• ҰЛАН
  • 17 Ақпан, 2025

Ұшқыш болғың келсе...

Әлі есімде, сыныптастарым «Кім болғың келеді?» деген сұраққа ғарышкер, ұшқыш, полиция қызметкері деп айтатын. Көп армандады ма білмеймін, бірақ кейбірінің сөзі шындыққа ұласты. Ал мен сол кезде қызықпаған мамандықтарға есейген шағымда қызығып жүрмін. Соның бірі біздің бір жерден екінші жерге аман-есен жетуімізді қамтамасыз ететін ұшқыштар. Шыны керек, біз ол кісілерді көре бермейміз. Бірақ бұлттардың арасынан адаспай жол тауып, нағыз «еңбек адамы» деген атқа лайық жандардың бірі – ұшқыштар. Кейіпкеріміздің есімі Бердияр Ачилов. Scat әуекомпаниясының қосалқы ұшқышы. Бұл салада жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болыпты. Ұшқыш болу Бердияр мырзаның маңдайына жазылған бақ сияқты. Себебі отбасы мүшелері де бұл саладан алыс емес екен.

ҰШҚЫШТАР ӘУЛЕТІ

Бердияр ұшқыштар отбасында дүниеге келген. Сондықтан басқа саланы мүлде қарастырмадым дейді. Әкесі Зиявиддин Ачилов Air Astana әуекомпаниясындағы Airbus320/321 ұшағының командирі. Бұдан бөлек, Ан-2, Ан-24, Fokker-50, Boeing-737 NG сияқты ұшақтарды да басқарған. Баласын ынталандырып, алға жетелеу де әке қолынан келіпті. Оның бойындағы еңбекқорлық, аспан әлеміне деген махаббат Бердиярды әрқашан жігерлендіретін сияқты. Себебі авиация саласына келуіне ешкім мәжбүрлемесе де, әкесінің жұмысы арқылы бағыт-бағдар алады екен. Ұлы әкесінің ең үздік ұстаз екенін мақтана айтып отыр. Кейін оның жолын ағасы жалғастырған. Ол да аталған әуекомпанияда командир болып жұмыс істейді. Отбасында тағы бір ұл, яғни інісі бар. Жақында ол да азаматтық авиация академиясын бітірген. Сондықтан отбасымызды ұшқыштар әулеті деп толықтай айта аламын дейді Бердияр.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Әрине, Бердияр да оқуын бітіріп, ұшқыш бола салған жоқ. Бұл уақытпен келетін үлкен тәжірибе екенін өздерің де біліп отырған шығарсыңдар. Алдымен азаматтық авиация колледжінде білім алған ол кейін академияға түседі. Тек бір жердің білімімен шектелмей, Оралдағы азаматтық авиацияның ұшу техникалық училищесінде де оқыған. Ең алғашқы тәжірибесі Festival-F40 ұшағынан басталды. Бұл жерде дербес ұшқыш лицензиясын алған. Кейін Қызылорда және Қостанай облыстарындағы ауылшаруашылығына арналған авиацияда жұмыс істеді. Бұл тәжірибе біраз нәрсені үйреткенін де ерекше атап өтті. Қазір ол Boeing-737 ұшағын басқара алатын деңгейге жеткеніне қуанады. Мансаптық жолымдағы маңызды белес болды дейді.

«ЕКІНШІ ПИЛОТПЫН»...

Екінші пилот деген аты ғана болмаса, бұл кісілер де жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Капитанның көмекшісі ғана деп ойласаңдар, қателесесіңдер. Бердияр да экипаж мүшесі болғандықтан, ұшу барысында атқаратын ісі жеткілікті. Ұшақты басқару, жүйені қадағалау, радиобайланыс сияқты жұмыстар екінші ұшқыштың мойнында екен. Ал ойламаған жағдайлар болған кезде бас капитан соңғы шешімді қабылдап, бәрін өз жауапкершілігіне алады дейді. Әрине, мұндай жағдайлар ешқандай ұшқыштың басына келмесін деп тілейміз.

ҚИЫНДЫҚСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Кейде біз кез келген дүниенің тек жақсы жағын көруге бейімбіз. Бірақ әр саланың қиындығы да, қызығы да қатар жүретінін ескеру керек. Ұшқышқа түнгі рейстер біраз қиынға соғады екен. Барлығы тәтті ұйқыға батып жатқан кезде шабаданыңды жинап, әуежайға жұмыс істеу үшін бару оңай емес. Ал егер ауа райы қолайсыз болса, жағдай тіпті күрделенеді дейді. Кей кезде рейстердің кешігіп жататынын байқайтын шығарсыңдар? Оның да себебі бар. Қаладағы тұман не қардың жаууы осыған себеп болуы мүмкін. Сондықтан ұшқыш байбаламға салынбауға шақырады. Бәрі біздің қауіпсіздік үшін. Алайда адам жұмысын шынымен жақсы көрсе, барлық қиындыққа төтеп беретінін Бердияр мырза да айта кетті. Ал ұшуға дайындалу үрдісі тіпті қызық екен. Ұшақтың техникалық жағдайы тексерілген соң, экипаж мүшелерімен бірге шағын жиналыс өтеді. Кейін борт компьютеріне барлық ақпаратты енгізіп, ұшу барысын қадағалап отыратын диспетчерлермен байланысамыз дейді.

ОҚЫС ЖАҒДАЙДЫҢ ӘСЕРІ

Жақында Ақтау маңында оқыс оқиға болғанын өздерің де оқып, көрдіңдер. Іс әлі қаралып жатыр. Бердияр да қайғылы оқиғалар туралы көп ойланады екен. Қатаң ережелер мен технологиялық шешімдердің нәтижесінде дәл авиация саласында тәуекел әлдеқайда азырақ. Осы тұста өз ұшағыңа, жүйеңе сенсең, қорқыныш та сейіледі дейді. Әрине, студент кезде әрбір ұшқышты психологиялық тұрғыда дайындайды. Себебі, қаншама адамның өміріне жауап-кершілік алу бәрінің қолынан келе бермейтін іс. «Кез келген жағдайда сабырлы болу маңызды. Оқыс оқиға болғалы жатқанын сезсек, алдын ала жазылған нұсқаулықтарды негізге ала отырып шешім қабылдауымыз керек. Ең бірінші кезекте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі маңызды. Экипаж мүшелері бір-бірін қолдауға дайын. Бізді осындай жағдайларға дайындап, не істеу керегін алдын ала үйретеді», – дейді ұшқыш.

ҰЗАҚ РЕЙС

Бердияр мырзадан ең ұзақ рейсі туралы сұрадым. Ол 12 сағатқа созылыпты. Бір қарасаң аз уақыт сияқты. Бірақ назарыңды басқа жаққа бұрмай, ұшақ басқару біз ойлағандай оңай емес. Мұндай рейстер жақсы физикалық дайындық пен жұмыс режимін қатаң түрде сақтаудан тұрады дейді. Экипаж мүшелерінің тіпті дұрыс тамақтануы да үлкен рөл ойнайды екен. Рейстің алдында өзін қалай сезініп тұрғанына қарау да маңызды. Олар бәріне дайын болу керек екен ғой деп топшылауға болады.

ҰШҚЫШҚА ҚҰРМЕТ

Әр адам «осы біз қол шапалақтаған кезде ұшқыштар ести ме?» деп ойланады. Мұны да ұшқыштан сұрадым. Иә, біздің «жарайсыздар» деген алғысымызды естиді. Бірақ көп жағдайда оны бортсеріктер айтады екен. «Біреу үшін бұл үлкен мәнге ие болса, біз үшін жұмыстың бір бөлігі ғана», – дейді Бердияр. Разы, қуанышты жолаушыларды көру бәріне ұнайды-ау шамасы. Осы тұста ұшқыш бір назын айта кетті. Мемлекет, жалпы әуекомпаниялар табиғатқа зиянын тигізетін жанармай шығынын азайтуды ойлауы керек дейді. Сонымен қатар, ұшақтардың аэродинамикасын жақсарту мақсатында экологиялық таза қозғалтқыштарды көбейту, жаңғырту да өзекті мәселе болып отыр екен.

БОЛАШАҚ ҰШҚЫШ, СЕН ТЫҢДА...

«Арманға жету жолында өзіңді дамытып отыр, ештеңеден қорықпа. Ұшқыш болу – тек мамандық емес, ерік-жігер мен жауапкершілікті талап ететін, оқуды тоқтатпайтын сала. Өз ісіңе адал болып, махаббатпен қара», – дейді Бердияр.

Ұшқыш болу біз ойлағандай оңай емес екен. Сондықтан әр адамның еңбегін бағалап, бәріне бірдей құрмет крсетейік, достар! Ал сен кім болуды армандайсың?

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №7
18 ақпан 2024 жыл

1968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор