• ҰЛАН
  • 09 Сәуір, 2025

Әлеуметтік желілердегі журналистік этика мен жауапкершілік

Форумның екінші күні «Ұлан» газетінің редакциясында журналист, медиа-тренер, «Власть» интернет журналының қазақ бөлімінің редакторы Жұлдыз Әбділданың трениңімен басталды. Жұлдыз апай Әбділданы өздерің жақсы танисыңдар. Өйткені 2024 жылға дейін кейінгі он бір жылда Жұлдыз апай балалар басылымында еңбек етті. Ал оған дейін журналистика факультетін бітірген 90-жылдардың аяғы, 2000-жылдардың басынан «Қазақ университеті» газетінен бастап, «Түркістан», «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген. Трениңде жас тілшілер мен белсенді авторлар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өзге оқушылар журналистика, медиадағы этика мен жауапкершілік, әлеуметтік желі туралы сұрақтарына жауап алды. Екі сағатқа созылған бұл шеберлік сағаты жылдағыдай «өзіміз отырып шәй ішейік» форматында өтті. Жұлдыз апай оқушыларға медианың өзі жұмыс істеген жылдар ішінде қалай өзгергенінен бастап айтып берді.

– Жалпы, журналистика мен медиа саласы кейінгі 25 жыл ішінде айтарлықтай өзгерді. Ал кейінгі 10 жылда әлеуметтік желілердің пайда болып, қарқынды дамуынан сала түбегейлі өзгерді. Осыған байланысты журналистикаға және медиаға қойылатын талаптар да өзгерді. 2002 жылы мен «Жас Алаш» газетіне жұмысқа келгенде, әр адамның алдында компьютер болмады. Электронды пошта тек ірі компанияларда қолданылатын. Сол кезде мақалаларды қағазға жазып, оны компьютерге апайлар теретін. Содан кейін біз қателерін тексеріп, қайтадан өткізетінбіз. Ол кезде жаңадан ұялы телефондар шыға бастаса да, бізде смартфон жоқ еді. Мақала жазу үшін кейіп­кердің суретін алу керек болса, біз оған барып, үйінен түсіріп алып, редакцияға әкелетінбіз.

Қазір осының барлығын бір секундта, қолымыз­дағы смартфонмен жасауға болады. Бұл сіздердің өмірлеріңізді жеңілдетті, бірақ сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктеді. Бізді журналистика азаматтық позиция деген тұрғыда оқытты. Сол себепті біздің көзқарасымыз басқа болды, жазған мақалаларымыз да өзгеше еді. Қазіргі уақытта оқуды бітірген соң, тек бір жерге жұмысқа орналасамын деп ойлау дұрыс емес. Оқу орнына түскен сәттен бастап жұмыс істеуге дайындалу керек. Басқа мамандықтар­да бұл көп байқалмауы мүмкін, бірақ журналистикада оқу басталғанда-ақ тәжірибе жинау қажет.

Егер төрт жыл оқып, студенттік өмірді көріп, диплом алып, кейін журналист болып жұмыс істеймін десек, онда біз көп нәрседен кешігіп қаламыз. Қазір кейбір оқу орындары журналистиканы үш жылда оқытуды жоспарлап отыр. Демек уақыт аз деген сөз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер жеке медиаға айналды. Әрбір адам өзінің блогын жүргізіп, YouTube-та подкаст ашып, кез келген жобаны жүзеге асыра алатынын білесіздер. Мысалы, Telegram арналар да жеке медиаға жатады. Рас, бәсеке өте жоғары. Мысалы, подкаст жүргізіп жүргендердің көпшілігі журналист емес. Бірақ біз оларды қызыға тыңдаймыз. Сондықтан сіздерге де ертең нарыққа шыққан кезде олармен бәсекелесуге тура келеді. Сол себепті қазірден бастап осыған әзірленіп, дайын болған дұрыс.

Тағы бір айта кететін нәрсе, өзіңіздікі қате екенін білсеңіз, оны жөндеуден ұялмаңыз. Мысалы, калька. Калька сөздер біздің құлағымызға сіңіп кеткені соншалық, ол дұрыс сияқты көрінеді. Мәселен, «жақсы жаңалығыммен бөлісейін деп едім» немесе «қуанышыммен бөлісейін деп едім» дегенді көп адам дұрыс деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде «жақсы жаңалығымды айтайын деп едім» немесе «қуанышымды жеткізейін деп едім» деп айту керек. Қазақта «қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» дейді, «қуанышпен бөліссе көбейеді, қайғымен бөліссе азаяды» демейді.

Назгүл Қожабек апайдың Телеграмдағы «Калькасыз қазақ тілі» арнасына жазылып, әр жазбасына назар аударыңыздар. Бізде «білемін» деген түсінік жиі кездеседі, бірақ тіл ғалымдарының ескертуін қабылдаған жөн. Мысалы, жақында Назгүл бас тартамын деген сөзді дұрыс емес деп жазды. «Отказ» дегеннің бәрін «бас тарту» деп айтып жүр екенбіз. Мысалы, «менімен барудан бас тартты» деп емес, «менімен барғысы келмеді» десек болады ғой.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Мәселен, оқушының бірі ҚазҰУ-да форумның бірінші күні өткен іс-шарада мүгедектігі бар адамдар туралы сөз қозғалғанын еске түсірді:

– Талқылау барысында кейбір қатысушылар «мүмкіндігі шектеу­лі» тіркесінің дұрыстығына күмән келтірді. Сонда қандай тіркесті қолданған жөн?

– Ресми терминологияға сәйкес «мүгедектігі бар» деген дұрыс. Дегенмен, қоғамда «мүмкіндігі шектеу­лі» сөзі кеңінен қолданылып келеді, себебі ол құлаққа үйреншікті. Алайда, мүгедектігі бар адамдар бұл тіркесті кемсіту деп санайды, өйткені олардың мүмкіндігі шектеусіз: көлік жүргізу, суда жүзу, би билеу, түрлі жұмыстарды атқару қабілеттері бар. Бұрын «мүгедек» сөзі жиі қолданылса, кейін «мүмкіндігі шектеулі» термині пайда болды. Бірақ кейін оның да шектеуші мәні бары түсінікті болды. Қазір ресми құжаттар мен БАҚ-та «мүгедектігі бар» тіркесі қолданылуға тиіс. Дегенмен, «мүмкіндігі шектеулі» сөзі қоғам санасына сіңгендіктен, оны толық қолданыс­тан шығару бірден мүмкін емес.

«Зағип» немесе «ерекше адам» деген сөздер көп жағдайда этикалық дилеммалар тудырады. Алматыда, мысалы, көзі нашар көретіндерге арналған белгілер мен дыбыспен сигнал беретін бағдаршамдар бар, бірақ көбіне «соқыр» деп жазылып тұрады. Бұл сөз кемсітушілік ретінде қабылдануы мүмкін, сондықтан қазір «көру қабілеті нашар» деп айту дұрысырақ. Бұрындары «саңырау» деген сөз де қолданылған, бірақ ол да адамды кемсіту ретінде қабылданады. Егер өзіңіздің көру немесе есту қабілетіңіз төмен болса, бұл қалай әсер етер еді? Әрбір терминнің қазіргі заман талабына сай орны бар. Интернеттен дұрыс ақпаратты тауып, терминологияны сауатты пайдалану өте маңызды. 

– Мысалы, Арбатта жүргенде түрлі жарнамаларымен келетін адамдар сұрақ қойып, оны видеоға түсіргені қаншалықты дұрыс? 

– Жалпы, адамның бейнесін рұқсатсыз пайдалану –  заңсыз әрекет. Егер біреу сізді түсіріп жатса, сіз оған «мені түсірмеңіз» немесе «менің рұқсатымсыз видеоны ешқайда жария­ламаңыз» деп айтуға құқығыңыз бар. Егер рұқсатсыз жарияланса, сіз бұл адамды сотқа бере аласыз. Журналистер мен блогерлер де көп жағдайда рұқсатсыз адамдарды түсіріп, жариялап жатады, бұл да заңсыз. Әсіресе, егер суретте балалардың бейнесі болса, бұл одан да маңызды. 

Осы тұста айта кетейін, суреттерді рұқсатсыз пайдалану заңға қайшы. Бұрын бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң болса, қазір Масс-медиа туралы заң бар. Егер біреудің суретін жарияласаңыз, оның рұқсатын алуыңыз керек. Бұл әлеуметтік желіде де маңызды. Мысалы, белгілі фотограф Максим Золотухин көптеген медианы сотқа беріп, рұқсатсыз пайдаланылған суреттері үшін бірнеше миллион теңге өндіріп алған. Сондай-ақ, белгілі адамдардың суретін жариялауда да заңды талаптар бар. Мысалы, депутаттардың жұмыс орнындағы суреттерін рұқсатсыз пайдалануға болады. Журналистер кейде белгілі адамды қоғамдық орындарда түсіріп, жариялай алады, бірақ жеке өмірге араласу, мысалы, мейрамханада тамақ ішіп отырғанын суретке түсіріп жариялау – дұрыс емес. Бұл да адамның жеке құқығын бұзу.

Бұған дейін полиция қызметкерінің қызметтік көлікте дөнер жеп отырғанын түсіріп желіде таратып жіберген жағдай болған. Полиция қызметкері де адам, ол да ұзақ сағаттар бойы жұмыс істейді, яғни тамақтануға құқығы бар. Бұл қылмыс емес. Алайда, бір жол полициясы қызметкері адамды заңсыз тоқтатып, пара сұраған жағдайда, оның суретін жариялауға болады. Бұл жағдайда рұқсат сұраудың қажеті жоқ, себебі тәртіп бұзылып жатыр.

Төтенше жағдай кезінде көбіне рұқсат сұрамай-ақ суреттерді жариялаймыз. Бірақ мұндай жағдайда адамның бет-жүзі көрінбеуіне ерекше мән беру керек. Мысалы, пандемия  кезінде адамдардың суреттері мен видеолары  теледидардан көрсетілді. Кейбір кадрларда дәрменсіз халде жатқан  науқастардың жүзі жабылмаған.  Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың көріністерін  таратуға болмайды. Қазір интернетте балалар төбелесіп жатқан видеолар жиі тарайды. Кейбіреулер «Масқара!» деп бөлісіп жатады, бірақ сіз оны таратпаңыз. Оның орнына, мәселе туралы жазыңыз, бірақ видеоны қоспаңыз. Өйткені көрмеген адамдарға да оны көруге мүмкіндік жасап жат­сыз. Қан-жоса болып көшеде жатқан адамның суретін жариялау да – үлкен қателік. Қандай жағдай болсын, адамгершілік шекарасын сақтау керек.

Бұған қатысты бірнеше жыл бұрын болған Күлікбаев ісін мысалға келтіруге болады. Күлікбаев бірнеше полиция қызметкерін атып тастаған. Кейін бір журналист қан-жоса болған полицейдің мәйітін жақыннан түсіріп, әлеуметтік желіге салды. Сұрағанда, «Туыстары білсін деп салдым» деді. Бұл – журналистиканың ғана емес, адамгершілік нормаларына да қайшы әрекет. Этиканың шекарасы өте нәзік. 
 – Ал қандай жағдайда мұндай суреттер мен видеоларды жариялау дұрыс болып есептеледі?
– Мысалы, қоғамда үлкен резонанс тудыру мақсатында жариялау керек. Қуандық Бишімбаевтың ісінде сондай кадрлар қолданылды. Бірақ, жалпы алғанда, барлық кезде жәбірленушіні көрсете бермеген жөн. Ауруханадағы ем-дом барысын көрсету үшін науқастың қолы мен система түтігін ғана көрсету жеткілікті. Бұл – тек журналистер үшін емес, барлығымыз үшін маңызды ереже. Егер ініңіз, сіңліңіз немесе ата-­анаңыз осындай видеоларды таратса, оларға түсіндіріңіз. Көбіне үлкен кісілер жалған ақпаратқа сеніп, оны басқаларға жібереді. Осындай сәттерде оларға дұрыс ақпарат беру – біздің міндетіміз.

 – Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында қайтыс болған адамның суретін жариялау дұрыс па?

– Кәмелетке толмаған балалар қаза тапқан жағдайда, олардың суреттері жиі жарияланады. Бұл олардың ары қарай өмірі жоқ болғандықтан дұрыс емес деп саналмайды. Бірақ басқа жағдайларда, әсіресе зорлық-зомбылық көрген балалардың, педофилия құрбандарының немесе таяқ жеген балалардың суретін жариялауға болмайды. Жақында бір оқиғада таяқ жеген баланың видео­сы да, суреті де жарияланды, ал журналистер оны кеңінен таратып жіберді. Бірақ ол бала болашақта басқа қалаға көшіп, жаңа өмір бастай алады. Ал интернетке бір рет жүктелген ақпарат ешқашан толық өшпейді. Біреу скриншот жасап алуы немесе басқа жерге таратып жіберуі мүмкін. Осылайша, сіз ол ақпаратты бақылау мүмкіндігінен айырыласыз.

– Әлеуметтік желі деп қалдық. Қазір БАҚ-тың бәрі желіде ақпарат таратады. Одан қалса жеке тұлға, блогерлер де өзінше ақпарат жазады. Осы тұста желіде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?

– Әлеуметтік желідегі парақшаңыз – сіздің айнаңыз. Онда құндылықтарыңыз көрінеді. Бір құрбым бір жазбаға лайк басыпты. Кейіннен сұрасам, «Жазбаны оқыған жоқпын, суреті әдемі болған соң лайк қойдым», – дейді. Шынында, біз көбіне әдемі фотоны ұнатып, постты оқымай лайк баса саламыз. Бірақ лайк – ол сіздің қолдауыңыз. Сіз бөліскен немесе лайк басқан контент сіздің пікіріңіз деп қабылданады. Кейбір желі қолданушылары абайсыз әрекеті үшін 5-7 жылға сотталып жатыр. «Мен білмей бөлістім» деген сөз жауапкершіліктен құтқармайды. Интернетте, әлеуметтік желілерде бір нәрсені бөліскенде, сілтеме ашқанда немесе біреуге ақпарат таратқанда біз жауапкершілік аламыз. Көп адам смартфонмен жеке қалған кезде осы жауапкершілікті сезіне бермейді. Әсіресе Instagram мен TikTok-та комментарий жазған кезде адамның жеке басына, ұлтына, дініне немесе басқа да ерекшеліктеріне тиісу дұрыс емес. Конституция бойынша барлық адам тең және ешкімді ұлтына, дініне, әлеуметтік немесе басқа ерекшеліктеріне байланысты кемсітуге болмайды. Сонымен қатар, адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларация да осыны бекітеді.

Адамның ерекшеліктері оның орамал тағуы, дінді ұстануы немесе ашық-шашық киінуі болуы мүмкін. Қоғамдық көлікте немесе автобуста басқа адамдарға оларға ұнамайтын нәрселерді айту, мысалы, «шашыңды жина», «жыртық джинсы киіп алған» деген секілді сөздер айту дұрыс емес. Сондай-ақ, біреуді кемсітіп немесе қысым көрсетуге бей-жай қарау да қате. Әлеуметтік желіде де біреудің жазбасына пікір жазғанда, көбіне мәдениетсіз пікірталас немесе жеке басына өту жиі кездеседі. Сондықтан мұндай жағдайларда абай болу керек. Сол себепті әлеуметтік желіде қандай ақпаратты бөлісіп жатқаныңызды мұқият тексеріңіз. Мысалы, дәрілік заттарды жарнамалау – өте қауіпті. «Үй алып береді», «ақша көбейтіп береді» деген секілді қаржылық ұйымдарды насихаттау – қаржылық пирамидаға қатысыңыз бар деген күдік тудыруы мүмкін. Ал құндылықтарыңызға қайшы келетін ақпараттарды тарату – сіздің ұстанымыңыз туралы қате түсінік қалыптас­тыруы мүмкін. Әлеуметтік желідегі әрекеттеріңіз сіздің жеке шекараңыз. Сіз кіммен араласатыныңызды, кімнің жазбасын тарататыныңызды, кімнің сіздің парақшаңызда болатынын өзіңіз шешуіңіз керек. Жеке шекараңызды сақтау үшін парақшаңызды жабық ету – медиа және ақпараттық сауаттылық тұрғысынан дұрыс шешім. Алайда қазір – монетизация дәуірі. Көп адам әлеуметтік желіні табыс көзі ретінде қарас­тырады, көбірек оқырман жинағысы келеді. Сондықтан парақшаңызды ашық немесе жабық ұстау – әр адамның өз таңдауы. Ең бастысы – желідегі әрекеттеріңіз сіздің құндылықта­ры­ңызға сай болуы керек. 

– Жұлдыз апай, біз жаңадан бері журналистикадағы этика мәселесіне қатысты түрлі мысал келтірдік. Енді нақты ережелерді атап өтіңізші.

– Ақпарат таратқанда бейтараптықты сақтау маңызды. Тек біржақты пікір бермеу керек, кемінде екі түрлі көзқарасты көрсету қажет. Жарнамалық ақпарат болса, жарнама берушіні ашық көрсету маңызды. Бұрын кей блогерлер жарнамалық жазбаны жасырып, оны қарапайым пост ретінде ұсынатын. Қазір жағдай өзгерді, блогерлер жарнаманы белгілеп, оны оқырманға түсінікті етіп көрсетуге мәжбүр. Мысалы, қазір блогерлер «Ақысы төленген және салығы да төленді» деп ашық жазып жүр. Бұл – дамыған елдердегі қалыпты тәжірибе.

Журналист алған ақпаратын қорғауы керек. Егер ақпарат беруші аты-жөнін көрсетпеуді сұраса, оны сақтау қажет. Дегенмен, егер іс сотқа дейін жетсе, сот процесінде деректерді ашуға тура келуі мүмкін. Бірақ жария­лау кезінде сақтық қажет – «Маған біреу айтты» деген белгісіз мәліметтер таратылмауы керек.

Кәмелетке толмағандардың деректерін жариялау – өте қауіпті. Жеке деректерді қорғау заңдарына сәйкес, адамның фотосын, тұрғылықты жерін немесе басқа да жеке ақпаратын рұқсатсыз жариялауға болмайды. Америкалық SPJ (Society of Professional Journalists) ұйымы 1926 жылы қабылдаған этикалық кодексте төрт негізгі принцип бар:
1. Шындықты жаз – ақпараттың дұрыстығын тексеру маңызды.
2. Зиянды азайт – материал адамға немесе қоғамға зиян келтірмеуі керек.
3. Тәуелсіз бол – объективтілік сақталуға тиіс, мүдделер қақтығысынан аулақ болу қажет.
4. Жауапкершілік пен ашықтық – дереккөздерді көрсету, ақпаратты бұрмаламау.

Бұл кодекс 100 жылда тек төрт рет өзгерді, оның өзі интернет пен әлеуметтік желілердің дамуымен байланыс­ты болды.
Интернетте тұрған кез келген материалды көшіріп, өз еңбегің сияқты ұсынуға болмайды. Интеллектуалдық меншік құқығын сақтау керек. Егер біреудің сөзін қолдансаңыз, міндетті түрде авторын көрсетіңіз. «Барлығы осылай жазып жатыр» немесе «Бұл ақпарат басқа жерде де бар» деген себеппен дереккөзсіз пайдалануға болмайды. Егер бастапқы автор қате жіберсе, оның жауапкершілігі сізге жүктелуі мүмкін. Сондықтан ақпараттың дереккөзін көрсету – кәсіби журналистиканың маңызды шарты. 

Деректі бұрмалау – бізде жиі кездесетін жағдай. Яғни, манипуляция арқылы ақпаратты өзімізге тиімді етіп ұсыну. Сонымен қатар, жала жабу (дефамация), ар-намысқа тиетін жазбалар, негізсіз айыптау – бұлар кәсіби этика талаптарын бұзу. Заң тұрғысынан қарасақ, жала жабу – әкімшілік құқықбұзушылық. Ал адамның абыройына нұқсан келтіру немесе жеке өміріне қол сұғу Азаматтық кодекспен реттеледі. Мұнда бір маңызды нюанс бар: заңды тұлғалар (ұйымдар, мекемелер) моральдық шығын талап ете алмайды, тек материалдық шығынды өтеу­ді талап ете алады. Ал жеке тұлғалар, керісінше, әрі моральдық, әрі материалдық өтемақы талап ете алады. Мысалы, егер біреу сіз туралы жалған ақпарат таратса, сіз оған моральдық өтемақы ретінде бес миллион теңге талап ете аласыз. Бірақ сот бұл соманы толықтай мақұлдамай, мысалы, бір миллион теңге көлемінде бекітуі мүмкін.

Фото мен видео материалдарға келсек, егер адам өзі әлеуметтік желіде бір контентті ашық түрде жариялаған болса, кейін оны өшірсе де, бұл материалды пайдаланғаны үшін ешкімді кінәлай алмайды. Мәселен, шенеунік өз парақшасына бір пост салып, кейін оны жоққа шығарса да, бастапқы жарияланым ашық болғандықтан, оны пайдалануға шектеу жоқ.

Журналистика мен қара PR мәселесіне келсек, қазір әлеуметтік желілерде қара PR (black PR) кең тараған құбылыс. Бірақ медиа­этика талаптары бойынша мұндай әдіс­тер журналистикада қабылданбайды.

Жаңа медиа туралы заңда бұл мәселе нақты көрсетілген – кез келген жарнама немесе пиар материал міндетті түрде таңбалануы тиіс. Ал хайп үшін жалған немесе жартылай шын ақпарат тарату журналистиканың қағидаларына қайшы. Сондықтан барлық нәрсе ашықтық пен жауапкершілікке негізделуі керек.

Жұлдыз апайдың шеберлік сағаты форумның әр қатысушысына, келген әр қонаққа, жетекшілерге пайдалы болды деген ойдамыз. Өйткені, шынында да Жұлдыз апай айтқандай, этиканың жібі нәзік. Ол әр азамат үшін маңыз­ды. Ал қоғам пікірін қалыптас­тырушы журналистер үшін аса маңызды. Сондықтан белсенді авторлар мен жас тілшілерге, журналистика мамандығына түсемін деп талаптанып жүрген әр талапкерге осы үш сағаттың пайдасы орасан. Таңғы уақытта күрделі тақырыптарды жеңіл түсіндіріп, форум қатысушыларын ұйытып отырған Жұлдыз апайға алғыс білдіреміз!

Жазира БЕКБОЛАТ

«Ұлан» газеті, №14
8 сәуір 2024 жыл

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор