- ҰЛАН
- 26 Қараша, 2024
Сәкеннің портретін жасады
Астана қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектепгимназия оқушылары 2700 дана шаршы құрақты пайдаланып Сәкен Сейфуллиннің портретін жасады. Идея авторы – еңбек пәнінің мұғалімі Мүнира Тақау. Бір жарым ай дайындалған биіктігі 6, ені 4,5 метр болған, қолөнер білім ордасының төріне ілінді. Бұл туынды ақынның 130 жылдық мерейтойына арнап жасалды. Портретті жасаған оқушылар мен ұстаздың ойын білдік.
Талшын Амантай, 8 «А» сынып оқушысы:
– Құрақ арқылы картина құрағанда шыдамдылыққа, ұқыпты жұмыс істеуге үйренеді екенсің. Туындымызға 5 түрлі 19,2 метр мақпал (велюр) матасы қолданылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, портрет шаршы құрақшалардан құралды. Оған көк түстен – 646, сарыдан – 1103, қызылдан – 246, ақтан – 455, ашық қоңырдан – 249 шаршы қажет болды. Өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын.
Кәмилә Болат, 8 «А» сынып оқушысы:
– Сәкен Сейфуллиннің дүниеге келгеніне 130 жыл мерейтойына арнап ақын атамыздың портретін мозайка техникасы арқылы құрап шықтық. Мен 2700 дана мақпал матасынан шаршыларды қайшымен қидым. Керемет жұмыс шықты. Жасалу техникасында мұқият болу керек. Шатастырып алсаң, құрақ дұрыс шықпай қалады. Керемет эмоция сыйлаған ұстазыма алғыс!
Мүнира Тақаудың бұл идеясы құраққа деген қызығушылығынан туындаған. Бала кезінен құрақ құраған. Осы қызығушылық 8-сынып оқушыларымен бірге өткен сабағында нәтижесін берген.
– Әрине, Сәкен атамыздың бейнесін құрақ бейнесінде жасау оңайға соқпады. Әрекетке берекет деген. Еңбегіміз ақталып, портретті жасап шықтық. Материалдармен мектеп қамтамасыз етті. Ата-аналар балалары үшін өте қатты қуанды, қолдады. Бұл менің оқушыларыммен және ұжыммен бірігіп жасаған жүрегімнен шыққан ең үлкен әрі ауқымды жобам. Алда Сәкен атамыздың мерейтойларында осы жобаны басқа да техника мен тәсілдерді қолдану арқылы жасаймын, – деді еңбек пәні мұғалімі.
Мүнира апайдың оқушылармен жасаған қолөнері – авторлық жобасының бастамасы. Алдағы уақытта басқа да картиналарды осы техникамен жасау үшін авторлық әдістемелік құрал шығару ойында бар.
Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2024 жыл
585 рет
көрсетілді0
пікір