- ҰЛАН
- 01 Шілде, 2025
Рахаңның алақай жырлары мен киелі малақайы

Қазақ балалар басылымының қара-шаңырағы – «Қазақстан пионері», бүгінгі «Ұлан» газетінде шығармашылық өнерге құштар бір топ ақын-жазушы, журналис еңбек етті. Біз өзімізді Фариза Оңғарсынованың шекпенінен шықтық десек, кейінгі толқын журналистер Бейбіт Қойшыбаев пен Уәлихан Қалижановтың қаламынан шыққан, тәрбие-тәлімінен үлгі алған қаламгерлер-тін.
Рахымжанды аға тұтып «Раха» деп айтатынбыз. Оның үстіне елімізге танымал ақын, Жетісу өңіріне белгілі журналист. Өлеңдері республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұратын. Өте ақкөңіл, бауырмал, елгезек жан еді. Жасы үлкен-дігін міндетсінбей, редакцияның берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындап жүретін.
Әлі есімде, желтоқсан көтерілісінен кейін балалар мен жастар басылымдарына бақылау күшейтілді. Ай сайын Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне атқарған жұмыстарымыз, газет көтерген маңызды мәселелер туралы кеңейтілген есеп береміз. Тексеріс, аттестация дегенің қарқынды белең алып, ойдан-қырдан жиналған көсемсымақтар, газет жұмысы, жастар тәрбиесі ойларына кіріп те шықпайтын «шолақ белсенділер» өз бақылауына алуға тырысты. Сондай мазасыз кезеңдерге бой бермей, мектеп оқушыларының Республикалық ақындар айтысын, футболдан «Қазақстан пионері» газетінің жүлдесі үшін жарысты, тағы да басқа көлемді іс-шаралар өткіздік. Алғашқы ақындар айтысын ұйымдастыруды Алматы облысы, Бақанас ауданына қарасты Қаратал орта мектебінен бастадық. Қателеспеппіз, мектеп ұстаздары, олар тәрбиелеген шәкірттер өнерге құштар, қазақи салт-дәстүрлерді жақсы білетін, он саусағынан өнері тамған балалар екен. Осы іс-шараны ұйымдастыруға ауданға әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Сәбит Дүйсенбиев пен әдеби қызметкер Рахымжан Өтегеновті жібердік. Рахаң Алматы облыстық «Жетісу» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен, ауданның тыныс-тіршілігін, басшыларын жақсы білетін. Мектеп ұжымы біздің ұсынысымызды қуана қабылдап, лезде дайындық жұмысына кірісіп кетті. Ал, балалардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу тіпті қиын еді.
Оқушылардың өнер сайысына дайын-дығы туралы хабарды жігіттер күн сайын баяндап отырды. Салтанатты күн жақында-ғанда Алматыдан бір топ газет қызметкері мектепке келдік. Дайындық барысына көңіліміз толды. Ертеңгі іс-шараның жақсы өтетініне сендік. Өйткені бұл байқау Республика көлемінде өтетін ең алғашқы іс-шара еді. Балалар айтысы, өнерпаздардың ән-күйлері тамаша шықты. Біз Қаратал мектебі ұландарының талабына таң қалдық. Олар айтыс өнеріне деген құштарлығын, сондай-ақ, салт-дәс-түрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды жетік білетіндігін көрсетті. Ән айтылды, күй тартылып, би биленді. Сол күні Бақанас ауданы мереке құшағында қалқып жүргендей болды. Осы іс-шараның басы-қасында жүрген, жоғары деңгейде ұйымдастыра білген ақынжанды азамат Рахымжан Өтегеновтің еңбегі ерекше еді.
...Қай жылы екені есімде жоқ, бірде Алматыдағы концерт залдарының бірінде «Отырар сазы» этнографиялық сазды оркестрінің концерті өтіп жатты. Атақ-даңқы жер жаратын Нұрғиса Тілендиев терлеп-тепшіп, басқарып тұрған. Бір кезде оркестр кезекті шығарманы орындап болғаны сол еді залдан:
– Нұраға! Енді «Аққуды» орында! – деген гүрілдеген дауыс шықты. Бәріміз аңтарылып қалдық. Нұрағаңның ойын бөліп, концертік бағдарламасына «түзету» енгізу мүлдем мүмкін емес нәрсе еді.
Бәріміз дауыс шыққан жаққа қарап, айқайлаған адамды іздей бастадық.
– «Аққуды»! – деді әлгі дауыс жаңағы ойын қайталап. Көзімізге Мұқағали Мақатаев ағамыз оттай басылды. Өршіл ақынның қайсарлығын, айтқан ойынан қайтпайтынын жақсы білетінбіз. Бірақ «Отырар сазының» концертін тоқтатып қояды деген ойымызға келмепті.
Әшейінде қарсы шыққанды қағып тастайтын Нұрағаң залға сабырлы кейіппен бұрылды да:
– Қайсы «Аққуды»! – деді жұмсақ үнмен.
– Өзіңнің «Аққуыңды», – деді Мұқағали қасқайып тұрып.
Нұрағаң сөзге келген жоқ. Оркестр «Аққуды» орындады.
Осы оқиға көпке дейін есімнен кетпеді. Бұл екі Ұлы адам – бірі ақын, екіншісі күйші, композитор, дирижердің ұлы дос-тығының, сыйластығының белгісіндей еді...
Осы бір көрініс есіме түскен сайын Бақанастағы балалар айтысындағы мына оқиға ойыма оралады. Мектеп өнерпаздарының айтысы қызған шақ. Бір кезде Рахаңа көзім түсті. Мұңайып, көңілсіз отыр екен. Әсте шаршаған болуы керек. Бір апта бойы жүгіру, осындай жауапты іс-шараны ұйымдастыру оңай емес қой.
Байқау аяқталар кезде орнымнан тұрып, іс-шараның төрағасы, әрі «Қазақстан пио-нері» газетінің бас редакторы ретінде:
– Достар! Осы мерекелік кештің жақсы өтуіне бірден-бір себепші, газеттің тілшісі, ақын ағаларыңды сахнаға шығарып, бір
өлең оқып беруін сұрайық, – дедім. Зал ду көтерілді. Рахаң мұндай құрметті күтпеген болар, қысылып, ыңғайсызданып қалды. Балаларға қызық керек, шапалақтарын аямай ұрып жатыр.
– Әлгі, өзің жақсы көретін қалпағың жайлы өлеңді, – дедім Мұқағали ағамдай даусымды көтере.
Өлең десе делебесі қозатын, шешіле де көсіле сөйлеп үйренген ақын емес пе!
Рахаңды енді тоқтатып көр!
Мен шегелей тапсырған өлең «Ұя» балладасы еді. 50–60 жыл-дардағы ауыл балаларының өмірі. Соғыстан кейінгі қиыншылық кез. Қуалай тебетін теңбіл доптың жоқтығы. Ал, Рахаңның бар ермегі анасы тігіп берген тымақ. Баскиім қастерлі саналғанымен ауылдың бар баласының ермегі сол баскиім бола-тын. Әуелетіп лақтырып, жарыса қағып алатын. Шөлдесе сол тымағымен арықтан су алып, жабыла ішетін. Бірде ойнап жүріп, әуелете лақтырған баскиімі ағаштың басына ілініп қалмасы бар ма? Қанша әрекет жасағанмен ала алмайды. Бала көңілде аңыздай сақталған баллададан үзінді ұсынуды жөн кердім.
...Көп ойынмен қоштасып,
талаптанып,
Мектепке де бардық біз балақ қағып.
Тал қасынан бір күні өткен едім,
Жатты құстар бөркімнен
қанаттанып.
Қарамастан шыққан бір қалақайға,
Басып жүрмін сол жерде алақайға.
Бала тұрмақ, үлкендер қарай қалған,
«Не болған, – деп, – мына бір
балақайға».
Садан кейін көңіл де жайланыпты,
Күліп жатыр анам да, қайдан ұқты?
Менің бөркім, бір кезгі сыйсыз бөркім,
Ұясына құстардың айналыпты.
Қалғандығын солайша жөн көріп пе ем,
Тұрыппын-ау біреуге қол беріп мен.
Айналайын анамның махаббаты –
Қанша құсты ұшырды сол бөріктен.
Сол бір сәтті есіме жиі аламын,
Тентектігім үшін де ұяламын.
Менің бөркім сияқты сезіледі
Көрген кезде құстардың ұяларын.
Ақын жігіт қошеметтің ортасында қалды. Шындығында да бүгінгі кездесу Рахаңның нағыз жұлдызды күндерінің белгісіндей есімізде қалды.
Жылдар өтті. Баспагер ретінде Нұрғиса Тілендиевтің төрт ән кітабын шығару құрметіне ие болдым. Нұрағаң мен Мұқағалидың шығармашылық бірлестігі туралы қаншама естелік бар. Дариға Тілендікелінімен сөйлесіп, Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық бірлестігін сұрағаным бар. Сол бір қуанышты, есте қаларлық кездесулер туралы Дариға жеңгемнің әңгімелері таусылмайтын еді. Әттең, жақында алтын жеңешем де өмірден өтті...
Біз одан соң Қызылорда облысы, Шиелі ауданында мектеп оқушыларының ақындар айтысын өткіздік. Осы іс-шараны ұйымдастыру барысында Қазақ әдебиетінің жанашыры, ғалым Мардан Байділдаев ағамыз көп еңбек сіңірді. Газет қызмет-керлері Сәбит Дүйсенбиев, Дүйсен Мағлұмов, Зейнел Үйсінбаев балаларды жігерлендіріп, апта бойы жұмыла кірісті. Бұл жолы да жеткіншектер тамаша өнер көрсете білді. Араға күндер салып, сол ауданның өрендерін Алматыға шақырып, «Қазақстан» телеарнасынан бір сағаттық хабар ұйымдастырдық. Балаларды эфирге дайындаған, өлеңдерін пысықтатқан Рахаң болды.
Орайы келгенде мына бір оқиғаны айта кетуді жөн көрдім. Сексенінші жылдардың басында Алматыда саусақпен санарлық қазақ мектебі болды. Сатирик-жазушы, ұлт жанашыры Шона Смаханұлы ағамыз апта сайын редакцияға келіп, ақын-жазушы жігіттерді ұйымдастырып, қала аудандарын аралайтын. Тұрғындардың балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттейтін. Олар аулаларда кездесулер өткізді. Көпбалалы отбасылардың үйіне барып, ата-аналармен сөйлесті. Міне, осындай іс-шаралардың арқасында қазақ сыныптары, мектептері ашыла бастады. Осы жұмыстардың бел ортасында Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков және Рахымжан Өтегенов жүрді. Сол бір қиын-қыстау кезде, Совет одағының, Коммунистік партияның қылышынан қаны тамшылап тұрған кезде қазақ мектебін ашу, ұлттық мектептерге балаларын беру қиынның қиыны еді. Оны үкімет былай тұрсын, қазақтардың өзі толық түсінбейтін, қолдамайтын-ды. Қазір ойлап отырсам, Шона Смаханұлы ағамыз бен менің әріптестерім үлкен ерлік жасап, маңызды жұмыс істепті.
Жуырда Сапарғали Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасына бардым. Кітап сөресінен Рахаңның жарты алақандай төрт туындысын көрдім. Көзіме оттай басылды. Олар «Ақ шуақ», «Көңіл көктемі», «Күтіп жүрмін көктемді», «Жырлайды жүрек» кітаптары еді. Парақтай бастадым. Балаларға арналған, мөп-мөлдір өлеңдер. Кезінде Рахаңның қадірін білмеппіз. Әр туындысы ерекшеленіп, жеткіншек ұрпақты отан-сүйгіштікке, ізгілікке, достыққа жетелеп тұрғандай. Тілі шұрайлы, көркем, мар-жандай тізілген. Оқи бергің келеді. Нағыз өміршең туындылар.
«Қазақстан пионері», бүгінгі «Ұланда» қызметтес болған әріптестерімнің кейбірі өмірден өтті. Жүрегімде сақталғаны Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков, Рахымбай Ханалы, Рахымжан Өтегенов, Дидахмет Әшімханұлы, Болат Қанатбаев, Алпысбай Шымырбай мен Жолдасбек Дуанабайды ерекше еске аламын. Біздің жастық шағымыздың, шығармашылық биігіміздің куәсі болған Алматыны тамашалап жүріп, аспанмен тілдескен емен-теректерге көз саламын. Ойлаймын да сол ағаштардың бірінде: «Рахаңның немере-шөберелерінің қалпағы ілініп тұрған жоқ па?» дегендей үміттене қараймын...
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,
публицист, жазушы

147 рет
көрсетілді0
пікір