• ҰЛАН
  • 25 Ақпан, 2025

Бөкейхан халықаралық олимпиададан үш медаль алып келді

Қазақстандық оқушылар әлемдік білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Соның бір дәлелі – Astana Garden School мектебінің 9-сынып оқушысы Бөкейхан Бердіқожаевтың жетістігі. Ол жақында өткен StemCo–2025 халықаралық олимпиадасында биология мен физика пәндерінен күміс, ал химиядан қола медаль иеленіп, еліміздің намысын лайықты қорғады. Бұл олимпиада Сингапурда өтіп, оған 13 елдің жас дарындары қатысты. Бәсеке жоғары болды. Әр қатысушы өз елінің үздігі. Бөкейхан олимпиаданың үш сағаттық сынағында терең білімін, логикалық ойлау қабілетін және табандылығын дәлелдеді. Біз Бөкейханмен олимпиадаға дайындық, жарыстың атмосферасы және болашақ жоспарлары туралы әңгімелестік.

Олимпиадаға қатысу – үлкен еңбек пен қажыр-қайратты талап етеді. Бөкейхан дайындық кезінде тұрақты түрде есеп шығарып, ғылыми материалдарды терең зерттеген. Таңертең ерте тұрып, ми қызметін жақсарту үшін арнайы жаттығулар жасаған. Бұл ретте оған әкесі, ҚР президентінің іс басқармасы медициналық oрталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев көп көмектескен. (Айтпақшы, алдағы уақытта өздеріңе пайдалы болар деген ниетпен маманмен сұқбаттасу ойда бар. Себебі ми жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі, күйзелісті жеңу сынды мәселелер жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Соның жауабын білікті маманнан естіген жөн болар. – Редакция). Сонымен қатар, Бөкейхан олимпиаданың ресми сайтында жарияланған тапсырмаларды шешіп, білімін шыңдаған.

– Бала кезімнен энциклопедиялар оқып, жануарлар әлеміне қызығатынмын. Бұл қызығушылығым мені биологияға жетеледі. Ал олимпиадаға жүйелі дайындалу – жетістікке жеткізетін басты жол екенін түсіндім, – дейді ол.

Білімге деген ұмтылысымен қатар, Бөкейхан спортпен де белсенді айналысады. Ол волейбол ойнағанды жақсы көреді. Ал қыс мезгілінде шаңғы тебуге ерекше көңіл бөледі. Спорт оның физикалық қана емес, менталдық дайындығына да оң әсерін тигізген. Сингапурде өткен олимпиадада қатысушыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Университет аудиториясында өткен үш сағаттық сынақ барысында әркім өзінің бар мүмкіндігін көрсетуге тырысты. Қатысушылар арасындағы бәсекелестік өте жоғары болды. Бірақ бұл оқушылардың ынтасын арттыра түсті.

Олимпиада нәтижесі Бөкейхан үшін үлкен жетістік болды. Ол ғылымға деген қызығушылығының арта түскенін және бұл жүлделер оның болашағы үшін маңызды қадам екенін айтты. Кейіпкеріміз алдағы уақытта биология және биотехнология саласында жұмыс істеуді мақсат етеді. Олимпиададан кейін оның шетелде білім алуға деген ұмтылысы күшейе түсті.

– Қазір ғылыммен айналысқысы келетін жастар үшін көптеген мүмкіндік бар. Түрлі олимпиадалар мен жобаларға қатысып, үлкен жетістікке жетуге болады, – дейді жас дарын.

Бөкейхан білімге құштар жастарға өзіне сенуді және жалқаулықты жеңуді ұсынады. Оның пікірінше, жетістікке жетудің басты жолы – үздіксіз еңбек ету. «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айрылмас азап» деген халыө мақалы оның өмірлік ұстанымының бірі. 

Бөкейханның жетістігі басқа оқушыларға да үлкен мотивация болары сөзсіз. Қазақстандық жас дарындар әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып, болашақ ғалымдар қатарын толықтырып келеді. Бөкейхан сияқты табанды жастардың арқасында еліміздің ғылыми әлеуеті арта түсері анық.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2024 жыл

1466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор