• ҰЛАН
  • 09 Сәуір, 2025

Жыл келгендей жаңалық сезіндік

Жас тілшілер форумы! Бұл болашақта журналист болсам дейтін балалар да, «Ұлан» газетінің қызметкерлері де асыға күтер аяулы сәт. Балалар журналистика әлемін – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі Журналистика факультетінің табалдырығын аттап көрсем, әйгілі №5 жатақхананың ішін араласам, ҚазҰУ қалашығын кезсем, журналист аға-апайлардың әңгімесін тыңдасам, «Ұлан» газетінің редакциясына бас сұқсам, сөйтіп ондағы ерекше кездесулердің куәсі болсам дейді. Ал «Ұлан» газеті ұжымының тілегі біреу-ақ: алыстан ат арытып келген балаларға – журналист болсам дейтін талапты балаларға одан әрмен қанат бітіру.

28-29 наурыз күндері өткен Жас тілшілер форумы екі тараптың да үдесінен шықты десек болатындай. Форумға қатысушылардан кеп жатқан толассыз хаттар – сөзіміздің дәлелі. Форумға дайындық жыл басында басталды. Балалармен жүздесетін қонақтарды күні бұрын шақыру керек-ақ. Себебі олар – «айтып келтіре алмайтын» қонақтар. Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, атақты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев, медиа-тренер Жұлдыз Әбділда, жас ақын Әлия Іңкәрбек пен әнші Әбілқайыр (Абик) Жексен шақыруымызды ықыласпен қабыл алды. 

Сенбінің таңы біз үшін мейірленіп атқандай. Өйткені бүгін «Ұланның» шаңырағына ең үлкен, ең ардақты қонақтар келмек. Олар – жас тілшілер. Ертеңгі мүйізі қарағайдай қаламгерлер осы балалардың арасынан шығары кәміл. Себебі «Ұлан» газеті 95 жыл бойы ұлт руханиятының ұстаханасы қызметін атқарып келеді. 

Ең үлкен тілші – жас тілші. Бәріне тұнық көзбен, сергек санамен қарайды. Ол үшін шындық – жалғыз. Шындықты қаз-қалпында беру керек деп есептейді. Оған форумда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Таңғы 9-да басталған іс-шаралар легі кешкі 18.30-да дамыл тапты. Осы уақыт аралығында жас тілшілер өте белсенді болды. Келген қонақтың ешқайсысын жібергісі жоқ. Сұрақтар қарша борады. Қонақтар да балалардың құшағынан ажырағысы келмегендей. Емен-жарқын әңгіме бәрін де тырп еткізбеді. Әдетте екі-үш қонақпен кездесу өтетін форум бұл жолы бес бірдей кейіпкерді сөйлеткенде, балалар шаршап қалар-ау дегенбіз. Жоқ, соңғы кездесудің кейіпкері Мыңжылқы Бердіқожаевпен қимай қоштасты. Сөйтіп марқайған көңілмен бұл форумды да тәмамдадық. Форумға қатысқан барлық балаға кітап сыйлаған Steppe&World баспасына және оның басшысы Райса Қадырқызына айрықша алғысымызды білдіреміз. 

1961 жылы Мұхтар Әуезов мінберде жас ақындар туралы пікір айтады. Сонда біршама жас таланттың аяқ алысына ризашылық білдіріп, «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп лебіз білдіреді. Ұлы жазушының аузынан шыққан қуатты сөз сол жастардың бәріне айрықша қанат бітірді. Сол сөзді біз де жас тілшілерімізге арнап айтқымыз келеді. Себебі олар өз замандасының – «Ұланның» үміті. Біз үшін әрбір жас тілші – жыл келгендей жаңалық лебі. Көш үзілмесін деп тілейміз!

Коллаж Н.Жұмахандыкі

«Ұлан» газеті, №14
8 сәуір 2024 жыл

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор