- ҰЛАН
- 17 Маусым, 2025
МЕЙІРЛІЛЕР ҚАНШАУ?

Менің есімім – Мейірлі. Ерекше, ешкімде жоқ, жалғыз өзіме ғана тән есім деп ойлайтынмын. Бұл ғаламда Мейірлі атты тек мен ғана бар сияқтана-тынмын. Бала кезден өз атымды ешкіммен бөліспеймін деп ойлайтынмын. Есімім ерекше ғой, әр дыбысы жүрекке жылу сыйлап тұрғандай. Біртүрлі мақтаныш сезімі де болатын. Бірақ демалыстың бір түнінде ұйқым келмей қойды.
Иә, мойындаймын, демалыс басталса болды – ұйқы режимі ауысады. Сағат түн ортасынан ауып кеткен. Қолым телефонға еріксіз қайта-қайта созыла берді. «Лентада» бірнәрсені айналдырып отырғанда, аяқ астынан ой келді:
«Менімен аттас біреу бар ма екен осы?».
Іздеу торына Мейірлі деп теріп көрдім. Сөйтсем… Оншақты аккаунт шықты. Бірақ, олар адам емес.
– біреуі массаж орталығы;
– біреуі волонтерлар клубы;
– біреуі жеке балабақша екен.
Ойлағанымнан мүлде басқа нәрсе шығып кеткен соң, еріксіз күліп жібердім.Тағы астына түсіріп, мұқият қарап шықтым. Көзім атыздай болды. Оншақты нағыз адам парақшасы шыға келді! Аузым ашылып «О-о!» деп қалдым.
Иә, иә, рас айтам. Арасында 2-3 фейк бар екен, бірақ қалғаны – stories салатын, суреттерін өңдейтін нағыз менің есімдесім. Бір сәтке ішім сыздап кетті. Өмір бойы «бірегеймін» деп келген сеніміме кішкентай ғана селкеу түсіп, «басқалармен бөлісіп тұруға тура келетін» есіміммен бетпе-бет келдім.
Менімен аттас өзі де сүйкімді, шығармашылығы да күшті қыздың парақшасы көзіме оттай басылды. Пікір қалдырып қой-дым: «Менің есімдесімнің бәрі от қой!».Таң атты. Бұл жағдай туралы есімде мүлде ештеңе жоқ. Хабарлама келді. «Уау! Сәлем. Менің аттасым жоқ деп ойла-дым». Жымидым. Таныс ой. Дәл мен сияқты ойлаған екен. Екеуміз де есімімізге деген ерекше махаббатпен өмір сүріп келген екенбіз. Бір қызығы, ол да жазуды, өлең шығаруды ұнатады екен. Сөйлесе келе, атымыз ғана емес, мінезіміз де ұқсас екенін байқадым. «Жылылықтың коды» сияқты. Атымыз бізге ұқсап тұр ма, әлде біз атымызға ұқсап кетеміз бе, білмеймін. Бірақ дәл сол түні маған бір шындық анық болды:
Есіміңді басқалармен бөлісу – ерекшелігіңнен айырылу емес. Керісінше, өзіңдей жандарды табудың кілті екен. Кейде дос табу үшін, ұйқысыз түн, қызығушылық пен бір ғана «О-о!» жеткілікті екен. Нағыз достықтың алғашқы баспалдағы екеніне кәміл сенімдімін.
Мейірлі ҚАЙСАРҚЫЗЫ,
№174 мектеп-гимназияның оқушысы,
Алматы қаласы

357 рет
көрсетілді0
пікір