• ҰЛАН
  • 17 Ақпан, 2025

«Балалар дәрігері керек!»

Жуырда белгілі педиатр, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаев өмірден өтті. Академик елдің ғылымына өлшеусіз үлес қосты. Ғұмырында 14 мыңға жуық балаға ота жасапты. Кез келген баланың тағдырына бей-жай қарай алмаған ол осынша рет күйіп-піскені, осынша рет өзінің де жаны қыл ұшында тұрғаны анық.

Камал Сәруарұлы қоғамдық өмірге де жиі араласты, елдің медициналық сауатын арттыру үшін газет-журналдарға мақалалар жазып тұрды. Сұқбат алушы журналистерге де маңызды жайттарды әңгімелеп тұрды. Сондай әңгімелерінің бір парасын ұсынамыз.

Бала деген бір әлем ғой. Өмірге жаңа келген нәрестені ананың өзі қолына ұстай алмайтын жағдай кездеседі. Оған осы кезде кім көмекке келеді – педиатр дәрігер. Жүйке жүйесі әлі дамымаған, ағзасы жетілмеген, психологиялық тұрғыда да өзгеше бала жанын ең бірінші түсінетін кім – педиатр дәрігер. Бір жасқа толмаған бала ауырса, ауруханаға әкеледі. Айтарға тілі жоқ нәресте қолды-аяққа тұрмай шырылдап жатады. Қандай көмек болады деп әке-шешесі, ата-әжесі шұбырып жүреді. Мұндай кезде де қолұшын созатын, диагноз қоятын, ем жасайтын тағы да – педиатр дәрігер. Екінің бірі бала дәрігері бола алмайды. Мен осыны айтып, құйма құлаққа да, басқа құлаққа да түсіндіре алмадым. Дұрыс ем жасалмаса, бала кем боп қалады. Кей жағдайда өмірден жалт етіп өте шығады. АҚШ-та балаға диагноз қою үлкен проблема. Олар ауырған сәбиге үш бірдей аппаратты қолданады, үшеуі бір сырқатты көрсетсе, соған сай ем жасайды.

Балалар дәрігері 26 мамандыққа бөлінеді. Мәселен, мен балалар хирургімін. Сәбидің іші жүз түрлі жағдайда ауырады. Оны да кез келген дәрігер анықтай алмайды. Бала мен үлкеннің ағзасы бірдей емес. Екеуіне, яғни, үлкенге де, балаға да бір дәрігер қызмет көрсетеді дегенге мен ешқашан келіспеймін. Себебі, алпыс жылдан бері сол баланы емдеумен келе жатқан адаммын. Балалар дәрігері керек деп неге шырылдаймын. Оның астарында бала тағдыры жатқандықтан.

***

Бізге білімді дәрігерлер керек. Алматы медуниверситетінде педиатрия факультетін жауып тастағалы 5 жыл болды. «Жалпы дәрігер дайындаймыз» дейді. ТМД-да Педиатрия факультетін тек қана біздің елімізде жапты. Украина, Қырғызстан, Беларусьте де жауып еді, екі жылдан соң қайта ашты. Ресейде, Өзбекстанда тек қана педиатрларды дайындайтын медициналық институт бар. Негізі, бала дәрігері боламын деп талаптанатындар көп. Оның үстіне кемтар туатын балалар жыл өткен сайын көбейіп барады. Балалардың түрлі аурулары асқынып, көбейіп бара жатқаны байқалып отыр. Қазір отбасылық дәрігер деген қалыптасып келеді. Бұл ауылдарда тиімді болар, ал аудан орталығы мен қалаларда салалық маман болуы керек. Қазір адамзат баласына тән 14 мыңнан астам ауру түрі бар. 7-9 жылда бір адамның соншама ауру түрін емдеуді біліп шығуы мүмкін емес.

Дайындаған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор