- ҰЛАН
- 26 Қараша, 2024
«Ұландық» болу: оқушылар газетке не туралы жазады?
«Ұлан» – журналистика әлеміндегі отбасым һәм тірегім. «Ұлан» маған көп мүмкіндік беріп жатыр. Жаңа таныстықтар мен қызықты ортадан бөлек, ерекше қолдауды да көрсетті.
«Ұлан» туралы алғаш 2023 жылдың желтоқсанында білдім. Басында бірен-саран еститінмін. Қызықтым. Іздедім де таптым. Әлеуметтік желіден бірінші бас редактордың парақшасын көзім шалды. Профилінде «balamendana» деген парақша белгіленіп тұрды. Кіріп қарасам, іздегенім сол екен. Аша қалғанымда «Жас тілші-2023 кім болады?» деген постты көрдім. Жас тілші деген не екен деп іздендім. «Тікелей эфирге шығамыз» деген хабарландыруды көріп, қуандым. Тікелей эфир болатын күнді күттім. Кірдім. Сол эфирде толық ақпарат берілді. Дәл сол эфирде «Ұланға» мақала жолдауға болатынын білдім. Жақсы, сауатты жазғандар әрі белсенді болғандар «Жас тілші» куәлігіне ие болады деген сөз маған мотивация болды. Қаңтар айынан бастап газетке жазылдым. Әрі мақала жолдай бастадым. Басында «Қазпоштамен» мәселелер туындап, газетім келмей жүрді. «Ұланның» әлеуметтік желісіндегі чат сол мәселеге толды. Әйтеуір, «Қазпоштаның» бас филиалымен сөйлесіп, мәселе шешімін тапты. Келмеген газеттерім жиналып қалыпты, бірден 4-5 саны қолыма тиді. Қызыға оқып шықтым. Содан кейін тоқтамай мақала жазуды мақсат еттім. Солай уақыт өтіп жатты. Жас тілшілер форумы туралы ақпарат жарияланды. Байқауына қатысып, форумға барғанша асықтым. Форум кезінде газет редакциясымен танысып, жас авторларды көрдім. Газетте аты-жөніміз бен түрімізді танитын жандармен жүзбе-жүз кездесу қуаныш сыйлады. «Ұялшақ баладан мектеп президентіне дейінгі жол» атты мақалам жарық көрген соң, «ұландықтар» мені әлеуметтік желіден іздеп тауып, парақшама тіркеліп жатты. Газет редакциясы қолдауын аяған емес. Әлеуметтік желі арқылы болсын, пошта арқылы болсын сұрағымды жолдасам, тез арада жауап беріп, көмектесуге барын салады.
ЖАЗҒАНЫМ ОҚЫРМАНҒА ПАЙДАЛЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫМ
«Ұландықтармен» жақсы араласамыз. Олардың «Ұланға» қалай келгені өзім үшін қызық болды, басқалар үшін де қызық болар деп, бірнеше авторға сауал қойдым. Бірінші 2024 жылы «жас тілші» атанған Диана Ағзамовамен сөйлестім.
– Нақты журналист боламын деп шешім шығарған соң, мақала жазуға болатын газеттерді іздестірдім. Инстаграмды ақтарып, «Ұлан» газетінің парақшасын таптым. Алғашында «Жазған мақаламды кімге, қалай жіберемін?», «Қағазға жазып жіберемін бе?», «Қандай тақырыпта мақала жазамын?» деген сияқты сұрақ болды. Сұрақтарыма жауапты газеттің «жас тілшілерінен» алдым. Газетке мақала жазуды наурыз айында бастадым. Бірақ алғашқы мақалам сәуір айында жарыққа шықты. Газетке жарыққа шыққан тұңғыш мақаламды көргенде қатты қуандым. Ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үнемі жазған мақаламның оқырманға барынша пайдалы болғанын қаладым және қарапайым тақырыптарға мақала жазғым келмеді. Сол себепті, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, онлайн сұқбаттар ұйымдастырдым. Жүрген жерімде бос жүрмей, замандастарымның жасап жүрген ісіне, жеткен жетістігіне мән бердім. Сұқбатқа қызықты кейіпкерлер таптым. Оған «16 жасында кофехана ашқан Шыңғыс», «17 жастағы Жасмин 18 оқушыны шетелге оқуға түсірген» т.б. мақалам айқын дәлел болады.
– Әр автордың алғашқы мақаласы өзіне ерекше ыстық. Сол туралы айтып берші...
– Алғашқы мақалам «Қазақстан тарихынан ҰБТ-ға қалай дайындаламыз?» деп аталды. Бұл материал жаттанды тақырып болып көрінер. Алғаш және кейінгі жазған мақалаларымның айырмашылығы – сапасында. Ең басында, барлығы білетін, басқа сайттардан да оқып алуға болатын мақала жазсам, кейін осы уақытқа дейін ешкім жазбаған, ешкім айтпаған тақырыптарға мақала жаза бастадым.
Әлеуметтік желілерде бос отырмаймын. «Рекомендация» бөліміне шыққан әрбір видеоға мән беремін. Көп жағдайда сұқбат алуға болады-ау деген кейіпкерлерімді сол жақтан табамын. Мені қоршаған адамдар мен көшедегі адамдарға үнемі назар аударамын. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды оқып, көкжиегімді кеңейту үшін подкасттар тыңдаймын. Барлығын назарда ұстағандықтан мақалаға тақырып таңдау қиынға соқпайды. Маған мақала жазуға мотивация беретін – өмір. Өмірде біз көрмеген, біз тыңдамаған, біз оқымаған, біз білмейтін дүние көп қой. Қолымнан келгенше жазған мақаламның адамдарға пайдалы болғанын қалаймын.
ӨЗІМДІ ОСЫ ОРТАДАН ТАПТЫМ...
Тағы бір белсенді автордың бірі – Айзат Бақберген. Газеттен есімін жиі кездестіремін. Жас тілшілер форумынан соң араласа бастадық.
– «Ұлан» газетіне алғаш 2024 жылдың басында келдім. Бұл менің журналист болуға деген нақты шешімімнен кейін басталған қадам болды. Бұған дейін мақала жазуға деген қызығушылығым болғанымен, кәсіби түрде айналысамын деген ой көп ұзамай қалыптасты. Журналистикаға деген ынтам артып, осы салада дамуға бел будым. Алғашқы мақалаларымды жазып, «Ұлан» газетіне жібердім. Газетке жарияланатын материалдар жастарға арналған, олардың қызығушылығын арттыратын тақырыптарды қамтиды. Осылайша, өзімді осы ортадан таптым. Қазір редакцияның жұмысымен жақынырақ танысып, тұрақты түрде мақала жазып тұрамын. «Ұлан» шығармашылық тұрғыдан өзімді шыңдауға, журналистикаға тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.
– Мақала жолдауға болатынын білгенде, қандай ой келді?
– Ең алдымен ойыма қоғамдағы маңызды мәселелер мен жастарға үлгі боларлық тақырыптарды жазу келді. Өйткені, қазіргі уақытта жастарға бағыт-бағдар беру, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру өте маңызды деп ойлаймын. Әсіресе, замандастарыма жақын, олардың күнделікті өмірінде кездесетін мәселелерді қозғау маңызды болды. Бұл – олардың жетістігі, идеялары мен бастамалары туралы жазу. Мақсатым – қоғамдағы жастардың белсенділігін арттырып, оларға шабыт беру. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді көтеру, жастардың мүддесін қорғау, олардың дауысы болу – жазудағы басты міндетім.
– Алғашқы және кейінгі мақалаларыңның айырмашылығы қандай?
– Алғашқы мақалам мен қазіргі уақытта жазған мақаламның арасында елеулі айырмашылық бар. Алғашқы мақаламда тәжірибем аз болғандықтан, жазу стилім қарапайым болды, деректерді дұрыс жинап, жүйелеу жағы әлі жетілмеген еді. Ол кезде жазудың қыр-сырын енді ғана үйреніп жүргенмін. Журналистикада әрбір мәліметті дұрыс жеткізу, дереккөздермен жұмыс істеу өте маңызды. Сондықтан бұл мен үшін басты сабақтың бірі болды. Ал қазір жазу шеберлігім артып, мақалаларым зерттеу мен нақты мәліметтерге негізделген. Уақыт өте келе мақалаларымның тақырып ауқымы кеңейді.
– Мақалаға тақырып табу қаншалықты қиын?
– Мақалаға тақырып табу үшін күнделікті жаңалықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жіті қадағалап отырамын. Әрқашан жастардың өмірі мен қоғамдағы өзгерістерді назарда ұстаймын. Әсіресе, білім беру саласындағы жаңалықтар, әлеуметтік желілердегі заманауи үрдістер маған ерекше шабыт береді. Кейде таныстарымның немесе замандастарымның жетістігін байқап, солар туралы мақала жазуға шешім қабылдаймын. Жастардың қоғамдағы белсенділігі, олардың идеялары мен бастамалары мені шабыттандырады. Мысалы, бір күні мен замандасымның өз кәсібін қалай бастағаны туралы біліп, оны мақалаға арқау еттім. Бұл сияқты оқиғалар әрқашан қызықты әрі көпшілікке пайдалы деп санаймын.
«ҰЛАНҒА» ЖАЗУҒА ҚОРЫҚТЫМ...
«Ұланның» белсенді авторларының бірі Әмина Тұрдақынмен бұрыннан таныспыз. Ол да, мен де мектеп президентіміз. Жас тілшілер форумында жақынырақ таныстық. Сол күні бірлесіп мақала жазайық деп «Жас тілшілер форумы – ұмытылмас естелік» атты мақаланы жазған едік... Әминаның да «Ұланға» қалай келгені қызық болды...
– 2022 жылы мектебімдегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнұр апай болашақ мамандығым туралы білгенде, бірден ұсынған көмегі – «Ұланға» жазыл» деген еді. Журналист болуым үшін ең алдымен «Ұланда» «жас тілші» атанғаным дұрыс деп ескертті. 2022 жылы өзі мені «Ұланның» редакциясына апарған болатын. Барлығын түсінсем де, мақала жазуға алғашында қорықтым. Сол жылым қорқынышпен өтіп кетті. 2023 жыл қалай басталып кеткенін бай-қамаппын. Сөйтіп жаңа жыл басталысымен айына бір рет мақала жазуды қолға алдым.
– Неден қорықтың?
– Басында қандай тақырыпта жазуды білмегендіктен қорықтым. Қолымнан жазу келетініне толық сенімді емес едім. Амал жоқ, тақырыпты айналамнан іздедім. Жеке қажеттіліктеріме байланысты тақырыптарды қозғадым. Таңғы жаттығу, энергияңды жоғалтпау сияқты күнделікті өмірдегі маңызды дүниелерді жаздым. Тақырыпты дұрыс таңдай алсаң ғана жазғаның өнімді әрі өтімді болады. Мақала жазамын деп кіріскен адам айналасынан тақырып іздеп жүреді. Қандай қызық дүниелерді газет бетіне жазғысы келетінін зерттеп жүреді. Яғни, мақала жазу үшін тақырыпты ортам-нан, айналамнан және өз көзіммен көрген дүниелерден аламын. «Ұлан» мен үшін өмірімнің бөлшегі. Әр апта газеттің жаңа санын асыға күтемін. Болашақ журналист үшін, жалпы, жасөспірім үшін «Ұландағы» материалдар өте қызық. Замандастарым түрлі мәселелерді көтеріп, басқа замандастырымыздың жетістіктері туралы мақала жазады. Сонда соларға қарап мотивация, күш-жігер аласың. Өз ортамда «Ұланды» барынша насихаттап жүремін. Өйткені, «Ұлан» әр авторын, әр оқырманын ойлайтын ерекше редакция.
Диана, Әмина және Айзат... Бұл – «ұландық» авторлардың арасында таныстырған үш қыз... «Ұлан» деген үлкен отбасының мүшесі өте көп. Осы мақаланы оқып отырған жас дос, сен де осы әулеттің бір мүшесісің! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме еді? «Ұлан» туралы жақсы сөз айтатын болсақ, том-том кітап жазуға болатын шығар, сірә... Болашақ журналистерге демеу болып, оларға қолдау көрсетіп, білмегенін үйретіп, көрмегенін көрсетіп, танымдық мақалаларымен көкжиегін кеңейтіп отырған сүйікті газетімізге мың алғыс! Замандас, ал сен «Ұланға» қалай келдің?
Әбдірахман ҚАЙРАТ
Алматы қаласы
Бетті дайындаған Нұрлыхан ЖҰМАХАН
«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2024 жыл
629 рет
көрсетілді0
пікір