- ҰЛАН
- 09 Сәуір, 2025
Астаналық жас тілшінің күнделігі

Түннің түңлігі түріліп, көкжиектен күн көріне бастаған шақта əкем екеуіміз жолға шықтық. Арқада таңның атқаны да əдемі ғой, шіркін! Таңғы ауадан көктемнің иісі сезіледі. Тап осы сəттің кереметін фотоға түсіріп алайын деп, ұшақтың иллюминаторынан сыртқа көз тастадым. Бойымды қуаныш кернеп, алдағы сапарымыздың қалай өтетіні туралы ойға шомдым. Бұл біздің əсем қала Алматыда өтетін Жас тілшілер форумына бара жатқан бетіміз еді.
Әкем де жас тілші болған
«Менің де сен сияқты «Ұлан» газеті ұйымдастырған жас тілшілер фестиваліне барған кезім есіме түсіп отыр», – деп əңгімесін бастады əкем ұшағымыз көкке көтерілген сəтте. Одан бері 25 жыл өтіпті. Əкем осы сапар алдында сол кездегі альбом, қойындəптерін ақтарып, телефонына түсіріп алыпты. Бір фотода сол кездегі «Ұланның» бас редакторы Сұлтан Қалиұлымен бірге тұр. «Сұлтан аға ақкөңіл, жақсы адам еді, балалар басылымын осындай балажанды адамдар шығарады. Бірақ бізді ешқашан баласынбайтын, үлкен адамдарша жауапкершілік жүктеп, талабымызды ұштап отыратын» дейді əкем. «Ұланның» 2000-жылдардағы жас тілшілері қазір бір-бір үйдің тірегі, ақпарат саласының аты мəшһүр сайыпқыран мамандары. Мысалы, Рауан Сəбитұлы «Елорда-ақпарат» серіктестігінде директордың орынбасары, Айжан Пернебекқызы Еуразия университетінде болашақ журналистерге дəріс оқиды, əкем Қуат Əуесбай еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары əрі университетте практик-аға оқытушы болып қызмет атқарады. «Ұлан» газетінің 70 жылдық мерейтойы құрметіне өткен «Қарлығаштар» фестивалі кезінде ақындар айтысына қатысқан, қазір танымал əнші Еркін Нұржанов əкемнің қойындəптеріне «Терең теңіз түбінде тұнықтайық, ешқашан жамандықпен шынықпайық, тілегім бұл жалғанда бақытты бол, бірімізді-біріміз ұмытпайық» деген тілегін өлең жолымен жазыпты. Əдемі естеліктерді тыңдап отырып, қатты тебірендім, өзімнің де сондай айта жүрер ерекше іс-шараға қатысатыныма қуандым. Əкем үнсіз қалды. Бала кездегі жарқын сəттер еске түсіп, оның үстіне жастық шағының ең бір аяулы кезеңі өткен ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне бара жатқанымыз ерекше толқынысты күй кештіргені жүзінен аңғарылады.
Форумнан алған әсер мол
Сонымен екі күнге созылған Жас тілшілер форумынан алған əсер, жиған тəжірибе-білім ұшан-теңіз. Бұл іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен болашақта журналист болуды мақсат еткен 100-ден аса оқушы жиналды. Форум аясында «Журналист болғың келе ме?» байқауы өтті. Мен «Үздік мақала» номинациясы бойынша бағымды сынап көрдім. Байқау жүлдегерлерінің тізімінен өзімнің аты-жөнімді көргенде қуанышымда шек болмады. Бұл менің өзге қалаға арнайы барып, қатысқан алғашқы байқауым. Ақпан айында он алты жасқа толып едім, айға жеткізбей жеке куəлік алуым керек екен. Ұшаққа билет алатын кезде, құжат алмағаным еске түсіп, «үлгереміз бе» деп алаңдағаным рас. Бірақ жолым болып, едел-жедел Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, бір күннің ішінде куəлік те дайын бола кетті. Форумның алғашқы күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде өтті. Іс-шара барысында əртүрлі шеберлік сағаттары, мамандық пен кітап таныстырылымы жəне əн-шашу болды. Сонымен қатар, жүлдегерлер марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Өзім сияқты журналист болуды армандайтын дарынды жастар мен білікті журналистер ортасын көріп, ерекше шабыт алдым. Форум біткен соң біз Журналистика факультетінің деканы, Қанат Əуесбай ағамызбен бірге ҚазҰУ қалашығын аралап, университет корпустарын, жатақхана, Farabi Hub, кітапхананы көріп, жақсы əсер алып қайттық. Менің ата-анам осы университеттің Журналистика факультетінде оқып, сол жерде танысқан еді. Білім ордасының аумағы кең, жасыл желегі қалың болғандықтан, өзімді құдды бір демалыс орнында жүргендей сезіндім. Осындай жерде білім алып жатқан жастар қандай бақытты еді. Университеттің кітапханасы еңселі, оқу залдары кең, жарық екен. Таңғы 8-ден түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Оқимын деген жасқа барлық жағдай жасалған. Кітапханадағы Алаш арыстарына арнап жасалған инсталляция мен үлкен картина ерекше рух береді екен. Əл-Фараби бабамыздың ескерткіші де білімге үндеп тұрғандай.
Журналистика факультетінің əйгілі №5 жатақханасында қабырғаға ілінген «Факультет мақтаныштарына» арналған стендтен əкемнің фотосына көз салдым. Мұндай стендтің барын əкемнің өзі де білмейді екен, жатақхана дəлізінде ілініп тұрғанына 6-7 жылдай уақыт болған секілді. 2018 жылы «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы кезінде өзі оқыған факультет студенттерімен кездесіп, шеберлік дəрісін өткізген сəті екен. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары мен ақпарат саласының ақтаңгерлерінің қатарында менің де əкемнің фотосы тұрғанын ерекше мəртебе деп түсіндім.
Форумның екінші күнінде сүйікті газетіміз «Ұланның» редакциясында болдық. Журналист Жұлдыз Əбділдамен, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері, спортшы Демеу Жадыраевпен, əнші Абик Жексенмен, ақын Əлия Іңкəрбекпен, нейрохирург, халықаралық «Алтын скальпель» сыйлығының иегері Мыңжылқы Бердіқожаевпен кездесу ұйымдастырылды. Өз саласының білікті мамандарымен кездесу өзіме қатты ұнады, себебі сұқбат еркін, тілшілер айтпақшы «өзіміз отырып шәй ішейік» форматында өтті. «Ұланның» жеке кітапханасынан кітап алып, мол қазынаға кенелдік. Кешқұрым уақытта, оразаның соңғы күнінде белгілі жазушы, нағашы атамыз Жүсіпбек Қорғасбектің үйінде қонақта болып, ақ батасын алып қайттық.
Танымал әулеттегі тағылымды кездесу
Форум өз мəресіне жетіп, жан-жақтан келген оқушылар қимастықпен қоштастық. Əкемді танитын əріптестері маған тілектестігін білдіріп, ақ жол тілеп жатты. Журналистің қызы болу мен үшін үлкен жауапкершілік, сол үдеден шығуға, сенімді ақтауға барымды саламын, бұйырса. Алматыға келген сапарымызда белгілі қаламгерлер əулетінде қонақта болдық. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, бірнеше басылымда бас редактор болған журналист, қазір «Қазақ əдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Қали Сəрсенбай мен «Оқи отырыңыз» газетінің бас редакторы, журналист Таңсұлу Алдабергенқызының шаңырағында тағылымды кездесу болды. Кезінде əкем Таңсұлу апаймен «Түркістан» газетінде бірге жұмыс істеген екен. Ол кісі «Менің редакторым келді» деп құрақ ұшып қарсы алды. Менің журналист болғым келетінін естігенде қуанып, біздің жолымызды берсін деп, өздерінің авторлық «Журналист – өмір барлаушысы, журналистика – өмір мектебі» жəне «Сахара сандуғашы» атты кітаптарын сыйға тартты. Ал əкемнің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Осылайша біз бірнеше кітапты сыйға алып, олжалы болып, əуежайға аттандық. Онда рейсімізді күтіп отырып, кездейсоқ Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен белгілі саясаткер, журналист Əміржан Қосановты кездестіріп қалдық. Амандық сұрасып, естелікке фотоға түскен соң Мереке Құлкенов аға «Жас тілшіден бас тілші бол!» деп ізгі тілегін білдірді. Бұл сөздің маған айрықша əсер еткені соншалық, журналист болуға деген ынта-ықыласымды оята түскендей. Жалпы бұл сапар маған ерекше көңіл-күй сыйлап, арманға жету жолында тынбай ізденіп, табанды түрде еңбек ету керек екенін тағы бір мəрте ұғындырды.
Айша ƏУЕСБАЙ,
Абай атындағы
№87 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы
Астана қаласы
«Ұлан» газеті, №14
8 сәуір 2024 жыл

595 рет
көрсетілді0
пікір