• ҰЛАН
  • 01 Шілде, 2025

ТАРИХИ ЖЕҢІС

Өткен апта жақсы жаңалыққа толы болды. Соның бірі Болга-рияда көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында отандасымыз Ақмарал Ерекешеваның тарихи жеңіске жетуі. Себебі ол жасөспірімдер арасында гимнас-тикадан елдегі тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ақмаралды және жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаеваны жетістігімен құттықтап, жарыс туралы білдік. 
Ақмарал – 15 жаста. Астана қаласының тұрғыны. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінің оқушысы. Гимнастикамен 4 жасынан бері айналысады. Бұған дейін Азия чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алып жүрген гимнаст қыз жаттықтырушысымен бірге жұмыс істеп жүргеніне 11 жыл болыпты. Ең алғаш Меруерт ханымның қолына әжесі алып келіпті. 

 «Гимнастика – менің өмірімнің үлкен бір бөлігі. Оқып жатқан мектебім білім ғана емес, спортпен кәсіби түрде айналысуға үлкен мүмкіндік береді. Спорттан тыс бос уақытымда шығармашы-лықпен айналысқанды ұнатамын. Әсіресе сурет салу жаныма жақын хобби. Ол маған тыныштық пен шабыт сыйлайды. Анамның айтуынша, кішкентайымда секіріп, жүгіріп жүретін белсенді бала болыппын. Сол себепті гимнастикаға беруді ұйғарыпты. Жүлделерден бөлек, бұл жарыс маған эмоциясымен, атмосферасымен және жаңа таныстықтармен ерекше есте қалды. Түрлі елден келген мықты спортшылармен бірге бір сахнада өнер көрсету – үлкен тәжірибе. Сондай-ақ, елімнің намысын қорғау мен үшін үлкен мақтаныш», – дейді Ақмарал. 

 

ҰСТАЗДАН ШӘКІРТ ОЗАР

Меруерт Балғынбаеваның көркем гимнастикада ұстаз болып жүргеніне 22 жыл болыпты. 11 жыл бұрын Ақмарал жаттықтырушысы-ның ең кішкентай шәкірті болса, қазір сол еңбектің нәтижесін көрсетіп жүрген ең мықты спорт-шысы. Болгарияда өткен жарыста Ақмарал 3 түрлі құралмен өнер көрсеткен. Бір қызығы, ең алғашқы жарысында шеңбермен өнер көрсетіп, күміс медаль алған. Сағы сынып қалмады ма, ары қарай қалай болады екен деп отырған сәтте доппен өнер көрсетіп, ең үздік нәтижені көрсеткен. Соңғы сайыста лентамен шығып, тағы да бірінші орынды қанжығасына байлады. Сөйтіп 1 күміс, 2 алтын алған қызымыз Болгария төрінде 70 елдің алдында әнұранымызды шырқатып, туымызды көкке көтерді. Айта кету керек, финалға барлық қатысушы қатыса алмады, тек 8 қыз жолдама алған. Ақмаралмен бірге келген Айғаным Рысбек те сол сегіздіктің қатарында болып, 5-орын алды. 

«Әрине, финалға дейін жетеміз,жүлде аламыз деген үміт болды. Бірақ 2 дүркін чемпион атанаты-нына қатты сенбедім. Ел тарихын-да мұндай жетістік әлі болмаған, ең үздік дегенде 4-орында едік. Осы жолы тым болмағанда үштікке кірсек деп үміттенгенбіз. 3 құрал-мен дайындалып келгенбіз, үшеуінен де жеңіске жеттік. Бірінші жарыстан күміс алған кезде бәріміз қуандық. Екінші кезеңге күміс медалім бар ғой деп сенімді шықты. Үшінші кезеңде күмісі де, алтыны да бар, шықты да өнерін өте оңай, қорықпай көрсете салды. Айғаным сегіздікке кірсе екен деп барғанбыз, финалда 5-орын алды. Айғаным үшін үлкен жетістік. Әлі алда талай жарыстар бар, ол да әлі-ақ чемпион атанады деп сенемін», – дейді жаттықтырушы.

