• ҰЛАН
  • 17 Ақпан, 2025

Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның Халық әртісі: Балаларым бақытты болса, сыйлықтың үлкені сол

Жуырда әнші Роза Рымбаева Моңғолия мемлекетіне әнсапармен барып қайтты. Бұл – әншінің Моңғолияға тұңғыш баруы екен. Сапардан керемет әсермен оралдым дейді әнші. Себебі ол жақта қандастарымыз көп шоғырланған. Әсіресе Баян Өлгий аймағын тұтас қазақтар жайлаған десек болады. Қазақ жұрты Роза апайға әнші ғана емес, тұлға ретінде қарайды. Оның балаларына қарым-қатынасы көпті сүйсіндіреді. Әнсапардан келе салысымен «Қазақ газеттерінің» шаңырағына қонақ боп келген Роза Қуанышқызымен аз-кем әңгілемелесіп үлгердік.

– Роза апай, қазір тұңғыш немереңізді сіріп жатқан әжесіз. Немереңізге әже ретінде үйреткіңіз келетін не нәрсені маңызды деп есептейсіз?

– Барлық баланың тәрбиесі үйден басталады. Немереге деген қарым-қатынасты, үлкендер бір-бірімізге қарымқатынасты және шынайылықты маңызды деп есептеймін. Баланы бастан асырмай, бірақ кемсітпей, өзіңнің досыңдай бір деңгейде сөйлесу керек. Сонда бала да өзінің жауапкершілігін сезінеді, адам екенін түсінеді. Әжесінің, әке-шешесінің мақтанышы болғысы келеді. Ал өзім кез келген баламен жасына сәйкес, деңгейлес сөйлесуге тырысамын. Егер «сен әлі баласың, түк түсінбейсің» десең, бала да солай қабылдап, бұлар мені түсінбейді деуі мүмкін. Менің ұстанымым сол.

– Ата-анаңыз туралы ойланғанда есіңізге ең алдымен не түседі?

– Әке-шешемнің қиындыққа мойымай, жоқшылықта сынып кетпей, бізді өсіргенін, шамасы келгенше оқытқанын дәйім еске аламын. Тойымызды шамасы жеткенінше дүрілдетіп өткізіп берді. Ата-ана істеуі керек барлық парызды адал атқарды. Жалпы, біз ата-анаға ешқандай кінә қоя алмаймыз. Себебі кез келген ата-ана баласы үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды деп ойлаймын. Ал біздің ата-анамыздың заманы басқа болды, жоқшылықты көрді, қара жұмысты істеді. Сөйте жүріп бізді жеткізді.

– Алда 8 наурыз келе жатыр. Осы орайда сұрағым келгені, балаларыңыздың сізге сыйлаған сыйлықтарының ішінде есте қалғаны қайсы?

– Мен балаларымнан ешқашан сыйлық күтпеймін. Кейде сыйлық ұсынып жатса, ыңғайсызданамын. Себебі олар әлі жас. Балаларым бақытты болса, сыйлықтың үлкені сол.

Әңгімелескен Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №7
18 ақпан 2024 жыл

1970 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор