• ҰЛАН
  • 17 Маусым, 2025

ТАУҒА ШЫҚҚАНДА НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Қазақстандағы ең биік шың – Хан-Тәңірі. Ол теңіз деңгейінен 6995 м (мұз жамылғысын қоса есептегенде 7010 м) биікте орна-ласқан. Осы шыңды көру үшін жыл сайын жүздеген адам тауға аттанады. Олардың басым бөлігіне жол көрсетіп, сақтық шараларды қамтамасыз ететін мамандар – кәсіби гидтер. Жақында сондай гидтің бірімен әңгімелесіп, тауға сапардың қыр-сыры туралы сұрап білдім. Әділмұрат Нағашбеков – «Қазақстандағы тау гиді ұлттық қауымдастығының» мүшесі. Ол тау әлемін жақсы білетін кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар саяхатшыларға, тауға алғаш баратындарға қауіпсіз әрі ұмытылмас сәт сыйлайтын адам.
 

– Тауға шығуға қалай дайындалу керек? 
– Біріншіден, тауға шықпас бұрын дайындалып, саяхатыңызды жоспарлап алу өте маңызды. Себебі, барлығын алдын ала жоспарласаңыз, саяхат кезінде қауіп-қатер азаяды. Шыңға шығуға, тауға жәй серуендеуге дайындықсыз барудың соңы өкінішті жағдайға алып келуі мүмкін. Сондықтан, жоспар құру өте маңызды. 
Алдымен, сіздің тауға неліктен барғыңыз келетінін түсініп алу керек. Мақсатыңызды анықтап алған соң, саяхатыңызды жоспарлайсыз. Біріншіден, бағытты біліп, оны зерттеу қажет. Уақыт, қашықтық, жол бағдары тіпті үйден қай уақытта шығу керегін және қайдан бастау керек екенін алдын ала біліп алу қажет. Әдетте, тауға неғұрлым ерте шықсаңыз, соғұрлым артықшылығы мол болмақ. Айтатын кеңесім, әрқашан таңертең ертерек бастаңыз. 
Келесі қадам – арнайы қосымшалар арқылы таудағы ауа райын тексеру. Тауда ауа райы өте жылдам өзгереді. Сондықтан бұл жағдайға да дайын болу керек. Қосымша киім және ауа райы күрт өзгерген жағдайда қажет деп артық заттар алып жүрген жөн. Киім таңдағанда биіктікке сәйкес киіну керек. Тауға шыққанда бірнеше қабат киім болғаны тіпті жақсы. Егер күн ыстық болса киіміңізді шешіп, ал ауа райы салқын немесе жел болса, жылдам жылы киімдеріңізді киіп аласыз. Дұрысы – спорт киімдері.
Соңғы қадам – қанша уақытқа тауға баратыныңызды білген соң, азық-түлікті жоспарлау керек. Мәселен, тауда бір күн болам десеңіз, сол бір күнге жететіндей киім мен тамақ алыңыз. Төтенше жағдай үшін азық-түлік ала жүрген де артық болмайды.
Жоспарыңызды аяқтаған соң, оны толықтай отбасыңызға немесе достарыңызға айтып қоюыңыз қажет. Олар сіздің қайда баратыныңызды, қашан ораларыңызды біліп отырғаны маңызды.
– Көп адам тауда тамақта-нады, алайда артынан жинамай, қоқыс тастап кететіндер де бар. Бұл қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Бұл мәселе туралы ойыңыз қандай?
– Иә, таудағы экологиялық мәселелер өте күрделі. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен мәселе болып тұр. Әсіресе, биік жерлерге шыққанда. Өйткені биік таулы аймақтарда бактериялар, табиғи түрде қоқысты ыдырататын ештеңе жоқ. Мысалы, 4000 метр биіктікте тіпті банан қабығы да шірімейді. Сондықтан бұл жағдайда ең маңыздысы – қоқыс салатын қап алып жүру. Бұл – бірінші ереже. 
Екінші, экологиялық мәселе-лерді азайту үшін адамдарға қоқыс қалдыру дұрыс емес, бұл табиғатқа зиян екенін үйрету керек. Әрине, егер әр адам артынан қоқысын тастап кетсе, бірнеше жылдан кейін таулар үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Содан ешкім тауға барудан ләззат алмайды. 
Үшінші, қазір ерікті, волонтерлік ұйымдар бар. Олар басқа-лардың тастаған қоқысын жинап шығады. Ондай адамдардың бар екеніне айрықша қуаныштымын! 
Соңғысы – бұл мен өзім де жасайтын және басқаларға да берер кеңесім: әрқашан өзіммен бірге қоқыс салатын қап алып жүремін. Жолдан қайтқанда, өзім көрген қоқыстарды жинап жүремін. Осылайша, мен басқаларға да көмектесемін. Бірақ, ең бастысы – қоқыс қалдырмау керек. Егер сіз басқалардың қоқысын жинағыңыз келмесе, ең болмаса өзіңіз қоқыс қалдырмаңыз. 
– Тауға алғаш шыға бастаған адамдар қандай қателіктерді жасайды? Оларға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Өкінішке қарай, жаңадан бастағандар көп қате жібереді. Бұл жиі кездесетін жағдай. Негізгі қателіктерді төрт топқа бөлуге болады: тамақ, ауа райы, киім және бағыт (навигация). Енді бір-бірден тоқталайық. 
Бірінші – тамақ. Тауға бірінші рет шығатын адамдар көп жағдайда жеткілікті әрі дұрыс тамақ алмайды. Кейбірі тек фастфуд алса, кейбірі тіпті оған мән бермейді. Ал дұрыс тамақтану – бұл дененің қуатын сақтап, ұзақ уақытқа көтеріңкі күй мен сергектікті сезініп жүру үшін өте маңызды. Тауда денсаулыққа пайдалы, микроэлементтерге бай тағамдар жеу керек. Әрдайым артығымен алған жөн. Мәселен, төтенше немесе шаршап қалған жағдайда ішіп-жеп қуаттанып аласыз. Сонымен қатар, міндетті түрде дәрі-дәрмек алып жүру керек. Кенеттен жағдайыңыз нашарласа немесе жарақат алсаңыз, дәрілер көмектеседі. Су мәселесі де маңызды. Жаңадан бастаушының көбі жеткілікті су алмайды. Мысалы, бір күндік жорыққа бар-жоғы 500 мл су алып шығады. Бұл – өте қауіпті, себебі ағза сусызданып, әлсіздік пайда болады. Ал тауда жүргенде мұндай жағдайға тап болу – өте қиынға соғады.
Екінші, ауа райын тексермеу. Көп адам тауда ауа райы жылдам өзгеретінін түсінбейді. Кеш шығып, тауға кешкі уақытта барса, күн күрт суытып кетеді. Ал киімдері оған сай болмай қалады. Соның салдарынан тоңып, ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан, әрдайым ауа райын алдын ала қарап, соған сай киім кию керек. 
Үшінші, навигация, яғни бағытты білмеу. Кейбір бастаушылар тауға картасыз, бағытсыз барады. Қайда бару керегін білмей, тек алға жүре береді. Бұл өте қауіпті, себебі сіз адасып кетуіңіз мүмкін. Егер бағытты білмесеңіз, картаңыз болмаса, телефонның заряды таусылып қалса, киіміңіз жеткі-ліксіз болса – бәрі бір-біріне қосылып өте қиын жағдайға алып келеді. 
Сондықтан менің басты кеңесім – дайындық, дайындық және тағы да дайындық! 

Гүлназ МҰРАТБЕК,
М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің оқушысы
Алматы облысы
Іле ауданы

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор