• ҰЛАН
  • 25 Ақпан, 2025

Кітапханашының бір күні

Кітапханашы деген кім? Ол не істейді? Бұл сұрақ төңірегінде ойланып көрдіңдер ме? Бірі кітапханашыны тек кітап беретін адам деп білсе, екіншісі жасы үлкен апайларды елестетеді. Бұл қағидаттарды (стереотип) бұзу үшін кітапханашы жұмысымен жақынырақ таныстым.

Негізінде Алматы қаласында заман талабына сай, жаңа кітапхана көп. Оларға барып жүргендеріңді білеміз. Ал бұл жолы ғимараты ескі болса да, рухани дамуымызға үлкен үлес қосып жүрген Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасына бардым. Негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, кітапхана тарихына тоқталайын. Кітапхана тарихы 1949 жылы Алматы қаласындағы «Малая станица» деп аталатын елдімекеннің ауылдық кітапханасы болып құрылудан басталған. Кейін «Алматы облыстық кітапханасы» болып аталды. 1978–1980 жылдар аралығында облыс көлемінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылды. Әрине, бұған дейін біраз өзгеріс болған. 90-жылдары кітап қорын толықтыруға берілетін қаржы азайған. Бірақ кітапхана барлық қиындық пен өзгеріске төтеп беріп, жұмыс істеуін тоқтатпады. 2003 жылы Алматы қаласынан Талдықорғанға көшіріліп, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы мәртебесіне ие болды. Ал 2022 жылдан бері кітапхана дәл қазіргі атаумен Алматыда жұмысын жалғастырып жатыр.

Қазір облыс бойынша кітапханада 2 миллионнан астам қор бар екен. Оқырман саны 200 мыңнан асады. Кітапты 15 күнге алуға болады. Оқып үлгермесең, кітапханаға хабарласып, мерзімді екі рет соза аласың. Кітапхана газет-журналға да жазылады екен. Бұл деректі бізге кітапханашы Жадыра Асылбаева ханым айтты. Бұл мақаламызға арқау болған тақырыпты жазуға да осы кісі көмектесті. Ол кітапханада 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Жұмыс уақыты 9-да басталады, бірақ 8:30-да келіп, жұмысқа дайындаламын дейді. Кейін оқырмандарды қабылдап, оларға кітап береді. Әрине, жаңа оқырмандар келсе, оларға формуляр ашылады. Мектеп кітапханасына барғанда кітапханашы апайлар сендерді тіркеп алатынын байқаған шығарсыңдар? Мінекей, оқырманның алған кітабын жазып алу әр кітапханашының негізгі жұмысы.

«Кітапханашы тек кітап беріп қана отырмайды». Бұл пікірге Жадыра ханым ерекше тоқталды. Себебі қоғамда осындай бір жаңсақ пікір қалыптасқан. Қазір кітапханада біршама ісшара өтеді. Сол іс-шараның бәрін кітапханашылар ұйымдастырады екен. Мысалы, Алматы облысы бойынша 396 қызметкер бар. Оның 302-сі шығармашылық бағытта жұмыс істейді. Ал бұл кітапханада 33 жұмыскер бар, оның 24-і шығармашылық қызметкер екен. Биылғы іс-шаралар Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналады дейді. Облыстық кітапхананың бір ерекшелігін атап өткім келеді. Қызметкерлер тек келіп-кететін оқырмандарға емес, зейнеткер және кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ жандарға да қызмет көрсетеді. Қалай дейсіңдер ғой. Егер оқырман кітапханаға тіркеліп, бірақ үйден шыға алмаса, оның туыстары кітапханамен байланысуы керек. Кітапханашылар барлық ақпарды жинаған соң, қандай кітап керегін айтасың. Кейін сол кісінің үйіне кітапханашы кітап апарып береді. Оқырман формуляры да сол жерде толтырылады.

Кітапханаға барған күні дәл осы үрдіске куә болдым. Тыныштық Оспанова деген апаның үйіне бардық. Жасы 91-де екен. Алдымен Жадыра апай оның ұлымен байланысып, баратынымызды ескертті, қандай кітап керегін де анықтады. Ал жанымда Әлия есімді кітапхана қызметкері болды. Бұл жолы апаға Сағат Әшімбаев шығармалары мен Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер жазылған кітапты апардық. Бір қызығы, Тыныштық апа сыншының мұғалімі болыпты. Өзі 30 жыл бойы математикадан сабақ берген. Бұдан бөлек ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сыныптасы екен. Не деген сәйкестік деп таңғалдым. Апа: «Жасым біразға келсе де кітап оқи алатын денсаулығым, жағдайым бар», – деп ширақ сөйлеп отыр. Бұл кісінің ақ батасын алған біз үйден жақсы әсермен шықтық. Айтпақшы, апаның үйіне қалай барғанымыз туралы @balamendana Инстаграм парақшамызға видео салып қойдық. «Апамыз әдемі қартайыпты», «91 жаста кітап оқу деген керемет қой» деген пікірлерді оқып, сендерге де осыны тіледік. Жадыра ханым облыстағы аудандар мен ауылдарда да осындай игі іс жасалатынын атап өтті.

Оқырмандарымыздың арасында Алматы облысында тұратындар бар. Достар, сендер барып жүрген кітапханаларға кітап қайдан келетінін білесіңдер ме? Иә, дәл осы облыстық әмбебап кітапханасынан барады. Кітапханашы апайдан бұл туралы да сұрадым. Ол кісілер бірден кітаптар тұратын қойманы көрсетті. Барлық кітап аудандар бойынша бөлінеді екен. Сосын ауданнан ауылға тарайды. Бір қарасаң, оңай іс. Бірақ қыстың қақаған аязында, шілденің шіліңгір ыстығында 9 аудан, 2 қалаға, жалпы 144 бөлімшеге кітап бөліп беру біз ойлағандай жеңіл емес. Кітаптарды барлық бөлімшеге бірдей жеткізу мен дұрыс есептеу де кітапханашының бір міндеті. Айтпақшы, биылдан бастап облыстық кітапханаға жаңа ғимарат салу жоспарланған. Ол Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында орналасады екен. Кітапханаға Нарынқолдың тумасы, жазушы Б.Соқпақбаевтың есімі беріледі деседі.

Сөз соңында Жадыра ханым: «Сатушы тауар сатса, кітапханашы рухани азық береді. Кітапханашы болу үшін бірінші әліпбиді және кітап қою тәртібін жақсы білу керек. 2003 жылы Талдықорғанға көшкен кезде кітапханашы мамандарды табу қиын болды. Жұмысқа көбіне мұғалімдерді алдық. Оларға іске кірісіп кету қиынға соққаны рас. Кітапханашы білу керек бірқатар жұмыс бар. Иә, мен де басында көп дүниені білмедім. Бірақ бізден үлкен, тәжірибелі апайлар көмегін аямады. Қазір де кітапханашы мамандығын бітіріп жатқандар бар. Бірақ бұрынғыдай көп емес. Бұрынғы кездегі кітапханашы мен қазіргілерді салыстыру қиын. Қазір ер балалар да кітапханашы болып жұмыс істейді. Кейбірі кітапханашыны үлкен апайлар деп біледі ғой. Бірақ ер балалар да біз істейтін жұмысты істеп жүр», – деп қазіргі кездегі кітапханашылардың маңызын айтып кетті.

Шынымен де электронды кітапхана, кітап дүкендері көбейген сайын кітапханашының керегі бар ма деген сұрақ туындайды. Бірақ, соңғы оқырман өлмей, кітапхана да өзектілігін жоғалтпайтыны анық. Елде 24 қазан кітапханашылар күні деп бекітілген. Сонымен қатар, «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі» мамандығына 2024-2025 жылға 150 грант бөлінген екен. Бірақ қанша талапкер шынайы қызығушылық танытатыны бізге беймәлім. Мінекей, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасына барып, үлкен құрметке ие мамандықтың бірі – кітапханашы жұмысын көріп қайттым. «Жұмысшы мамандықтар жылында» назарға алынуы керек мамандардың бірі кітапханашылар деп нық сеніммен айта аламыз.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2024 жыл

1481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор