• ҰЛАН
  • 25 Наурыз, 2025

Миға 7650-ден астам ота жасаған нейрохирург

Сағат тілі 19:00-ден кетті. Күн батып, адамдардың қарасы азайған. Бірнеше сағат кейіпкерімді күтіп отырған менің де төзімім таусылғандай. Алайда, шықты. Міне, келе жатыр. Үш сағат бойы адам өмірін өлімнен арашалап, жетпіс бес жастағы науқасқа күрделі ота жасаған білікті маман, отандық үздік нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевпен сұқбаттасудың орайы осылай түсті. Сенбі күні ауруханаға түсіп, екі күннен кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен науқастың жағдайын кейін барып білдім. Тәжірибесі мен мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында ақ халатты абзал жан осылайша адам өмірін сақтап қалды. Ол ҚР президентінің іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, халықаралық «Алтын скальпель» сыйлығының иегері, жоғары санатты нейрохирург, отандық эндоваскулярлық нейрохирургияның негізін қалаушы. Мықты маманнан балалардың ми жұмысындағы қазіргі мәселелер, ұйқының маңызы, зиянды әдеттер, мидың денсаулығын сақтауда нені ескеру керек сынды тақырыпта әңгімелестік.

Инсульт неге «жасарып» кетті?

Мыңжылқы аға 2015 жылға дейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургияда жұмыс істеген. Ол жерде түрлі балаға ота жасаған. Ең кішкентай пациенті отыз бес күндік шақалақ болған. Алайда тума патологиясы өте ауыр болғандықтан бір айдан кейін шетінеп кетті. Балалардың патологиясы ерекшелеу болатынын кейіпкерім атап өтті. Айтуынша, балалардың миындағы тамырлардың диаметрі сәл кішірек болғанмен, қисықтығы сексен-тоқсан жасқа келген қариялардыкімен бірдей. Бала жеткіншек жасқа келгенде бойы өседі де, қисық тамырларының бәрі тегістеліп кетеді. Ал жалпы ота жасау барысында қолданылатын құралдар бірдей екен. Қазір ересектер мен жасөспірімдердің арасында инсульттің жиілеп кетуі байқалады. Маманның сөзінше, жылына 40 мың адам инсульт алады. Бұл еліміз үшін өте көп. Дәрігер себебіне үңіліп көрді.

– Ол пациенттерге бір жағынан энергетик сусындар ішу, өмір салтының ерекшеліктері әсер етеді. Біз операция жасалар кезде диагностика жасаймыз. МРТ, КТ қараймыз. Бұрын Қазақстанда санаулы КТ аппарат болатын болса, қазір көптеген аудан мен ауылда аталған құрылғы бар. Сондықтан диагностика, ауруларды анықтау жолы жақсарды. Кезінде ересектер қайтыс болғанда немесе мүгедек болып қалған кезде аурудың себебі анықталмайтын. Инсульт алды деп қоя салатын. Ал қазір қандай инсульт алды, не себептен алды, мүмкіндік бар ма, жоқ па, оның салдарын емдеуге бола ма, болмай ма сынды мәселелерді анықтауға бізде толық мүмкіндік бар, – деді нейрохирург.

Мұндай аурулардың алдын алу жолдарына да тоқталды.

– Ауру айтып келмейді. Сондықтан оның алдын алу үшін бірінші кезекте ата-аналарында сондай ауру кездесетін болса, балаларында да кездесіп қалу мүмкіндігі сәл жоғарырақ болғандықтан, профилактикалық КТ, МРТ-дан уақытында өтіп отыру керек. Кішкентай бүлдіршін «басым ауырды» десе, міндетті түрде оған көңіл бөлген дұрыс. Он сегіз жасқа дейінгі жасөспірімдер басым ауырды деп келгенде ақырында мидың ішінде ісік кездесіп қалып жатады. Ісік кездесетін болса, ол көп жағдайда қатерлі ісік болып шығады. Олар тез дамиды, пайда болады. Сондықтан бас ауырсынуы құстыруға, тәбеттің, ұйқының нашарлауына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар артериовеналық мальформация сияқты тума аурулар болады. Бұл бас ауруының бір симптомы. Екінші симптом – қол-аяғының әлсізденіп, көруі нашарлайды, көзінің астында қара дақ пайда болады. Бірақ жалпы қарашығы өзгеріссіз болады. Қояншығы ұстауы мүмкін. Егер кішкентай бүлдіршіндер мен жастарда қояншық ұстамасы болса, онда оны міндетті түрде томографияға түсіріп, қатерлі диагноз бар ма, жоқ па, анықтаған жөн, – деп атап өтті.

Қазір жастардың арасында энергетикалық сусындар мен кальян, вейп тарту сәнге айналғаны жасырын емес. Дәрігер мұндай әдеттердің зиян екенін бірден айтты. Себебі осыған дейінгі тәжірибесінде энергия беретін сусындарды ішіп, спорт залда инфаркт алған талай жастың аурухана жағалап жүргенін көрген. Негізгі себебін сұрағанда, бұл сусындардың ішінде қанттың көп мөлшерде болатынын әрі ол қант инсулинге, семіздікке де әсер ететінін жеткізді.

– Энергетикалық сусындарға байланысты көп бақылау бар. Бұл сусындар жүректің қағысын тездетеді. Адамды үнемі сергітетіндей әсер береді. Жүрек-қан тамырларын зақымдауы мүмкін. Жиі ішетін жастарда асқыну жиі кездеседі. Спортпен айналысатын кісілер салмақ қуады. Денедегі суды азайтады, терлейді. Су ішпеуге тырысады. Сол кезде денесі құрғайды да, салмақ тастайды. Сондай нәрселерден аулақ болған дұрыс, – деді Мыңжылқы Сайлауұлы.

Миға қатысты мәселелер...

Ата-аналарымыз күн суыта бастаса, «бас киім ки, әйтпесе менингит боласың» деп шырылдап жатады. Бұл жағдай әр отбасында бар шығар. «Суық тиюдің мидың жұмысына кері әсері бар ма?» деген сұрағымызға маман былай деп жауап берді.

– Әрине, басқа суық тиюі мүмкін. Ең алдамшы уақыт – көктем. Қыздар үйден бас жуып, далаға шығып кетіп жатады. Көбінің шашы кейде дұрыс кеуіп үлгермейді. Содан басына салқын тиіп, менингит болып қалатындар да бар. Ата-аналары соны өмірде көргендіктен шырылдап айтады ғой. Әрине, өзіміз де жас болдық. Ата-аналарымыздың айтқанын кейде тыңдамайтынбыз. «Аяқты жылы ұста», «Сұлуынан жылуы» деп жатады. Қыздар он бес жасында капрон киіп, әдемі болып көрінгісі келеді. Оның салдары 30–40-тан асқан соң білінеді...

Қазір балалардың кеш дамуы, аутизм мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұл мәселенің миға қатысты қандай да байланысы бар я жоғын маманнан сұрап көрдік. Айтуынша, қазір смартфондағы контенттің көбі баланың басқа тілдерді де игеруіне әсер етіп жатыр. Алайда тілі шықпағандар да бар.

– Қазір екі жасар балаға смартфон қолдануды үйретудің қажеті жоқ. Ол оны зейнетке шыққан кісілерден артық біледі. Егер смартфон ұстауды ата-ана бақыламаса, әрине, бала кеш сөйлеуі, шошынуы мүмкін. Кейде қорқытатын, үрей тудыратын контент көруі мүмкін. Содан шошынып, бала сөйлемей қалуы мүмкін. Контенттің сапасын да ескеру керек. Мәселен, кейінгі кездері көп тарап жатқан ақпарды алайықшы. Совет дәуіріндегі мультфильмдерді көретін болсаңыз, өте бай тілде әрі баяу сөйлеген. Ал қазіргі мультиктерді көретін болсаңыз, кейіпкер сөйлемей, ыңылдап қана жүреді. Оның барлығы баланың тіл байлығының дамуына кедергі жасайды, – деді дәрігер.

– Мидың үнемі стресте жүруі оның жұмысын әлсіз етеді депсіз. Алайда күйзеліссіз жүрудің де миға әсері бар шығар? Осы тұста «Әлеуметтік желіден миды оқшау ұстауға болмайды. Бұл өмірдің бөлігі» деген ойыңыз есіме түсіп отыр...

– Жалпы, өмірде табысқа жеткен адамдардың дені көп қиындық көрген, стресс алған кісілер. Сондықтан адамды инкубатор жағдайына қойып қойып, 36,6 температурада ұстауға болмайды. Адам суықты да көруі керек, ыстықты да көруі керек. Өмірдің қиындығын көрсе, кейін өмірді бағалай біледі. Әлеуметтік желіден негатив ақпараттан бас тартып, тек қана жаймашуақ контент тұтыну, бәлкім, жақсы шығар. Бірақ кейін өскенде адам жағымсыз оқиғаға тап болғанда, шошынып қалуы мүмкін. Сондықтан балансты сақтау керек. Десенсибилизация деген процесс бар. Адамның ағзасына арнайы аллергия шақыратын нәрсені аз дозада егіп отырады да, кейін үлкен дозада аллергия кездесіп қалған кезде шок болып қалмауға дайындайды. Меніңше, бала кезден кітап оқып, әлеуметтік желідегі ақпараттар арқылы әртүрлі жағдаятқа дайын болған дұрыс..

– Қазір балалардың көбі түні бойы телефон қарап, күндіз шаршап жүреді. Түнгі ұйқы мен күндізгі ұйқының қандай айырмашылығы бар? Ұйқы кезінде қай уақытта негізгі гормондар бөлінеді?

– Бәріміз сағат ауыстырдық деп шуладық қой. Оның бір бастамасы адамдарды ерте тұрғызу. Тауық сағат екі жарым, үште шақыратын болса, адамдар таң атты деп оянады. Ерте тұрған адам көп тірлік бітіруі мүмкін. Дегенмен әркімнің биологиялық сағаты болады. Сол биологиялық сағатына байланысты ерте жатып дағдыланған кісілер бар. Ерте жатса да ұйықтай алмай, биологиялық уақыты бойынша, яғни 12-ден кейін ұйықтайтын кісілер болады. Жалпылама айтатын болсақ, ерте жататындар да, кеш жататындар да ұзақ өмір сүреді. Кеш жатқан кісі ерте өліп қалады деп айту сәл қателік болуы мүмкін. Дегенмен де түнгі ұйқының өз орны бар. Организмде бөлінетін гормондар, оның ішінде адреналин таңертең сағат алтының кезінде бөліне бастайды. Адреналин бөлінген кезде адам ұйқыдан оянады да, таңғы жаттығуын жасап, тамақтанады. Соның барлығы адам организмінде уақытымен болып жататын процесс. Егер сол адреналин бөлінетін уақытта адам ұйықтап жататын болса, әрине, денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сол сияқты түнде меланин гормоны бөлінетін уақыт бар. Егер адам уақытылы ұйықтамаса, ол да есте сақтау процесінің дұрыс болмауына әсер етеді.

– Кейде қарным ашып тұрғанда тамақ ішпей істеп тастайын деген жұмысым өнімді шығады. Бұл ми жұмысының әсерінен екені анық қой... Тамақ пен ми жұмысы бір-бірімен қаншалықты байланысты?

– Оны дисциплина деп атайды. Жалпы тамақтың да өзінің атқаратын қызметі бар. Әрине, ол энергия береді, тағысын тағы... Бірақ қан айналысы асқазанға тамақ түскен кезде күшейеді. Неге сіз тамақ ішкеннен кейін маужырайсыз? Өйткені миға баратын қанның, оттегінің барлығы ішектің айналасында болады. Сіз айтып отырған мысалды алатын болсақ, организм «түсінеді». Егер қазір тамақ жеп қойса, энергия асқазандағы тамақты қорытуға кетіп қалатынын «біледі». Соның әсерінен белсенді уақытыңыз созылып кетеді. Сондықтан қарынды тым аштырмай, тым тойдырмай, оқтын-оқтын, азаздан тамақтану керек.

Кітап оқу, билеу, теннис ойнау – алжудың алдын алады

– Жасанды интеллект жастардың миына қалай әсер етіп жатыр? Бета ұрпақ күйзеліске қаншалықты жиі ұшырайды?

– Бета ұрпақ емес, зумерлердің өзі қазір мектепте оқып жүрген балалар. Олар жасанды интеллектіні кеңінен қолдана бастады. Сабаққа дайындалған кезде ЖИ-ді қолданады. Әрине, оны тексеретін, қадағалайтын мұғалімдері де білген дұрыс деп ойлаймын. Ол бір жағы. Екінші жағынан ол дайын материал ғой. Адам басын қатырмайды, әдебиет оқымайды. Әдебиетті оқымағандықтан кейін өзінің сараптамасын жасап, баяндама дайындай алмай қалуы мүмкін. Болашақта өлең жазатын, сурет салатын жастар күрт азайып кетуі мүмкін.

– Мидың саулығын қалай сақтаймыз?

– Мидың саулығы адамның организміне тікелей байланысты. Тұз өнімдерін артық қолданбау қан қысымын бақылауға мүмкіндік береді. Егер қан қысымы жоғары болмайтын болса, онда мидың жұмысы ұзақ уақытқа жетеді. Тәтті өнімдер. Оның ішінде қантты артығымен пайдалану семіздікке алып келеді. Бауыр жұмысын тежейді. Бауыр жұмысы тежелсе, мидың ойлау процесі тежеледі. Ал семіздік, жалпы қан қысымын көтереді. Қан қысымы көтерілген кезде, әрине, мидың жұмысы тежеледі. Сонымен қатар семіздік адамның белсенді болуына, физикалық белсенділігіне үлкен әсер етеді. Адам семірген сайын қозғалмауға тырысады. Ал қозғалмаған адамның қан айналысы баяулайды. Оның барлығы ойлау процесін төмендетуге алып келеді. Жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Су – қан айналысының, жүректің, ішкі органдардың жұмысына, үлкенкіші дәреттің уақытылы келуіне әсер етеді. Жалпы организмнің саулығын қадағалайды. Кейінгі кезде бидің пайдасы жиі айтылып жүр. Бимен қатар, теннистің мидың дамуына жақсы әсер ететіні белгілі. Адамдардың ертең деменция, паркинсон деген ауруларға ұшырап кетпеуіне үлес қосады. Мидың жасын ұлғайтады. Бұлардың ішіндегі ең негізгісі – кітап оқу. Кітап оқығанда адамның қиялы қосылып, мидың жұмысы жүріп, көз алдына бейнелер, кейіпкерлер елестейді. Ал тек видеоконтент көретін болсаңыз, онда сіз біреудің қиялын қабылдап, біреудің қиялымен жүресіз.

– Болашақ медицина саласын таңдайтын жастарға қандай кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?

– Мамандыққа байланысты кітаптарды оқыған дұрыс. «Танымал тұлғалар өмірі» сериясымен шыққан кітаптарды ұсынар едім. Өз басым фантастикалық кітаптарды оқығанды жақсы көретінмін. Сонымен қатар классик жазушылардың да шығармалары бар. Біз совет дәуірінде туғандықтан, орыс әдебиетін көп оқыдық. Қазақ мектебінде оқысам да, орыс тілін қатар алып жүрдім. Ресейде «Болашақ» бағдарламасымен оқығанда орысша жақсы білгенім біраз көмек болды. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі әдебиеттерді оқимын. Байқап отырсаңыз, алдымда бірнеше кітап жатыр. Көбі жұмысқа байланысты. «Атом әдеттер» кітабын үлкен ұлыма алып берген едім. Ұзақ оқымады. Содан кейін өзім оқи бастадым. Талия Мирон-Шацтың «От этого зависит ваша жизнь» деген кітабы бар. Бұл жерде адамдар өзінің денсаулығына мән бермейтінін көрсетеді. Қандай да бір шешім қабылдаған кезде қосымша бір альтернативті көзқарас болуы керек. Адам үй, машина сатып алуға көп көңіл бөледі де, өзінің денсаулығына келген кезде кейде дәрігер айтты ғой деп немқұрайлы қарайды. Қазір ақылы қызметтер көбейіп кетті. Игорь Рызовтың «Монстр продаж» деген кітабы маркетиңді, менеджментті қалай жүргізу керек, соны үйретеді. Жақында Асланбек деген Оралда тұратын досым Федор Угловтың «Сердце хирурга» деген кітабын сыйлаған болатын. Өте жақсы кітап.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №12
25 наурыз 2024 жыл

983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор