- ҰЛАН
- 10 Маусым, 2025
МЕНІҢ АҒАМ...

– Бір дәрігер болыпты, өзі қатардағы емес, бас дәрігер екен. Үнемі қоластындағы адамдардың отырған-тұрғанын бақылап, бірін көзінен таса қылмай, ескерту жасай береді екен. Ол кісінің қытымырлығынан жан-жағында-ғылар әбден мезі болса керек, психологияны жақсы білетін біреуі бірде айла ойлап табады. Ұжымдағылар бас дәрігерді көрген сайын: «Пәленше Түгеншеұлы, бүгін жүзіңіз сынық қой, бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па?», «қатты жүдеп кетіпсіз, сізге не болып жүр?» деп «алаңдаушылық» білдіре бастапты. Мұндай сөзді айта берсе, өзіне көңіл бөліп, басқаларда шаруасы бола қоймас деп ойлаған ғой. Алайда сол бас дәрігер екі жарым ай өткенде шынымен ауырып, дүние салыпты. Міне, көрдің бе, сөз құдіретін! Сондықтан үнемі жақсы сөйле! Бір адамнан жылт еткен жақсылық көрсең, соны айтып, қуантып қой. Жамандықты айтатын адамдар онсыз да табылады, сен жақсылықты айт.
Бұл сөзді маған ағам, рухани ұстазым, қазақтың үлкен жазушы-сы Дидахмет Әшімханұлы айтқан еді. Ол кісі үнемі адамдарға жақсы сөз айтып, жігерлендіріп, қайрап отырушы еді. Ылғи да жақсылық жасаудан жалықпайтын. Ол кісінің кісілік келбеті көпке үлгі еді...
***
Алматыға алғаш жұмыс іздеп келгенде «Түркістан» газетінің сынағынан өттім. Екі айға жуық. Жазғаныма азғантай тиын-тебен аламын. Бұл менің қатарластарым-ның баршасына таныс жайт. Ата-анамның буып-түйіп берген азын-аулақ ақшасы да таусылды. Қайта сұратайын десең, тағы ұяласың. Оның үстіне ауыл кен емес қой, қазып алып, бере беретін. Көп қазақ жастары секілді Алматыға алғаш келгенде, мен де тойып тамақ ішпек түгілі, жолақыға тиын табудың өзі қиын екенін бірден түсіндім.
«Түркістан» газетінің редак-циясына жұмысқа тұрып қаламын деген ниетпен жүрген кезім. Ауылдан жаңа келген қыздың именуі ме, әлде тым ұяңдығым ба, әйтеуір: «Қалай қаламақы сұрасам болады?» – деп бас қатырып отырғам редакцияда. Кабинетке бас редактордың орынбасары кіріп келді. Бәрімен емен-жарқын амандасты. Байқауымша, өзі үнемі асығыс жүреді. «Орынбасар деген осылай асығыс жүруі керек шығар» деп ойлайтынмын сол кезде. Сөйтсем, ол кісінің болмысы сондай екен. «Айналайын, Жадыражан, сен осы компьютерде жылдам теретін сияқтысың. Менің жазғанымды компьютерге түсіріп бере қойшы», – деді Дидағам.
Үлкен кісі өтініш айтқанда, қарап тұрам ба, бірден кірістім. Ағамның әлгі сөзі есіме түскен соң өз-өзімнен қызарақтап, тез-тез жазуға тырысамын. Бірақ, қолым шабан. Сонымен, не керек, сағат 11-де бастаған мақаланы түс ауғанша тердім. Бар болғаны – 7 бет. «Уһ» деп бітірген кезде қолыма «көк қағазды» ұстатты. «Мен сізден ақша алмаймын», – деп азар да безер болдым. «Айна-лайын, біреудің еңбегін жемей-мін», – деді.
Сөйтіп Дидағамның берген көк қағазын екі апта жолпұл еттім. Әйтпесе, сол күні редакцияға соңғы 100 теңгеммен келген едім... Кейін ойласам, аға маған көмектескісі келген екен. Ретін осылай тауыпты... Жастарға осылай «білдіртпей» көмек қолын созғысы келетінінің талай рет куәсі болып ем...
***
Ағамның «Ел шежіре» қоғам-дық қорында жұмыс істедім бір жылдары. Айына 3-4 сұқбат жасаймын. Соған 50 мың теңге береді. 2009 жылы 50 мың теңге кәдімгідей көп ақша. Қазақ әдебиеті мен өнеріне еңбегі сіңген тұлғалардың үйіне барып тұтынған заттарын, суреттерін видеоға түсіріп, көшірмесін жасап, сұқбат жүргізу сондағы жұмысым. Кімнің үйіне сұқбатқа баратынымды Дидахмет ағамның өзі белгілеп, келістіріп береді. Ал менің бар атқаратын шаруам – асай-мүсейімді қосып қойып, шәй ішіп отырып, әңгіме тыңдау. «Жадыраның осы жолғы сұқбаты өте жақсы болыпты. Кейіпкері барын жайып салыпты», – деп мақтап қояды әр жиналыста. Мен болсам «мә, мен шынымен керемет сұқбат жасайды екенмін» деп ойлайтынмын. Шын мәнінде, журналистикада дым тәжірибесі жоқ адамда қайдағы жақсы сұқбат болсын. Әйтеуір, мені жақсы жур-налист болып кетсін деген ниетпен жел беріп қана отырады екен ғой сонда ағам.
***
Ол кісі менің кітапханам сияқты болатын. Біреу туралы мақала жазатын болсам, алтыншы қабатқа жүгіріп бара қоятынмын. «Пәленше туралы жазатын едім, сол кісі туралы айтып беріңізші, кімдермен жақын араласты?» – деймін. Өзі энциклопедия дерсің, бәрін баппен бүге-шігесіне дейін айтып береді.
***
Кейде біреуге ренжіп қалсақ пендешілік әрекеттерін айтып, ағаға шер тарқатамыз. Тыңдап отырады. Соңынан әлгі сен «сүмі-рейтіп», іске алғысыз қып тастаған адамның жақсы қасиеттерін бірінен соң бірін тізбелей бас-тайды. Не керек, ағамның алдынан шыққанда, бұл жалғанда әлгі адамнан жақсы адам жоқ боп қалады. Тап қазір алдыңнан шыға қалса, құшақтай қалып: «Сіз қазақтың маңдайына біткен асыл азаматсыз!» – деп айтқың келіп кетеді.
***
«Ақ желкен» журналында істеп жүргенде, редакциямыз Жазушылар одағының филиалы сияқты еді. Жас ақын-жазушылар жиі келіп тұрады. Кейде жас әдебиетшілерге салмақты әңгіме айта беруге өзіміздің де өреміз жетпей жатады. Сондайда Дидахмет аға «құтқарып» қалады. «Жазам» дегеннің бәрін Дидахмет ағама кіргізіп жібереміз. Бір жағы әдемі әңгіме тыңдасын, екінші жағынан әдебиетке нағыз адал сардардың қандай болатынын көрсін, үйренсін деген ниет біздікі. Дидағамның алдына кіріп шыққан кез келген жас: «Университетті пәленбай жыл бекер оқып жүріппіз, аз уақытта осы уақытқа дейін оқы-ған дүниемізден көп білім берді. Осындай кісілер дәріс оқуы керек қой», – деп келіп тұрады.
***
Бірде әдеттегідей әдебиет туралы әңгіме айтып отырғанбыз:
– Әдебиетте, өнерде халтурщик-тердің болғаны да жақсы.
– Ой, айтасыз-ау... Қазір солардың заманы туды емес пе? Енді өстіп кете берсе, не болады?
– Өзің ойлашы, елдің бәрі мықты өнер тудырса, керемет шығарма жазса, оның мықты екенін біз қайдан білер едік? Халтурщиктердің арқасында классиктердің кім екенін айырып аламыз.
Ағамның телефоны безілдеп қоя берді. Аман-саулықтан кейін:
– Рас па? Айналайын... айна-лайын-ай... мынау өте керемет жаңалық болды! Рақмет! Лайықты адамын тапты-ау! Қазір өзім хабарласып, құттықтаймын.
Телефонды қоя сала, көзіл-дірігін көтеріп, көзін сүрте бастады.
– Бүгін қазақ әдебиеті сер-пілген күн! Ғалым Доскен ағаң сүйінші сұрап жатыр. Гүлнәр апайың Мемлекеттік сыйлықты алыпты! Астанада комиссияның шешімі қазір ғана шығыпты. Міне, жаңалық! Көрдің бе, классиктерді танитын заман қайта оралды. Талантты адамдар бағаланып жатқанда, қазақ әдебиеті өлмейді!
Ағамның көз жасы Мемлекеттік сыйлықтың бағасын арттырып жібергендей. Бұл сыйлықты Гүлнәр Салықбайдың алуы қазақ руханияты үшін сенсацияға пара-пар оқиға болды. Ағам осы үшін қуанышты. Ал мен болсам, біреу үшін осынша қуана алатын адам-ның барын көріп, таң-тамашамын.
***
Ол кісі әдемі киінетін, тап-тұйнақтай жүретін және айналасындағы адамдардан да соны талап ететін. Жас жазушы Қанат Әбілқайыр бір күні ағаға арсалаңдап жетіп барыпты. Мойнына иттің қарғыбауындай ғып флешканы салбыратып іліп алған, жейдесінің қалтасында аспанға қарап тұрған қаламсап бар... Ағамның бетке тіке айта салатын әдеті емес пе:
– Мына түрің не, ауылда свет тексеруге келген «счетчиктерден» аумай қапсың! – деп жақтыртпай қалыпты.
Арада біраз уақыт өткенде Қанат ағаны әуежайға жеткізіп салмақшы болыпты. Жеңіл-желпі үй киімімен келе салған Қанат ағамның ескертпесін ұмытып кеткен ғой. Ұшақтың уақыты таяп, асығыс болып тұрса да, қаланың қақ төріндегі қымбат дүкенге кіріп кетіпті.
– Қанатжан, мен сені бір киіндірейінші, таңдағаныңды ал, – депті киім-кешектің жанына келгенде. «Ағадан әрең қашып құтылдым. Содан кейін ағаның көзінше жаман киініп жүрмейтін болдым. Ол кісімен кездесерде сақалымды қырып, жейдемнің жағасына шаң қондырмауға тырысатынмын», – дейді Қанат.
***
Ағам қалжыңды жақсы көре-тін. Қалжыңмен-ақ адамды біраз тәрбиелеп тастайтын. Бірге жұмыс істеп жүргенімізде:
– Жастардың арасында қара-жат жағынан қиналып жүрген кім бар? Қосымша жұмыс берейін деп едім, – дейді.
Жан-жағымдағы достарымның бәріне қосымша жұмыс артық етпейді. Ол кезде Арман Әубәкір-дің жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан кезі. Ақылдаса келе, Арманға тоқтадық. Сосын бізге:
– Сендердің негізгі жұмыста-рыңа кедергі келтірмейік. Қордың, баспаның жиналыстары әр сенбіде сағат 11-де болсын, – деді. Бірде жиналысты бастамай, Арманды күтіп отырып қалдық. Бәріміз тыпыршып, сағатқа қарағыштаймыз. Бір уақытта шашы ұйпа-тұйпа болып Арман кабинетке кіріп келді. Ағам айтпақшы, «көзінде бір шелек ұйқы тұр».
– Әй, сендер Арманға ренжі-меңдер. Енді Арман өмірінде бірінші рет үйленіп жатыр ғой, – дейді. Осы сөзден кейін Арманның өзіне жүктелген жауапкер-шілікке салғырт қарағанын көрмеппіз.
«Түркістан» газетіндегі Динара Мыңжасарқызы да Дидағама көп еркелейтін. Ораза айы болса керек. Бір күні кешкісін Динара апайымыз ұялы телефонынан Дидағама «хат» жазады:
«Айтамын жарамазан
соткіңізге,
Небір байлар өтті ғой
соткісіз де.
Егер жмот болмасаңыз,
Мың теңге салып жіберіңіз
соткімізге».
СМС-пен «қыдырып» жүрген шаблон «хатты» тетікті басып жөнелте қояды.
Сонда Дидағам саспастан былай жауап беріпті:
«Бір сәлем Динарадан жетті
бізге,
Ризамыз жұмыртқадан жүн
қырыққан ептімізге.
Мың теңге әкеміздің
құны емес,
Ертең салып жіберем
соткіңізге».
***
Ол кісі уақыттың қадірін қатты бағалайтын. Содан да болар асығыс жүретін. Уәдеде тұру жағынан Дидахмет ағамдай дәті мықты адам некен-саяқ. Бір мысал. Бірде «бестің шәйін» ішіп отырғанымызда ағама біреу қоңыраулатады. Сөзіне қарағанда журналист сияқты.
– Әй, қарағым, соңғы уақытта онсыз да телеарнадан көп жылтыңдап кеттім.
Ар жақтағы дауыс өлердегі сөзін айтып жатыр, өзіміз сияқты.
– Жарайды. Қаншада келесің?
Журналист келетін уақытын шамалап айтты ғой деймін.
– Айналайын, үш жарымдарда деген сағат жоқ, 3.30 немесе 3.45 деп кесіп айт! Мен сонда сені 3.15-те күтейін бе, 3.30-да, әлде 3.45-те ме? Мен өзі нақты уақытпен жүретін адаммын. Айтқан уақытыңнан кешіксең, маған өкпелеме, – деп телефонды қоя салды.
***
Бірде тәп-тәуір сомада ақша тауып беріңізші деп ағаға кіре қойдым. Бір ауыз сөзге келместен 250 мың теңгені қолыма ұстата салды. «Бір айдан соң қайтарам», – деп айттым. «Жағдайың келгенде, бір берерсің», – деді. Бір айға бір күн толмай, әлгі қарызымды қайтаруға бардым.
– Өмірімде бірінші рет қарыз берген адамым уақытында қарызын қайтарып тұр-ей. Баяғыда өзім де қатты қысылып тұрғанда, Мереке Құлкеновтен қарызға ақша алып едім. Сен сияқты бір айдан соң қайтарам дегем. Қайтаратын күнім тура 1 сәуірге сәйкес келеді екен. Мереке екеуміз соған бір күліп алдық. Бірақ, уәде еткенімдей, 1 сәуір күні қаражатын апарып бердім. Сонда Мереке: «Дидаға, өмірімде бірінші рет қарыздың уақытылы қайтқанын көрдім», – деп риза болып еді. Қарызын уақытылы қайтаратын үш адам болса, соның екеуі біз сияқтымыз ғой, – деп қарқылдап күлді.
– Айналайын, 15-20 мың теңге сұрайтын болсаң, «аға, бірдеңе сұрайын деп ем» деп қызырақтамай-ақ, «аға, ана тартпада маған қажетті бірдеңе бар, соны алып кетейін деп ем» деп келе бер. Ондай ұсақ-түйек мына тартпадағы қағаздың астында жатады, – деп өзінің «құпия қоймасын» көрсетіп қойды. Сол «құпия қоймадан» талай рет өзіме қажетті «бірдеңені» алып кеттім.
– Мына бір кітаптың қатесін оқып беретін адам керек еді. Әлгінің орнына осы кітапты оқып бере салшы, – деп ақыға кітап оқытып қоятын.
***
Күнделікті режимі бойынша Дидахмет аға түскі уақытта кабинетінде көз шырымын алатын. Сол кезде бара қалсаң:
– Жаңа әне жерге қисая қап ем, Катонқарағайға кетіп қалыппын. Сенесің бе, осы Алматыда жүргеніме қырық жылдан асты, бірақ, түсімде тек қана Катонқара-ғайда жүрем, – дейтін.
Ағамның Катонқарағайда мәңгі түс көріп жатқанына он жыл болыпты. Менің де сол мекенге бармағаныма он жыл. Оралхан Бөкейдің музей-үйі қалай боп тұр екен? Дидахмет ағамның ескерткіші туған ауылында тұғырға қонып еді. Ол қалай шықты екен? Топқайыңның төбесінде қазақтың көк туы желбіреп, «жазушы Қалихан Ысқақтың ауылы» деген белгі анадайдан көрініп тұр ма екен? Қалихан ағамның қарағайдан қидырып салған үйі де Катонға барғандар тоқтайтын қонақүйге айналыпты деп естіп едім. Шіркін, бәрін көзбен көріп, рухыңды сергіткің келеді. Катонқарағай сұлу табиғатымен ғана емес, Алтайдан шыққан әйгілі жазушылардың (Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров) шығармаларында сипатталған таныс өлке ретінде және сол тау тұлғалардың қасиетті мекені ретінде іздеп тұратын, аңсап тұратын рухани ордамыз секілді көрінеді. Катонқарағай десе, әуелі қазақтың Алтай-дай биік, өр мінезді жазушылары мен олар-дың шығармалары еске түседі...
Жадыра НАРМАХАНОВА

626 рет
көрсетілді0
пікір