• ҰЛАН
  • 01 Шілде, 2025

Павлодарлық студенттер сирек кездесетін құс тұқымдарын өсіреді

Павлодар облысында ауылшаруашылығы саласына жаңаша көзқараспен қарап, білім мен кәсіпті ұштастырып жүрген жастар бар. «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің ветеринария мамандығында оқитын студенттер Меруерт Жаныс, Берікбек Хайрм және Нұрсұлтан Сүңгібаев сирек кездесетін құс тұқымдарын өсіріп, оқумен қатар, болашақ табысты кәсіптің іргетасын қалап келеді. Жас мамандарға арнайы хабарласып, жобалары туралы сұрап-білдік. 

Жоба қалай басталды?

Студенттердің айтуынша, бұл бастама кездейсоқ пайда болмаған. Құс шаруашылығына қызығушылық бала кезден бар.
Ал колледж қабырғасында білім ала жүріп, бұл қызығушылық кәсіби бағытқа айналды. Қазір олар «Агрохаб» оқу жобасы аясында «Брама», «Джерсий гиганты» және «Кучинск» тұқы-мындағы 60-тан астам үй құсын өсіріп отыр.

– Біз – «Ветеринария» мамандығында оқимыз. Бұл жоба бізге ең алдымен жауапкершілікті үйретті. Құстарға күтім жасау, олардың
тамақтану рационын қалып-тастыру, ауру-сырқаудан сақтау, инкубациялық процесті бақылау – мұның бәрі нақты кәсіби тәжірибе. Қазіргі істеп жүрген жұмысымыз болашақ кәсібімізге айналуы әбден мүмкін, – дейді студенттер. 

Құс шаруашылығына арналған тұқымды таңдағанда сту-денттер бірнеше факторды ескерген: өнімділік, жергілікті климатқа бейімділік, ауруға төзімділік және сыртқы пішіні. Таңдау дәл осы үш тұқымға түсіпті.

– «Брама» мен «Джерсий гиганты» – етті бағыттағы ірі тұқымдар. Ал «Кучинск» – ет және жұмыртқа бағытындағы өнімді тұқым. Бұл құстардың барлығы ауа райының құбылмалы жағдайына бейім, күтімі де күрделі емес, – дейді Меруерт Жаныс. 

Құстарға қандай күтім қажет?

Студенттердің айтуынша, жұмыртқаны салғаннан бастап балапанның жарыққа шығуына дейінгі барлық процесс өздерінің бақылауында. Қазір олар алғашқы партияны өсіріп қана қоймай, құстардан алынған жұмыртқаларды қайтадан инкубациялау арқылы жаңа балапандар өсіріп жатыр.
Инкубация заманауи инкубаторларда, температура мен ылғал-дылық толық автоматты түрде реттелетін жүйеде өтеді.

– Біз овоскоп көмегімен жұмыртқаларды зерттеп, жарамсыздарын іріктейміз. Барлық биологиялық және технологиялық процесті қатаң бақылауда ұстаймыз, – дейді Нұрсұлтан Сүңгібаев. 

Колледж жанындағы оқу шаруашылығында құстарға арналған арнайы қора бар. Онда жылу, жарық, желдету және санитарлық тазалық толық сақталады. Ересек құстар мен балапандарға арналған жемдер бөлек беріледі. Оларға қажетті минералдар мен дәрумендер қатаң тәртіппен беріледі. Бұл – құс денсаулығы мен өнімділігі үшін маңызды фактор.

– Қазір бізде 67 құс бар. Балапандарға стартерлік жем, ал ересек тауықтарға жоғары сапалы дайындалған жем беріп отырмыз. Барлық құсқа арнайы кесте бойынша күтім жасала-ды, – дейді Берікбек Хайрм.

Алдағы жоспарлар қандай?

Студенттердің бұл жобасы колледж ұжымының, оқытушылар мен құрдастарының қол-дауына ие болған. Олар облыс әкімінің қатысуымен өткен «Мамандық FEST» кәсіби көрмесінде жобасын таныстырып, келушілердің ерекше қызығушы-лығын тудырған. Сонымен қатар, колледжге келушілерге экскурсиялар ұйымдастырылып, студенттер тәжірибесін басқаларға айтып беріп жүр.

– Бұл тек құс өсіру ғана емес, сонымен қатар өз-өзіңді таныту, жобаны көпшілікке жеткізу, пікір алмасу, тәжірибе жинау дегенді білдіреді. Мұндай
жобалар маман ретінде қалып-тасудың тамаша үлгісі, – дейді олар.

Жас ветеринарлардың жос-парлары да ауқымды. Олар бола-шақта қой шаруашылығына, нақты айтқанда «Романов» тұқымды қой өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазіргі жобаларын тұрақты кәсіпке айналдыру – басты мақсаттарының бірі.

– Қазірден бастап болашақ-қа негіз қалаудамыз. Білім ала жүріп тәжірибе жинау, кәсіпке ерте араласу – үлкен артықшылық. Бастысы – сенім мен ниет. Қазір бізге басқа студенттер де қызығушылық танытып, атсалысқысы келіп жатыр. Бұл біздің дұрыс бағыт-та екенімізді көрсетеді, – дейді Меруерт Жаныс. 

Ең маңыздысы – қорықпау

Жас мамандардың ауыл-шаруашылығына бет бұрып, кәсіптік бағытта дамуы – елі-міздің агро саласындағы кадрлық әлеуеттің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Олар өз қатарластарына да нақты кеңес айтады:

– Ең маңыздысы – қорықпау. Бастама көтеріп, соны аяғына дейін жеткізу керек. Қазіргі заманда ауылшаруашылығы – үлкен мүмкіндіктер алаңы. Қаласаң, оны табысты кәсіпке айналдыруға да болады.  
Осылайша, «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері оқу барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, нақты іспен айналысып отыр. Олардың тың жобасы – ауылшаруашылығы саласын жаңғыртудың, жастардың бұл салаға деген қызығушылығын арттырудың жарқын үлгісі. Жас мамандардың бұл бастамасы – тек жеке жетістік емес, сонымен бірге ауылдық өңірдің дамуына қосылып жатқан нақты үлес.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл бастамалар 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі жол картасы аясында қолдау тауып отыр. Колледждер базасында студенттердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған «Business Startup» орталықтары құрылып жатыр. Айта кетерлігі, еліміз бойынша колледж студенттері 700-ден астам стартап-жоба мен бизнес-идеяларды жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаларға суару жүйелері, экологиялық шешімдер, IT өнімдері және басқа да салалар кіреді.

Олжас ПАВЛИК 

122 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор