• Әуез
  • 09 Желтоқсан, 2024

Айкерімнің «Аққу арманы» қандай?

Достар, сендер де «Аққу арман» әнін тыңдап өскен боларсыңдар? Әкесі мен анасы балаларымен бірге орындайтын әнді айтамын. Сол әнді орындап жүрген замандастарың қазір 11-сынып оқушысы. Біз «Аққу арманмен» танитын Айкерім Тілеубек 2018 жылы Түркияда ткен балалар ән байқауының, 2019 жылы «Бақытты бала» халықаралық байқауының жеңімпазы. «Junior Eurovision 2020», «Qazaqstan дауысы. Балалар» байқауларының финалисі. Ал биыл анасы Клара Төленбаевамен бірге музыкалық тележобаның жеңімпазы болды. Өнер туралы замандастарыңмен әңгімелескен едік. Айкерімнің неше жастан ән шырқағаны есінде болмаса да, алғаш сахнаға шыққаны есінде. Кейіпкеріміздің үйінде ән айтпайтын адам жоқ. Әнді әдемі орындау үшін бір-біріне қалай көмектесетінін айтып берді.

– Өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен ән айтып өстім. Сондықтан нақты бір жастан бастап шұғылдандым дей алмаймын. Ата-анамның әнін тыңдап, өзім де қосылып шырқайтынмын. Дегенмен алғаш халық алдына шығып ән салған кезім есімде. Ол әкемнің жеке шығармашылық концерті болды. Қателеспесем, 2012 жылы, 5 жаста едім. «Қазақтай ел қайда?» деген «МузАРТ» тобының репертуарындағы әнді орындағанмын.

Бала кезімнен бастап дауысымды қойып, мелизматика, әнді әдемі айту нюанстарын әпкем үйретті. Есімі – Ақкербез. Қазір Назарбаев университетінде инженер мамандығы бойынша оқиды. Университеттегі хор клубының президенті. Әр семестр сайын жоғары деңгейдегі концерттер ұйымдастырады. Өзі де ән айтады. Бала кезімізде Бейонсе, Ариана Гранде сынды шетел әртістерінің әндерін қосып, өзі шырқап, әрі маған үйрететін. Неше түрлі әдемі ән тыңдатып, музыкалық талғамды үйреткен әпкемнің еңбегінің арқасында мен де әнді әдемі жеткізуге икем пайда болды. Содан бері ән таңдап, оны сахнаға алып шығар алдында бірінші кезекте әкем мен әпкеммен ақылдасам. Олардың пікірі мен үшін өте маңызды.

Інім де қалыспайды. Кішкентайында ол да бізбен бірге ән айтты ғой, қазір аспапқа бейім. Домбыра тартады, әртүрлі күйді өзі үйреніп алады. Мектептен келе салып домбырасын тартады. Мен де мектептен келген соң ән тыңдап, ән шырқаймын. Мен үшін ол ішімдегі эмоцияларды шығару. Кез келген эмоцияны шығаруға маған ән көмектеседі. Бірақ күніне осындай уақыт әнмен айналысамын деген кесте жоқ. Сабақ қарап отырып ән айтқым келіп кетеді. Жарты сағаттай ән салып, сабағым қайта есіме түседі. Дегенмен алдағы уақытта өзіме күнтізбе орнатқым келеді.

– Ал қазір кәсіби түрде вокал сабақтарына қатысасың ба?

– Астанадағы №2 өнер мектебінде 5-сыныпта оқып жатырмын. Фортепианодан, вокалдан, қазақ және әлем музыка әдебиеттерінен сабақ аламын. Әзірге тек фортепиано үйреніп жатырмын. Осы аспапты жетік меңгергім келеді. Бірақ маған аспаптарда ойнау біраз қиындау. Неге екенін білмеймін, аспапта ойнағанда ойланып кетемін. Кейде аспапта ойнап жатып ән айтқым келіп кетеді де, назарым бөлініп кетеді. Сондықтан фокуспен жұмыс істеу керек. Бастысы, әртүрлі әншілерді және әртүрлі жанрды тыңдай беру керек. Тыңдай отырып, әрбір орындаушының өзіндік ерекшелігін байқауға болады. Мысалы, Ариана Гранденің мелизмдері, Бейонсенің диапазоны, қазақстандық әртістерден Роза Рымбаеваның кең дауысты, үлкен диапазонды әндерді жеткізе алуы... Жеке өзім осы жолмен музыкалық білімімді арттырамын.

– Айтпақшы, «Аққу арман» әнін орындау идеясы кімдікі еді?

– Отбасымызбен ән айту әкемнің идеясы болды. Өйткені әкем балаларға арнап ән шығарғысы келді. «Қазіргі эстрадада балалар айтатын әндер азайып кетті», – деп жиі айтатын. Сондықтан өзі балаларға арнап, әдейі осы «Аққу арман» әнін шығарды. Бұл әнді біз отбасымызбен 2014 жылдан бастап шырқадық. Мені қатты қуантатыны – балалар, өзім қатарлы жасөспірімдер мені «Аққу арман» арқылы танып жатады. Осы әнді тыңдап өскендерін айтып, жылы лебізін білдірсе шын қуанып қаламын.

– Жақында анаңыз екеуіңіз «Жұлдызды жұптың» жеңімпазы болдыңыздар. Құттықтаймыз! Анаңызбен бір емес, бірнеше шығарылымға дайындалған қалай екен?

– Бұл жоба мен үшін де, анам үшін де үлкен мектеп болды. «Қазақстан дауысынан» кейін бір-екі жыл үлкен жобаларға қатыспадым. Ал бұл жоба қатысушылары эстрададан өз орнын тапқан әншілер. Олармен жобаға қатысу қорқынышты болды. Анам да біраз сескенді. Себебі неше түрлі жанрдағы, неше түрлі бағыттағы әндерді орындау керек. Алғашқы шығарылымға эксперимент ретінде қатысып көруді шештік. Бірінші бағдарламадан кейін қатыспаймыз, осымен бітірейік деген сияқты ойлар болды. Бірақ қанша қиын болып, уақыт тығыз болса да, сахнада өзімізді жаңа қырымыздан байқап көру қызық көрінді. Жаңа әнді орындаған сайын сахнаға үйрене бастадым. Бірінші шығарылымда қорқыныш басым болса, соңғысында сенімділігім арта түсті. График өте тығыз. Таңертең тоғызда кетіп, түнгі үште келетін ыңғайсыз график болды. Түсірілім күндері қатарынан келіп, 2-3 күнде 3-4 ән дайындау керек жағдайлар болды. Бұл жобаға дейін анаммен бірге дуэт айтпағанмын. Осы жолы шығармашылық бағытта бірге жұмыс істедік. Анамның қаншалықты талантты, мықты, кәсіби әртіс екеніне көзім жетті. Өйткені күнде тыңдап жүрген бір бөлек, бірге жұмыс істеу мүлдем бөлек екен. Халық әні, рэп, заманауи жанр болсын анам алып шықты. Оның аянбай еңбек ететініне тамсандым, үлгі алдым, осындай ананың қызы болғаныма мақтандым.

– Биыл мектеп бітіресің. Жоспарың қандай?

– Шешім қабылдау қиын болып тұр. Осыған дейін Назарбаев университетіне лингвистика, филология немесе халықаралық қатынастар деген бағытқа барамын деп шешкен едім. Бірақ араға уақыт салып сахнаға шыққаннан кейін, ой үстінде қалдым. Дегенмен бір білетінім – ән айтуды тоқтатпаймын. Ән айту – болмысымның бір бөлігі, мен оны жүрегіммен жақсы көремін. Басқа мамандықты да оқығым келеді. Ой-өрісімді кеңейтіп, жан-жақты болсам деймін. Қандай мамандық иесі болсам да, сахнаға шығуға мүмкіндік, ұсыныстар болса, бас тартпаймын. Қазір ҰБТ-ға дайындалып жатырмын. Құдайға шүкір, сабаққа үлгерімім жақсы. Өзім оқитын №82 мамандандырылған мектеп-лицейдің көмегі зор. Сынып жетекшім, басқа да мұғалімдер түсіністікпен қарап, теледидардан көрсе, «Айкерім сахнаға шығып жатыр» деп қолдап отырады. Жобаларға қатысып жүрсем емтихан, тоқсандық, жиынтық бақылауларды мерзімінен ерте тапсыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, мектебіме, ұстаздарыма алғысым шексіз.

– Жұлдызды отбасының, өнерлі отбасының баласы, яғни қызы болған қандай?

– Осындай өнерлі отбасында дүниеге келгеніме қатты қуанамын, ризамын. Себебі ата-анамнан үйренгенім көп. Өнерлі отбасында өскендіктен, сахна мәнері қандай, қоғамдық орында өзін қалай ұстау керек екенін жақсы білдім. Ата-анам әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қазақы тәрбиені бойымызға сіңірген. Қазақы тәрбие ғана емес, қазақтың ұлттық өнері, халық әндері, халық ертегілерін айтып өсірді. Әкем Ақкербез, мен, інім Нұрсаматқа халық ертегілерін оқып ұйықтатын. Өзі де адамгершілікке бастайтын идеясы бар, мейірімділікті насихаттайтын неше түрлі ертегілер құрастыратын. Менің қазіргі болмысымның қалыптасуында бұл тәрбие үлкен рөл атқарды. Қазір жетіп жатқан жетістіктерім де, неше түрлі сахнада халық алдында өнер көрсетуім де ата-анамның, әпкемнің, інімнің арқасында.

– Қазақтың әр ауылында табиғатынан әдемі дауысқа ие бала көп. Бірақ көпшілік бұл дарынды шыңдай алмай қалады. Өзіңнің қатарластарыңа не айтар едің? Олар қайдан қандай ақпарат іздеуі керек?

– Меніңше, дарынды шыңдау армандай алуға, мақсат қоя білуге келіп тіреледі. Армандағанда шектелмеу керек. Расымен, «менде бұған мүмкіндік жоқ» деп, шектеліп қалатын адам көп. Сосын, осыған қанағат деген де болмайды. Мен қазір көп сұқбат қараймын, подкаст тыңдаймын. Әр жолы еститінім, адам армандаса, демек ол адамда сол арманды шындыққа айналдыра алатын потенциал бар. Әрине, тек армандап қоймай, аянбай еңбек ету керек. Кез келген жетістіктің артында 1% пайыз талант және 99% еңбек тұрады. Еңбек ету – әрдайым ізденісте болу. Ауданда, ауылда тұрсаңыз да қорықпаңыз. Барша жасөспірімге, балаларға «өзіңе сен!» дегім келеді. Өйткені өзімде де сенімсіздік болған. Сабақта да, байқауларда да «мен мұны аяғына дейін жеткізе айта аламын ба» деген күмән көп еді. Өміріміз әуелі Алланың, одан кейін өз қолымызда. Сондықтан ешқандай сынға, артық сөзге емес, жарқын болашаққа қарау керек.

– Әңгімеңе көп рақмет! Жеңісің көп болсын!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №50
10 желтоқсан 2024 жыл

2085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор