- Толағай
- 14 Ақпан, 2025
«Қысқы арман мен махаббат»

Бұл – екінші рет қысқы Азия ойындарын қабылдап жатқан (осыған дейін 1996 жылы өтті) Қытайдың Харбин қаласында бастау алған жарыстағы негізгі ұран сөз. Бір аптаға созылған ІХ қысқы Азия ойындары аяқталды. Сары құрылықта орналасқан 34 ел ақ қар, көк мұзда 11 спорт түрінен сынға түсті. Қазақстан құрамасы 10 спорт түріне 134 спортшы апарды. Нәтиже – 4 алтын, 9 күміс, 7 қола. Жалпы – 20 медаль.
ХАРБИННЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ
Еліміз егемендік алғаннан кейін Харбинде 1996 жылы өткен ІІІ қысқы Азия ойындарына қатысты. Қазақстан құрамасы сол кезде 16 алтын, 10 күміс, 8 қола, жалпы 34 медаль алып, көш бастаған еді. Ал сол кезде Қытай 38 медальмен (14 алтын, 8 күміс, 16 қола) екінші орынды, үштікті Оңтүстік Корея 26 медальмен (8 алтын, 10 күміс, 8 қола) түйіндеді. Қазақстанмен қатар дәл осы қысқы Азия ойындарына Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері алғаш қатысты. Еліміздің қысқы Азия ойындарына жолы Харбиннен басталған еді. Одан кейін Қазақстан 1999 жылы Канвондода (Оңтүстік Корея) үшінші орын (10 алтын, 8 күміс, 7 қола – 25 медаль), 2003 жылы Аомориде (Жапония) Жапония, Корея мен Қытайды алға салып төртінші орын (7 алтын, 7 күміс, 6 қола – 20 медаль), 2007 жылы Чанчуньде (Қытай) 18 медальмен (6 алтын, 6 күміс, 6 қола) төртінші орын, 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен сында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола (70 медаль) алып бірінші орынды алды, одан кейінгі орында тұрған Жапония 54 медаль (13 алтын, 24 күміс, 17 қола), Корея 38 медаль (13 алтын, 12 күміс, 13 қола), Қытай 35 медаль (11 алтын, 10 күміс, 14 қола) алды. Ал 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен кейінгі Азиадада 9 алтын, 11 күміс, 12 қоламен (32 медаль), Жапония, Корея, Қытайдан кейін төртінші орын алды. Сонда еліміз жалпы тоғызыншы рет өтіп жатқан қысқы Азия ойындарына алтыншы мәрте қатысып тұр. Екі мәрте бірінші орын (1996 жыл, Харбин; 2011 жыл, Алматы мен Астана), бір рет үшінші орыннан (1999 жыл, Канвондо) көрінді. Биыл болған Харбиндегі жағдай да осыған ұқсас. Қытай, Корея, Жапония алғашқы үштікті, Қазақстан болса төрттікті түйіндеп тұр.
ТАРИХИ АЛТЫНДАР
Харбиндегі қысқы Азия ойындары ел құрамасы үшін тарихи, айтулы жетістіктермен өрілді. Мәселен, шорт-тректен 5000 метр эстафетада ел намысын қорғаған команда (құрамында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев және Глеб Ивченко) алтын алды. Жарысты көріп, спортшыларымыздың нәтижесін бақылап жүрген ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов: «Бұл жүлденің біз үшін маңызы зор. Өйткені Қазақстанның шорт-трек спорты тарихында қысқы Азия ойындарында алғаш рет алтын медальға қол жеткіздік. Жеңіс жолында еңбек еткен жаттықтырушылар құрамына да ерекше алғысымды білдіремін» деді. Оған дейін күміс те, қола да алған еді. «Қуан, қазақ елі! Біздің жеңісіміз өздеріңізге арналады. Алтынның алдындағы күмістің өзі тарихи медаль саналатын. Алтын алар сәтте біз финалда Олимпиада және Әлем чемпиондарын жеңдік. Қысқы спортты қолдаңыздар, біз де алтын ала аламыз», – деді Абзал Әжіғалиев.
Ал биылғы жарыста екінші алтынды сыйлаған – Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов (фристайл-акробатика). Синхронды секіруде үздік атанған фристайлшыларымыз 97,92 ұпай жинап, Азия рекордын тіркеді. Күміс медаль алған Қытай жұбы (Ху Ген мен Юхэн Ян) бір ай бұрын Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс медаль алған еді. Ал үздік үштікті түйіндеген Ци Гуанпу Бейжің Олимпиадасында жекелей сында алтын, миксте күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол – 2 дүркін әлем чемпионы.
Үшінші алтынның иесі – Владислав Киреев. Отандасымыз ІХ қысқы Азия ойындарында биатлоннан 10 шақырым спринтте чемпион атанды. Ол жарыс жолын 29 минут, 47.4 секундта жүріп өтті. «Өте маңызды жарыс. Тек мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін, еліміздің спортшылары үшін де маңызы зор. Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі ең ірі додалардың бірі. Сондықтан, кез келген жүлде өте қажет», – дейді.
КЕЛІМСЕК КЕЛІП КӨТЕРМЕК...
Харбинде өтіп жатқан қысқы Азия ойындарын тұрақты бақылап, көріп жүргендердің көкейінде көп ойдың қалғаны анық. Бірінші кезекте құжатын ауыстырып өзге елден келіп, жарыс жолында көк тудың астында өнер көрсетіп, нәтижесі төмен болған спортшылардың әрекеті. Бұл жөнінде спорт журналисі Бек Төлеу: «Осы Азия ойындарына Ресейден Қазақстанға келіп азаматтық алған 6 спортшы барды. Соның бірі – Софья Самоделкина. Ол бүгін мәнерлеп сырғанаудан үштікке де ілінген жоқ. Егер осындай деңгейі төмен 4-5 ел ғана жүлдеге таласатын жарыста үштікке іліне алмаса, Самоделкиналардың не керегі бар? Ондайларға не үшін ақша төлеуіміз керек? Мысалы, кеше Өзбекстан осы мәнерлеп сырғанаудың жұптық бәсекесінде алтын алды. Олар азаматтықты да жүлде алатындарына беріпті. Жазда Парижде де күрестен дәл нәтиже көрсететін легионерді қосып еді. Біздің кениялықтар сол кезде 17-орын алған. Софьяларға кім жауап береді? Азиадада жүлде алмаған әлем мен Олимпиадада не қатырады?», – дейді. Тілшілер алдына жарыстан кейін сұқбат беруге шыққан Софья Самоделкина: «Өнерімді «өте жақсы» деп бағалай алмаймын. Бірінші элементте сенімсіздіктің кесірінен қателік болды. Ал одан кейінгі минуттарда сол қателіктің орнын толтырумен болдым. Мұз жақсы, жанкүйерлердің қолдауы ерекше. Алдағы уақытта қателігіммен жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсететін боламын», – деді.
Этникалық қазақ Ақнар Ардаққызы конькимен жүгіруден командалық жарыстың финалында Хань Мэй және Ян Биньюймен бірге Қытай құрамасына алтын алып берді. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген қыздың бұл жеңісін еліміздегі ақпарат құралдары жарыса жазып, мерейін өсірді.
Серік ҚАНТАЙ
Суреттер ашық дереккөзден алынды

1965 рет
көрсетілді0
пікір