- ҰЛАН
- 17 Маусым, 2025
ҚАРАПАЙЫМ ҮЗДІКТЕР

Мамыр-маусым айлары әрбір түлек үшін маңызды сәттерге толы. Бірі мектеп бітірсе, екіншісі дипломы бар маман атанып жатады. Өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басу үшін біраз еңбектенеді. Сондай маңызды қадамның бірі – ҰБТ. Емтихан – өмірдің соңы емес, бірақ жоғары білім алуымызға көмектесетін көрсеткіш. Бақ пен бап қатар шабатын уақытта бірі шыңға жетсе, екін-шісі діттегеніне сәл жете алмай, үнсіз күрсінеді. Ал түркістандық Жәнібек Әбілхан қазір барлық түлекке сол шыңнан қол бұлғап тұр. Себебі ҰБТ-дағы ең жоғары көрсеткіш 140 баллды толықтай иелене алды.
Жәнібек – Ордабасы ауданын-дағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Бізді білімі, еңбекқорлығымен ғана емес, қарапайымдылығы әрі сабырлы мінезі арқылы тәнті етті. Жоғары ұпайымен мақтанғысы келмейді екен. Сондықтан анасы Гуля Мүсілімқызымен байланысып, ұлы туралы сұрап көрдік.
«Жәнібек кішкентай кезінен техникаға, технологияға қызықты. Легодан неше түрліні құрастыратын. Бірақ мінезі сәл тұйықтау. Бар білгенін миына жинап, өзінде сақтап жүреді. Мұғалімдері де «тұйықтау болғанымен, балаңыздың интеллекті мықты» дейтін. Сөйтіп математика-информати-ка пәндерін таңдап, былтыр шілде айынан бері Eduser курсын онлайн оқып, дайындалды. Әрбір ата-ана баласының грант жеңіп алғанын қалайды ғой. Біз де «грантқа түсуің керек, балам» деп мотивация беріп отырдық. Инстаграмда, жалпы әлеуметтік желіде көп отырмайды, белсенді жүргізбейді. Мұғалім-дердің видеоларын көріп, білім алу үшін ғана қолданды. Ноутбугі де ескі еді. Қолындағы барын пайдаланды», – дейді анасы.
Биыл ҰБТ 16 мамырда бастал-ды. Жәнібек болса 3-күні, 19 мамыр түстен кейін емтиханға кірген. Анасы таңертең баламды шығарып салдым, кейін кешкі 6-ларда «мама, 140 алғансың ғой» деп жазып жіберіпті, тіпті хабарласпады дейді. Айта кету керек, Жәнібек ҰБТ-ны барынша ерте тапсыруға тырысқан. Себебі:
«Айдос ағайы, курстағы мұғалімі «кім ҰБТ-дан бірінші болып 140 ұпай жинайды, соған оқуға түскен қаласынан пәтер алып береміз» деп мотивация беріп жүріпті. Өзі де тестті ертерек тапсыруым керек деп жүрді. Ағайының бұл сөзін бізге айтқан кезде «жақсы екен, саған бұйырсын» деп айтып қойғанбыз. Сол сөзіміз шындыққа ұласып кетті. Жоғары ұпай жинағанын білген соң «шын ба?» деп қайта-қайта сұрадым. Шын, шын деп қояды. Қуанып, бәрі сүйінші сұрап кетті. Дегенмен қатты дайындалды. Кейінгі кездері тамақ ішпей, бар назарын сол жаққа аударды. Қыдыру, демалу дегеннің бәрін шетке ысырып қойды. Әдетте балалар тиіп-қашып дайын-далады ғой. Негізі әр бала ертерек қимылдап, жүйелі түрде дайындалса, жоғары нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Негізгі іргетасын мектеп қалады. Барлық ата-ана осындай қуанышқа бөленсе екен деп тілеймін»
Гуля ханым ұлының Астанаға оқуға түскенін қалайды екен. Әлі университет пен білім беру бағдарламасын таңдамапты. Мектептегі, курстағы ұстаздарына және білім жолын таңдаған ұлына алғысын білдіреді. Айтпақшы, Жәнібек бес баланың екіншісі. Артынан ерген іні-қарындастарынан да жақсы нәтиже күтетінін айтты.
Жәнібекпен қатар, астаналық Аида Марбек те жоғары ұпай жинады. Ол қазақ тілі мен әде-биеті комбинациясын таңдап, 139 ұпайды қанжығасына байлады. Аиданың ішінде «әттеген-айлар» болып жатыр ма екен, бірге білейік.
«Мен Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom School мектеп-лицейінің түлегімін. Шынымды айтсам, бастапқыда өз көзіме сенбедім.
Нақты қай сұрақтан қателес-кенімді көргеннен кейін «қап, әттеген-ай» мен «жарайды, ештеңе етпейді» деген сезім-дер аралас болды. 1468 жылы Әбілқайыр қайтыс болған соң, «Өзбек хандарының иеліктерін-де берекесіздік пайда болды» деген пікірдің авторы сұралған болатын. Сұрақты қиын, күрделі деп атамас едім, қобал-жығаннан жауабын ұмытып қалған болармын. Қалай болса да, емтихан кезінде ойыма «Рузбихан» деген жауап келмеді», – дейді ол.
Ол болашақта біліммен қатар тәлім-тәрбие, рухани азық беретін мұғалім боламын дейді. Ол бала кезгі арманы екен. SDU университетіне түскісі келеді. Айта кету керек, жоғары ұпай жинап жатқан түлектер саны жылдан жылға артып жатыр. Былтыр Жаннұр, Айым, Абзал есімді түлектер қатарластарынан оза шапса, биыл наурыз айында Санжар Қуандық есімді жігіт түлектердің арасында әбден танымал болды. Ол да қазақ тілі мен әдебиетін таңдап, мұғалім боламын деген еді. Аидаға аға-әпкелерінің жетістігі үлгі болған сияқты...
«Былтырғы түлектер бұрын мүмкін емес болып көрінген нәтижелерге жету мүмкін екенін дәлелдеді. JUZ40 оқу орталығына тіркелгенде сол нәтижелерді қайталауды мақсат еттім. Оқу барысында ол маған үлкен мотивация болды. Екінші ҰБТ-ны тапсырамын. Әдебиет бойынша дайындалсаң, оқулықтағы ақпаратты жаттап қою ғана жеткіліксіз. Тест сұрақтары берілген шығармадағы кейіпкерлердің әрекеті, диалогтеріне қарап маңызды детальдерді байқау мен терең анализ жасай білуді талап етеді. Тілге келетін болсам, ережелерді жаттаумен қатар оларды түсіну қажет. Екі пәнге де берер кеңесім – критикалық ойлауды, логикалық шешімдерді талап ететін стандартты емес сұрақтарға жауап беру үшін сәйкес қабілеттерді дамытқан жөн. Қойылған сұрақты түсіну мен оған дұрыс жауап беру де соған байланысты», – деп Аида түлектерге кеңес берді.
Бір қызығы, Аида мен Жәнібекті әлеуметтік желіден таба алмадым, байланысу үшін біраз жерден сұрастардым. Сөйтсем екеуі де бар уақытын дайындыққа арнайды екен. Бірақ арасында 1-1,5 сағат далада серуендеу мен уақытылы тынығуды ұмытпаймыз дейді.
Жылдан жылға білім беру орталықтары өз түлектерін әртүрлі сыйлықтар арқылы қуантып жатыр. Былтыр Жаннұр Еңсебекке JUZ40 орталығы 18 миллиондық көлік сыйласа, биылғы 140 балл иегеріне 35 миллиондық көлікті сыйлаймыз деп отыр. Орталықтар бір-бірінен асып түспесе, кем емес. Бұл түлектерге жақсы жағынан әсер етіп, оқушылар сыйлық емес, сапалы білім алу үшін тырысып бағады деп сенеміз. Негізгі ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасады. Бәріңе сәттілік тілеп, Жәнібек пен Аиданың жолын берсін деп тілейміз.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

435 рет
көрсетілді0
пікір