• ҰЛАН
  • 25 Ақпан, 2025

Өтірік билет сатамын деп опық жеді

Жуырда бір досым басынан өткен оқиғасын баяндап берді. Оқиғасы балаларға қатысты болған соң «Ұланға» мақала дайындауды жөн көрдім.

Оқиға былай болыпты: досым olx сайтынан концертке билет іздеген. Себебі – негізгі сайттарда билет таусылған. Ал қолында билеті бар адам, алайда бір себептермен концертке бара алмайтын болса, ондай билетті olx-те сататыны белгілі. Сондай оймен билет алғысы келген досым «билет сатамын» деген нөмірді демде кезіктіреді. Уотсап желісіне жазады. «Иә, билет бар. Бағасы – 8000 теңге. Өзім бара алмайтын болған соң сатуға тура келді» дейді телефонның ар жағындағы бейтаныс. Билеттің сатып алынғанын растайтын түбіртекті көрсетеді. Бұл сайттан бұрын да билет алған досым ойланбай-ақ айтқан қаржысын аударып жібереді. Арада бір минут өтпей билет сатушы желіде жазған бүкіл сөзін өшіріп, досымның нөмірін құлыптап тастайды. Досым алаяққа тап болғанын сонда ғана біледі.

Технологияның асқан жылдамдықпен дамып жатқан заманында алаяқты табудың мүмкін екенін білетін досым дереу іске кіріседі. Аздан соң екінші телефонмен жаңағы нөмірге хабарласады. Билет сұрайды. «Бар» дейді әлгі «билет сатушы». Алаяқ екеніне толық көзі жеткен соң оның соңына түседі. Ақыры телефон нөмірі арқылы кім екенін анықтайды. «Билет сатушы» 16 жастағы мектеп оқушысы боп шығады. Досым екінші телефоннан ол балаға жоқ билетті сатқанын, алаяқтықпен айналысып отырғанын айтқаннан кейін ғана кешірім сұрап, ата-анасына айтпауын өтінеді. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Бұған заң не дейді? Баласының адамдарды алдап ақша тауып жүргенін білген ата-ана онымен қалай сөйлесуі керек? Осы оқиғаны заңгерге баяндап, оның пікірін білдік. Заңгер Ғабдұл-Ғани Әбутәліп былай дейді:

– Қылмыстық кодекстің 15-бабының 1-тармағына сәйкес, 16 жасқа толған жасөспірімдер өзі жасаған қылмысына өзі жауап береді. Егер 16 жасқа толмаған болса, онда ата-анасы мен қамқоршысы жауапқа тартылады. Аталған баптың 2-тармағында қылмыстың түрлері жазылған. Сол қылмыс түрлерін 14 жасқа толған бала жасаған болса, оған қылмыстық жаза қолданады. Ал алаяқтық жасаған бала 16 жасқа толған болса, өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылады және сол жазаны өтеуге міндетті болады.

«Билет сатушымыз» 16 жасқа толған бала. Демек заң алдында өзі жауап береді. Заңгер Қайрат Жүкелұлы қылмысты өтеудің түрлерін атады: Олар:

  • 1 000 АЕК (3 932 000 тг) дейінгі айыппұл немесе
  • 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе
  • 2 жылға дейінгі түзету жұмыстары немесе
  • 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе
  • 2 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру

Қай ата-ана баласының теріс жолда жүргенін қалайды. Үйдегі ұлдың қылығы түзде. Ал баласының қылығынан бейхабар ата-ана мәнжайды білген соң онымен қалай сөйлесу керек. Бұл да маңызды. Психоанализ бағытындағы психолог Нұргүл Абдразакова ата-анаға кеңесін айтты:

– Жасөспірім балалары бар атааналарға сабырлы, шыдамды болуға тура келеді. Біз бұл шақты бастан өткергендіктен, олардың ішінде қандай аласапыран болып жатқанын білеміз. Сол себепті оларға біздей болмадың деп ренжігенше, олардың ішкі әлемін зерттегеніміз дұрыс. Қандай әрекеттер жасауға болады? Ең бірінші, эмоцияға беріліп, ашу үстінде сұрақтың астына алып, шешім шығармау керек. Баламен ересек адаммен сөйлескендей тең, құрметпен сөйлескен жөн. Әсіресе, кінәлап, мінін бетіне баспаңыз. Әңгіме барысында бала ата-анасының өзін жақсы көретінін, кез келген жағдайда оларға арқа сүйейтінін, бірақ осы әрекетінің дұрыс болмағанын сезінуі керек. Атаанасына сенетін бала шындықты айта алады. Баласын түсінбейтін, оны кінәлап, қорғамайтын ата-анаға баланың шындықты айтуы екіталай. Мұндай балалар ата-анасынан қорқып, бір өтірікті екінші өтірікпен жабуды әдетке айналдырады. Кейін ересек шағында басқаларға да солай істейтін болады.

Екінші, баланың жасаған алаяқтығының салдарын жою. Мысалы, ақша ұрласа, иесіне қайтып беру керек. Үшінші, жағымсыз әрекеттің себебін анықтау. Кейде ата-аналар балаларға күнделікті жарататын ақша бермейді немесе берген ақшасы аз болуы мүмкін. Немесе бір адамға сыйлық жасағысы келген шығар. Достарының арасында ауқатты отбасының балаларынан кем болғысы келмеді. Өзін керемет батыл көрсеткісі келді ме екен? Мүмкін, жан-дүниесінің түкпірінде ата-ана назарын жаман атпен болса да өзіне аударғысы келген шығар. Сан қырлы себептері бар. Мысалы, баланың ұнататын хоббиі бар, ата-анасы оны қауіпті деп танып, тыйым салды делік. Бала хоббиіне керек заттарды алу үшін алаяқтық, ұрлық жасауы мүмкін. Бұлардың барлығы сыртқы фактор. Кез келген алаяқтықтың, жағымсыз әрекеттің психологиялық себептері болады. Төртінші, мүмкіндігі болса, психологпен жұмыс істеу. Бала неге алаяқтық жасайды? Оның көптеген психологиялық себептері бар.

Жасөспірім шақ – баланың сонау ерте бала шағына қайтадан саяхат жасайтын мезгілі. Адамның бойында болатын кез келген жағымсыз әрекеттердің бастауы шамамен 5-7 жасқа дейін қаланады. Бала әдейі ұрлық жасамайды. Оның бірнеше бейсаналы мотивтері болуы мүмкін. Жасөспірім шақта бала қоғаммен, достарымен қарым-қатынас құруға, олардың арасында беделді, абыройлы болуға тырысады. Бұрын ата-анасының айтқанынан шықпайтын бала енді оларға көңілі толмай, қарсы сөйлей бастайды. Неге? Өздеріңіз білесіздер, бұл шақта жасөспірімде физиологиялық және психологиялық өзгерістер болып жатады. Балаға ауыр кезең. Я бала емес, я ересек емес оның құндылықтары өзгереді. Сәби шақта балаларға анасы періштедей ару, әкесі таудай алып болып көрінсе, жасөспірім шақта мүлдем басқа екенін біледі.

Жасөспірімдер суицидке де жақын келеді. Регрессия процесін бастан өткізіп жатқандықтан аса сезімтал болады. Сол себепті сынды көтере алмайды. Осы өмірден өз орнын тапқысы келеді. Ата-анасынан бөлініп, өз құндылықтар жүйесін құрғысы келеді. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызды зерттеңіздер, құрметпен сөйлесіңіздер, бауырыңызға басып, махаббатқа бөлеңіздер. Дұрысбұрысты жұмсақ айтыңыздар. Бала психологиясы, тұлғаның жыныстық дамуы туралы кітаптар оқыңыздар. Бала шақта психиканың іргетасы мықты қаланса, ересек шақта саналы азамат болады.

Міне, болған жай осы. Өтірік билет сатамын деп опық жеген бала €зін де, ата-анасын әуреге салып қойды. Оқиғаны басқа балаларға сабақ болсын деп баяндап отырмыз.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2024 жыл

1301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор