маркетиң – болашақтың тілі. Ал оны қазақ тілінде, қазақ аудиториясына бейімдеп меңгерген маман ертең сұраныста болады.
TikTok көріп уақыт өткізудің орнына, сен оны табыс құра-лына айналдыр. Қазірден үйренсең, ертең сенің брендіңді бәрі танитын болады.

182 рет
көрсетілді0
пікір