Гимнаст болу

Меруерт ханымның гимнастика мектебі бар. 3000-нан астам оқушыны тәрбиелеп жүрген мектеп басшысынан гимнастикамен айналысу туралы толығырақ сұрадық. Көркем гимнастиканың олимпиадалық мектебіне 6-7 жастан 12 жасқа дейін барған жөн екен. Гимнастикамен тек кәсіби түрде айналысатын шығар деп ойласаңыз, қателесесіз. Баланың дене бітімін жақсарту, дұрыс тамақтану үшін де бұл спорт түрі пайдалы деседі.
«Көркем гимнастиканы ең көрікті спорт түрі деп есеп-теймін. Біз балалармен ерте жұмыс істегендіктен, баланың мінезін жақсы білеміз. Ақмаралды анасынан артық білемін деп айта аламын. 11 жыл бойы күн сайын менімен бірге 7-8 сағат уақыт өткізеді. Психологиялық тұрғыда да өзім дайындаймын. Әр балаға қандай қарым-қатынас көрсету керегін жақсы білемін. Меніңше, кілемге шықпай тұрып спортшыға ата-ананың емес, жаттықтырушының қолдауы маңыздырақ. Ата-ана өз рөлінде болуы керек. Мысалы, өз қызым да гимнастикамен айналысқан кезде басқа жаттықтырушыға барды. Мен оған ана болғым келді. Бала ел алдына шықпай тұрып, «жаттығу кезіндегі өнерімнен жақсырақ өнер көрсетемін» деп ойламауы керек. Бұған дейінгі жұмысының нәтижесін көрсетсе болды. шықпай тұрып «алатын ұпайларыңа алаң-дамаңдар» деп айтамын. Себебі балл қою төрешінің міндеті. Сендер тек өнер көрсетесіңдер деймін. Сонымен қатар, жаттықтырушы біріншіден шәкіртінің бойындағы патриоттық сезімді оятуы керек деп санаймын. Елімізді шетелге танытатын да спортшылар. Шәкірттеріме қай елде, қандай жарыста жүрсеңдер де өздеріңді мінсіз ұстаңдар деймін. Тәртіп-теріңе, киімдеріңе, жүріс-тұрыс-тарыңа ерекше назар аударыңдар. Қазақстанның бет-бейнесі болып жүрсіңдер. Сендердің есімдеріңді емес, елдеріңді есте сақтайды деп отырамын. Ең соңғы айтатын сөзім: «алға!».
Әлеуметтік желіден Ақмаралдың мінберге шығып, әнұран орындап жатқан кезінде жаттықтырушысы көзіне жас алған видеосын көріп қалдық. Сол ерекше сезім мақтаныш екен. Көз жасыңды тыю мүмкін болмады дейді. Ендеше Меруерт ханым чемпион тәрбиелеп жатқанымен қоса, жас ұрпақтың бойына ұлтқа, елге деген махаббатты дарытып жатқан бірден-бір жан деп айтуға толық негіз бар. 

Ақмаралдың ақ арманы

Чемпион қыз екі аптаға жазғы демалысқа шығады. Кейін жаңа маусымға дайындалады екен. Юниордан сеньор деңгейіне ауысып, бұдан да үлкен жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Пікірлерден «2028-де Лос-Анжелесте өтетін олимпиадаға қатыса ма?» деген сұрақты көзім шалып қалды. Оған дейін біраз уақыт бар, дайындаламыз, уақыт көрсетеді дейді жаттықтырушысы. 

«Гимнастикада маған ең алдымен қозғалыстың сұлулығы мен пластикасы ұнайды. Әр жат-тығу ішкі дүниемді көрсететін бір өнер түрі іспетті. Гимнастика арқылы денемді бақылауды, икемділігімді дамытып үйренемін. Бұл маған үлкен қуаныш пен шабыт береді. Осындай жоғары деңгейде Қазақстанды таныстыру  мен үшін үлкен мәртебе. Әнұранымызды шырқатып, екі алтын мен бір күміс медаль жеңіп алғаныма ерекше қуаныштымын. Әрбір жаттығу, дайындық сәті  оңай болған жоқ, бірақ соның бәрі жақсы нәтиже берді. Менің жеке бапкерім Меруерт апайға, хореографым Сая Айдысқа, отбасыма және маған сеніп, қолдау білдірген барша жанға алғыс айтамын. Болашағымды гимнастикамен байланыстырғым келеді. Бұл спорт маған тәртіпті, табандылықты, еңбекқор болуды үйретті. Гимнастика – менің жүрек қалауым. Сондықтан алдағы уақытта да осы жолда дамып, үлкен жарыстарда ел намысын қорғағым келеді. Мүмкін, болашақ-та өз тәжірибемді балаларға көрсетіп, бапкер де болармын». 

Тарихты жаңартқан

Айтпақшы, тура бір ай бұрын Сингапурда өткен көркем гимнас-тикадан Азия чемпионатына Меруерт Балғынбаева бастаған Қазақстан құрамасы да қатысқан еді. Бұл жолы да қыздар Оңтүстік Корея мен Өзбекстан құрамаларынан оза шауып, топтық жаттығуда алтын медаль жеңіп алған. Бұған дейін біздің гимнасттар Азия чемпионаттарында жекелеген жаттығуларда жүлдегер атанғанымен, топтық көпсайыс бойынша ешқашан чемпион болмаған. Бапкердің «Izumrud» гимнастика мектебінің Астана және Алматы қаласында бөлімшелері бар. 

«Көркем гимнастикада жақсы жетістікке жету үшін кем дегенде 10 жылдан астам уақыт керек. Мектебімде 80-нен аса жаттықтырушы бар. Оның 50%-ы өз шәкірттерім. Бұған дейінгі шәкірттеріммен де әртүрлі жарыстарға қатысып, халықаралық байқауларда жеңіске жеткенбіз. Бізді елде күтіп отырған спортшылармен жаттығуымызды күшейтіп, келесі жарыстарға дайындаламыз», – дейді Меруерт ханым.

Мінекей, тарихты жазып жүрген жан алыста емес, жанымызда жүр екен. Жас гимнасттардың бойына білім мен тәртіпті, патриоттық сезімді дарытып жүргеніңізге алғыс білдіреміз. Бәлкім, болашақта Ақмарал мен Айғаным да Нариман Құрбанов ағалары сияқты олим-пиада чемпионы атанар, кім білсін... 
               

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

 

178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор