- ҰЛАН
- 17 Маусым, 2025
МИНУТЫНА 17 МЫҢ СӨЗ ОҚИМЫН

Ақтау қаласындағы «Жайсан бала» мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Самир Валерий – жылдам оқу техникасын меңгеріп, өз нәтижесін тұрақты түрде жақсартып келе жатқан оқушы. Оның қазіргі көрсеткіші – минутына 17 мың сөз оқу. Бұл көрсеткіш жаттығу мен жүйелі еңбектің нәтижесі дейді өзі. Кейіпкерімізбен хабарласып, жылдам оқудың қыр-сырын сұрадық.
Самир 11 жаста. Тарих пен математи-каны жақсы көреді. Сабақтан тыс уақытта спортпен, музыкалық аспаптарды меңгерумен айналысады. Бос уақытын тиімді пайдалануға тырысады. Жылдам оқуға қызығушылығы 2023 жылдың жаз мезгілінде пайда болған. Сол уақыттан бері жаз сайын арнайы жаттығулармен шұғылданып келеді. Алғашқы нәтижелері аса жоғары болмағанын айтады.
– Екі жыл бұрын минутына 90 сөз оқи алатынмын. Бұл мен үшін үлкен көрсеткіш емес еді. Кейін ата-анамның қолдауымен жылдам оқуға арналған орталыққа бар-дым. Онда түрлі жаттығулар мен әдістерді үйрендім. Уақыт өте келе нәтижем жақсара бастады, – дейді Самир.
Ол қазіргі деңгейге жету үшін ұстаз-дарының қолдауы мен өз ынтасының маңызы зор болғанын айтады. Жылдам оқумен қатар, оқыған материалды толық түсініп, есте сақтап қалу қабілетін де дамытқан. Бұл мақсатта «эффективті жылдам оқу» және «феноменді есте сақтау» тәсілдерін қолданады.
– Мысалы, феноменді есте сақтау әдісінде әрбір ақпаратты белгілі бір затпен байланыстырып есте сақтаймын. Бір санын пышаққа, екі санын аққуға, үшті тырнаның басына ұқсатып, солай есімде қалдырамын. Бұл әдіс ақпаратты ұзақ уақытқа сақтауға көмектеседі, – дейді ол.
Самир күн сайын бір сағат уақытын оқу мен жаттығуға арнайды. Оның айтуынша, жылдам оқуды меңгеру үшін көздің жанама көру қабілетін дамыту керек. Осы мақсатта Шулте кестесімен жұмыс істейді. Бұл әдіс көздің тек тура қарау ғана емес, шеткі нүктелерді де көру қабілетін арттырады.
– Шулте кестесі – мен үшін негізгі құралдардың бірі. Алғашында қиын болғанымен, уақыт өте келе көзбен қатар, ми да бейімделе бастайды. Соның арқасында кітаптың тек ортасына қарап, оның екі шетін де көріп оқуға дағдыландым, – дейді оқушы.
Қазір Самир бір-екі сағат ішінде көлемді кітаптарды оқып бітіруге дағдыланған. Ал 100-150 беттік кітаптар үшін жарты сағат жеткілікті. Оқу барысында көбіне мотивациялық, спорт және музыка тақырыптарындағы кітаптарды таңдайды. Оның айтуынша, бұл тақырыптар өзіне жақын әрі қызықты.
Жылдам оқу оған мектеп бағдарлама-сындағы пәндерді де оңай меңгеруге көмектескен. Ақпаратты тез қабылдау, тапсырмаларды уақытында орындау дағдысы қалыптасқан. Қалалық және аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Оқу үлгерімінің де жақсы екенін айтады.
Болашақта Самир өз қабілетін тек жеке деңгейде емес, өзгелермен бөлісу арқылы пайдаланғысы келеді. Қазірдің өзінде туыстарына, достарына оқығанын түсіндіріп, кейбір техника түрлерін үйретіп жүр.
– Болашақта менің деңгейімнен де жоғары оқушыларды дайындағым келеді. Қазір оқуды үйреніп жатқан достарыма кей әдістерді айтып беремін. Бірге жаттығамыз. Бұл мен үшін тек өзімнің жетістігім емес, өзгеге де көмектесуге мүмкіндік, – дейді ол.
Мамандық таңдауда да Самирдің бірнеше бағыты бар. Ұшқыш болғысы келеді. Сонымен қатар спорт саласы мен музыка да оны қызықтырады. Қазіргі уақытта домбыра, гитара, фортепиано, пианино және укулеле аспаптарында ойнайды. Вокалмен де айналысып жүр.
– Түрлі саланы қатар дамытқым келеді. Бір бағытпен шектелгім келмейді. Қазірше өзімді сынап көру кезеңіндемін. Музыка да, спорт та, оқу да қатар дамып келе жатыр, – дейді Самир.
Басқа оқушыларға кеңес ретінде ол ең алдымен мақсат қою мен жүйелі еңбекті атап өтеді.
– Жылдам оқу – табиғи қабілет емес. Бұл – жаттығумен келетін дағды. Егер біреу бұл бағытты бастаймын десе, Шулте кестесінен бастауды ұсынар едім. Кітап оқу – адамның ойлауын кеңейтеді, есте сақтау қабілетін жақсартады, – деп ойын түйіндеді кейіпкеріміз.
Олжас ПАВЛИК

428 рет
көрсетілді0
пікір