- ҰЛАН
- 09 Сәуір, 2025
Париж олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Демеу Жадыраев: Ұланды іздеп жүріп оқитын едім

Серік Қантай 2011 жылы «Ұланның» жас тілшісі болған. Бала кезінен-ақ жазған мақалаларынан шеберлігі, стилі байқалатын. Жетісу мемлекеттік университетінде журналистика бөлімін оқыды. Қазір Жетісу облыстық қоғамдық-саяси «Жетісу» газетінде спорт бөлімінің меңгерушісі. Серік форумға келген оқушыларға есте қалатын ерекше сыйлық жасады. Париж олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Демеу Жадыраевты кездесуге шақырды. Батырды көрген балалар қатты қуанды. Сұрақ қойып, бірге суретке түсіп, әзілдесіп те үлгерді. «Мектепте «Ұланды» іздеп жүріп оқитын едім. Сол кезде кейін редакцияға келіп, оқырмандармен танысамын деп мүлде ойламаппын»,- деді чемпион.
АУЫЛЫМ – ҮШАРАЛ
– Демеу аға, әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. Қандай бала болдыңыз?
– Спорт мектебінде оқығанға дейін бұзықтау бала болдым. Сөзден де, күштен де есе жібермейтін едім. Ұстаздардың көңілін қалдырған кезім болған емес. Қыздармен бірге сабақтан қашқаным бар. Сабақты жақсы оқуға тырыстым. Жақсы көретін пәнім – география. Ұстаздарымның бәрі есімде. Ауылға барғанда сәлем беремін. Жылы лебізін білдіріп, тілегін айтады. Математикада формула, есеп бар. Бір күн қалсаң есепті түсіну қиын. Жарыс деп сабақтан қалсам, кейде сөз естіп қаламын. Бірақ жеңімпаз болып, бүкіл оқушының алдында марапаттаған кезде бәрі ұмыт болатын. Ата-анам барын беруге тырысты. Үйде әкемнің қамшысы, ер-тұрманы бар. Ол кісі саусақпен серпіліс (отжимание) жасатқызатын. Ауылдық, аудандық жарыстарда жеңіске жеткенде қатты қуанатын. Сол есімде қалыпты. «Ұлан» газетін іздеп жүріп оқитынмын. Әсіресе, спорт туралы мақаланы жібермей оқуға тырысатынмын. Спортты одан әрі жалғастыруыма көп кісі себеп болды.
– Кітапты көп оқиды екенсіз. Қандай кітап оқып жүрсіз? Бізге қандай кітап оқуға кеңес бересіз?
– Шыны керек, кітап оқуға қол тимей жатыр. Бауыржан атамыздың кітаптарын оқуға кеңес беремін. Өйткені, басынан өткізген оқиғасын бізге мұра ретінде қалдырып кетті. «Ақиқат пен аңызды» бәріңіз оқыған боларсыздар. Уақыт болса, қайталап оқитын едім. Біздің аталарымыз осындай мықты болған. Қазақ тілі өте бай, соны пайдалану керек. Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айшасы» қандай керемет?!
– Чемпион болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?
– Әрине, балалық арман болды. Алғашқы бапкерім Жұмахан Тұрғанбеков «Қазақ балуандары» деген кітапты бізге көрсетіп, «сендер де осындай болыңдар» деп айтатын.
– Әлемнің осы бір еліне барсам деген арман болды ма?
– Австралияға баруды армандағанмын.
– Қазақ елінің арманын орындадыңыз, енді өз арманыңызға асығыңыз.
– Рақмет, міндетті түрде.
– Ауылға қыдырып барғанда үйдің үлкендеріне айтпай, суға түсуге қашып кететінбіз. Сізде солай болды ма?
– Иә, біздің ауылда өзен де, көл де бар. Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Үшарал деген ауыл. Таңертең үйден шығып кетіп, кешке ұйықтайтын кезде келетінбіз. Балалармен жарысып асық, ләңгі ойнаймыз. Дорба толған асық. Қазір ауылдың жағдайы жақсы. Әрбір үйде жылы су бар. Бұрын алыстан шелекпен таситын едік. Ауылда айт мерекесін қатты күтеміз. Көшенің басынан бастап, барлық үйге кіріп, ас ішетінбіз. Біз Шойынбаев көшесінде тұрамыз. Осы көшенің жігіттері Шойынбаев командасы болатын. Ауылға барған кезде бәрі еске түседі. Футбол командасына мықты ойыншы керек. Жасы үлкені, кішісі болсын бәрі менің жақын досым болды.
– Олармен қазір байланыс бар ма?
– Ауылға барғанда ғана. Заман талабына сай қарбалас, күйбең тіршілік.
ҰБТ-да ТАҢДАУ ПӘНІМ ГЕОГРАФИЯ БОЛДЫ
– Сіз ҰБТ тапсырдыңыз ба?
– «Ұлттық бірыңғай төңкеріс» деп айтатынбыз. Түлектерге сәттілік тілеймін. Біз де ҰБТ тапсырдық. Таңдау пәнім – география.
– Қанша балл жинадыңыз?
– Айтпаймын.
– Студент кезіңізде қандай жұмыс істедіңіз?
– Ол уақытта бәрі қызық болып көрінеді. Достарыммен бірге қара жұмыс істеп көрдік.
– Париж олимпиадасына жолдама алу қиын болды ма?
– Қазақстан чемпионатында ішкі іріктеу болды. Содан жеңіп, Азия құрлығының жолдамасын ұтып алдым. Мақсат қойып, жетуге тырыстық.
– Әлем чемпионы атану үшін неден бас тарттыңыз?
– Әрбір жарыстың алдында оқу-жаттығу жиыны болады. Бір күн дайындықтан қалсаң, бабыңнан шығып қаласың. Сол үшін жақын туыстың тойына да бармаймын. Туыстарым, достарым бәрі біледі. Жазда достарың отбасымен қыдырып жүрсе, ал мен күзде болатын жарысқа дайындалып жүремін.
– Тіпті телефон қолданбапсыз. Қалай болады екен?
– Керемет! Көріңіздер! Қазір телефон болмаса іс бітпейді. Десе де, телефонға байланудың қажеті жоқ. Бас тартуға да болмайды.
– Қажымұқан, Жақсылық атамыз туралы кино бар. Егер сіз туралы кино түсіреміз десе, келісесіз бе?
– Ол кісілердей аңыз адам болдық деп айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді. Қажымұқан бабамыз, Жақсылық пен Шәміл атамызды үлгі тұтамын. Бозкілем шебері Нұрбақыт Теңізбаев ағаммен бір ауылда өстім. Ағамыз ауылға келгенде, «Бұл кісі қалай сөйлеп, не айтады? Ертең мен де осындай боламын ғой» деп тыңдаған сәтім көп болды.
БІР МЕДАЛЬ ҚОРЖЫНДА...
– Токио олимпиадасында жеңіліп қалдыңыз. Бұл жеңіліс сізге не берді?
– Бардым, көрдім, тәжірибе жинадым. Бірінші белдесуде жеңілгенім өзіме қиын болды. Елдің жауапкершілігі оңай емес. Үміт артқан спортшылардың көбі жеңіліп қалды. Тек күресте жүрдім. Қайта өзіме келуіме достарым, отбасым қолдау білдірді.
– Парижде алтын алуыңызға не жетпеді?
– Әртүрлі себеп бар. Финалға шыққан соң босаңсып қаласың. «Бір медаль қоржында» деген сияқты. Ұйықтап жатқанда оятатын белдесу ғой. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Финалда эмоцияға берілгенім бар. Ол жердегі сезім керемет. Қанша қиналғаныңды ұмытасың. Жеңіске жеткеннің әсері тамаша болды. «Тұғырда тұрғанда осындай болады екен ғой» деп ойладым. Қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс білдіремін.
– 2028 жылы олимпиада болады. Алтын алуға уәде бере аласыз ба?
– Иә, көп адам осы сұрақты қояды. Барлығы уақыттың еншісінде, уақыт көрсетеді.
– Спортты тастап кетпей, шыңға шығуыңызға кім мотивация берді?
– Ең алдымен отбасым, жақындарымның қолдауы. Күш беретін сөз айтып, жігерлендіретін жеке жаттықтырушым бар.
– Күміс медаль үшін берілген сыйлықты қайда жұмсадыңыз?
– Көреміз, әлі жұмсаған жоқпын.
– Күрестегі дәрежеңізге көңіліңіз тола ма?
– Әрине, көңілім толады. Барлығы алға қойған жоспар бойынша жүріп жатыр. Спорттың арқасында сіздермен кездесіп отырмын. Спортшы болмасам география пәнінен мұғалім болар ма едім.
– Ақтық сында қырғыз және әзірбайжан балуандарын жеңдіңіз. Осы уақытқа дейін осы екі балуаннан жеңілген екенсіз...
– Иә, Азия және әлем чемпионатында күрескенмін. Ағайым: «Демеу екінші рет ұстасқан балуаннан жеңілмейді», – деп айтады. Бірінші белдесуден-ақ, қалай демалып, қандай әдіс қолданатыны белгілі болады. Мықты әдісін біліп аласың. Сол үшін бірінші белдесуге қарағанда жеңіл өтті. Есемді қайтарғаныма қуаныштымын. Менің де жеңіліп қалуым мүмкін еді. Өйткені, «үздік төрттікте» тұрған жігіттер, соңғы әлем чемпионатының финалистері.
– Қырғыз балуаны Ақжол Махмұдов жақын досыңыз ба?
– Спорт деген осындай. Досың, туысың болса да бозкілемде күресуің керек. Өйткені, жеңімпаз біреу. Ақжол екеуіміз кілемге шыққанда ғана қарсыласпыз. Ол ағасымен күрескендей болған шығар. Бір-бірімізге сәттілік тіледік. Өзі келіп: «Финалға шық» деп тілегін айтса, мен оған: «босама» дедім. Өзімді емес, Ақжолды көп уайымдадым. Тұғырға шыққанда бірге суретке түстік.
СПОРТ – АҚША ТАБУ ҚҰРАЛЫ ЕМЕС
– Әлеуметтік желіде хит болған биіңіз қайдан шықты?
– Мына жер тар болып тұр. Әйтпесе, билеп беретін едім.
– Билеп берсеңіз күшті болар еді...
– Көп жерлерде билеп беріңіз деп өтініш айтады. Бапкерім Боранбек Қоңыратов ағайдың шығарған жаттығуы. Кейде жаттығу шағын залда өтеді. Сол кезде бос тұрмай, жүру, жүгірудің амалынан туған «би» ғой (күліп).
– Спортта баюға бола ма?
– Боранбек ағайым «ниетің ақша болмасын» деп жиі айтатын. Егер бар ойың ақша табу, баю болса, жетістікке жете алмайсың. Ең басты мақсат – елдің абыройын қорғап, даңқын асыру, әнұранын шырқау. Сол кезде қаржы өзінен-өзі келеді. Спортты ақша табудың құралы деп ойламаймын. Егер ойың өзгермесе, басқа салаға кеткенің дұрыс.
– Жеке бапкеріңіз сізді сұқбат беруге жібермейді екен. Жас тілшілермен кездесуге сұранып келдіңіз бе?
– Жаттығудан тыс уақытта басқа нәрсеге алаңдамауға кеңес береді. Өте қатал. Біздің спорттан бөлек, тынығып, демалуымыз керек. Осы кездесуге бапкеріме ескертпей кетіп қалдым. Айтсам, жібермей қоюы мүмкін. Тәртіп керек. Бізді осыған тәрбиелейді. Бір ауылдан екі олимпиада чемпионын шығарды. Бізді жарыстан қалмасын деп, жүгері, қазандық сатқан кезі болған.
– Демеу аға, жарыс алдындағы қобалжуды қалай жеңесіз? Сізге кім көмектеседі?
– Белдесу болатын күні келіншегім телефоннан хат жазады. Мотивациялық сөздер, видео көресің. Бірақ жұбайымның жазған екі-үш сөзінің орны бөлек. Мысалы, ҚР чемпионатының алдында осы оқиға болды. Жұбайымның жылы сөзі күш беріп, бәрін ұмыттым. Жарыстың алдында жақсы ұйықтауға тырысамын. Ерте жатып, ерте тұрсаң, сергек жүресің. «Белдесу оңай өтті» деген болмайды. Кейде күйзеліске түсіп, уайымдайсың. Сабақ айтар кезде немесе емтихан тапсырғанда бір өзгеше күй болады ғой. Сондай сезім деп айтайын. Әрбір белдесудің жауапкершілігі жоғары. Жеңу қиын болған сайын сен үшін ерекше бола береді.
– Психологиялық тұрғыда өзіңізді қалай жетілдірдіңіз?
– Ұйықтай алмай, түнімен өз-өзіңмен күресесің. Тәжірибе жинаған сайын толысып, мықты бола түсесің. Қобалжу болмаса, сізде бір мәселе бар деген сөз. Әрине, бәрінде болады. Жаныңа жақын адамдардың сөзі қобалжуды басады. Қанша шетелде болғанымды санағаным жоқ. Біз іс-сапар немесе саяхаттау үшін бармаймыз. Жарысқа барған соң қыдырып жүрмейсің. Жарыс бұл – жауапкершілік. Кейбір адамдар Парижді ұнатпайды. Өзіме қатты ұнады.
– Халықаралық жарысқа ең алғаш әскерде жүргенде барған екенсіз.
– Мә, мен туралы бәрін біліп алыпсыздар ғой. Еркін Біләлұлы деген жаттықтырушымыз болды. Әскери спорт клубында қатардағы жауынгер ретінде жаттықтым. Иә, ең бірінші халықаралық жарысқа шыққаным осы. Иранда өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткіздім. Бұл елде күрес өте мықты дамыған.
– Сіздің ойыңызша, бұл өмірде бақ шаба ма, әлде бап шаба ма?
– Қазақтар «бақ пен бабы қатар шапты» деп бекер айтпайды. Екеуінің бірге шапқаны дұрыс сияқты.
– Сіз жоспармен жүресіз бе? Бір күніңіз қалай өтеді?
– Жоспар болмаса, өте қиын. Түстен кейін міндетті түрде жаттығуға барамын. Барлық назар жаттығуда.
СПОРТ МЕКТЕБІН АШАМЫН...
– Өзіңізді журналист ретінде елестете аласыз ба?
– Спорт журналисі бола алатын шығармын. Кейіпкерді ашу үшін адамдармен тез тіл табысу керек. Бұл мамандық маған қиын болмайды.
– Болашақта спорт мектебін ашу ойыңызда бар ма?
– Сіз айтқаннан кейін ойланып отырмын. Болашақта көреміз.
– Қызыңыз сіздің жолыңызды таңдаса, не дейсіз?
– Грек-римде қыз бала күреспейді. Егер өзінің таңдауы болса, көреміз. Қай сала болсын өз қиындығы бар. Сіздерге де спортпен айналысуға кеңес беремін. Кәсіби түрде айналысу міндетті емес. Бәріміз спортшы болып кетсек, ғалымдар қайдан шығады? Күніне жарты сағат болса да денені шынықтыру керек. Адамға көңіл-күй сыйлап, сымбатты болып өсуге көмектеседі.
– Күнделік жазасыз ба?
– Иә, жаттығудан кейін күнделік жазамын. Спорт күнделігі деп айтамыз. Қандай жаттығу жасадым, не істедім бәрін жазуға тырысамын.
– Географияны жақсы көресіз, картаны жатқа білесіз бе?
– Иә, әрине. Картаның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Бұл пәнді барлық бала жақсы оқуы керек деп ойлаймын. Өйткені, елімізде қандай байлықтар бар, бәрін білуі керек.
– Олимпиададан кейін спортшыларды тойға шақырып, төбеге көтереміз. Осы құрметті көтере білу де оңай шаруа емес. Сізге қарасақ, адами болмыс, көркем мінезбен көтере білген секілдісіз. Кейінгі спортшыларға осы құрметті көтеруге байланысты қандай кеңес айтасыз?
– Көп мақтап жібердіңіз. Жеңіске жеткенім халықтың арқасы. «Көп тілегі – көл» дейді. Бір көре салып, «жеңсе екен» деген тілегінің өзі қандай күшті. Халықпен бірге болу керек. Жарыстың алдында кездескен бір адам жігер беретін сөз айтуы мүмкін. Құрметке лайық болмасақ та, бар ықыласын арнаған халыққа рақмет.
– Адамның бойында қандай құрметті ерекше бағалайсыз?
– Адамгершілік. Адам болып туған соң адам болып қалу керек.
– Депутат болғыңыз келе ме?
– Ешкім депутат бол деп айтқан жоқ. Бәрін уақыт көрсетеді.
– Егер ұсынса не істейсіз?
– Көреміз.
«ҚАШАН АЛТЫН АЛАСЫҢДАР?»
– Сәуле Досжанның «Жақсылық Үшкемпіров кім?» деген кітабын оқыдым. Сіз ағаның жанында көп жүрдіңіз. Ол кісінің мінезі тура кітапта жазылғандағыдай ма?
– Иә, дұрыс айтасыз, кітапта қалай жазылса, ағамыз тура сондай болды. Жарыста жігер беретін. Ең есте қалған сөзі: «Қашан алтын аласыңдар?».
– Бала кезіңізден қалған гештальт бар ма?
– Ой, біздің гештальт Алматыға келу ғой. (Балалар ду күлді). Бала күнгі арманға ақырындап жетіп келемін. Арманды сезіну керек. Ұшқыш болуды да ойладық.
– Ұшақ жүргізіп көрдіңіз бе? Әлеуметтік желіде суретіңізді көрген едім.
– Ол сурет қой (күліп). Ұшқыш болу арманым еді. Бірақ жолаушыларымен ұшақты бермейтін сияқты.
– Мүмкін өзіңізге жеке ұшақ сатып аларсыз?
– О-о-о! Армандауға болады екен.
– Парижден алған ақшаңызға алмайсыз ба?
– Көреміз (ду күлкі).
– Анаңызға берген ең қымбат сыйлығыңыз?
– «Балам олимпиаданың жүлдесі мен немере сыйлады. Маған ең қымбат сый осы» деген. Анам домбыра тартып, ән салады. Мәдениет үйінде жұмыс істеген. Әкем көлік жүргізушісі болған. Таудағы малшыларға көлігімен су жеткізген. Жақсы отбасында өмірге келдім.
– Сүйіктіңізді «моя булочка» деп еркелетеді екенсіз. Осы рас па? Қалай таныстыңыз?
– Сүйкімді, салмақты қыз болды. Осы қылығын ұнаттым. Спорт және туризм академиясында бірге оқыдық. Маған қиын кезде мықты қолдау білдіріп, өзіме деген сенімділікті арттырды. Алғысымды айтамын. Ұмытпасам, тойда таныстық. Ай бойы жаттығуда жүремін. Соның бәрін түсінеді. «Үйге алаңдама, жаттығуыңды жаса, мен саған сенемін» дейді.
– Демеу мырза, балалармен кездесуге келгеніңізге рақмет. Осы форумға Ақтөбе өңіріндегі медиамектептің бірнеше оқушысын әкелдім. Есімім – Әлия, жетекшімін. Кездесу барысын әлеуметтік желіге жүктеген едім. Оқушылар сізге былай деп сұрақ жолдапты: «Демеу ағай, қазақ еліне медаль сыйлағаныңызға рақмет. Біз де спортпен айналысамыз. Қалай чемпион болсақ болады?».
– Жігіттер, спортпен айналысқандарыңа қуаныштымын! Чемпион болып, мықты азамат болыңдар! Сіздерге тілерім, таңдаған спортты жақсы көріңіздер. Ата-ананы тыңдап, сабақты жақсы оқысаңыздар, сол кезде чемпион боласыздар. Сәттілік!
– Демеу ағай, есімім Аружан. Алматы қаласындағы №13 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысымын. Келесі олимпиадада алтын алуыңызды тілеймін. Сізге арнап өлең шығарған едім, қабыл алыңыз.
Тұлпар туған, тасқамал қайсар аға,
Жеңіс үшін тайсалмас сынға дара.
Қанат қақтың биікке, арман қуып,
Шын мықтыны танытар мықты ғана.
Боз кілемде қайыспас ерлік танытып,
Сын сағатта шықтың алға озып.
Париж көрді жігерді, қайрат-күшті,
Жеңісіңмен жарқыраттың елдің ісін.
Күміс медаль – маңдайдың аққан тері,
Қажыр-қайрат, еңбектің нақ бір жемісі.
Биік шыңға бастайды талмас талап,
Алтын күндер әлі де алда, аға!
Аружанның арнауына тек Демеу ағасы ғана емес, барлығымыз риза болып, қол соқтық. Расында, алтын күндер әлі алда!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
Суреттерді түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫН
«Ұлан» газеті, №14
8 сәуір 2024 жыл

596 рет
көрсетілді0
пікір