• ҰЛАН
  • 25 Ақпан, 2025

Су тасқынына қарсы Smart Bridge жобасы

Қазақстанның бірнеше өңірінде көктемгі су тасқыны қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Өткен жылы табиғи апат көптеген елдімекенге зиянын тигізіп, инфрақұрылымға үлкен шығын әкелді. Мұндай апаттар болашақта қайталанбауы үшін алдын алу шаралары қажет. Осы ретте Қостанай ауданындағы Александр мектебінің 10-сынып оқушысы Виктор Рыжков көпірлерді су тасқыны салдарынан қираудан қорғау үшін Smart Bridge инновациялық жобасын әзірледі.

Инновация қажеттіліктен туады

2024 жылғы көктемде болған су тасқыны Викторға инфрақұрылымды қорғаудың жаңа әдістерін ойластыруға түрткі болды. Ол ұстазы Виталий Базаркиннің жетекшілігімен көпірлерді автоматты түрде көтеретін жүйе жасап шығарды. Бұл жүйе су деңгейінің күрт көтерілуіне жауап беріп, көпірдің бұзылуына жол бермейді. – Менің мақсатым – адамдар мен инфрақұрылымның су тасқынына дайын болуына көмектесетін жүйені құру, – дейді жас өнертапқыш.

Smart Bridge қалай жұмыс істейді?

Жоба Arduino микроконтроллері негізінде жұмыс істейді. Көпірге орнатылған арнайы датчиктер судың критикалық деңгейге жеткенін тіркейді, ал автоматтандырылған көтеру механизмі іске қосылып, көпірді жоғары көтереді. Бұл процесс күшті су ағыны кезінде инфрақұрылымды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жас өнертапқыш жобаны әзірлеу барысында көтеру механизмін таңдауда қиындықтар туындағанын айтады. Дегенмен, ұстазының көмегімен бұл мәселе шешіліп, жүйе сәтті іске қосылды.

Келешегі бар жоба

Виктор Рыжков болашақта жобаны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Ол көпірдің көтерілу функциясын жақсартумен қатар, төтенше жағдайлар қызметіне автоматты түрде хабарлама жіберетін радио жүйесін қосуды көздейді. Бұл жаңашылдық су тасқынына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Smart Bridge инновациялық жобасы «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» республикалық инновациялық идеялар байқауында «Өнеркәсіп саласындағы техникалық құрылыс» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – қазақстандық жас өнертапқыштардың ғылым мен технология саласында үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын көрсетеді. Су тасқыны – алдын алу шараларын талап ететін табиғи апат. Виктор Рыжковтың жобасы болашақта инфрақұрылымды табиғаттың «тосынсыйларынан» қорғауға көмектесе алатынын дәлелдеп отыр. Мұндай жаңашыл идеялар Қазақстанның ғылым мен инженерия саласында бәсекеге қабілетті елге айналуына үлес қосатыны сөзсіз.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2024 жыл

1433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор