• ҰЛАН
  • 25 Наурыз, 2025

«Қазақстан балалары» бағдарламасын қабылдауды тапсырды

14 наурызда Бурабайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Құрылтайда балаларға қатысты білім, спорт, тәрбие бағытында бірқатар мәселе көтерілді. Ендеше, достар, сендер білу керек қандай жаңалық айтылды, қандай өзгеріс болмақ, тізіп шықтық.

Құрылтайда айтылған маңызды мәселе – әйелдер колониясындағы жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайы. Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңнамалық ұстанымдарды қайта қарауға болады деген пікірде. Ол құқық қорғау органдары мен депутаттарға осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды. Президенттің айтуынша, биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицид жасаудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Дегенмен Тоқаев 2024 жылы қабылданған тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңға әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар жасалды деген баға берді. Мемлекет басшысы кейінгі кезде жиілеп кеткен мектептердегі әлімжеттікке тоқталды. Ол жоғарыда аталған заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарса да, кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұрғанын айтты. Осыған байланысты «жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр», – деді Президент.

Мемлекет басшысы балаларға қатысты мәселелер әртүрлі құжатпен реттелетінін әрі оның шашыраңқы екенін еске салды. През идент соның бәрін бір жерге жинақтап, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл өте маңызды құжат болмақ. Алдағы уақытта Үкімет, Парламент депутаттары, балалар омбудсмені Динара Зәкиева мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен құжат даярлануы мүмкін. ҚасымЖомарт Тоқаев бала оқыту ісінде білімге назар аударып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болмады деген пікірде. Ол былтыр мектептерде енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс екенін айтты. Себебі бастама жалпыұлттық ауқымға ие болуы үшін тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Президенттің сөзінше, бұл бағдарламаның мақсаты – патриот ұрпақ тәрбиелеу.

Достар, осыған дейін газетімізден «Жайлы мектеп» жобасы туралы жан-жақты оқыдыңдар. Қай өңірлерде неше мектеп, қандай үлгіде салынғаны туралы да жазғанбыз. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда биыл елде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынатынын мәлімдеді. Ол барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес дейді. Себебі сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары екен. «Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті де шамалы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құрылтайда мектептерді жаңартуға қатысты тапсырма берілді. Нақтырақ, президент тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасы жаңғыртылуы керек. Ал алдағы жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс. Бірақ нақты қандай қауіпсіздік құралдары екені айтылмады.

Әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтары құрылуы мүмкін. Себебі президент құрылтайда үкіметке осындай тапсырма берді. «Аталған дертке шалдыққан балалардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр. Үкімет пен әкімдерге осы мәселені шешуге дереу кірісуді тапсырамын», – деді ол.

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек екенін айтқан мемлекет басшысы жыл соңына дейін ондай балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді реттейтін жаңа заң әзірлеуді де тапсырды.

Футболдың жанкүйерлеріне қуануға негіз бар. Президент демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғыртуды немесе жаңа футбол стадиондарын салу мәселесін бақылауда ұс тайтынын мәлімдеді. Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс екенін айтты. «Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ мемлекет басшысы кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырды. «Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады», – деді ол. Президент балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады деген пікірде. Нашақорлық демекші, мемлекет басшысы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жаңа жоспардың құжатын дайындауға қазірден бастап кірісу керек екенін еске салды.

Жас дос, мінекей, Ұлттық құрылтайда балалар саясатына қатысты осындай мәселелер айтылып, атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берілді. Тапсырмалар орындалса, қандай өзгеріс болатынын біле жүргейсің. Айтпақшы, өздеріңді толғандырған мәселені жазып, «Ұланға» хат жолдауды ұмытпа!

Жазира БЕКБОЛАТ

Суреттер ашық дереккөзден алынды

«Ұлан» газеті, №12
25 наурыз 2024 жыл

985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор