- ҰЛАН
- 10 Маусым, 2025
«Тастүлек» байқауының қорытындысы

«Біздің үйдегі дәстүр» номинациясының 1-орын иегері
ЖАН ЖЫЛУЫНА ҚҰРЫЛҒАН ОТБАСЫЛЫҚ ХИКАЯ
Отан – отбасыдан басталады. Ал менің Отаным – менің отбасым. Дәстүр – сол отанымның жүрегі. Біздің шаңырақ үлкен емес, бірақ жылуы мол, шуағы көп, мейірімге толы шаңырақ. Әр отбасының қайталанбас, өзіндік бір ырғағы, тынысы болады ғой. Біз үшін сондай ерекше ырғақтың бірі – «Отбасылық хат күндері». Бұл – әдеттегі күнтізбеде жоқ, бірақ біздің отбасы тарихының ең жылы беттерін құрайтын дәстүр. Бұл дәстүр қалай басталды дейсіз бе?
Барлығы қарапайым бір оқиға-дан басталды. Төртінші сыныпта оқитын кезім еді. Қыстың қақаған кеші. Анам жұмыстан шаршап келді. Үстіндегі пальтосы қарға малынып, беті қуқыл тартып кеткен. Бірақ ол үйге кіре сала менің жүзіме қарап жымиып:
– Саған бір хат бар, – деді. Таңғалып, анам ұсынған қоңыр конвертті қолыма алдым. Ашып қарасам, ішінде әпкемнің қолымен жазылған хат. «Мен сені жақсы көремін. Мектептегі табысың үшін мақтанамын. Мына кітап – сенің батылдығың мен ақылыңды одан әрі шыңдай түссін» – делініпті. Жанында «Оян, қазақ» өлең кітабы. Сол сәтте жүрегім біртүрлі елжіреп, көзіме жас келді. Өйткені мен сол хаттан сөзбен жеткізілмейтін махаббатты, үмітті, сенімді сездім. Содан бастап біз осы дәстүрді жалғастырып кеттік. Жылдың әр маусымында бір-бірімізге хат жазып, оған өзіміз үшін маңызды бір кітапты қоса сыйлаймыз. Ол хатта бәрі бар: өкпе де, кешірім де, тілек те, үміт те. Ең бастысы – шынайы сезім.
Бір жылы ініме хат жаздым. Ол көп сөйлемейтін, эмоциясын көрсетпейтін бала. Бірақ мектептегі бір сәтсіздігі оны қатты күйзелтіп жүргенін сездім. Хатымда: «әр адамның шын биігі – өзінен кейінгі адамға қолдау көрсетуінде. Мен саған сенемін. Бұл кітап – саған демеу. Оны оқып шыққанда, өзіңді табасың», – деп жазып, «Ақиқат пен аңыз» атты кітапты бердім.
Араға бірнеше күн салып, інім маған келіп:
– Әпке, рақмет… Сенің сөзің мен кітап мені өзгертті. Бұрын мен өзімді әлсіз санайтынмын, енді өзіме сене бастадым, – деді. Сол сәтте мен бұл дәстүрдің жай ғана ойын немесе әдемі әрекет емес, адамның жанын емдейтін рухани құрал екенін түсіндім.
Ең есте қалған хат – әкемнен алған хатым. Ол кісі қатал, сөзге сараң еді. Бірақ бірде, мен ұлттық байқауда жеңіліп, көңілсіз жүрген кезімде, әкем үнсіз ғана үстелімнің үстіне кітап қойып кетті. Қасындағы қағазда: «Қызым, жеңіс – мақсат емес, нәтиже. Ал сенің қайсарлығың – мен үшін жеңістің өзі. Бұл кітап саған өзін табуға көмектеседі» – деген сөздер жазылыпты. Кітап – «Жабайы алма» болатын. Сол шығарманы оқи отырып, мен өзіме сырт көзбен қарауды үйрендім. әкемнің көзіндегі сенімді, оның үндемей жеткізген махаббатын түсіндім. Бұл – біздің дәстүрдің ең асыл қасиеті: сөзбен емес, ниетпен, сезіммен тәрбиелеу.
Тағы бір жылы анама хат жаздым. Ол біз үшін көп нәрседен бас тартқан жан. Бір күні оған жүрек түбіндегі ризашылығымды жеткізгім келді. Хатымда:
«Анашым, сіз – біздің күн сәулемізсіз. Жұмыстан шаршап келіп, кешкі шәйда бәрімізге күліп отыруыңыз – мен үшін ерлік. Сіз – өмірдің қарапайымдылығы арқылы ұлылықты үйреткен анасыз», – деп жаздым. Ғабит Мүсіреповтың «Ақбілек» романын қостым. Ол кітап анам үшін ғана емес, бар әйел баласына арналған шабыт дер едім.
Анам кейде отбасылық дастарқан басында осы хаттарды оқып береді. Әкем үнсіз тыңдай-ды, бірақ көзіне жас келеді. Ол кісі өзі хат көп жазбайды, бірақ бір күні маған үнсіз ғана «Қызыма» деп басталатын парақ-ты ұсынды. Хатында: «Біздің дәстүріміз сендер арқылы жал-ғасады. Сен оны сақтап қалсаң, біз де тарихта қаламыз» – деп жазыпты. Бұл сөздер менің жан-дүниемде жаңғырып тұрып алды. Сол сәттен бастап мен бұл дәстүрге басқа көзбен қарай бастадым.
Енді мен үшін «Отбасылық хат күні» – тек отбасы ішінде емес, болашаққа қалатын құндылық, кейінгі ұрпаққа жолдама, ұлттық болмыстың бір бөлшегі. Біз бүгінде осы дәстүрді тек отбасы-мызда емес, сыныптастар мен достар арасына да таратып жүрміз. Тіпті інім жақында мектептегі үш балаға хат жазып, оларға өзі оқыған кітаптарын беріпті.
Ол маған қарап:
– Әпке, біздің дәстүр өзгелер-ге де әсер етсе, біз де кішкене жақсылық жасаған болармыз, – деді. Менің үлкен арманым – осы дәстүрді кеңейтіп, ертең өз отба-сымда жалғастыру. Мүмкін, бір күні менің балам өз баласына хат жазып, соларға кітап сыйлап отыратын болар. Бұл – отбасынан басталып, ұлтқа тарайтын ізгілік жолы. Болашақта кітап пен хаттарды жинақтап, «Жүректен шыққан сөздер» атты шағын жинақ шығарғым келеді. Ол менің ғана емес, менің ата-анам-ның, бауырларымның, отбасының үнін жеткізер құнды естелік болар еді. Біздің үйдегі бұл дәстүр – үлкен дастарқан, күй тарту немесе көпшілік іс-шара емес. Бірақ ол – жүрекке терең бой-лайтын, адам мен адамды, ұрпақ пен ұрпақты байланыстыратын алтын көпір.
Әр отбасы – шағын әлем. Ал сол әлемде өзара түсіністік, қолдау мен махаббат үстем болса, қоғам да, болашақ та жарқын болмақ. Дәстүр – бұл тек өткеннің қалдығы емес, болашақтың іргетасы. Біз дәстүр арқылы өзімізді, тамыры-мызды танимыз. Ал біздің үйдегі «Отбасылық хат пен кітап күні» сол тамырмен жалғасып жатқан өмірдің өзі. Бұл отбасының ғана емес, үлкен қоғамның рухани кемелденуіне бастайтын шағын қадам. Себебі дәстүр отбасынан басталады, ал отбасы – Отанның тірегі. Егер әр шаңырақ осылай бір-біріне тек зат емес, жүректен шыққан жылы сөз сыйлай алса, біз рухани кемел, тәрбиелі, бір-біріне жанашыр қоғам қалыптастыра аламыз. Біз бүгін хат жазып, кітап сыйлап жатырмыз. Бірақ іс жүзінде біз ұрпаққа үміт пен махаббат сыйлап отырмыз.
Үзілхан БЕРДІМҰРАТОВА,
Ж.Қайпов атындағы
орта мектептің
11-сынып оқушысы
Алматы облысы
Қазақстан ауылы
«Ата-апамның әңгімесі» номинациясының 1-орын иегері
ӘЖЕМНІҢ ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕСІ
Есімде қалғaн ең әсерлі оқиғаны айтқым келіп отыр. Жаздың ортасы, күн ыстық. Кешқұрым бәріміз дәстүр бойынша үй ішінде тәтті шәй ішіп отырғанбыз. Әңгімеміз күліп басталған еді.
– Айзере, кішкентай кезіңде неше түрлі қылық шығаратын едің ғой. Әлі есімде, жүрген бір тентек едің. Қазір болсаң, анаңның көмекшісісің, – деп бастады үлкендер жағы.
Біздің үйде шәй ішіп отырып айтылмаған әңгіме қалмайды. Әлемдегі кез келген тақырыпты қозғаймыз. Ал менің жүрегімде ерекше із қалдырған әңгімені бұрын да естіп жүрген едім, бірақ оны шын мәнінде түсінбей келген екенмін. Мүмкін, бала болдым. Бұл – тарихпен тығыз байланысты оқиға еді.
Әңгіме барысында балалық шақтан тарихқа көштік. Тоқтағы шәйнек неше рет қайнағанын өзім де білмей қалдым. Әр отбасында тарихты қопарғысы келетін бір ағамыз табылады ғой, біздің ағамыз да Совет одағы тақырыбын қозғады. Сол дәуірдің адамы болған соң, бұл тақырып оған ауырлау тиеді екен. Өздері күлкі мен қайғыны жасырады, бірақ «әттең-ай» деген бір сөздің өзінен-ақ жүректегі өкінішті сезуге болады.
– Совет заманы рахат еді ғой. Қазіргідей қатал заң жоқ, азық-түлік арзан, көңіліміз жас, бас ауыртар ой да аз болатын, – деді ағам.
– Қай жындының сандыра-ғын айтып отырсың? Совет заманынан қандай рахат көр-дің? Әлде елінің тәуелсіздігі жойылып бара жатқан кезең көңіліңе рақат әкелді ме?! Сол совет заманында, саған рахат болған уақытта, қаншама жас пен қария жанын қиды! – деп әжем ренжіп сөйледі.
Бәріміз үнсіз қалдық. Әжемнің дауысындағы эмоция-дан терең реніш пен өкінішті сезіндім. Бұған дейін дәл осылай жан-тәнімен кейіп сөйлегенін байқамаппын. Таңғалдым.
– Ол заман сендерге оңай көрінгенімен, талай жанның жүрегінде әлі де өшпес өкініш бар. Қан мен қасірет, қорланған өмір… Түсінесіңдер ме?! Мен бір ғана оқиғаны көрдім, ал мен көрмегені қаншама! – деді әжем көз жасын сығып. Шынында, совет одағы кезеңі – ең ауыр заманды бастан кешкендердің уақыты. Біз ол туралы тек кітаптан, кинодан ғана білеміз. Бірақ сол кезеңді басынан өткерген адамның аузынан есту – мүлде басқа әсер. Менің жақын адамым осы оқиғаны көз жасын көлдетіп еске алғанда, менің ойым сан тарапқа бөлініп, шындықты білгім келді. Әжемнің балалық шағы жайлы қызықты әңгімелерін естіп өскен мен үшін бұл «Жел-тоқсан» әңгімесі – бұрынғы үйреншікті естеліктерден өзгеше болды. Әдетте батырларды тарихтан іздейміз. Ал менің батырым – жанымда жүрген әжем екенін кеш түсіндім…
Келесі күні әжемнен бұл туралы сұрауға қысылдым. Бірақ ол өзі-ақ:
– Кел, келе ғой. Не сұрағың келіп жүргенін білемін, – деп оңаша шақырды.
– Әже, мен бұл туралы көбі-рек білгім келеді. Өз көзімен көрген адамнан естіген бәрібір бөлек болады ғой, – дедім. Содан кейін әжем әңгімесін бастады:
– Мен ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Тарих факультетінің соңғы курсында оқитынмын. Алматы-да жатақханада тұратын едік. 1986 жылы 16 желтоқсан күні кешқұрым қыздармен жатақханада отырғанбыз. Көрші жігіттер келіп:
– Пленумда Қонаевты орны-нан алып, орнына Колбинді тағайындапты. Алаңда қазақ жастары ұрандатып жүр екен. Біз де барайық, қолдау білді-рейік! – деді. Сол жалынмен біз де шығуға бел будық. Жатақханадағы бақылаушы бізді шығармады. Бірақ лаулаған рухпен бөлме терезесін сындырып, секіріп шықтық. Алаңға келгенде не болып жатқанын әлі толық түсінбей тұрдық. Бірақ «Әр халыққа – өз көсемі!», «Лениннің идеялары жасасын!» деген ұрандармен, намысымызды қайрап, артқа шегінбедік. Көшелер жастарға лық толды. Біз 3 күн, 3 түн алаңда болдық. Тамақ, ұйқы жайына қалды. Бірақ сол 3 күн – өміріміздегі ең қиын кезең болды. Кейін бізді иттермен қуып, ер-әйелге қарамай темір таяқпен соққыға жықты.Денемнен кеткен жаралар ойымнан кеткен жоқ. Сол соққылар қазір денсау-лығыма әсер етіп жүр. Бізге қақаған аязда өрт сөндіргіш машиналармен су шашты. Әбден жаурадық. Кейін жатақ-ханаға қайттық, бірақ бізді кіргізбеді. Институттан да шығарып жіберді.Баратын жер таппай, студенттер емделетін шағын емханада 10 күн болдық. Бірақ мен ешқашан өкінген емеспін. Себебі біз бұл қадамға ұлтымыз үшін бардық. Аз да болса үлес қостық деп білемін. Бақытым бар екен, институт басшы-лығында нағашымның танысы бар болып, бір аптадан кейін мені қайта оқуға орналастырды. Бірақ мен секілді жолы болмаған қаншама жастың өмірі өзгеріп кетті. Солардың бәрі – ұлт үшін құрбан болған нағыз ерлер. Осылай менің жастық шағымда орны толмас қайғылы оқиға орын алды. Мен ешқашан алаңға шыққаныма өкінген емеспін. Біреуге бұл «ұлтшылдық» болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол көтерілістен кейін орыстар бізге көшеде түкіріп, тепкілейтін. Мен осыны көрген адаммын. Сондықтан, қарағым, өз тіліңнің, ұлтың-ның қадірін біл. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бұл – ұмытылмас күн, мәңгілік тарих.
…Мен үнсіз қалдым. Қанша кітаптан, фильмнен бұл туралы оқысам да, дәл осындай жан тебірентер әсерді бірінші рет бастан кештім.
Бұл оқиғадан түйгенім көп. Тілімнің қадірін бұрынғыдан да тереңірек түсіндім. Біз білетін батырлар санаулы, өкініштісі – сол. Ал шын мәніндегі батырлар әр бұрышта жүр. Тек олардың жүрегіндегі жара – тым терең, қозғағысы келмейді. Себебі әрқайсының ішінде өшпес өксік бар.Осылайша мен тағы бір үлкен әңгіме-нің куәсі болдым. Бұл, мен үшін ең қым-бат, қадірлі – апамның әңгімесі.
Айзере МҰРАТҚАЛИЕВА,
№26-мектеп-гимназиясының
10-сынып оқушысы
Астана қаласы
Атың барда жер таны...
НАРЫНҚОЛ – ТАБИҒАТ ЖАСЫРЫП ЖАТҚАН ЖАУҺАР
Қалада туып-өссем де, мен үшін ауыл деген ұғым – ерекше әлем. Ол әлеммен мен бала күнімнен таныспын. Әкемнің туған жері – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы. Жаз сайын сол жаққа барып қайтатынбыз. Алғашқы сапарларымнан-ақ көкейімде бір сұрақ қалып қойды: неге Қазақстанда осындай ғажап мекен барын көбі білмейді?
Нарынқол – тек табиғатымен емес, тарихымен де киелі мекен. Бұл өңір – Албан руының құт дарыған қонысы. Асқар тау, мөлдір бұлақ, жайқалған шабындық – бәрі де жаратылыстың көркем сыйы секілді. Мұндай ғажап табиғат талай тұлғаның болмысына әсер еткені сөзсіз. Қазақ халқының намысын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған Райымбек батырдың ерлік рухы да дәл осы биік таулармен үндесіп жатыр. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та осы өңірден.
«Менің атым – Қожа» сынды шоқтығы биік шығарманың авторы, балалар әдебиетінің шебері Бердібек Соқпақбаев та – осы Нарынқолдан түлеп ұшқан тұлға. Оның шығармаларындағы табиғат суреттері, балалық шақтың естеліктері – дәл осы таулы өлкенің шынайы көріністері.
Нарынқол – табиғи байлығы мол, бірақ адам аяғы жете бермейтін биік таулы өлке. Тек осы өңірде өсетін қызыл қайың – табиғаттың сирек кездесетін кереметі. Бүгiнде қайыңның бұл түрі Қызыл кітапқа енген. Ағаштың қызғылт реңді жапырағы күзде алаулап, Нарынқолдың көркіне көрік қосады. Тіпті бұл ағаш түрін кезінде күй атасы Құрманғазының өзі жырлаған деседі.
Ал биікке көз тіксеңіз, Хан Тәңірі шыңы алыстан асқақтай көрінеді. Бұл – еліміз-дің ең биік әрі көркем шыңы. Оны көру бақыты бұйыратын санаулы ауылдың бірі – Нарынқол. Аспанмен тілдескен мұзарт шың осы өлкеге ерекше рух береді.
Осындай табиғи байлық пен тарихи тереңдікке ие Нарынқол туризм тұрғысы-нан әлі толық зерттелмеген, ашылмаған жауһар секілді. Бұл жерге келген әрбір адам уақыт тоқтап қалғандай күй кешеді: самал желдің сыбыры, бұлақ суының сылдыры адамға ерекше тыныштық пен рухани серпіліс сыйлайды. Осындай сұлу өлкелердің Қазақстанның өз ішінде бар екенін өкінішке орай көп адам біле бермейді.
Мен болашақта туған өлкемнің туризмін дамытуға үлес қосуды армандаймын. Ауылдың табиғатын, тарихын, мәдениетін танытатын жобалар жасап, өлкенің көркем келбетін бейнеро-ликтермен баяндай отырып, арнайы туристік бағыттар арқылы көпшілікке ұсынсам деймін. Өйткені туған жер –
өзгеге таныта алған сайын өзіңе де қымбат бола түседі.
Мен үшін Нарынқол – әкемнің ғана емес, менің де рухани түп-тамырым. Табиғаты мен тарихы терең, тұлғалары тағылымды осындай өлкені таныту –
менің борышым деп білемін. Әрбір қазақ баласы өз елінің осындай асыл мекеніне сапар шегіп, оны жүрекпен таныса, елдігіміз нығая түсер еді.
Диана НҰРАХМЕТОВА,
№109 мектептің түлегі
Алматы қаласы
«Жеті қазына» номинациясының 1-орын иегері
АҚИЫҚПЕН ТІЛДЕСУ
Ақиық, сен қайдасың?
Мен қайдамын?
Қатар көрген өмірдің шер майданын,
Бұрын бұлтты қақ жарған қанатыңды
Қазір неге құлаштап кең жаймадың?
Кең жаймадың?! Айт қалай жаям енді?
Барған сайын боп барам қаяу өңді.
Мен таппадым саятшыл баяғы елді,
Бұл тексіздер
Тағдырымды төменге қоя берді.
Қоя берді, бұл анық оған оңай,
Менің асқақ көңілімді жаралады-ай.
Қасиеттіммен қапасқа салатұғын
Қадірі жоқ дүниенің жорамалы-ай.
Жорамалы-ай, өмірдің өктемдігі-ай,
Бұрын суық болмаушы ед көктем бұлай.
Қазір қайда мен құлай сүйген шыңдар?
Жадау аттай жарқ етіп жоқ болдым-ай.
Жоқ болдым-ай, ал осы күйім менің,
Өкірсем де, дұшпанға сүйінбедім.
Мен түзіңде жортатын тағы емес пе ем?!
Жер-ана, сағынтады қиыр, белің.
Қанша заман болса да наз, мұң еткен,
Бұл елге жасамаған азғын өктем.
«Көкжиек. Көктің ұлы. Қыран құс!» деп,
Қайда маған қаймана тағзым еткен?
Жаз жүрекпен…
Еһ... Қыраным,
Қыраным, Мұзбалағым,
Солай де, құты қашты түз даланың.
Күйіңді көріп тұрып ұялады,
Сенің қабағыңдағы мұздан арым.
Иә, рас!
Адалдығын жүргенмен қанша тұтып,
Қоғам сені жіберді-ау сонша түтіп.
Сен қапаста қалғалы, бұл даланы
Құзғындар жүр араммен қан сасытып.
Сен – Сүмбесің,
Жағалап жүрсең-дағы жардың басын,
Ғазал мұң қанатыңды талдырмасын.
Қарғалар жүр бақтарда қарқ-қарқ
үнмен,
Бұлбұл да қазір сенің тағдырласың.
Тағдырласым, шынында, бұлбұл менің.
Біз кеңдігін аңсадық қырдың керім.
Дәл қазір батыр жүрек ақын қайда
Біздерге бағыштатар жырдың лебін?
Тарылды-ау құрғыр демім…
Ақиық,
Жырақ, бірақ бір нұр бар бұл әлемде,
Сәулесі оның жетеді құба белге.
Сен әлі қаласың мол тарихтарда,
Сен әлі қаласың мол жыр-әуенде.
(Уәде берем айналам куәгерге!)
Өкпеңді бас сол үшін мұнар елге,
Сенің жайың – дәл қазір сыңар ерге.
Асқақтарсың, бір күні аспандарсың,
Құлама тұғырыңнан, сірә, мен де…
Елсияр ҚҰЛАХМЕТ,
Абай атындағы
РММИ-дің
түлегі
Алматы қаласы
Беттерді дайындаған Асылан БІРЖАНҰЛЫ
Фотосуреттер ашық дереккөзден алынды

574 рет
көрсетілді0
пікір