- ҰЛАН
- 10 Маусым, 2025
Аңыздан анимацияға айналған Алтын адам

Әр халықтың тарихында ұлт рухын оятатын, өткен мен бүгінді жалғайтын қасиетті бейнелер болады. Есік қорға-нынан табылған Алтын адам бейнесіндегі жауынгер тәуелсіздігіміздің символына айналды десек те болады. Ал сол Алтын адам заманауи тұлға ретінде ұсынылса қалай болар еді? Оны да көруге болады. «Алтын адам» анимациялық фильмі – тарих пен технологияның, аңыз бен бүгінгінің тоғысқан жарқын үлгісі. Бұл фильм көрерменге тек қызықты оқиға ғана емес, ұлттық мұраның маңызын түсіндіретін мәдени жоба ретінде ұсынылған. Көне дәуірдегі батырдың бейнесі экранда жаңаша сипат алып, жас ұрпаққа патриоттық рух пен тарихи таным көкжиегін қалыптастырады. Толықметрлі анимациялық фильмнің тұсау-кесері мен жабық көрсетілімі 30 мамырда өтсе, 5 маусымнан бастап, халық назарына ұсынылды. Фильмнің сценарий авторлары – Тұрдыбек Майдан, Ұларбек Нұрғалым, Әннас Бағдат, қоюшы режиссерлері – Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, қоюшы суретшісі – Әміржан Қазиев, композиторы – Ұшқын Жамалбек. Жобаның мақсаты мен мәні туралы білу үшін қоюшы режиссер Тілек Төлеуғазымен аз-кем сұқбаттастық.
– Қазір төл анимациямыз шет ел туындыларымен теңесіп, ана тіліміздегі туындылар күн санап артып келеді. Қоғам тарапынан сұраныс қандай?
– Қазақ анимациясының қазіргі беталысы жаман емес. Кей қаржылық мәселелер мен анимацияға берілетін қысқа уақытты ескермегенде, жыл сайын жобалар қарқынды дамып келеді. Көрерменнің қазақша контентке сұранысы жоғары. «Алтын адамды» халық күтті, жиі сұрайтын. 2019 жыл шыққан «Мұзбалақ» мультфильмі де көрерменін тауып, түркі бауыр-ларымыздың да алғысына бөленген. Қазақ анимациясы дәл осы қарқын-мен жүрсе, әлі біраз жобаны жүзеге асырып, шыңдардан көрінері анық.
– Сіздердің ана тіліміздегі туындыларыңызды, «Балапан» телеарнасындағы үздік жобала-рыңызды көріп, тәнті боламыз. Кеше ғана «Алтын адам» атты анимациялық фильмнің тұсауы кесілді. Жобаның мақсаты қандай?
– Алтын адам – сақ дәуірінен қалған тарихи жәдігеріміз. Мақса-тымыз – оның сауытын киюге кім лайықты болған деген түпкі ойды жеткізу. «Алтын адам» деп тек оның сыртқы сауытының сапасы емес, ішкі дүниесінің де алтындай, парасаттылық пен рухқа толы екенін айтып тұрғанын көрерменге жеткізуге тырыстық. Фильмнің басты кейіпкері – Аңқыл дейтін жас сақ жауынгері. Ол өмір отын іздеп, Хан Тәңірі шыңына саяхат жасайды. Жол бойында сенімді достар табады, қауіпті қарсыластармен шайқасады және түрлі сынақтан өтеді. Бұл сапар барысында Аңқыл нағыз жауынгерге айналып, туған жерін, яғни сақ жерін жаудан қорғайды. Сонымен қатар, фильмде алтын сауыттың жасалу құпиясы әрі тарихы көрініс табады.
– Жобаны жүзеге асыру қанша уақытқа созылды және қиындықтар болды ма?
– Жобаны 1 жыл 20 күнде жасап шықтық. Фильмді дайындау барысында түрлі қиындықтар болды, алайда оны шешіп, жобаны соңына дейін алып шыққанымыз – біз үшін тәжірибе. Ерекшелігі – жоба ұйым-дастыруға 60 жастағы қариядан 20 жасар студентке дейін атсалысты.
– Алдағы уақытта қандай жобаларыңызды көре аламыз?
– Ендігі жобаны жеке қаржы-герлердің қолдауымен бастағымыз келеді. Қазір қолымызда «Күнби» атты 90 минуттық жоба бар. Оның ерекшелігі – жаңа 3Д форматтағы, тарихи оқиғаға құрылған фанта-зиялық туынды. Жоспар мен жоба көп.
Тарихи дерекке негізделіп, кеше мен бүгінгінің арасына алтын көпір орнатқан бұл анимациялық туынды – жаңа технологияның жетістігі. Ана тілімізді дәріптеп, ұлттық мұра мен отандық туындыларды бірге қолдайық, достар!
Гүлбақыт ІЗДІБАЙ,
Қызылорда облысы
Арал қаласы

233 рет
көрсетілді0
пікір