- ІТ және инновация
- 26 Ақпан, 2025
Бекарыстың сұрыптаушы роботы қандай?

6-сыныптың оқушысы не істей алуы мүмкін дейсіз бе? Бірі ән айтып, халықаралық байқаулардан жүлделі болса, бірі шахматтан, спорттан жеңіске жетіп жатыр. Ғылым, білім, IT-ге қызығатын оқушылар да бар. Соның бірі – Бекарыс Тайырұлы. Ол жыл басында «Зерде» республикалық конкурсында робототехника санаты бойынша бірінші орын алды. Оның конкурсқа апарған жобасы – экологияны жақ-сартуға көмектесетін сұрыптаушы робот. Бекарыс неге дәл осындай робот жасауды таңдағанын айтқанда қуанып қалдық.
– Бекарыс, робототехника несімен қызықтырды?
– Бірінші сыныпта оқып жүргенде әкем компьютердегі Scratch бағдарламасын үйреткен еді. Түрлі бағдарламалар, ойындар құрастырып үйрендім. Кейін Arduino арқылы құрылғыларды басқаруды үйрендім. Содан кейін әкем Wedo 2.0 деген робот әкеліп берді. Сол кезден бастап роботтарға қызыға бастадым. Уақыт өте келе мектептен ашылған робототехника үйірмелеріне қатыстым. Бірақ үйірмеден емес, үйде жүріп үйренгенім көп.
– Сонда робототехника үйде жүріп үйрене алатындай оңай ма?
– Робототехника – қиын емес. Көпшілік робототехниканы меңгеруге ұзақ уақыт кетеді деп ойлайды. Бірақ негізі кішкентайынан үйренсе, қиындық болмайды. Мектебімізде 1-2-сынып оқушылары да робототехникамен айналысып жүр. Бұл бағытқа енді келгенде алдымен арнайы құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді. Кейін бағдарламалау тілдерін меңгеріп, өз ойынан роботтар құрастыра бастайды.
– Жыл басында сенің жасаған жобаң үздіктердің қатарынан көрініп, республикалық байқауда бірінші орын алыпсың. Конкурсқа қандай робот құрастырып апардың?
– Бұл жолы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын робот жасадым. Біздің ауылдың жанында қалалық қоқыс полигоны бар. Кейде жел болғанда қоқыстың иісі мұрынға жетеді. Ол жерден біз көшіп кеткенмен мәселе шешілмейді. Себебі басқа ауыл тұрғындары бар. Міне, полигоннан тарайтын зиянды қалдықтарды азайту үшін осындай жоба жасауды ұйғардым. Яғни, өзім өмір сүретін ортаның мәселесіне негізделген жоба болды. Сұрыптаушы робот адамдар үшін ыңғайсыз әрі зиян жұмысты жеңілдетеді. Атап айтсақ, ол қоқысты бірнеше механизммен сұрыптайды. Түсіне қарай, тығыздығына байланысты және магниттік электріне байланысты бөледі. Көбінесе бағдарламалау жағынан қиындықтар болды. Біз Arduinoны IDE арқылы бағдарламаладық. Түстерді тану жүйесін құрастыру кезі аздап күрделі болды.
– Жарыста басқа да көзге түскен роботтар болған шығар... Назар аудардың ба?
– Облыстық деңгейде Arduino негізінде машина жасаған жоба болды. Бұрын мен де сондай жоба жасап көргенмін. Сондай-ақ бір оқушы ойыншық LEGO жиынтығын құрастырып әкеліпті. «Мен оны бастауыш сыныпта үйде жүріп құрастыратынмын» деп бір күліп алдым. Республикалық кезеңнен пианино тарта алатын робот есімде ерекше қалды. Әртүрлі моторларды басқару тәсілдерін зерттеген жобалар да болды. Су сүзу жүйесіне байланысты жоба да ерекше қызықты көрінді. Меніңше, жобам экологиялық мәселенің шешімін ұсына алғандықтан жоғары бағаланды.
– Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді? Әлде осы салада жетістікке жету жоспарыңда бар ма?
– Негізінен, иә, робототехникамен айналысқым келеді. Әсіресе, сұрыптаушы роботтарды әртүрлі қасиеттеріне қарай жетілдіргім келеді. Сонымен қатар, жасанды интеллектті роботтарға енгізу идеясы қызықтырады. Алдағы уақытта робототехникадан халықаралық жарыстарға қатысқым келеді. Болашақта түрлі роботтар жасап, оларды нарыққа шығарсам деймін. Мысалы, Илон Маск сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жетістікке жетуді қалаймын. Тағы бір мақсатым – Python сияқты қазақша бағдарламалау платформаларын іске қосу. Өйткені қазір бағдарламалау тілдерінің көпшілігі ағылшын тілінде, ал оны үйренуге біраз уақыт қажет. Әрине, ағылшын тілін білу маңызды, бірақ қазақ тілінде бағдарламалау мүмкіндігін жасау оны үйренуді жеңілдетер еді.
– Бекарыс, Илон Маск деп қалдың. Жалпы, роботтар жасағанда, бағдарламалар жазғанда интернетті қаншалықты қолданасың? Қандай шет елдердің тәжірибесін білесің?
– Кейде Үндістан кедей ел, артта қалған деген әңгіме айтылады. Бірақ үндістандықтар Arduino сияқты платформаларды жоғары деңгейде пайдаланады. Техникалары да мықты. Мен мұны YouTube-тан байқадым. Олар түрлі құрылғылар ойлап тауып, Arduino арқылы ерекше жобалар жасайды. Интернеттен іздегенде, орыс немесе ағылшын ресурстарына қарағанда үндістандық бағдарламалау жобалары жиі кездеседі.
Бекарыстың ізденімпаздығын байқамау мүмкін емес. Оған қарап отырып, бала кішкентай кезінен қызығушылығын табуы үшін ата-ана қандай болуы керек деген сұрақ пайда болды. Бұл туралы Бекарыстың анасы Бақыт Кемелбекқызынан сұрадық.
«Бекарыстың тілі шыққан кезден бастап қойған сұрақтары өзгеше еді. Төрт жасында-ақ: «Ұшақ тез ұша ма, әлде құс па?», «Роза гүлі әдемі болса, неге тікені бар?» деген сияқты үлкендердің жауабы жоқ сұрақтар қоятын. Ол екінші сыныпта оқитын кезде елде карантин болды. Сабақтар онлайн форматқа көшкенде, әкесі 6-сынып оқушыларына сабақ беретін. Әкесі ноутбукпен сабақ түсіндіріп жатқанда, Бекарыс артында отырып, компьютерде сол тақырыптың бағдарламасын жазып шығатын. Кейде әкесі таңданып, 6-сыныптың тапсырмасын орындап отыр дейтін. Сол кезде-ақ оның ІТ саласына бейімі бар екенін түсіндік. Бекарыс басқа балалар сияқты туған күнінде ойыншық немесе мультфильмге баруды сұрамайтын. Оның қалауы – телескоп, микроскоп, глобус сияқты заттар еді. Біз де оның қызығушылығын қолдап, қалағанын алып бердік. Ол арнайы үйірмелерге көп қатыспады, өйткені оның ұстазы да әкесі болды. Олар бірге жұмыс істеп, бірге үйренді. Иә, ән айту, спортта жетістікке жету де маңызды. Бірақ білім, ғылым, технологиялық ілгерілеу кенжелеп қалмауы керек. Ол үшін осындай қызығушылығы бар балалардың бетін қақпай, белін буу қажет деген пікірдемін».
Жазира БЕКБОЛАТ
«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2024 жыл

1297 рет
көрсетілді0
пікір