• ҰЛАН
  • 17 Ақпан, 2025

Жұмысшы мамандықтар: Олар не істейді?

Елордада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтті. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға серпін берді. Фестиваль елімізде 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына орайластырылды. Біз де іс-шарада болып, жақынырақ танысып қайттық.

Фестивальдің алғашқы күндері

Фестивальдің алғашқы күніне 200-ден астам жұмысшы маман өкілдері қатысып, 10 мыңға жуық адам келді. Бұл алаң техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және болашақ мамандар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды мақсат етті. Қатысушылар жаңа технологиялармен, оқу бағдарламаларымен танысып, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды. Ең көп қызығушылық танытқан аудитория – жоғары сынып оқушылары. Олар өндірістік көрмелерді аралап, болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы зерттеді. Көрме барысында көптеген оқушы болашақта жұмыс істейтін саласын таңдауға нақты шешім қабылдады.

Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесу алаңына айналды. Мәселен, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің мамандары студенттерінің 3D қондырғыларын фестивальге арнайы алып келді. Мұнда кез келген адам көлікті жасап, бөлшектерін виртуалды сезінуіне мүмкіндік алды. Жетекшілердің айтуынша, бұл болашақ мамандардың оқу орнында-ақ тәжірибе жинақтауына сеп болады.

Он бес стратегиялық бағытты қамтыды

Фестиваль барысында түрлі семинарлар, шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы хакатондар, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау саласындағы шеберлік сабақтары мен концерттер өтті. Сондай-ақ халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды. Өндірістік көрмелер 15 стратегиялық бағытты қамтыды, соның ішінде машина жасау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика және көлік салалары бар. Әр көрме жетекшісі кәсіпорындар мен техникалық білім беру ұйымдарының нарық талаптарына бейімделген жаңа технологиялары мен жабдықтарын ұсынды.

Металлургтердің жүрегі – пеш

Фестивальде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС айрықша белсенділік танытты. Корпорация көрмеге техникалық құралдар мен инновациялық әзірлемелерді алып келіп, қонақтарға олардың жұмыс істеу принципін көрсетті. Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің студенттері металлургия саласындағы негізгі процестерді таныстырды. Олар келушілерге балқыту, шлак бөліп алу, металл құю және суыту технологияларын көрсетті. Сонымен қатар, металл өңдеудегі негізгі әдістердің бірі – флотация процесін жанжақты түсіндірді. Электролиз арқылы таза металл алу әдісі де көрсетілді.

– Түсті металлургия мамандығында оқимын. Бүгін металлургияның ең маңызды құралдарының бірі – муфельді пешті алып келдік. 1300 градусқа дейін қызатын және зертханалық жұмыстарға қолданылатын пештеріміздің бірі. Біз арнайы балқыту процесін толықтай түсіндіру үшін металдар да алып келдік. Олар – баббит, цинк, қорғасын. Негізгі балқыту процесі 6 кезеңнен тұрады: материалды дайындау, температураны көтеру, балқыту, шлакты бөліп алу, құю және суыту. Негізі металлургтердің жүрегі осы пеш болып есептеледі, – деді 4-курс студенті Думан Жеткін.

Инновациялық жобалар тұсауын кесті

Фестивальде қызықты жобалардың да таныстырылымы болды. Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері оқу шеберханасында алғашқы күн панельдерін өндіруді іске қосты. – Біз күн панельдерін толықтай өз қолымызбен жасаймыз. Алдымен фотоэлементтерді өзара жалғап, арнайы негізге дәнекерлейміз. Кейін панельді сыртқы әсерлерден қорғау үшін ламинация жасаймыз және оны алюминий корпусқа бекітеміз. Соңғы кезеңде жүйені қосып, оның күн энергиясын электр қуатына қаншалықты тиімді айналдыратынын тексереміз, – деді колледждің 3-курс студенті Мәди Жанболат.

Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенттері «Ақылды үй» жобасын жасады. Arduino технологиясымен әзірленген бұл жоба интеллектуалды жарық сенсорлары, қауіпсіздік жүйесі, қозғалыс PIR-дат-чиктері, газ және түтін сенсорлары сияқты инновациялық шешімдерді қамтиды. – Біздің жобамыз заманауи технологиялардың баспананы қалай жайлы әрі қауіпсіз ететінін көрсетеді. Мысалы, газдың шығуын жүйе бірден анықтап, иесіне хабарлама жібереді, – деді колледж студенті Ғаббас Баязитов.

Фестивальдің нәтижесі

Фестиваль жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге және жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. – «Жүз рет естігенше, бір рет көр» дейді. Әр келген адам тактильді түрде өз қолымен ұстап, көзімен көріп, виртуалды шынайылық көзілдіріктері арқылы өндірісте қолданылатын озық технологиялардың процесін бақылай алды, – деді ұйымдастырушылар.

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ткізілген алғашқы әрі ең ірі іс-шараның бірі болды. Еліміздегі кәсіби білім беру мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды алаңына айналды. Фестиваль з жұмысын аяқтады. Алайда жастардың кәсіби бағдарын анықтаудағы рлі ұзақ уақыт сақталмақ.

Бетті дайындаған Олжас ПАВЛИК

Суреттер Ерсін Бапановтікі

Коллажды жасаған Нұрлыхан Жұмахан

Алматы – Астана – Алматы

«Ұлан» газеті, №7
18 ақпан 2024 жыл

1971 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор