• ҰЛАН
  • 03 Маусым, 2025

ҚАСТЕЕВТІҢ ЖОЛЫМЕН...

Мәдениет пен Алматы егіз ұғым. Бұл қалада өнер ерекше құрметтеледі. Жасы да, кәрісі де мұны білетіні анық. Көктемнің соңғы аптасында бейнелеу өнерінің болашақ майталмандары музыка саласының ошағына айналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өнердің осы түрімен қалай айналысып жүргенін көрсетті. Дәлірек айтсақ, филармонияның 90 жылдығы мен Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай суретші-студент жастардың өнерін наси-хаттау мақсатында «Филармония жас суретшілер көзімен» атты пленэр өтті.

Іс-шараға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернаты, колледжі және О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік- қолданбалы өнер колледжінің студенттері қатысты. 

Филармонияда жас суретшілердің салған суретінен көрме ұйымдастырылды. Сурет-терге қарап, болашақта бұл жастардан да бір-бір Әбілхан Қастеев шығатын сияқты деген үміт пайда болды.

«Т.Жүргенов атын-дағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінде «станок-ты кескіндеме» мамандығында білім аламын. Филармонияның ішін және сыртын салғым келді. 3 жасымнан бері сурет саламын. Отбасымызда суретшілер жоқ. Сондықтан бұл жолды өзім бастайын деп шештім. Филармония – мәдениеттің ордасы. Бұл жерден өнердің рухани құдіретін, күшін сездік. Біз көрген сұлулықты өзгелер де көрсе екен дейміз. Суреттер арқылы өнер ордасының ішкі сыртқы атмосферасын көрсете алдық деп ойлаймыз», – дейді 2-курс студенті Әлмира Серік. 

Пленэрге қатысушылар 16-17 жастағы өрендер. Біразы кішкентай кезінен бейнелеу өнеріне қызыға-тынын, осы сала бойынша білім алу өздеріне ұнайты-нын айтты. Ал филармония директоры Ақан Жыл-қышыбайұлы талантты жастарды әрқашан қол-дауға дайынбыз дейді.

«Бұл пленэрді өткізу туралы ұсынысты филармония өзі ұсынды. Қазір Алматының көкке оранған кезі, айнала жасыл желек. Екіншіден, суретшілер көзімен біздің ғимаратымыз қалай болады екен деген үлкен қызығушылық болды. Иә, көп адам сурет сала алуы мүмкін. Бірақ оның артында не тұрғанын суретші ғана біледі. Сонымен қатар, білім алып жатқан болашақ суретшілерге демеу көрсетейік деген ойымыз осы пленэрді өткізуге сеп болды. Керек құралдарды, бояуларды алып бердік. Демеушілердің көмегімен әр қатысушыға 50 мың теңге қаржылай сыйымыз да бар. Суреттер филармонияда көрмеде тұрады, сақталады. Егер сатып алушылар болса, туындыны сатып, қаражатты суретшінің өзіне береміз. Суретші үшін суреттің сатылуы үлкен қуаныш. Бұл пленэрді 90 жылдық мерейтойымыздың үлкен іс-шарасының бірі деп айтуға болады», – дейді ол. 

Біз де қылқалам шеберлеріне сәттілік тілей отырып, оқушылар мен жасөспірімдердің өнерге деген махаббатын арттыратын осындай іс-шаралар көбейе түседі деп сенеміз. 

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №22
3 маусым 2024 жыл

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор