- ҰЛАН
- 01 Шілде, 2025
НЕГЕ БІЗ АРМАНДАУДЫ ҰМЫТЫП КЕТТІК?

Бала кезімізде бәріміз армандадық. Біреу ғарышкер болғысы келді, енді біреу сахнада ән шырқауды қалады. Бірақ уақыт өте келе сол арманымыз қайда жоғалды? Қашан біз оны «пай-дасыз», «уақытша» немесе «балалық қиял» деп бағаладық? Неге қазіргі жасөспірімдер армандаудан қорқады?
Армандардың орнын не басты?
Қазіргі қоғамда жетістікке жету – басты мақсат. Бұл идея бізге бала кезден сіңіріледі. Америкалық психолог Абрахам Маслоудың қажеттіліктер иерар-хиясы теориясы бойынша, өзін-өзі мойындату – адамның ең жоғары деңгейдегі қажеттілігі. Бірақ, өкінішке қарай, көп жасөспірім бұл деңгейге жете алмай жатады. Себебі олар армандауға емес, қоғам ұсынған стандарттарға бейімделуге мәжбүр болады.
ҰБТ, рейтиң, үздік аттестат, грант, ата-ананың үміті – осының бәрі арманның орнына келгендей. Армандау – субъективті процесс. Ал қазіргі білім беру жүйесі объективті көрсеткіштерге сүйе-неді. Сол себепті, арманға орын аз.
Психологиялық қысым мен ішкі қақтығыс
Психология ғылымдарының докторы Карл Роджерс былай дейді: «Адам өз таби-ғатына сай өмір сүре алмаса, оның ішінде ішкі қақтығыс туады». Қазір көптеген жасөспірім дәл осындай жағдайда өмір сүріп жатыр. Өз қалауымен емес, басқаның айтуымен өмір сүреді. Бұл ұзақ мерзімді күйзеліс пен мотивацияның жоғалуына әкеледі.
Британдық нейропсихолог Стив Питерстің «The Chimp Paradox» кітабында айтылғандай, адам миы екі түрлі жүйемен жұмыс істейді: біреуі – логика, екіншісі – эмоция. Арман эмоциялық жүйеден туады. Бірақ қоғам логиканы талап етеді. Осы қайшылық жасөспірімді «жақсы оқы, табысты бол, бірақ армандама» деген екіұдай күйге түсіреді.
Ата-ананың үміті – қолдау ма, қысым ба?
Әрбір ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды. Бірақ кейде бұл тілек нақты кәсіби бағытқа айналып кетеді. «Дәрігер бол, болашағы бар», «IT-ге бар, жақсы ақша табасың» деген кеңестермен бала өзін емес, біреудің арманы үшін өмір сүре бастайды.
Франкфурт мектебінің өкілдері ата-ананың бақылауын «қоғамдық биліктің шағын моделі» деп сипаттайды. Бұл жерде ата-ана – билік, ал бала – бағынышты халық. Егер осы теңсіздік ұзаққа созылса, бала өз таңдауынан қорқа бастайды. Арманын айту түгілі, ойлаудың өзі ұят болып көрінеді.
Біз не жоғалттық?
Арман – бұл тек болашақ туралы ой емес, адамның ішкі мотивациясы. Америкалық ғалым Эдвард Деси мен Ричард Райанның Self-Determination Theory теориясы бойынша, адам еркіндік, құзыреттілік және байланыс сезімдерін сезінген кезде ғана ішкі мотивациясы оянады. Ал шын армандар – осы үш қажеттілікті қанағаттандыратын күш.
Жасөспірімдерден арманы туралы сұрасаңыз, алдымен үнсіз қалады. Сосын «уақытым жоқ», «білмеймін», «оны арман-дауға болмайды» деген жауап естисіз. Бұл – ересектер мен жүйенің шектен тыс рационализациясының нәтижесі.
Армандау – әлсіздік емес, ерлік
Қазіргі кезде армандау – батылдық. Бұл – ішкі шынайылықты сақтау, өзіңді есту. Егер бір жасөспірім жазушы бол-ғысы келсе, оның таңдауы дәл сондай құнды. Өйткені дәл осы арман оны шабыттандырады.
Психолог Виктор Франкл: «Адамның өмірінің мәні – оның ішкі мақсатына сенуінде» дейді. Ал сол мақсат көбіне арманнан басталады.
Досым, егер сен де армандаудан қорқатын болсаң, бұл сенің кінәң емес. Бұл – қоғамның басымдығы өзгергенінің белгісі. Бірақ мына нәрсені ұмытпашы, арман – сенің ертеңің. Армандаудан ұялма. Армандаудан бас тартпа.
Нұрлыхан Қасымханұлы

198 рет
көрсетілді0
пікір